Дәріс. Қоғамды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамытуға арналған ақпаратты орта

Жоспар:

1. Адами капиталды дамыту

2. Білімді беру мен ғылымдағы АКТ

3. Электрондық денсаулық сақтауды дамыту

 

Бүгінгі күні АКТ-ны енгізу көп жағдайда ғылым, білім, экономикалық және әлеуметтік саланы дамытуды белгілейді, еңбек өнімділігі, өндірілетін тауарлар, қызметтердің сапасын, мемлекеттік билік органдарының жұмысының тиімділігін және олардың қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын арттыруға ықпал етеді. Алайда жұмысында бағдарламалық қамтамасыз етуді, ресурстарды, жаңа технологияларды пайдаланатын қандай да бір саланың қызметкерлері білімінің жоғары деңгейінсіз, енгізілетін АКТ-ны дұрыс әрі тиімді пайдалануға және тиісінше олар ұсынатын қызметтер мен орындалатын функцияларының сапасын арттыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, ақпаратты қоғамды құру кезіндегі негізгі мәселе тұрғындардың жалпы компьютерлік сауаттылығын арттырумен қатар, экономиканың барлық салаларындағы қызметкерлердің, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлердің, шағын және орта бизнес өкілдерінің бейінді бағыттар бойынша компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруға болады.

2006 жылы Ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі 2007 - 2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Көрсетілген бағдарлама, сондай-ақ АКТ таралуының жоғары деңгейі және Интернеттің экономикаға, мемлекеттік басқаруға, азаматтардың күнделікті өмірі мен кәсіби қызметіне енуі өз нәтижесін берді және компьютерлік сауаттылық деңгейі 2008 жылғы деректер бойынша 18,7 %, ал 2011 жылғы деректер бойынша 47,4 % дейін өсті. Алайда арнайы мамандандырылған компьютерлік сауаттылыққа қатысты проблема орын алып отыр, дәрігерлер медицинада қолданылатын технологияларды жеткілікті деңгейде білмейді және біліктілікті арттырусыз телемедицинаға кеше алмайды, көптеген оқытушылар электрондық оқыту жүйесін пайдалануды бастау үшін арнайы дайындықты қажет етеді және т.с.с.

АТ-мамандарын даярлаудың келеңсіз факторлары даму деңгейі төмен АКТ әдістеме, оларды даярлауға арналған білім беру мазмұнын іріктеу қағидаттары болып табылады. Халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби стандарттарды әзірлеу және бейімдеу, қазіргі заманғы АТ-мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын жетілдіру жүйелері жеткілікті деңгейде дамымаған, бұл мамандарды даярлау мазмұнының индустрияның қажеттіліктеріне барабарлығына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

Қашықтан жұмыспен қамту нысандарын дамыту үшін 2012 жылы еңбек заңнамасына қашықтан жұмыспен қамту нысанын заңнамалық бекіту бөлігінде түзетулер енгізілді. Алайда жұмыстың аталған нысанын кеңінен қолдану үшін нақты жағдай жасалған жоқ, дегенмен қашықтықта жұмыс істейтіндер көптеген көрсеткіштерге әсер етеді, мысалы, жол кептелістерінің азаюы, экологияға келтірілетін зиянды төмендету, мәселенің әлеуметтік жағы (мысалы, мүгедектердің немесе жас балалары бар әйелдердің жұмыс істеуі), халықтың әл-ауқатын арттыру және т.с.с.

Міндеті: Қазақстанда ақпаратты қоғамды қалыптастырудың басты факторы ретінде адами капиталдың дамуына жағдайлар жасау.

Нысаналы индикаторлар:

1) адами капиталды дамыту индексі 2017 жылы - 0,764, 2020 жылы - 0,781;
2) электрондық білім беру ресурстарының үлесі 2017 жылы — 60 %, 2020 жылы - 100 %;
3) халықтың компьютерлік сауаттылық деңгейі 2017 жылы - 65 %, 2020 жылы - 80 %;
4) қашықтықтан жұмыс істейтіндер саны 100 тұрғынға 2017 жылы - 7 адам, 2020 жылы - 20 адам.

Қазақстанда ақпаратты қоғамды қалыптастырудың басты факторы ретінде адами капиталды дамыту үшін аталған бағдарламаның шеңберінде мынадай шаралар іске асырылатын болады:

1) қандай да бір саладағы қызметкерлердің компьютерлік сауаттылығын оның жұмысында қолданылатын АКТ біліктілікті арттырудың мамандандырылған курстарды ашу;

2) қашықтықтан жұмыспен қамту нарығын дамыту мәселесін өңдеу;

3) компьютерлік сауаттылықтың негізгі машықтары мен шағын және орта бизнес кәсіпкерлері, жұмыссыз және/немесе ішінара жұмыспен қамтылған жастар, сонымен қатар денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдар, қарттар мен халықтың әлеуметтік қорғалмаған бөлігінің өзге де санаттарына жататын адамдар үшін электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді пайдалану бойынша курстарды өткізу.
Жаңа технологиялардың жоғары өсімін ескере отырып, АКТ саласындағы мамандардың біліктілік деңгейін арттыру үшін мынадай жағдайлар жасалады:

1) АКТ мамандықтары бойынша біліктіліктің салалық шеңберін әзірлеу;

2) АКТ мамандықтары бойынша кәсіби стандарттарды жасау;

3) АКТ саласындағы кәсіптік стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын әзірлеу.

Қазіргі заманғы АКТ дамуы білім беруді дамытудың қарқыны мен бағытын белгілейді: әдістемелер вариабельді, ғимараттар өндірістік тәжірибеге жақын болуы керек, ал оқытушылар жоғары білікті болуымен өздерінің әдістемелік және өндірістік біліктілігін үздіксіз арттырып отыруға міндетті болуға тиіс. Кері жағдайда АКТ-ның адами капиталды қалыптастыруға жасайтын ықпалы теріс болып шығады.

Болашақтағы білім - бұл аралас білім, яғни білім беру процесіне күндізгі және желілік оқу нысандарының тартылу дәрежесі әртүрлі симбиозы. Қазіргі уақытта әлемде аралас (дәстүрлі және электрондық) оқыту тәжірибеге енгізілген. Болашақта аралас оқу нысаны орта білім беруде басымдыққа ие болмақ.
Білім беру саласында АКТ-ны дамытудың барлық жаңа процестерін есепке алу және оларды білім беру процестерінде пайдалану елдегі білім беруді жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі.

Орта білім саласына АКТ мүмкіндіктерін ғаламдық енгізу мақсатында 2011 жылы мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беруге (бұдан әрі - ТжКБ) электрондық оқытудың ақпараттық жүйесін (e-Learning) енгізу жобасы басталды. Алайда, бұл жоба цифрлық білім беру контентін стандарттау, білім беру ұйымдарын тегін немесе жеңілдікті КЖҚ қамтамасыз ету, оқушылар мен оқытушыларды жеңілдікті Интернетпен қамтамасыз ету сияқты бірқатар ілеспе міндеттерді шешуді талап етеді.

Міндеті: АКТ енгізу арқылы Қазақстанның білім беру және ғылым салаларының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Нысаналы индикаторлар:

1) ғылыми білім берудің бірыңғай ұлттық желісіне қосылған ғылыми білім беру мекемелердің үлесі 2017 жылы - 50 %, 2020 жылы - 100 %;

2) ерекше қажеттіліктері бар (инклюзивті білім беру) балалар үшін АКТ көмегімен сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету 2017 жылы - 30 %, 2020 жылы - 50 %;

3) мектептер мен ТжКБ үшін ашық қолжетімділіктегі электрондық контенттің көлемі 2017 жылы - 60 %, 2020 жылы - 90 %.

Білім беру саласына АКТ-ны толық ауқымда енгізу және АКТ көмегімен сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру үшін мынадай шаралар іске асырылды:
1) мультимедиа-технологияны қолдана отырып, цифрлық ғылым және білім ресурстарын жүйелі түрде дамыту жөнінде ұсыныстарды әзірлеу;
2) білім беру саласындағы стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру;
3) мектепке дейінгі білім берудегі ақпараттық мәдениетті қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу;

4) мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін мониторингтеу және басқару бойынша ресурстарды құру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу.
Орта білім беру мекемелерінің білім беру процесіне АКТ-ны енгізу мыналарды көздейді:
1) электрондық оқыту жүйесінің жұмыс істеуі үшін оқытушыларды және электрондық оқыту жүйесінің әкімшілерін даярлау және біліктілігін арттыру;
2) мүгедек балаларды жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз ету.
Жоғары оқу орындарының оқу процесіне АКТ-ны енгізу мыналарды көздейді:
1) ЖОО-лар жанында студенттердің өздерінің ғылыми жұмыстарын іске асыруы үшін қажетті құралдармен жабдықталған зертханалар құру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;

2) білім беру процестерін электрондық форматқа көшіру: материалдарды тарату, жаңалықтарды жариялау, студенттердің өзара араласуы, оқу орындарының бәрінде (мектепке дейінгі және жоғары) оқушылар мен оқытушылардың арасында жеке қарым-қатынас жасау;

3) білім беру процесіне мамандану бойынша нақты кәсіптік қызметке арналған жаңа бағдарламалық шешімдер мен қосымшаларды тәжірибелік пайдалану курстарын оқуды (мысалы, экономика факультеттерінің студенттеріне - экономика саласындағы қазіргі заманғы бағдарламалық шешімдер) енгізу.

АКТ-ны денсаулық сақтау саласына енгізу медициналық көмек көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. АКТ дәрігерлік-санитарлық көмек көрсетуде және қамтамасыз етуде өмірлік маңызды рөлге ие болады. Электрондық денсаулық сақтау технологиялары емделушілерге қашықтықтан мониторинг жүргізуге, емделушілер арасында ақпарат таратуды жақсартуға, медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті, әсіресе шалғайдағы аудандарда, мүгедектер мен егде жастағы адамдар үшін жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру саласында бірқатар жобалар іске асырылды. 2011 жылы Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық денсаулық сақтау жүйесін (бұдан әрі - ДСБАЖ) құру шеңберінде ДСБАЖ пилоттық аймағын ұйымдастыру бойынша жұмыстар аяқталды. ДСБАЖ іске асыруды ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында «Ауруханаға жатқызу бюросы», «Бекітілген тұрғындардың тізілімі», «Есеп-тізілімдерді қалыптастыру» («Стационарлық емделушілердің электрондық тіркелімі»), «Дәрігерлік-санитарлық көмектің ынталандырушы құраушысы» порталдары жұмыс істейді.
Алайда шектен тыс төрешілдік проблемасы сақталып отыр, бұл өз кезегінде емделушілерге қызмет көрсетудің сапасына әсер етеді. Жылдан-жылға емделушілердің дәрігердің кабинетіне кезегінің артуы байқалады, емделушілердің дәрігерді таңдауы кезінде балама көп емес, сондай-ақ оған бару уақытын жедел жоспарлай алмайды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі аталған проблемаларды АКТ-ны кеңінен енгізу, «электрондық денсаулық сақтауға» көшу арқылы жоюға болады, бұл медициналық қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыруға, емделушілерді диагностикалау және емдеудің жеделдігі мен дәлдігін қамтамасыз етуге, қағаздарды толтыруға кететін уақытты қысқартуға және тиісінше оны тікелей емделушіге қызмет көрсетуге жұмсауға мүмкіндік береді.

Міндеті: АКТ-ны барынша пайдалану арқылы халыққа медициналық қызметтерді көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

Нысаналы индикаторлар:
1) бірыңғай денсаулық сақтау желісіне қосылған денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі 2017 жылы - 60 %, 2020 жылы - 100 %;
2) «Электрондық медициналық карталармен» қамтамасыз етілген тұрғындардың үлесі 2017 жылы - 60 %, 2020 жылы - 100 %;
3) денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйелерін бірыңғай ықпалдастық тұғырнамасымен ықпалдастыру 2017 жылы - 40 %, 2020 жылы - 100 %;
4) 100 медициналық қызметкерге есептегенде компьютерлер саны 2017 жылы - 60, 2020 жылы - 100.
Қол жеткізу жолдары
АКТ-ны денсаулық сақтау саласына енгізу арқылы халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мынадай іс-шараларды іске асыруды көздейді:
1) ақпарат алмасу және ақпаратқа қолжетімділігі үшін елдің барлық медициналық мекемелерін ДСБАЖ-ға қосу;
2) барлық бастапқы қағаз түріндегі медициналық құжаттаманы электрондық форматқа көшіру (бұл ретте барлық медициналық құжат үшін бірыңғай формат қамтамасыз етіледі);
3) қажет болған жағдайларда телекөпірлерді, консилиумдарды және саланың жетекші мамандарымен консультацияларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қорғалған бірыңғай желісін құру;
4) мекемелердің қызметі, мамандар, науқастарды қабылдау кестесі туралы барлық қажетті ақпаратты қамтитын бірыңғай ықпалдастырылған тұғырнаманы әзірлеу, енгізу және оған медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарының барлық ақпараттық жүйелерін және деректер қорын қосу, тұрғындардың Интернет желісі немесе ұтқыр телефония арқылы медициналық деректер қорына қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Интернет арқылы жедел қолжетімділік мүмкіндігімен дәрігерге бару, ауруханаға жату, диагностикалық зерттеулер, амбулаториялық және стационарлы емдеулер туралы ақпаратты қамтитын, емделушінің қорғалған электрондық (ұтқыр) картасы арқылы нақты уақыт режимінде деректерді емделушінің электрондық картасына және емдеуші дәрігеріне жіберетін емделушінің денсаулық жағдайын мониторингтеу құрылғыларын енгізу;
5) эпидемиялар мен ауру ошақтары, аурулар, олардың алдын алу және емдеу туралы мәліметтер, жарияланымдар, есептер, зерттеулерді қоса алғанда, ғылыми және медициналық ақпараттың деректер қорын құру;
6) Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік препараттардың және олардың дәріханалар желісінде болуының жалпыға қолжетімді бірыңғай деректер қорын құру;
7) емделушілердің тағайындау мұрағатына қолжетімділікті жедел алуға мүмкіндік беретін электрондық медициналық тағайындаулар мен рецепттердің жүйесін құру;
8) егде тартқан және жалғызілікті азаматтардың (60 жастан асқан) денсаулық жағдайын мониторингтеудің телемедициналық білезігін енгізу;
9) жедел жәрдем қызметін автоматтандыру;
10) АКТ және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша денсаулық сақтау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және даярлау жүйесін құру.

 

Иллюстрациялық материал:слайд