Психологияның ғылым ретінде анықтамасы

Пән атының өзі де грек тілінен аударуында психология - жантуралы ғылым (психо - "жан", логос - "ғылым") дегенді аңғартады. Осыдан, жан жөніндегі зерттеулер мен түсініктер психологияның пәндік аймағының кемелденуінде бірінші кезең болды да психология әуел бастан жан туралы ғылым деп танылды. Бірақ бұл жанның не зат екеніне жауап табу оңайға соқпады. Әр тарихи дәуірлерде ғалымдар бұл сөз мағынасын сан қилы түсіндірді. Психика мәніне байланысты көзқарастардың қалыптасуы мен дамуы философияның өзекті мәселесін - материя мен сана, заттық және рухани болмыстардың ара қатынасын - шешуге тәуелді болып келді.

Ғылым ретінде психологияның міндеті – психикалық өмірдің негізгі заңдарын зерттеу. Бұл заңдарды білу әрбір адамға қажет. Психологияны зер салып зерттеген адамның қай–қайсысы болса да өзінің күшті және осал жақтарын көре біледі, өзін–өзі тәрбиелеп, жақсы қасиеттерін жетілдіруге, кемшіліктерін жоюға мүмкіндік алады. Психологияны үйреніп білу – адамға еңбек және оқу істерінде тигізер көмегі мол. Ой–әрекетін жақсы түсінуге, еске сақтауға, зейін аударуға жол ашып береді. Адамның психикалық өмірін бейнелейтін әдебиетті, тілді, тарихты және басқа қоғамдық ғылымдарды зерттеп білуде психологияның маңызы зор. Балалардың психикалық ерекшеліктерін білмейінше, оларды ойдағыдай оқытып тәрбиелеуге болмайды. Жалпы психологиямен қатар психологиялық ғылымның жеке салалары да болады. Мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін, бала және педагогикалық психологияны білудің маңызы зор. Педагогикалық психология оқу–тәрбие жұмысы процесінде балалардың психикасын зерттеумен шұғылданады. Ол оқушыларды ойдағыдай оқытып тәрбиелеудің психикалық шарттарын зерттейді.

Психологияның, әсіресе, мұғалімдер үшін маңызы зор. Анатомия мен физиологияны жөнді білмейтін дәрігердің жұмысы қандай пәрменсіз болатын болса, психологияны білмейтін мұғалімнің де оқу–тәрбие саласындағы еңбегі нәтижелі болмайды. Осы жайды Украинаның аса көрнекті педагогы, психолог А.С.Макаренко (1888 – 1939) бізге талай рет ескерген болатын. Ғылыми–техникалық прогресс елімізде осы ғылымның ұдайы дамуына ерекше ықпал жасап келеді. Кеңес психологтары, әсіресе оқу–ағарту, тәлім–тәрбие мәселелерінің көптеген қырларына замана талабына сай зерттеулер жүргізді. Мәселен, төменгі сынып оқушылары оқудың жаңа жүйесіне көшіруде психологтар (Л.Б.Занков, В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин, т.б.) елеулі еңбек сіңірді. Психологияның салиқалы проблемалары Мәскеу, Киев, Тбилисидегі ғылыми–зерттеу институттарында, университеттер мен пединституттардың арнаулы кафедраларында зерттелуде, осы ғылым саласындағы үздік ғылыми еңбектері үшін С.Л.Рубинштейнге 1940 жылы, Соколянский мен Мещеряковтарға 1980жылы Мемлекеттік сыйлықтар берілді. Елімізде психология кадрлары көптеген университеттерде даярланады. 1957 жылдан бастап психологтардың Бүкілодақтық қоғамы жұмыс істеді. Диссертациялық зерттеулер үшін психология ғылымының кандидаты, докторы деген арнайы ғылыми атақтар беріледі.[2, 14-16 беттер].

Дәл осы мәселенің шешімі төңірегінде бір-біріне тікелей қарсы философия бағыттары - идеализм мен материализм - пайда болды. Идеалистер психиканы болмыс бастауы, өз бетінше жасайтын, материяға тәуелсіз, белгісіз бір зат деп қарастырды. Ал материалистік танымда психика - туынды, материяға тәуелді құбылыс.

Идеалистік бағыт өкілдері материяға қатысы жоқ ерекше рухани бастаманың барын мойындап, психиканың әрекеті тәнсіз, мәңгі жойылмас жанның көрінісі деп біледі. Ал барша заттасқан дүние мен процестер, оларша, біздің түйсігіміз бен елестеріміздің нәтижесі.

Адам психикасы - рухи өмірдің көрінісі, сондықтан ол материалдық дүние заңдылықтарына бағынбайды деп санаған идеализм мен діни догматтар адам жан дүниесін материалистік тұрғыдан түсіндіруге ұмтылған ғылыми ой-пікірлерді көп ғасыр кейінге ысырып тастады.

Тек ХҮІІІ ғ. психология білімінің дамуында Рене Декарт жаңа дәуір есігін ашты. Ол адамның ішкі мүшелері ғана емес, тіпті дене әрекетінің де жанға ешқандай қатысы болмайтыны жөнінде пікір айтып, дәлелдеді. Бұл жантану ғылымының кейінгі желісіне үлкен ықпал жасады. Декарт ғылымға екі түсінікті - рефлекс және сана- бірдей енгізді. Бірақ ол өз тағылымында жан мен тәнді бір-біріне қарсы қойды, өзара тәуелсіз екі болмыс - материя және рух - жасайтынын уағыздады. Сондықтан да психология тарихында бұл Декарт тағылымы "дуализм" (екі тарапты) атауын алды.

Шамамен осы дәуірде психология дені жөнінде жаңа түсініктер қылаң бере бастады. Ойлау, сезу, қалау қабілеттеріне сана атауы беріліп, психика санамен баламаластырылды. Осыдан жан психологиясы орнына сана психологиясы жүзеге келді. Мұндай түсінім кең етек алып, ал бұл бағыттағы идеализм интроспекттік (ішке үңілу) сана тағылымы атын алды. Осыдан сана өзімен өзі шектеліп, психика объектив болмыс пен субъекттің өзінен де толығымен ара байланысын үзді.

ХІХ ғ. екінші жартысында дербес ғылымға айналған психологияның дамуы өз алдына әртүрлі мақсаттарды белгілеп, әртүрлі зерттеу тәсілдерін қолданған, бір-бірін ауыстырып отырған теориялар таласында жүріп отырды. ХІХ ғ. аяғындағы барша теориялар, ХХ ғасырдағы біршама тағылымдар сананың осы интроспекттік психологиясы шеңберінде зерттелді. Бұл теориялар бойынша психологиялық зерттеулердің бәрі қоршаған орта мен адам іс-әрекетіне байланыссыз жан толғаныстарымен көріністеріне негізделді. Ал сана мен ми арасындағы қатынас бұл теорияларда дуализм бағытында шешімін тапты.

Бірақ бұл бақылаулардың ерекшелігі: адам өзінің ішкі жан-күйін, се-зімін, ой толғанысын өзі бақылайды, осыдан мұндай зерттеуде интроспекттік аталған әдіс қолданылды. Мұндай бақылау, әлбетте, басты ғылыми талап-обьективтілікке сай келмейді. Осының салдарынан ХХ ғ. басында, бір жағынан - ғылыми объектив білімдер дамуына орай та-лаптардан, екіншіден - әлеуметтік-экономикалық өркендеу сұраныстарынан интроспекттік психологияның дағдарысы көрініс берді.

Адам әрекет-қылығын қадағалап, бақылау құрал-жабдықтарын дайындауды қажет еткен капиталистік өн­діріс әдістерінің дамуына байланысты практикалық мін­деттер алдында "сана психологиясы" өз дәрменсіздігін байқатты.

Осыдан ХХ ғ. екінші он жылдығында психологияның және бір бағыты пайда болып, оның өкілдері психологияның жаңа пәнін жариялады: ол психика да емес, сана да емес, ол сырттай бақыланатын, негізінен адам қозғалысының жиынтығы - әрекет-қылық (поведение) еді. Бұл бағыт "бихевиоризм" (ағылш. behavіour-қылық) аталып, психология пәні жөніндегі түсініктер дамуының үшінші кезеңін қалады. Бихевиоризмнің ірге тасын қалаушы Дж.Уотсон психологияның міндетін қоршаған ортаға бейімделуші тіршілік иесінің қылық-әрекетін зерттеу деп білді.

Сонымен, психология өз даму жолында бастапқыда - жан туралы ғылым, кейін - жансыз ғылым, ақырында - санасыз ғылымға айналды. Психология пәнін осылай пайымдаудан оның келесі, және бір дағдарысқа кезігуінің мәнін түсінеміз.

Психология пәнін (предмет) нақтылауда болған дағ­дарыстар себебі аталған теориялардың негізге алған әдіснамалық тұжырымдарында болып отыр. Атап айтсақ, саналық психология болмыс пен сананың, объектив дүние мен субъектив болмыстың ара қатынасын идеалистік тұрғыдан шешті. Бихевиористер болса, сол мәселені дөрекі материализм көзқарасымен түсіндірді. Олар үшін психикалық құбылыс пен материалдық дүние арасында айырмашылық болмады. Осылай, қате әдіснамалық бастаулар өз пәнін дұрыс анықтауда психологияның жолына кесе-көлденең тұрып алды. Бұл тығырықтан шығудың жолын диалектикалық материализм тапты. Диалектикалық материализм үшін барша дүниенің негізі жалғыз-ақ - материя, ал психика, ойлау, сана одан туындағын екінші сатыдағы құбылыс.

Диалектикалық материализм тұрғысынан материя алғашқы, ал сана - екінші, одан туындаушы, яғни объектив дүниенің мидағы бейнесі. Осы түсінікке орай материалдық болмыс (заттар, дүние құбылыстары) пен идеалдық (заттық дүниенің сезім, ой т.б. түрінде бейнеленуі) бір-біріне тікелей қарама-қарсы. Бірақ бұл қайшылық салыстырмалы сипатта, себебі түйсік, ой, сезімдер т.б. - материалдық органның - мидың әрекеті, сыртқы тітіркендіру энергияларының сана өміріне айналуының нәтижесі.

Ғылыми психология тірек еткен диалектикалық материализм категориялары жүйесінде бейнелеу теориясы басты маңызға ие. Себебі осы категорияға орай психиканың жалпылама және мәнді сипаты ашылады: әрқандай психикалық құбылыстар объектив шындықтың субъектив бейнеленуінің түрлі формалары мен деңгейлерін көрсетеді. Бейнелеу теориясы психология ғылымының мәнін анықтауда, оның әдістерін таңдауда, деректер, түсініктер, тұжырымдар тобынан қажеттісін ажыратуда жалпы әдіснамалық бағдар ролін атқарады.

Сыртқы, заттасқан дүние болмайынша тіршілік иесінің ішкі психикалық өмірі болуы мүмкін емес, яғни сана, психика өзінен тыс және тәуелсіз жасайтын танымды бол-мыстың бейнесі. Егер де осы қоршаған объектив шындық болмаса, санадағы оның бейнесі жөнінде әңгіме қозғау қажетсіз. Әрқандай психикалық акт - нақты болмыстың бір бөлшегі де және оның бейнесі де.

Сонымен, психиканың қызметі, біріншіден - қоршаған дүние заттары мен құбылыстарының қасиеттерін, байланыстарын бейнелеу, екіншіден - осының негізінде адам қылығы мен қызмет - әрекетін реттестіру. Психиканы диалектика-материалистік тұрғыдан қарастыру - әрқандай ішкі жан-күйлік құбылыстардың өзімен өзі шек-телмегенін, шындықтан бөлінбей, онымен түбегейлі әрі тығыз байланыста екенін танытады.

Ғылымдағы күрделі міндеттердің бірі - заңдылықты сипатқа ие байланыстар мен қатынастарды көре білу. Ғылымдық қатал талап - объектив заңдарды ашып қана қоймастан, олардың әрекеттік аймағы мен қолдану жағдайларын көрсете алу. Сондықтан да психология зерттеулерінің объекті - психологиялық деректер мен қатар психологиялық заң, заңдылықтар.

Сонымен бірге ескеретін жәйт, заңдылық байланыстарды білу өздігінен заңдылықтарды іске асыратын нақты тетіктерді (механизм) ашып бере алмайды. Осыдан психологияның міндеті - психологиялық деректер мен заңдылықтарды аша отырып, психологиялық іс-әрекетті қоз­ғаушы механизмдерді де анықтап білу. Ал енді сол ме­ханизмнің қандайда да психологиялық процесті орын­дайтын нақты анатомия-физиологиялық аппаратты іске қосуына байланыстылығынан, ол механизмнің табиғаты мен әрекетін психология басқа ғылымдармен бірлікте зерттейді.