Дәріс. «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы

Жоспар:

1. Ақпаратты Қазақстан – 2020

2. Ақпараттық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы

 

Адамзат өркениетінің қазіргі заманғы дамуы ғылыми-техникалық төңкерістің кезекті кезеңі - АКТ-ларды өмірдің барлық салаларына енгізумен сипатталады, бұл технологиялар адам өмірінің салтын өзгертіп, ақпараттық қоғамға, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жоғары қоғамға көшу үшін іргетас әрі материалдық база болады.

Әлемде жаппай мынадай үрдістер байқалуда:

1) АКТ-ның ықпалымен барлық қоғамдық институттар мен адамның қызмет ету салаларының өзгеруі;
2) қазіргі заманғы технологияларды әзірлеудің, өндірудің және енгізудің барлық салаларының ілгерілеуі;
3) елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың міндеттеріне барабар дамыған ақпараттық орта қалыптастыруға ұмтылу;
4) тұрғындардың ақпараттық ресурстарға тең құқылы кепілдендірілген қолжетімділігін қамтамасыз ету;
5) азаматтарды, қоғамдық институттарды, бизнес пен барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдарын ақпараттық қоғам жағдайында өмір сүруге дайындау.

Канада, Корея, Малайзия, Сингапур, АҚШ сынды әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің көпшілігінде тұтас қоғамда да, қызметтің жекелеген салаларында да ақпараттық даму стратегиялары немесе кешенді бағдарламалары әзірленген және іске асырылуда.

Бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған мемлекеттер де осы қатарда. Мысалы, Ресей Федерациясының мемлекеттік ақпараттық саясаты мен Беларусь Республикасының ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатының ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаты дамудың жаңа кезеңіне - ақпаратты қоғамды құруға және әлемдік ақпаратты қоғамдастыққа кіруге көшу болып табылады.
Жоғарыда аталған стратегиялар мен бағдарламаларды талдау ақпараттық дамудың ұлттық стратегиясын қалыптастырудағы, ақпараттық және инновациялық дамудың алға қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін қоғамның барлық топтарын шоғырландырудағы, ұлттық стратегияны іске асыру бойынша бизнесті, барлық қоғамдық институттар мен азаматтарды үйлестірудегі жетекші рөл мемлекетке берілгенін көрсетті.

Біздің елімізде ақпаратты қоғамның құрамдас бөліктерінің біреуіне ғана - "электрондық үкіметті" қалыптастыру мен дамытуға баса назар аударылып, сәтті іске асырылды, халықаралық рейтингтердің жоғары болуы осының айғағы. Алайда ақпаратты қоғамды қалыптастыру міндеті тек "электрондық үкімет" пен телекоммуникация саласын дамытуға қарағанда ауқымды екені сөзсіз.
Сондықтан, ақпаратты қоғамға көшуге ықпал ететін барлық қажетті жағдайларды жасау үшін және «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты 2012 жылғы 10 шілдедегі мақалада берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін «Ақпаратты Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) әзірленді.
Бағдарламаны әзірлеу кезінде Жаһандық ақпаратты қоғамның Окинава хартиясының (Окинава қ., Жапония, 2000 жыл), Ақпаратты қоғам құру қағидаттары декларациясының (Женева қ., Швейцария, 2003 жыл), Тунис міндеттемесі іс-қимыл жоспарының (Тунис қ., Тунис Республикасы, 2005 жыл), басқа да халықаралық құжаттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелері ескерілді.

Ақпаратты қоғам құрудың халықаралық тәжірибесіне және жоғарыда аталған құжаттардың ережелеріне сүйене отырып, Бағдарламада төрт түйінді бағыт айқындалған:
1) мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету;
2) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру;
4) отандық ақпараттық кеңістікті дамыту.

Осы бағыттардың шеңберінде АКТ-ны жаппай енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру, ашық және "ұтқыр үкімет" құру, ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін дамыту жөніндегі міндеттер шешіледі. Ақпаратты қоғамды дамыту адами ресурстарды дамытумен сүйемелденуге тиіс екенін ескере отырып, Бағдарламада азаматтарға электрондық білім алу арқылы ақпараттық технологияларды игеруге және олармен жұмыс істеу дағдыларын алуға, өмір бойы оқуға және дайындалуға, қашықтан жұмыс істеуге, қолжетімді электрондық денсаулық сақтау қызметтерін алуға мүмкіндік беру үшін жағдайлар көзделген. Сондай-ақ, еліміздің неғұрлым ашық, қолжетімді және бәсекеге қабілетті экономикасын құру үшін Бағдарламада экономиканың негіз қалаушы салаларына зияткерлік жүйелерді барынша енгізу көзделген.
Ақпаратты қоғамға көшу саясатының тиімділігі АКТ кеңінен қолдану және электрондық қызметтер көрсету бойынша бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін шоғырландыруға байланысты болады.

«Ақпаратты Қазақстан - 2030» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның ақпараттық қоғамға көшуін іске асырудың қорытындылаушы кезеңіне айналады деп болжанады.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында АКТ-ны қарқынды дамыту және бейімдеу экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, адамдардың өмір сүру салтына да әсерін тигізіп, қоғамды жаңғыртудың маңызды факторына айнала бастағаны атап өтілген, бұл қазіргі заманғы Қазақстанның экономикасы мен азаматтарының өмірі үшін АКТ-ны дамытудың маңызды екенін сипаттайды.

Соңғы жылдары Қазақстанның АКТ секторында маңызды жетістіктер байқалады.
2012 жылғы наурыздың басында жарияланған БҰҰ E-Government Survey-2012 «Электрондық үкімет адамдар үшін» рейтингінде Қазақстан 2010 жылмен салыстырғанда 8 тұғырға көтеріліп, 38-орынды иеленді. Е-қатысу индексі бойынша Қазақстан Сингапурмен 2-орынды бөлісті.

Дүниежүзілік экономикалық форумның 2012 - 2013 жылдардағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік бойынша есебінде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингі 21 тұғырға көтеріліп, 51-орынға жетті.

Халықаралық электр байланысы одағының рейтингінде Қазақстан соңғы жылы АКТ дамыту индексі бойынша 72-орыннан 68-орынға көтерілді.
Пошта байланысы саласында ұлттық оператор болып табылатын «Қазпошта» акционерлік қоғамы қызметтер нарығының негізгі жеткізушісі болып қалады. Қызмет көрсетуді еліміздің бүкіл аумағын қамтитын 3000 астам өндірістік объектілер жүзеге асырады. Бұдан басқа, пошталық, курьерлік қызметтерді «DHL International Kazakhstan» ЖШС, «ЯНЦЕН-ЭКСПРЕСС» ЖШС және басқалары да көрсетеді.
Телекоммуникация саласының негізгі үрдістері жоғары жылдамдықты оптикалық және сымсыз технологияларға негізделген инфрақұрылымды дамыту, тұрғындар мен ұйымдарға мультимедиялық қызметтер көрсету, телерадио хабарларын таратудың цифрлық технологияларын енгізу және дамыту, сондай-ақ жергілікті телефон байланысын цифрландыру деңгейін көтеру болып табылады.
Интернет желісіне қолжетімдікті қамтамасыз ету бойынша байланыс желілерін дамыту озыңқы қарқынмен жүруде. Қазақстан халқының 53,5 %-ы Интернет желісін пайдаланушылар болып табылады (Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің 2012 жылғы 2 тоқсандағы жедел деректеріне сәйкес).
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 4G технологиясы енгізілуде, Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік (бұдан әрі - КЖҚ) жүйесін дамыту ADSL, CDMA/EVDO, 3G, FTTH сияқты технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

ADSL технологиясы (Asymmetric Digital Subscriber Line) - асимметриялық цифрлық абоненттік желі - интерактивті бейнеқызметтерге (сұраныс бойынша бейне, бейнеойындар және т.б.) және деректерді жылдам жіберуге жоғары жылдамдықты қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін (Интернетке қол жеткізу, жоғары вольтты байланыс желілерімен басқа желілерге қашықтан қол жеткізу) үшін әзірленген.

ADSL технологиясы Интернет желісіне қол жеткізу жылдамдығына жоғары талап қоймайтын абоненттерге КЖҚ қызметтерін көрсетудің неғұрлым бұқаралық және арзан тәсілі болып табылады. Қол жеткізудің мыс желісі пайдаланылатын байланыс желісінің кез келген дерлік учаскесінде ADSL технологиясы бойынша КЖҚ желісін ерістетуге болады.

Абонентке қарай ақпарат беру жылдамдығы 7 Мбит/с дейін (ADSL2+ үшін 24 Мбит/с дейін) құрайды, ал абоненттен - 1 Мбит/с дейін. Қол жеткізу жылдамдығы тарату желісінің мыс кәбілінің жағдайына, АТС-тан абонентке дейінгі қашықтыққа, кәбілдегі абоненттер санына және т.б. тәуелді.
Бүгінгі күні ADSL технологиясын пайдаланатын абоненттер саны - 1 017 486 адамды құрайды.

FTTH (Fiber To The Home) - үйге (жеке/жеке меншік үй, пәтер деп түсініледі) орнатылатын оптикалық-талшықты кәбіл.

Жоғары жылдамдықты КЖҚ қызметтеріне деген ұлғайып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру және көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту мақсатында 2011 жылы (FTTH) Fiber to the Home әмбебап талшықты-оптикалық қол жеткізу желісінің құрылысы басталды. Жоба Астана, Алматы қалаларындағы және Қазақстан Республикасының барлық облыстық орталықтарындағы көппәтерлі үйлерді және коттедждік құрылыстарды 100 % қамтуды көздейді.
Жобаның 1-кезеңін іске асыру нәтижесінде 2011 жылы Астана, Алматы, Семей, Жаңаөзен қалаларындағы және облыс орталықтарындағы 146 объектіде көппәтерлі 3 718 үйді, 2 755 коттедждік құрылысты қамтитын талшықты-оптикалық абоненттік қол жеткізу желілері салынды. Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларында 170 962 абоненттік портқа есептелген гигабитті пассивті оптикалық желіні монтаждау аяқталып, пайдалануға қабылданды.

CDMA/EVDO (Evolution Data Optimized) - CDMA стандартындағы ұтқыр байланыс желілерінде пайдаланылатын деректерді жоғары жылдамдықпен беру технологиясы.
Бүгінгі күні перспективалы және электр энергиясымен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендердің бірі жеке және/немесе ұжымдық қолжетімділік арқылы 100 % телефондандырылған.

2011 жылдан бастап CDMA 450 стандартындағы ауылдық байланыс CDMA 450 технологиясының EVDO платаларымен жете жабдықталуы арқылы EVDO технологиясы пайдаланыла отырып дамуда, бұл Қазақстан Республикасының ауыл тұрғындарына Интернет жүйесіне КЖҚ қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді.
CDMA 450/EVDO технологиясы абоненттердің орналасқан жеріне қарамастан, желінің әрекет ету шегінде, сондай-ақ қозғалыс кезінде деректерді жоғары жылдамдықта пакетпен беру қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Ауылдық жерде CDMA 450/EVDO технологиясы бойынша деректерді берудің жоғары жылдамдығына цифрлық деректерді тығыздаудың жаңа алгоритмін қолдану есебінен қол жеткізіледі, бұл CDMA 450 желісі қамтитын аймақтың кез келген нүктесінде Интернетке жоғары жылдамдықты қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының ауылдық елді мекендері тұрғындарының Интернет желісіне сымсыз КЖҚ алу мүмкіндігі бар.

Бүгінгі күні CDMA/EVDO технологиясын пайдаланатын абоненттер саны - 7 737 құрайды.

3G технологиясы - бұл үшінші буынның ұтқыр байланысы. Оның басты артықшылығы - деректерді берудің, Интернетке қол жеткізудің жоғары жылдамдығы.
3G үшінші буынының желілері бейнетелефондық байланысты ұйымдастыруға, ұтқыр телефонда ағынды бейнені көруге және т.б. мүмкіндік береді.
2011 жылы ұялы байланыс операторлары Астана, Алматы қалаларында және Қазақстан Республикасының барлық облыс орталықтарында (3G) үшінші буын желілерін пайдалануға енгізді.

4G (LTE) технологиясы (Long Term Evolution) - деректерді 300 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен (базалық станциядан пайдаланушыға) және 75 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен (пайдаланушыдан базалық станцияға) пакеттік беру үшін оңтайландырылған, жоғары жылдамдықты ұтқыр байланыс жүйелерін құру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, деректер берудің ұтқыр хаттамасы.
4G технологиясы қол жеткізу қызметтерінің Интернет жүйесіне енуін дамытуға, оның ішінде ілеспе қызметтер спектрін кеңейтуге (ұтқыр ТВ, сұраныс бойынша бейне және т.б.), сапа деңгейін арттыруға және тарифтерді төмендетуге мүмкіндік береді.

2012 жылдан бастап телекоммуникациялар желілерінде төртінші буынның (4G стандарттағы) желілерін салу жөніндегі жобаны іске асыру басталды.

Бүгінде Қазақстан Республикасының алдында тұрған өзекті міндет цифрлық технологияларға көшу жолымен телерадио хабарларын таратудың барлық ұлттық желілерін жаңғырту болып табылады.

Қазақстан Республикасы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасында АКТ-ларды дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаныорындау үшін қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жоғарыда көрсетілген Бағдарламаларға сәйкес 2015 жылға қарай эфирлік цифрлық телевизиямен халықтың 95%-ын қамтуды қамтамасыз ету қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу бойынша мынадай жұмыстар жүргізілді:

1) жиілік-аумақтық жоспар бекітілді;
2) хабар таратудың - DVB Т2 стандарты қабылданды;
3) 2012 жылғы 3 шілдеде Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Жаңаөзен қалаларында телехабар таратудың цифрлық эфирлік желісі тестілік режимде пайдалануға енгізілді.

Бұдан басқа, Интернеттің қазақстандық сегментін дамыту үшін КЖҚ қызметтерін көрсету үшін телекоммуникация желілерінің дайындығы, дата-орталықтарды құру, «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін электрондық мемлекеттік қызметтердің санын ұлғайту, мемлекеттік органдардың порталдарын дамыту, әлеуметтік маңызы бар интернет-ресурстар құру және электрондық коммерция бойынша жобалардың санын ұлғайту қажет.
Халыққа және бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының (бұдан әрі - ХҚКО) қызметін жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қажетті нормативтік құқықтық база құрылды, халыққа және бизнеске қызмет көрсету рәсімдері оңайлатылды, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуінің оң үрдісі байқалады.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары, виртуалды қабылдау бөлмелері, интернет-конференциялар арқылы мемлекеттің халықпен және бизнеспен диалогы мен кері байланысының тетіктері іске асырылды.

Қазақстан Республикасының «электрондық үкіметі» құрылды.
«Электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға ақпарат пен қызметтерді ұсыну міндеттері ойдағыдай шешілді.
Ақпараттық технологияларды қолдану және электрондық мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жыл сайын бағалау жүргізіледі.

Ғылымды, технологиялардың трансфертін, бизнес пен университеттер ынтымақтастығын қарқынды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге инвестицияның көлемі артуда, ғылымды көп қажет ететін АКТ өндіріске енгізілуде.

«Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» акционерлік қоғамы инфокоммуникация саласында білім беруді дамыту бойынша АҚШ-тың Carnegie Mellon университетімен тығыз ынтымақтастық жүргізуде.

2011 жылы «еркін бағдарламалық қамтамасыз ету (opensource)» және «ақпараттық технологиялар» бағыттары бойынша екі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық зертхана құрылды.

АКТ салалық ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Алматы қаласында орналасқан "Ақпараттық технологиялар паркі" аумағында оқу-зерттеу кешенін, бизнес орталығын, дата орталығын, бизнес-инкубациялау функциялары бар егіз қорын және АКТ-кластерінің жұмыс істеуі үшін қажетті басқа да даму институттарын салуды көздейтін АКТ-кластерді құру жобасына бастама жасалды.
БАҚ саласындағы процестерді жетілдіру және ойын-сауық және ақпараттық контент өндірісінің отандық индустриясын дамыту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Осылайша, ағымдағы ахуалды талдау Қазақстанның ақпараттық дамуының және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудың ірі көлемді және кешенді мемлекеттік стратегияларын іске асыруға дайын екенін айғақтайды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты: ақпаратты қоғамға көшу үшін жағдайлар жасау.
Бағдарламалық міндеттері:
1) мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету;
2) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық орта құру;
4) отандық ақпаратты кеңістікті дамыту.
Нысаналы индикаторлар:
1) 2020 жылы Қазақстан Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингінде алғашқы 35 елдің тізімінде болуға тиіс;
2) «электрондық үкімет» индексі (БҰҰ-ның әдістемесі бойынша) 2020 жылы алғашқы 25 елдің қатарында болуға тиіс;
3) Қазақстан Республикасы үй шаруашылықтарындағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі - 100 %;
4) 2020 жылы Интернет желісін пайдаланушылар саны - 75 %;
5) Қазақстан тұрғындарын эфирлік цифрлық телерадио хабарларын таратумен қамту - 95 %;
6) елдің ЖІӨ-не ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі - АКТ) секторының үлесі - 4 %;
7) денсаулық сақтаудың бірыңғай желісіне қосылған денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі - 100 %;
8) бірыңғай ұлттық ғылыми-білім беру желісіне қосылған ғылыми-білім беру мекемелерінің үлесі - 100 %;
9) компьютерлік сауаттылық деңгейі - 80 %;
10) Қазақстанда тіркелген бұқаралық ақпарат құралдардың (бұдан әрі - БАҚ) жалпы санындағы электрондық БАҚ-тың үлесі - 100 %;
11) электрондық түрде ақы төленетін тауарлар мен қызметтердің жалпы айналымындағы қазақстандық интернет-дүкендер айналымының үлесі - 40 %;
12) электрондық форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің үлесі - 50 %;
13) дәстүрлі түрде алынған қызметтердің жалпы санына қарағанда көрсетілген электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесі - 80 %.

1. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету

1) Мемлекеттік басқару жүйесін ақпараттандыру арқылы оңтайландыру

Қазіргі уақытта рұқсат беру жүйесін және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру бойынша шаралар іске асырылуда, рұқсат беру құжаттарын беру процесі автоматтандырылуда, рұқсат беру рәсімдерін оңайлату жөніндегі нормалар заң жүзінде бекітілді, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде тексерулердің кезеңділігін белгілеуге мүмкіндік беретін тетік енгізілді.

Осы шаралардың бәрі мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған:
1) уақыт жұмсауды және бизнестің шығындарын қысқарту;
2) әкімшілік кедергілерді азайту;
3) мемлекеттік органның бақылау қызметін реттеу;
4) халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін арттыру.
Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процестерін автоматтандыруға және оңтайландыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар іске асырылуда.

Мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудың негізгі жолдарының бірі ретінде әкімшілік реформалардың катализаторы және құралы ретінде қаралуы тиіс ақпараттық технологиялар айқындалды. Ақпараттық технологияларды мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде қолдану бақылау мәселелерінде реттілікті қамтамасыз етеді, бизнес-процестер мен деректердің қайталануын болдырмайды, бұл нәтижесінде бюджет қаражатының шығыстарын қысқартуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Міндет: мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін архитектуралық тәсілді енгізу.

Нысаналы индикаторлар:
1) Қазақстан Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингінде 2017 жылы тізімдегі алғашқы 38 елдің, 2020 жылы - 35 елдің қатарында;
2) мемлекеттік қызмет көрсетудің ең көп уақыты 2017 жылы - 5 жұмыс күнінен, 2020 жылы - 3 жұмыс күнінен аспайды;
3) мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын автоматтандыру 2017 жылы - 80 %, 2020 жылы - 100 %.
Қол жеткізу жолдары
Көптеген әкімшілік өзгерістердің қозғаушы күші мемлекеттік органдардың «электрондық үкімет» инфрақұрылымын пайдалануы болып табылады.
Мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру архитектуралық тәсілді қолдану арқылы жүзеге асырылады, бұл әрбір мемлекеттік орган үшін уәкілетті органмен келісілген архитектура құру арқылы мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыруды көздейді.
Мемлекеттік органның архитектурасы мемлекеттік органның ағымдағы және жоспарланатын жағдайының егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтитын құжаттардың, үлгілердің, матрицалар мен диаграммалардың, сондай-ақ мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды қамтамасыз етуге арналған функциялардың, бизнес-процестердің, деректердің, ақпараттық жүйелердің және техникалық инфрақұрылымның құрамдас бөліктерінің өзара тәуелділігі мен өзара байланысын оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының (бұдан әрі - инфрақұрылым жоспары) жиынтығы болады. Архитектура мынадай өзара байланысты қабаттардан тұратын үлгі негізінде құрылатын болады:
1) қызмет архитектурасы;
2) деректер архитектурасы;
3) қосымшалар архитектурасы;
4) технологиялық архитектура;
5) ақпараттық қауіпсіздік архитектурасы.
Жергілікті атқарушы органдардың архитектурасы құрылады, ол бірыңғай бизнес-процестерді, құжаттардың, стандарттардың және үлгі шешімдердің бірыңғай қалыптарын пайдалану есебінен өңірлердегі мемлекеттік органдардың қызметін біріздендіруге мүмкіндік береді.
«Электрондық әкімдіктің» осы архитектурасы үш деңгейден тұрады: облыс, қала, аудан.
Пысықталған архитектураның негізінде мемлекеттік органда орындалатын бизнес-процестерді регламенттейтін нақты құжаттар әзірленеді.
Бюджеттерді және республикалық деңгейдегі АКТ-жобалардың көпшілігін іске асыруды АКТ басқару процесін орталықтандыру жүзеге асырылатын болады.
Уәкілетті орган мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көрсетілген ақпараттандыру жөніндегі іс-шаралардың толықтығын, қарама-қайшы болмауын және мемлекеттік органдардың оңтайландырылған архитектурасын енгізуге бағытталғандығын тексереді.
Ақпараттандыру жоспарларын толық орындау мақсатында әрбір мемлекеттік органда оны ақпараттандыру үшін жауапты ұйымдық бірлік құру мүмкіндігі қаралатын болады. Мұндай ұйымдық бірліктің мақсаттары мен міндеттері ел көлемінде біріздендірілетін болады.
АКТ және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік техникалық саясат әзірленетін болады.

Қазіргі уақытта мемлекеттің тұрғындармен және бизнеспен диалогының және кері байланысының тетігі құрылған. Мемлекеттік органдардың көпшілігі азаматтар мен бизнеске арналған ақпаратты қамтитын интернет-ресурстар құрды.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар заңнамалық тұрғыда бекітілді.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы ақпараттың толықтығы мен сапасына бағалау жүргізілуде.

«Электрондық үкімет» порталында «Виртуалдық қабылдау бөлмесі» қызметі іске асырылған, онда азаматтар мемлекеттік органдарға тікелей жүгінеді.
Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші басшыларының блогтары жүргізіледі, онда әрбір ниет білдіруші өзінің пікірін білдіре алады және өзін қызықтыратын сұрақтарын қоя алады.
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсында «Бизнесті президенттік қорғау» деген арнайы бөлім құрылды.
Сондай-ақ «электрондық үкімет» порталында Үкімет мүшелерінің және билік органдары өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде интернет-конференциялар өткізіледі. Осындай конференциялар кезінде азаматтар интерактивті режимде өздерінің сұрақтарына жауап алады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі өткізген он-лайн отырыстардың саны 2011 жылы 37, он-лайн конференциялар саны 40 болды.
Міндет: азаматтардың, бизнестің және қоғамның ақпараттағы құқықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыру үшін мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру.

Нысаналы индикаторлар:
1) Бағдарламаны іске асыру мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының е-қатысу индексі (БҰҰ әдістемесі бойынша) алғашқы 5 елдің қатарында болуға тиіс;
2) «ашық деректер» сервистерінде орналасқан белсенді пайдаланылатын қосымшалардың саны 2017 жылы - кемінде 3, 2020 жылы - 10 құрады.
Қол жеткізу жолдары
Деректерді жинақтауды жүйелендіру және мемлекеттік органдардың ақпаратын құрылымдау мақсатында мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі және мемлекеттік органдар «Электрондық үкімет» порталы арқылы азаматтар мен бизнеске беретін жария ақпарат тізбесін кеңейту;
2) оларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында оларды жария түрде тарату не мемлекеттік органдардың беруінің міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды уақтылы беру объективтілігі, толықтығы және дұрыстығы мақсатында ағымдағы заңнамаға өзгерістер енгізу;
3) тұрғындармен диалог, көрсетілетін қызметтердің сапасын талқылау үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын жоспарлау және нақты игеруі жөніндегі деректерді шоғырландыратын "ашық деректер" алаңы ретінде қызмет ететін «электрондық үкімет» порталды дамыту. "Ашық деректер" алаңы - бұл бұдан әрі өңдеуге және талдауға пайда болатын форматтарда ашық ақпаратты орналастыру үшін арналған алаң. Осындай көзқарас ашық мемлекеттік деректер базаларын бизнестің, БАҚ-тың және азаматтық қоғамның кең пайдаланылуына мүмкіндік береді;
4) мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына тұрақты қоғамдық мониторинг жүргізу процесіне азаматтар, үкіметтік емес және басқа да мемлекеттік емес ұйымдар кеңінен тарту;
5) мемлекеттік органдардың және халықтың әлеуметтік проблемаларды кеңінен талқылауы үшін Интернет желісінде әлеуметтік алаңдар қолданылатын болады, мемлекетті реформалау және жақсарту процесіне азаматтарды тарту тетігін әзірлеу және іске қосу;
6) мемлекеттік мекемелердің интернет-ресурстарын бірегейлендіру және бірыңғай тұғырнамаға көшіру;
7) азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдерді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоса алғанда, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін электрондық бағалау тетігін іске асыру.

3) «Электрондық үкіметті» дамыту

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
2008 жылдан бергі кезеңде Қазақстанның «электрондық үкіметі» БҰҰ рейтингінде 43 позицияға көтерілді. 2012 жылғы наурыздың басында жарияланған БҰҰ E-Government Survey-2012 рейтінгінде Қазақстан 38-орынды иеленді. Он-лайн-қызметтерінің индексі 10 позицияға артты. Е-қатысу индексі бойынша Қазақстан Сингапурмен бірге 2-орынды бөлісті.
Азаматтар мен ұйымдарға ақпаратты және қызметтерді ұсыну міндеттерін шешуде «электрондық үкіметтің» базалық құрамдас бөліктері ойдағыдай іске асырылып, инфрақұрылымы және мынадай: электрондық лицензияларды беру, ХҚКО, салықтар мен айыппұлдарды электрондық төлеу, электрондық нотариат, электрондық кеден, электрондық мемлекеттік қызметтер, «электрондық үкіметтің» Саll-орталығы сияқты жобалар құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиімділігін арттыру мақсатында электрондық құжат айналымы, электрондық мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік органдардың порталдары сияқты жобалар іске асырылды, Қазақстанның барлық емдеу мекемелерін және медицинаны басқарудың бүкіл жүйесін қамтитын е-денсаулық сақтау жобасы енгізілуде.
«Е-Қаржымині» және «Е-Статистика» жобаларын іске асыру аяқталуда.
Мемлекеттік органдар «электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы тұрғындарға және бизнеске 236 интерактивтік және транзакциялық қызмет ұсынады, оның 108 «электрондық лицензиялау» порталында және 128 «электрондық үкімет» порталында көрсетіледі.
«Электрондық үкімет» порталын күн сайын 25 000-нан астам азамат пайдаланады. 13,3 млн-нан астам е-анықтамалар, оның ішінде 2012 жылғы 1 жартыжылдықта 4 млн-нан астам электрондық анықтама берілді.
«Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысымен жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімібекітілген. 2013 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.
Электрондық мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғындарға және бизнеске 1 млн-нан астам электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) берілді.
«Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі лицензиар мемлекеттік органдардың бәрінде, 79 аумақтық лицензиарда, 16 жергілікті атқарушы органның 8-інде енгізілді.
2012 жылғы 1 сәуірден бастап орталық мемлекеттік органдардың барлық лицензиялары электрондық нысанда жасалады, 2012 жылғы 9 айда 13 мыңнан астам электрондық лицензиялар жасалды.
92 лицензияны оңтайландыру, 80 рұқсат беру құжатын автоматтандыру және оңтайландыру жөніндегі жоспарлар бекітілді.
13 сала үшін өнімділіктің, қызметтің, қосымшалардың, деректердің, технологиялар мен стандарттардың эталондық модельдері құрылды, сондай-ақ оларды толтыру және одан әрі сүйемелдеу үшін әдістемелер әзірленді.
Орталық мемлекеттік органдарды сақтау мерзімі 10 жылға дейінгі құжаттарды қағаз тасығышта қайталамай, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық нысанда ғана электрондық құжат айналымына көшіру қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта әлемдік тәжірибеде деректерді өңдеу орталықтарының базасында серверлерді виртуалдау және «бұлтты есептеу» модельдерінің технологиялары кеңінен қолданылады.
Осы технологияны енгізудің нәтижесі бюджет қаражатын шоғырландыру және үнемдеу, мемлекеттік органдардың бизнес процестерінің тиімділігі болып табылады.
Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік секторда серверлерді «виртуалдау» және «бұлтты есептеулер» технологияларын енгізу басталды.
2010 жылы мемлекеттік органдардың серверлік орталығы пайдалануға берілді, оның негізінде 2011 жылдан бастап collocation (серверлік жабдықтар үшін бағана-орынды жалға алу) қызметтері ұсынылады, есептеуіш ресурстарды орталықтанған түрде ұсыну үшін виртуалдау технологиясын пайдалана отырып шоғырландырылған есептеу алаңы ашылды.
«Бұлтты» есептеудің негізінде «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай пошталық жүйесі» жобасын іске асыру және Павлодар қаласындағы Деректерді өңдеу орталығын құру басталды.
Міндеті: мемлекеттік органдарда ақпараттық технологияларды қолдану шығыстарын оңтайландыру.

1) мемлекеттік органдардың меншікті дата-орталықтарының, серверлік бөлмелерінің, серверлік құрал-жабдықтарының саны 2017 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 80 %, 2020 жылы - 50 % қысқаруы тиіс;
2) меншікті лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді, меншікті ақпараттық жүйелерді құру және қызмет көрсету қызметтерін сатып алуға мемлекеттік органдардың шығындарын қысқарту 2017 жылы 2012 жылмен салыстырғанда 40 %, 2020 жылы - 50 % құрауы тиіс.
Мемлекеттік органдардың АКТ-инфрақұрылымын қалыптастыру және басқару АКТ-өнімдерін сатып алудан ақпараттандырудың жаңа моделін құру және енгізу арқылы АКТ-сервистеріне тапсырыс беру және тұтынуға жоспарланған кезең-кезеңімен көшу арқылы келесі жолымен жүзеге асырылатын болады:
1) АКТ-аутсорсингке берілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін анықтау;
2) мемлекеттік органдардың АКТ-тапсырысын шоғырландыру механизмін әзірлеу;
3) мемлекеттік органдардың бірыңғай "бұлтты тұғырнамасын" (бұдан әрі - G-Cloud) қолдануға негізделген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын ақпараттандырудың аутсорсингтік моделін іске асыру;
4) G-Cloud инфрақұрылымын дамытуға және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін G-Cloud-қа көшіруге жауапты, ақпараттандыру саласындағы операторды анықтау;
5) мемлекеттік органдарда бар ақпараттық жүйелер мен серверлік жабдықтардың тексеруін жүргізу және оларды кәдеге жарату және/немесе G-Cloud-қа ауыстыру тәртібін айқындау;

6) жалпы сервистерді алумен G-Cloud-ты жинақтау жүргізу, мемлекеттік органдар оларды жалға ала отырып, АКТ-инфрақұрылымын қалыптастыру және басқару жөніндегі өзіне тән емес қосалқы функцияларын қысқарту.
G-Cloud инфрақұрылымына жауапты ақпараттандыру саласындағы оператор даму жоспарларын үйлестіреді және шоғырландырады және оператордың жұмысы үшін қажетті байланыс арналарына, қауіпсіздікке және басқа бағыттарға жауап беретін органдардың жұмысын біріктіреді.

5) Құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті, техногендік авариялар
мен дүлей апаттар қатерін төмендетуді қамтамасыз етуге арналған АКТ

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басты міндет табиғи және техногендік сипаттағы шұғыл жағдайлар мен дүлей апаттар кезінде құқықтық тәртіп органдары мен шұғыл қызметтердің алдын алу, болдырмау және Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдауы бойынша жылдам өзара іс-қимылға әзірлігінің жоғары болуы болып табылады.
Құқықтық тәртіп органдары мен шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылы бірінші кезекте тұрғындардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төндіретін жағдайлар кезінде олардың барлық құрылымдарының ақпарат алмасуын және ұйымдастырылған жұмысын қамтиды. Мұндай жағдайларда деректерді жедел алмасуға және ықтимал қауіптер мен қатерлер туралы тұрғындарды уақтылы ақпараттандыруға және хабарландыруға мүмкіндік беретін АКТ-ның маңызды рөлін атап өту қажет.
Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың саны (бұдан әрі - ТЖ) 2012 жылғы 8 айда 10328 жағдайды құрады (ТЖ жалпы санынан 81,7 % ), оның ішінде 94,4 % (9751) - тұрмыстық және өндірістік өрттер. 2011 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда техногендік төтенше жағдайлардың саны 1127 жағдайға немесе 12,2 % артты. Зардап шеккендердің саны 1413 адамды құрады (2011 жылғы осындай кезеңнен 13,1 % көп).
Құқықтық тәртіп органдары қоғамдық тәртіпті сақтау және көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөнінде барлық қажетті шараларды қолдануда.
Қылмыстарға шұғыл ден қою мақсатында нақты нарядтың орналасқан жерін қадағалау ауданының картасында нақты уақыт режимінде және жақын арадағы полиция нарядына оқиға болған жерге жөнелтуге мүмкіндік беретін «GPS» навигациясы жүйесі патрульдік машиналарға енгізілді және жұмыс істейді, осы жүйемен жаяу жүретін патрульдік нарядтарды жабдықтау мәселесі пысықталуда.
Қазіргі уақытта барлық өңірлерде жедел басқару орталықтары (бұдан әрі - ЖБО) жұмыс істейді, олар қылмысқа ден қою жеделдігін арттыруға, сондай-ақ облыс орталықтарының неғұрлым криминогендік аудандарын бейнебақылаумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ахуалдық орталығы пайдалануға енгізілді, ол облыстық ЖБО-ны бірыңғай жүйеге біріктіреді, өңірлерде жедел жағдайларды бақылауға және олармен селекторлық бейнебайланысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні ел бойынша жалпы 606 қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдері және 153 тікелей учаскелік пунктке ЖБО қосылған 1300 аса бейнебақылау құрылғылары пайдаланылады, олардың көмегімен 570 қылмыс ашылды және 110 мыңнан аса құқық бұзушылықтар анықталды.
Міндет: АКТ кеңінен енгізу жолымен қоғамдық қауіпсіздік деңгейі мен құқықтық тәртіп және шұғыл қызмет органдары жұмыстарының тиімділігін арттыру.
Нысаналы индикаторлар:
1) шұғыл қызметтер қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығының деңгейі 2017 жылы - 100 %;
2) ТЖ ден қою уақытын қысқарту 2017 жылы - 10,75 %, 2020 жылы - 31 %;
3) ТЖ туралы халықты жаппай хабарландырудың қазіргі заманғы жүйелерімен жабдықталған елді мекендердің үлесі 2017 жылы - 95 %.
Қол жеткізу жолдары
АКТ енгізу жолымен қоғамдық қауіпсіздік деңгейі мен құқықтық тәртіп және шұғыл қызметтер органдары жұмыстарының тиімділігі бойынша міндеттерді іске асыру мынадай шараларды қабылдау жолымен шешілетін болады:
1) шұғыл қызметтердің операциялық және өндірістік қызметін автоматтандыру;
2) геоақпараттық жүйелерді пайдалана отырып оқыс оқиғалар туралы, оның ішінде оқыс оқиғалар болған жерлер туралы деректерді ұсына отырып, шұғыл қызметке хабарлау бойынша міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының ТЖМ 112 бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметін құру;
3) қылмыстарға шұғыл ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында елдің барлық өңірлерінде күдік туғызатын адамдарды, оқиғаларды, жол-көлік және өзге де оқиғаларды анықтау тұрғысынан көшелерге және азаматтар жаппай жиналатын жерлерге тұрақты мониторинг үшін шұғыл басқару орталықтарын дамыту;
4) ұтқыр құрылғыларды қоса алғанда, барлық байланыс құралдары арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың жеделдігін жоғарылату үшін уақтылы хабарлау жүйелерін одан әрі дамыту.

Иллюстрациялық материал:слайд