Пәннің жұмыстық оқу бағдарламасы 5 страница

Үндістанда б.з.д. бiрiншi мыңжылдықтың орта шенiнде отбасы – қоғамдық тәрбие дәстүрi қалыптасып, жоғары үш кастаның балаларын есею рәсiмiнен өткеннен кейiн мектепке қабылдайтын. Брахман баласы 8 жаста, кшатр 11 жаста, вайшы 12 жастан бастап бiр-бiрiнен айырмашылығы бар бағдарламалармен оқытылды.

Мысалы, Брахман оқушылары толық бiлiм алу бағдарламасымен оқыса, кшатрлар әскери өнерге, вайшылар ауылшаруашылық жұмыстар мен қолөнерге бағдарланған толық емес бағдарламалармен оқыды. Оқу мезгiлi сегiз жылдан аспай, оқығандарын ауызша айтып беру, оқу мен жазуға үйретiлдi. Толық бағдарламамен оқыған брахман балалары поэзия мен әдебиет, грамматика мен философия, математика, астрономия пәндерiнен сабақтар алды. Мұғалiмнiң үйiндегi оқу отбасылық қарым-қатынас түрiнде ұйымдастырылып, оқушылар мұғалiмнiң отбасы мүшесi ретiнде есептелiп, отбасыаралық қарым-қатынастар ережесiне дағдыланды.

Бiрiншi мыңжылдықтың ортасында (б.з.д.) ежелгi үндi өркениетiнде жаңа дәуiр басталды. Үндi мемлекетiнiң экономикалық, рухани өмiрлерiндегi өзгерiстер тәрбие мен оқытуға ықпалын тигiздi. Жаңа дiн – буддизм ежелгi үндi халықтарының өмiр-тiршiлiктерiне ауқымды өзгерiстер әкелдi.

Буддистiк оқу дәстүрiнiң басында Будда немесе Шакия - Муни (б.з.д. 623-544 ж.ж.) тұрды. Ол жоғары рухани жетiстiкке жеткен тұлға, буддизм касталардың теңсiздiк ұстанымын жоққа шығарып, адам дүниеге келгенде бiрдей болып келедi, олай болса адам тең құқықты, сол себептен буддистiк қауымдастыққа әрбiр адамды ниетiне қарай қабылдаған.

Буддистiк iлiм бойынша тәрбиенiң басты мақсаты – адам жанын жетiлдiру, өзiн-өзi танып, өзiн-өзi дамытуға тиiс. Буддистiк дәуiрде оқу бағдарламаларына өзгерiстер енгiзiлiп, грамматикаға ерекше көңiл бөлiндi. Сол кездерде ежелгi үндi елiнде буынды әлiппе - брахми мектептерге енгiзiлiп, әлiппе – буынды жазу бiлiм сапасын көтерген. Элементарлық бiлiмдер дiни мектептерде және зайырлы оқу орындарында берiлдi. Дiни мектептерде бiлiм сословиелiк сипатта болса, зайырлы мектептерде оқушыларды кастасына, дiнiне қарамай оқытатын.

№4 Тақырыбы:Орта ғасыр дәуірі. Византиядағы педагогикалық ой-пікірдің дамуын оқыту. Орта ғасырда Индия мен Қытайдағы оқыту мен тәрбие.

Жоспар:

1.Византияда мәдениет пен ағарту дамуының негізгі кезеңдері

2.Орта ғасырда Индиядағы оқыту мен тәрбие.

3.Орта ғасырда Қытайдағы білім беру мен мектеп, мемлекеттік емтихандар жүйесі.

 

1.Негізгі ұғымдар: ағарту, Византиядағы ағарту, византиялық ықпал ету, педагогикалық ой-пікірлер.

Құлдық қоғамның ыдырауы және құлауы оны жаңа феодальдық құрылыспен өзгертуге алып келді. Ал, сөзсіз оның алдындағы құлдық қоғаммен салыстырғанда прогрессивтік сипатта болды (себебі негізгі өндіргіш күш-шаруаның өз шаруашылығы болды, сондықтан да еңбекте құлдарға қарағанда кейбір ынталылық танытты), бірақ феодальдық құрылыстың негізіне феодалдардың, діниелерінің жерге жекеменшігі жатты. Феодалдық құрылыстың идеологиялық тірегі және ірі саяси күші католиктік шіркеу болды. Ол орта ғасырлық батысевропалық қоғам өмірінде ерекше роль атқарды. Шіркеу бұқара халықты басты-даншуды жақтап отырды. Католиктік діниелері ертедегі мәдениетке қарсы болды: ғылымға, өнерге, мектепке; Манастырлардың жанында манастырлық мектептер, шіркеулердің – приходтық мектептер ашылды. Ең алдымен ол мектептер діни адамдарды дайындады. Бұл мектептердің мұғалімдері – монахтар мен діниелері оқитын ер балаларды христиан дінінің және адамгершіліктің рухында тәрбиелеуді, оларды оқуға және жазуға олар үшін жат латын тілінде оқытты, құдайға құлшылық ету латын тілінде жүргізілді. Бұл мектептерде оқыту өте қиын, әрі ұзақ болды. Балаларды үлгермегені және аз-кем тәртіпті бұзғаны үшін шәкірттерді өте ауыр дене жазасын беріп отырды.

2. Ертедегі Индия тарихы ені дәуірге бөлінеді: дравид-арийлік және будда дәуірі. Индия жартыаралының б.э.2-мыңыншы жылдықтың бірінші жартысына дейін жергілікті халықтың давид тайпаларының өркениеті Екі өзеннің арасындағы алғашқы мемлекеттердің мәдени деңгейіне сәйкес келеді. Тәрбие мен оқыту жанұялық-тектілік сипатта болды, жанұяның ролі ерекше болды. Ертедегі Индиядағы тәрбие мен оқытудың дамуына касталық құрылыс өзіндік із қалдырды. Тәрбие мен оқытудың инезисінің екінші негізгі жағдайларының біріне діни идеологияның (буддизмнің) әсері болды. Индияда әлеуметтік жағынан үстемдік еткен каста-брахмандар болды. Әрбір адам өзінің адамгершілік, ақыл-ой және дене сапаларын дамыту қажет болды. Брахмандарда ең негізгі сапалар интеллеутуалдық артықшылыққа, екінші каста – кшатрийлер – мықтылық пен ерлікке, вайшьилер – еңбек сүйгіштікке және шыдамдылыққа, ал шудралар – құлшылық етуге ерекше мән беріледі. Идеялық тәрбие беруге тек ғана жоғарғы касталардың мүмкіндігі болды. Тәрбиенің мақсаты - ақыл-ой дамуы, рухани тәрбие, дене жағынан жетілу, табиғатқа, сұлулыққа сүйіспеншілік, өзін-өзі меңгеру және ұстамдылық. Ертедегі Индияда ерекше қасеитті және сонымен бірге оқу кітабі болып табылатын “Бхагавадгита” (б.э.д. 1-мыңжылдықта) ерекше атауға болады, шәкірттерді тәрбиелеу және оқыту мазмұны мен жолдарының үлгілері ұсынылды.

 

 

3.Ертедегі Қытайда төменгі және жоғары мектептер жұмыс істейді. Жоғары мектептерде үстем тап өкілдерінің балалары күрделі пероглиф тәсілімен оқуға және жазуға үйренді, философия және мораль жазушылар мен ақындардың шығармаларыноқып үйренді. Онда астрономиядан кейбір мәліметтер берілді. Ертедегі қолжазбаларда (Қытай, Индия, Мысыр және т.б.) тәрбие туралы мұғалім мен тәрбиеге қойылатын талаптартуралы құнды ойлар кездеседі. Бұл мектептерде қатаң тәртіп, дене жазалауды кеңінен қолданылады.

Басқа да алғашқы адамзат өркениеттері сияқты Ертедегі Қытайдың бай және өзіндік педагогикалық дәстүрінің негізіне түбірімен алғашқы қауымдық құрылысқа кететін жанұялық-қоғамдық тәрбие тәжірибесі жатады.

Әрбір жанұядағы өмір ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен түсініктердің белгісімен іске асты. Барлық жанұя мүшелері белгілі ережелерді және шектеушіліктерді сақтау қажет болды, мәселен, жаман сөздер айтуға, үлкендерге және басқа да туысқандарға зиянды қылықтарға тиым салу.

Қытайда ғасырлар бойы педагогикалық идеал қалыптасты, ол көп білетін, “өзінің жандүниесінде бейбітшілік пен үйлесілімділікті қалыптастыратын адамды тәрбиелеу” мақсатын қойды. Тәрбиелік қатынастардың негізіне жастардың үлкендерді сыйлай білуін жатқызды.

Ертедегі кітаптар бойынша, бірінші мектептер Қытайда б.э.д. 3-мыңжылдықта пайда болды. Олар сян және су сюй деп аталды. Оқытудың негізгі мақсаты пероглифті жазуды меңгеру болды. Оқыту және тәрбиелеу бағдарламасына 6 өнердің түрі кіреді: мораль, жазу, санау, саз, садақ ату, атқа міне білу.

Қытай – ертедегі өркениеттің негізін қалаған мемлекеттің бірі ретінде тәрбие мен білім беруді теориялық тұрғыдан пайымдауға алғашқы қадамдар жасалды. Ертедегі Қытайда педагогикалық ой-пікірдің дамуына Конфуций және оның ізбасарлары ерекше ықпал етті.

Конфуций (551-479жж. б.э.д.) өзінің мектебін құрды, онда 3 мыңға тарта шәкірт даярлады. Конфуций Ертедегі Қытайда тәрбиелеу және оқыту тәрбиесін жинақтады және өзінің тамаша ойлары мен идеяларын ұсынды. Конфуцийдің айтуынша, идеялдық тәрбиеленген адам адамгершілігі жоғары, шындыққа ұмтылу, әділдік, рухани мәдениеті бай адам болу керектігін ерекше жоғары бағалады.

 


Дәріс

Тақырыбы: Таяу Шығыста, Орталық Азиялық Ренессанс және Алтын Орда дәуірінде білім беру мен педагогикалық идеялардың дамуы (VІ-ХVғ.ғ.)

Мұсылман әлеміндегі мәдениеттің, білім берудің және педагогикалық ойдың дамуы. Ғалым-энциклопедистер еңбектеріндегі тұлғаны үйлесімді дамыту бағдарламасы: әл-Киндидің (801-873) жоғары интеллект тұжырымдамасы, гуманист ғалым Ибн-Синаның (980-1037) жалпыны оқыту идеясы, әл-Газали (1056-59-1111) іліміндегі баланың өзін-өзі тәрбиелеуі. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 жж.) педагогикалық тұжырымдамасы. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» трактатында қайырымды қоғамды тәрбиелеу мен бақытқа жетудің жолдары.

Орталық Азия мен Қазақстан территориясындағы Ренессанс. Әлемдік өркениет аясындағы «Қайта өрлеу» дәуірінің озық маңызы. Реснессанстық құбылыстардың алғышарттары: Орхон-Енисей жазуы. Орхон мен Таластың тасты қабырғаларында бостандықты сүю мен патриотизм идеялары. Ежелгі түркілер – сақтар мен ғұн елдерінің мұрагерлері. Тәрбиені ұйымдастыру формалары.

Сырдария жеріндегі прогрессивті тәрбиелік идеялардың пайда болуы. Қорқыт Атаның (IX ғ.) ізгілік сипаттағы көзқарастары. Жүсіп Баласағұнның (XI ғ) педагогикалық көзқарастар жүйесі. Ойшылдың түркі тілінде алғаш жазылған «Құтты білік» еңбегіндегі «Толық адам» ізгілік тұжырымдамасындағы дүниетанымдық ұстанымы. Махмуд Қашғаридің «Диуани лугат-ат-турки» алғашқы филологиялық еңбектеріндегі «Жеті Ата» қағидасы. Қожа Ахмет Йасауи Хазрет Сұлтан (1105-1166) мұрасындағы әділдік пен адамгершілік-сопылық ілімнің негізі.

Омар Хайямның педагогикалық көзқарастары. Берунидің (973-1048) тәрбие туралы «Канон Масуда» монументалды еңбегі. Абулхасан Рудакидің (884-954) адамгершілікті жетілдіру бағдарламасы. Насыр Хосров, Саади, Кей-Каус және т.б. ойшылдар шығармашылығындағы тәрбиелік идеялар. Ислам әлеміндегі білім беру жүйесі: китаб мектебі, мешіттердің рөлі, ағартушылық кружка-фикха және қалам, мектептер мен медреселердің дамушылық маңызы.

Алтын Ордадағы тәрбиелік дәстүрлер. Шыңғысханның ағартушылық іс-әрекеті. Ойшылдар Сайф Сараи мен Ахмед Иугнекидің педагогикалық идеялары. Рабгузи мен Жамал Каршидің тәрбиелік көзқарастары. Осман империясы кезеңіндегі педагогикалық ой-пікірлер. Осман империясындағы ағартушылыққа антикалық және Ислам мәдениетінің ықпалы. Ибн Рушд, Газали философиялық ілімдеріндегі тәрбие жөніндегі тұжырымдық идеялар. Дж.Руми, Хамза, Низами әдеби ескерткіштеріндегі тәрбиелік ойлар.

Негізгі ұғымдар: Ренессанс, Орталық-Азиялық Ренессанс, педагогикалық тұжырымдама, ізгілік көзқарастары, тәрбиелік дәсүрлер, ағартушылық іс-әрекет, гуманист-ғалым, педагогикалық ой-пікірлер, педагогикалық көзқарастар жүйесі.

Шығыс немесе Мұсылман ренессансы

Мен жанбасам жалындап,

Сен жанбасаң жалындап,

Ол жанбаса жалындап,

Аспан қалай ашылмақ.

Назым Хикмет

 

Орта Азия мен Қазақстан жері VIII ғасырдан бастап, араб халифатының құрамына кіріп, онда өмір сүретін халықтар ислам дінін қабылдай бастады. Сол кезден бастап түркі халықтарының жүз мыңдаған томдық рухани мұрасы мың жылдан астам уақыт бойы араб әріпімен жазылды. Сол дәуір туралы академик Әлкей Марғұлан: “Бұл саяси, мәдени тіршілікті айқын түрде суреттейтін, араб әрпімен тасқа жазылған сөздер Бетпақдала сахарада XI ғасырдан XIX ғасырға дейінгі дәуірдің таңбалары кездесіп отырады” деп жазған102.

Британ энциклопедиясында “Түркі халықтарын біріктіріп тұрған ең басты күш, тарихи және тілдік байланыстармен қоса Исламият” дейді230.

Түркілер исламға дейін әртүрлі діндерді қабылдағанымен Тәңір дінінен басқа ешқайсысы олардың менталитетіне сай келе берген жоқ. Академик Н.Трубецкой арабтар мен түркілер сенімдерінің ерекшеліктері туралы: “Вера, попавшая в тюркскую среду, неминуемо застывает и кристаллизуется, ибо она там призвана играть роль незыблемого центра тяжести-главного условия устойчивого равновесия. На этой особенности тюркской психологии основано странное явление: притяжение между психикой тюркской и семитской (арабской). Трудно найти более различные прямо противоположные друг другу психики. Но в этой противоположности и причина притяжения.

“Туранская“ (тюркская) психика сообщает нации культурную устойчивость и силу, утверждает культурно-историческую преемственность и создает условия экономии национальных сил, благоприятствующие всякому строительству” дейді151.

Ислам дінін қабылдаған түркілер X ғасырдың соңында Ауғаныстан, Шығыс Иран және Солтүстік Үндістанда Шығыстағы ең күшті империя Газнавидтердің мамлюктік сұлтандығын құрып, сол елдерде сауданы өсіріп, экономиканы дамытып және қала құрылысын өркендетті. Ол туралы К.Э.Босворт: «Қорытындысында XI ғасырдың басына дейін түркілер Египеттің шығысынан Үндістанға дейінгі жердегі барлық мұсылман елдерінің әскери және мемлекеттік мекемелеріне терең еніп кетті» дейді38.

Ол кездегі араб халифатында ғылым мен өнердің барлық салалары дамып, соңынан латындық еуропаның ұстазы болған “Мұсылман ренессансының” отанына айналды.

Ғұмыры қысқа болған “Мұсылман ренессансы” кезеңінде және одан кейінгі бірнеше ғасыр бойы түркінің ғалымдары, ойшылдары және ақындары адамзат өркениетінің дамуында өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, осы кезең “түркі елі идеясының” негізінде мәдениеттің дамуы, түркі әлемі дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырды.

Осы кезде түркіден шыққан ұлы ғұламалар – энциклопедист - ойшыл Әл-Фараби185, «түркі сөздері жинағының» жүйесін жасаған Махмуд Қашқари, алгебраның негізін салған Әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, қасиетті «Құранды» түркіше тәржімалап, исламды түркі халықтарының ішіне таратушы Қожа Ахмет Иассауи... соңынан астроном Ұлықбек, Ұлы түркі поэзиясының негізін салғандар – Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науаи, Физули, Жалаледдин Руми, Гянжеви Низамилардың75 дәстүрі Алтын Орда кезінде жалғасты.

Дүниежүзілік ғылым, әдебиет және Шығыс Ренесансын дамытудағы Ұлы түркілердің еңбектерін толық баяндау біздің міндетіміз емес. Сондықтан біз оларға қысқаша шолу жасаумен шектелеміз.

Әл - Фараби мен Әбу Райхан Бируни, Ибн Синамен бірге шығыстағы Қайта өрлеудің (Ренессанс) философиялық көзқарасын қалыптастырып, оның идеологиялық негізін қалады. Шіркеу догмасы мен сословиелік құрылымға оппозициядағы осы идеологияның негізін қалаған олардың философиялық көзқарастары мен мистик-күпірлік ойлары әлеуметтік бір бағытта дамыды173. Олай дейтініміз В.К.Чалоян «Армянский Ренессанс» деген еңбегінде: “Шығыс мәдениеті, өз кезегінде одан кейін жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастар жағдайында пайда болған, мәдениеттің жаңа сатысын қалыптастыруға дайын Батыстың Қайта өрлеуінің ізашары болды. Шығыстың жетістіктері батыс әлеміне таяу шығыс халықтары мен елдері және византия-кавказ өркениеті арқылы берілгені тарихи дәлелденген. Сондықтан, феодалдық қоғамнан буржуазиялық қоғамға өту мәселесін зерттегенде оған Шығыстың әсері болмады деп, оның рөлін ескермеу дұрыс емес. Осындай өзгерістің алғышарты шығыс болды” деп дәлелдеген172. Сонымен қатар, Әл-Фараби мен Ибн Сина Шығыс Ренессансын қалыптастырған парсы-түркі поэзиясының ареопагиттік негізінің идеологиялық концепциясын жасады. Бұл мәселені зерттеген Ш.И.Нуцубидзе: “Махаббат дегеніміз әлемнің баспалдақтарымен ең жоғарғы бастауға ұмтылған, жоғары сатыға жету идеалы. Ол баспалдақтардың (сеира, немесе сира) өзі жетілгендіктің бейнесі, яғни сұлулық пен махаббат және жердегі махаббат пен сұлулық осы қатарларға, немесе “сеирлерге” жетумен, яғни жоғарғы бастауларға жақындау немесе ұқсаумен өлшенеді. Махаббат пен сұлулықты ақтаған осы концепция б.д. V ғасырында Сирияда жетіліп Шығыс пен Батыстағы Ренессанстың идеологиялық негізі болды. Қайырымдылық және ақиқат идеясымен ынталанған махаббат пен сұлулық идеясы көркем философиялық идеяның іске асуына ықпал етті. Мұсылмандық Шығыста әртүрлі қабылданған осы идея олардың көркемөнерінде іске асты”123. Омар Хайямның мол мұрасындағы махаббат пен сұлулық идеясы, одан әрі орта ғасырлардағы Орта Азия поэзиясының классиктері Низами мен Науаидың поэзиясының арқауы болды.

Яғни, философиялық (Әл-Фараби, Ибн Сина) және түпкілікті ғылыми өрлеу (Бируни) поэзияның (Хайям) негізін салды және жаңа гуманизм рухымен қаруланған Орта ғасырдағы шіркеудің догмасын бұзып, мұсылман және христиан діндерінің ортодосальдық шеңберінен шыққан парсы, түркі және араб тілді әдебиеттің ерекше шарықтау жолын дайындады.

Әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни және Әбу Әли Ибн Синалар Орта Азиядағы Ренессанс мәдениетінің философиялық негізін салды және шығыс Ренессансының поэзиялық мәдениетінің ұлы ғимаратын құрды. Олардың дүниежүзі мәдениетінің дамуындағы рөлі мен адамзат дамуы тарихындағы өшпес іздері осындай өлшеммен бағалануы тиіс.

Орта ғасырлардағы музыка дәстүрін жалғастырған Әл-Фарабидің “Музыка туралы” трактаты XVII ғасырға дейін еуропадағы музыка теориясындағы ең үздік шығарма болып саналса201, оның христиан дінін дамытудағы шығармасы XVIII ғасырға дейін батыстың және ресейдің шіркеулерінде қолданылғаны белгілі. Егер Әл - Фараби мұсылман болмағанда, ол Августин, Аквинскийлер сияқты христиан дінінің пайғамбары болар еді. Сонымен қатар, Әл - Фараби мемлекет басқару өнерінің негізін салған ұлы ғалым. Ал, XX ғасырдағы немістің ұлы ойшылы, “Закат Европаның” авторы О.Шпенглер Әл-Фарабидің философиялық туындыларын ұлы неміс философтары Гегель мен Канттардан жоғары қойды. Жаңа дәуірдегі батыс ойының биік шыңы немістің классикалық философиясы екені белгілі. Ал, Гегель мен Канттар осы шыңның төбесіне шығып тұрған алыптар. Ұлы Шпенглердің біздің жерлесімізді осы алыптардан жоғары қоюы – ол түркінің ғылымы мен мәдениетінің жетістіктеріне берген жоғары баға179. Әл-Фарабидің “Екінші ұстаз” немесе “Шығыстың Аристотелі” аталуы Стагирит Аристотельден дәреже жағынан кейін болғанынан емес, дүниеге тарихи кезек жағынан кейін келгенінен. Әл-Фараби энциклопедист ойшыл ретінде заманындағы ғылым, философия және өнердің барлық салаларына атсалысып, өшпес із қалдырды. Оның философиялық шығармалары осы уақытқа дейін толық зерттеліп болған жоқ. Осы ұлы бабамыз туралы біздің білетініміз – ол алдағы мыңжылдықта да адамзатқа жол көрсететін жарық жұлдыз - Темірқазықтай болатыны.

Адамзат тарихында мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуіне және интеграциялануына жол ашқан Ислам діні болды. Мұсылман ренессансы бір жағынан ертедегі гректердің ғылымы мен мәдениетін тәржімалау арқылы шығыс пен батыстың мәдениеттерін қосып, еуропадағы ренессансқа жол ашса, екінші жағынан оған дейінгі бір мәдениетке ғана тән болып келген жетістіктер мұсылмандар арқасында бүкіл әлемге тарады. Мысалы араб цифры деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде Үндістанда ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдірумен қатар оларды құр символдықтан шығарып, мағыналы белгілерге айналдырды. Нөлді (арабша: сыфыр) алғаш рет ойлап тауып, сан ретінде қолданған, Арал теңізі маңында дүниеге келген түркі ғалымы Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми болды221. Осы бабамыз сонымен қатар 1-ден төменгі – ондық, жүздік, мыңдықтарды жүйелеп жазуды алғаш көрсетті. Бұл жаңалықтарсыз қазіргі ғылымның жетістіктерін елестету мүмкін емес. Латынша “cipher”, орыс тіліндегі “цифр” деген сөздер арабша нөл дегенді білдіретін “сыфыр” сөзінен алынған. Араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы жағынан өте икемді, оңай болғандықтан ғылым, экономика, сауда мен өмірде кеңінен қолданылатын қазіргі адамдардың дүниетанымын өзгерткен ұлы құбылыс болды. Әл-Хорезмидің “Kитаб әл-жәбір уә-л Мұқабала” (Алгебра мен теңдіктер кітабы) атты еңбегі ХІІ ғасырда латын тіліне аударылғанда “әл-жәбір” сөзі “алгебра” деп аударылғандықтан осы сөз термин ретінде қалыптасты. Оның екінші кітабы латыншаға “Aigorithmi de numero Indorum” деп аударылғандықтан, “алгоритм” сөзі де терминге айналды. Бұл жерде Бертран Рассел және т.б. философтар мен ғалымдардың “орта ғасырлардағы мұсылман реннесансы ертедегі Греция мен орта ғасырлардағы Еуропаны қосқан көпір қызметін атқарды” деген пікірлерінің толық зерттеліп дәлелденбеген теріс тұжырым екенін айту керек. Себебі, мұсылман философтары көптеген ойша құрылған тұжырымдарын қорғайтын дәлелдер ұсынғандықтан, ислам философиясын мойындамау Батыстың өз дәстүріне сенімсіздік тудырады48a.

Батыс ойшылдары мен ғалымдарының арасында кең тараған ондай атүсті пікірлердің Шығысты зерттеуде пайдасынан көрі зияны көп. Олардан гөрі жалпы ғылым мен философия үшін Шығысты зерттеп түсінуге талпынған Г.В.Ф.Гегель, А.Шопенгауер, Т. де Шарден, Р.Генон және т.б. еңбектері құнды.

Ұлықбек Шаhрұхұлы Самарқандағы әйгілі расатханасындағы (обсерватория) зерттеулерінде сол күнге дейін қолданылып келген Птоломей есебіндегі қателіктерді анықтады және ол жасаған ғарыш кестесі Шығыс пен Батыста бірнеше ғасыр пайдаланылды.

Махмуд Қашқари “Түркі тілдерінің лұғатын” (“Диуану луғат ит-турк”) жазуды былай деп негіздейді: “Мен Тәңірдің гүлденген мемлекетті түркілердің топырағында жаратқанын, өмір біліктерімен сол топырақты ғажайып өрнектегенін көрдім. Тәңір оларды түркілер деп атап, асқан сән-салтанатқа ие қылды. Дәуіріміздің хақандарын солардан таңдап, замана құбылысының еркін тізгінін қолдарына ұстатты. Сан мыңдаған адамды басқартып, адалдық істерін қолдады. Олармен бір сапта күрескендерді бек құрметтеді.

Түркілер өздерінің қатарына қосылғандарды барлық игі тілектеріне ортақтастырып, залымдардың зорлық-зомбылықтарынан сақтады. Олардың қаhарынан сақтану үшін түркілердің салты мен жолын ұстау сол заманның ақыл иелеріне дәстүр болып қалыптасты. Қасірет-мұңын түсіндіріп, шағыну үшін түркілерге өз тілінде сөйлеуден басқа жол жоқ. Өзінің ортасындағы жауларынан жерініп, сыйынып келгендерді түркілер әрқашан қамқор қанатының астына алып, төнген қауіп-қатерден құтқарды. Олармен бірге басқалар да пана тапты. Сол себепті түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдеді”85. Ұлы бабамыздың осыдан мың жыл бұрын жазған бұл мұрасы қазіргі түркі халықтары, оның ішінде қазақтар үшін де маңызын жоймаған дүние. Академик А.Н.Кононовтың дәлелдеуі бойынша, “оны жазудағы Махмудтың негізгі мақсаты түркі тілінің мәртебесін жоғары көтеріп, оның араб тілінен ешқандай кемдігі жоқ екендігін дәлелдеу болған”.