Іс-әрекет құрылымы мен түрлері

Психологиялық тұрғыдан іс-әрекет өте күрделі, көп өлшемді де деңгейлі, ұдайы даму - өзгерістегі құбылыс.

Іс-әрекет - адамның қоршаған дүние-мен өзара ықпалды байланысының қозғалысты жүй-есі. Осы жүйеде психикалық бейне пайда болып, объект күйіне енеді, ол іс-әрекеттің саналы қабылданған мақсаты болып табылады. Белгілі мақсаттың болуынан әрқандай белсенділікті іс-әрекет деп санауға болады. Ал іс-әрекеттің бүкіл басқа тараптарының бәрі - сеп-түрткі, іс-әрекетті жоспарлау, ағымдағы ақпаратты өңдеу, шешім қабылдау - бірде сезілсе, көбіне еске алына бермейді. Алынған күнде де толық болмауы, кейде тіпті қате де болуы әбден мүмкін. Іс-әрекет қай деңгейде танылма-сын, саналы мақсат оның қажетті белгісі.

Жеке адамның әрекеті еңбек іс-әрекетінің қандай да бір көрінісі ретінде қалыптасқан. Белгілі бір қоғамдық қызметке бағытталған әрекет жиынтығы еңбектік іс-әрекеттің белгілі бір түрін құрайды. Ал еңбектік іс-әрекет әрдайым белгілі өнімге арналатындықтан, адам әрекеті де тиісті нәтижені көздейді. Адам әрекетінің саналы әрі мақсатты болуы - адамның басқа жануарлар дүниесінен ажыралу белгісі. Іс-әрекет бағдарланған мақсат өзінің біршама қашықтығымен еленеді. Сондықтан оған жетісем дегенше адам бір-біріне байланысты, ізбе-із келетін әлденеше жеке міндеттерді орындауына тура келеді. Бұл міндеттермен байланысты әрекеттер - операциялар деп аталады. Адам іс-әрекеті әрқилы және әр деңгейдегі әрекеттердің жәрдемімен жүзеге келеді. Ал осы жай бір міндетті іске асыруға қажет болған біршама біткен іс-әрекеттің (деятельность) әрбір элементі - әрекет (действие) деп аталады. Затқа бағдарланған осы әрекет қимылдар (манипуляция) бірікпесінен жасалады. Олар - алу, орын ауыстыру, босату. Сапалық жағынан бұл қимылдар әлді-әлсіз, дәл-жаңсақ, жылдам-шабан, епті-епсіз, бағдарлы-бағдарсыз болуы мүмкін.

Затқа бағдарланған қимылдардан басқа адам іс-әрекетінде денені қалыпты ұстау, қозғау және тілдесуге қажетті қимылдар да болады. Ал бұл қимылдар әрекеттің мақсатына, заттың қасиетіне және әрекет шарттарына байланысты. Белгілі әрекеттің орындалуында қатысатын қимылдар өздігінен не бір дене мүшесінің қандай да қозғалысқа келуінен емес, адамның жеке ниетіне, қозғалысты міндетке орай іріктеуіне, орындалатын қимылға деген қатынасына қарай іске араластырылады. Ниет өзгерісі қозғалыс ауқымын да бұрып жі-береді.

Адам қимылының шын мәні мен жетілгендігі сол қимылды қажет еткен саналы әрекетке тікелей байла-нысты.

Әрекетті құрайтын ?имылдар тобы (жүйесі) белгіленген мақсатқа орай басқарылады және реттеледі. Адамның көздеген мақсаты нақты осы мезетте көрінбей, ол ендігі орындалатын әрекеттің жемісі. Сондықтан, мақсат адам миында іс-әрекеттің болашақтағы нәтижелік бейнесі не әрекетшең моделі болып із береді. Осы болашақтағы ниет бейнесі әрекеттің нақты нәтижесімен салыстырылады.

Әрқандай жаңа іске кірісуде адам істің орындалу тәсілдерін білмегендіктен, мақсатқа бағытталған бүтін әрекетті де, оның элементтерін де ойланып, саналы бар-ластырып орындауына тура келеді. Ал бірнеше қайталай отырып, адам мақсатқа бағышталған әрекетті енді саналы күш-жігерін жұмсамай-ақ орындау мүмкіншілігіне жетіседі. Саналы әрекеттің орындалу барысында кейбір қимыл - элементтердің сана аймағынан шығып, өздігінен орындалуы - әрекеттің автоматтануы деп аталады.

Жаттығу, үйрену нәтижесінде қалыптасатын адамның саналы іс-әрекеті бірліктерінің автоматты түрде орындалуы - дағды атамасын алған. Бір міндетке байланысты әрекетті екі не одан да көп қайталау барысында адам сол әрекетті орындау әдістерін қолдану үшін ойланып-толғанбай, бүтін іс-әрекет элементтерінің бірінен екіншісіне жеңіл ауысып отырады.

Адамның қай әрекеті болмасын үш тараптан тұрады: қимылдық, сезімдік және саналық, бұлардың әрбірі өзіне сәйкес қызмет атқарады, ол қызметтер: орындау, бақылау жәнереттеу.

а) әрекет орындалуы - майда қимыл-қозғалыстар біртұтас әрекетке бірігеді, артық, қажетсіз қозғалыстар жойылып, қимыл жеделдей түседі;

ә) әрекетке сезімдік бақылау - қимылды көзбен бақылау бұлшық еттер бақылауымен ауысады, әрекет нәтижесін бақылауға қажетті бағыт-бағдар сараптау қабілеті дамиды;

б) әрекетті санамен реттеп бару - зейіннің әрекет тәсілдерінен сол әрекеттің орындалу жағдайлары мен нәтижелеріне ауысуы.

Дағды қалыптасуда адамның жеке басының ерекшеліктері үлкен маңызға ие. Күрделі, бірақ бір типті дағдылар бір адамда жеңіл орнығып, екіншісінде қиындау қалыптасады. Сондықтан да дағды қалыптастыру үшін жаттығулар саналы іріктеліп, әрекеттің тұтастай орында-луы немесе оның күрделі бөліктері арнайы қайталау және бекіту әдістерін пайдалануды талап етеді.

Дағды әрекет мазмұнына орай әртүрлі болады:

1) қимыл-әрекеттік дағды (спортсмендер әрекет-терінің бекуі);

2) сезімдік (түр-түс тану, балалардың алғашқы әріп тануы ж.т.б.);

3) интеллектуалды дағдылар (есеп, оқу, жаттау ж.т.б.). Бұлардан басқа аралық дағдылар да айырылады: сезімдік-қимыл дағдысы (жазу, сурет салу, сызу); сезімдік-ой дағдысы (математикалық ұғымдармен жұмыс істеу).

Әрқандай жаңа дағды адамда бұрыннан қалыптасқан дағдылар жүйесінде пайда болады. Олардың бірі жаңа дағдыға тірек, қолдау көрсетсе, кейбірі кедергі етеді. Осыдан дағды интерференциясы және дағды көшуі деген ұғымдар қалыптасқан. Интерференция - бұл дағдылардың өзара кедергілік әсері, яғни бұрыннан орныққан дағдылар жаңа дағдыға тежеу береді немесе оның тиімділігін кемітеді. Ал бұрыннан игерілген әрекет дағдыларының енді қалыптасатын қимыл-әрекеттерге ұнамды ықпал жасап, олардың орнығуын жылдамдатуы - дағдылардың кө-шуі деп аталады. Әрқандай жаңа әрекеттерді игеруде адам бұрынғы тәжірибесіне сүйенеді, сондықтан оның қалыпты ептіліктері жаңа дағдыларды жеңіл әрі жылдам қабылдауына жәрдем береді. Ал егер жаттығу қимылдары ұзақ мерзім қайталанып, орындалып бармаса, дағдылар бірте-бірте жойыла бастайды. Дағдылардан тыс, іс-әрекеттің қажетті бірлігі - ептілік. Ептілік - бұл білімдер мен дағдылардың нақты әрекетте көрінуі. Жаңа жағдайлар немесе жаңа объекттермен қатынасқа келе, адам өзінің бұрыннан игерген білімдері мен дағдыларын іске қосады, яғни осы дағдылардың жаңа жағдайға көшу - көшпеуі ептілікке байланысты.

Ептіліктер өз мазмұнына орай дағдыларға қарағанда ауқымдырақ, себебі олар әрекеттің түрлі баламаларын қолдануға мүмкіндік береді. Психологияда ептіліктің келесі түрлері анықталған: а) танымдық, ә) жалпы еңбектік, б) құрама-техникалық, в) ұйымдастыру-технологиялық, г) қызметтік-бақылау (Е.А.Милерян).

Қандай да бір әрекетті орындауға байланысты жай ептіліктер кездейсоқ еліктеуден қалыптасуы мүмкін. Ал іс-әрекет неғұрлым күрделенген сайын ептіліктердің пайда болуы білімге, объект мазмұнына, объект пен субъект арасындағы әрекеттік байланыстарды танып, салыстыра алуға тәуелді.

Автоматтасқан әрекеттердің және бір түрі - бұл әдет. Дағды мен әдет арасындағы негізгі ерекшелік: дағды - әрекетті сана қатысынсыз үйреншікті қалыптасқан қимылдар арқылы іске қосу, ал әдет - қандай да бір әрекетті орындауды қажетсіну немесе адамдық қасиетке айналдыру.

Адамда әрқилы іс-әрекет түрлерінің пайда болуы мен дамуы күрделі де ұзаққа созылған процесс. Бүкіл өмір барысында бірін бірі ауыстырып, өзара тығыз бай-ланыста жүріп отыратын үш іс-әрекет түрі бар: ойын, оқу және еңбек. Олар бір-бірінен іс-әрекеттің ақырғы нәтижесі, ұйымдасуы және сеп-түрткілері бойынша ажыралады.

Ойын - өмірдің тамаша құбылыстарынан, бір қарағанға пайдасыз, бірақ өте қажетті іс-әрекет. Адам ойынының мәні - дүниені бейнелей отырып, оған өзгеріс ендіруге ұмтылу. Адамның осы қабілеті алғашқыда ойында пайда болып, осы ойында қалыптасады әрі орнығады.

Ойын және еңбектік іс-әрекеттің арасындағы айыр-машылық әрекетке болған қатынастың ерекшелігінде. Ойын барысында адам өз қызығуы мен қажетсінуіне орай әрекетке келеді, ал еңбекке адамды оның қалауы емес, практикалық мүддесі мәжбүрлейді. Ойын қатысушылары қандай да тұрмыстық не қоғамдық қажеттікке тәуелді емес, ал еңбекке байланысты іс-әрекет орындап жатқан адам, мысалы, дәрігер, сырқатты емдеуде өзінің кәсіби не қызметтік міндеттерін атқарады, ал бала "дәрігерлікті" қызықтаудан, сол кәсіпті ұнатудан ойнайды. Ойын арқылы бала өз мүмкіншіліктеріне орай қажеттіктері мен талаптарын іске асырып барады. Ойынға байланысты бала нақты жағдайды өз санасында қиялға айналдырып, сол си-туациядағы сезімдері мен эмоцияларын іске қосады. Белгілі рольді ойнай отырып, бала бөтеннің болмысына түсіп қана қоймастан, өз болмысын байқатады, кеңейтеді, тереңдете түседі. Осылай бала өзінің тек қиялын ғана дамытпай, ойлау, ерік, тіпті жеке адамдық қасиеттерін баули түседі. Ойындық іс-әрекет бала тілінің шығуымен қарқынды дами бастайды, осыдан сәби қоршаған дүние ортасынан өз "менін" бөлектеу қабілетіне жетіседі.

Оқу – басқа адамдардың өткендегі жинақтаған тәжірибесінің қорытылған нәтижелерін үйренуге бағышталады. Адамзат бұл үшін өсіп келе жатқан әулет өмірінің ерекше кезеңін белгілеп, оқудың арнайы да негізгі іс-әрекеттігін танытатын жағдайларды жасады.

Әрбір адамның өмір бойы бірізді ауысып отыратын іс-әрекеттерінің ортасында оқу өз орнын иелеп, ойыннан кейінгі, еңбектен алдыңғы процестік мағынаға ие болады. Оқу ойыннан түбегейлі ерекшеленіп, еңбектік іс-әрекетке жақындасты. Оқу барысында еңбек процесіндегідей адам тапсырмалар орындайды, талаптарға бойсынады, міндет-термен байланысқа келеді. Оқудағы жалпы нұсқаулар мен талаптар енді ойындық емес, еңбектік сипатқа ие болады. Оқудағы негізгі мақсат - бұл адамды болашақтағы дербес еңбек қызметіне дайындау, ал міндеті - өткен әулет тәжірибесінің жалпыланған нәтижесін ұғу, игеру. Оқу - мұға-лім ұсынған білімдерді енжар қабылдап қана қою емес, оларды саналы еңбек процесінде өзіндік құрал дәрежесінде пайдалану үшін белсенді игеру.

Оқу құрылымы келесі бірліктерден тұрады: төңі-ректегі заттар мен құбылыстардың қасиеттері жөніндегі ақпараттар, яғни білімдер; іс-әрекеттің негізгі түрлерін құрайтын тәсілдер мен қимылдар, яғни дағдылар, іс-әрекет мақсаттары мен жағдайларына орай тәсілдер мен қимылдарды дұрыс таңдауға арналған ақпараттарды қолдана білу, яғни ептіліктер.

Оқу іс-әрекеті қалыптасуының негізгі шарты - балада білім, ептілік және дағдыларды игеруге деген саналы сеп-түрткілердің оянуынан. Бала дамуына қоғамдық ықпал жасаушылар - әрдайым ересектер. Адамзаттың қоғамдық тәжірибесін бала әрекет-қылығы мен іс-әрекетін бағыттауға арналған белсенді процесс - оқытудеп аталады. Ал осы процестің жеке адам қасиеттері мен сапаларын қалыптастыруға бағытталуы - тәрбие ұғымын туындатты.

Еңбек сипаты

Еңбек - белгілі нәтижеге жету үшін бағытталған, белгілі мақсатқа орай ерік күшін қосумен реттелуші мақсат бағдарлы, саналы іс-әрекет. Басты ниетке байланысты нәтижеге жетісу шарасы болумен бірге еңбек - жеке адам қалыптастырудың негізгі жолы да. Еңбек процесінде субъект өнімі ғана пайда болып қоймастан, сол субъекттің өзі де осы еңбекте кемелденеді. Еңбектенуден адам қабілеті дамиды, оның мінезі тұрақтанады.

Еңбектік қызметтің психологиялық ерекшеліктері ең алдымен оның қоғамдық пайдалы өнім жасауға бағытталған іс-әрекет болуында. Еңбек процесіндегі әрекеттердің бәрі тұтасымен ең соңғы кезеңге, қорытынды нәтижеге тәуелді болуы еңбектік сеп-түрткілерге өзіндік сипат береді: мақсат іс-әрекеттің өзінде көрінбей, оның өнімінен байқалады. Ал еңбектің қоғамдық бөлшектенуі бұл ерекшелікті айқындай түседі. Әрқандай адам өз қажеттігін қанағаттандыру үшін барша заттарды өндіре алмағандығынан басқа тұлғалардың қоғамдық қызметінің өнімімен байланыста болады.

Еңбек желісінде тек еңбек құралдары (техникасы) ғана емес, адамның сол еңбекке деген қатынасы да үлкен мәнге ие. Адам еңбегінің сеп-түрткілері де нақ осы қатынастан. Адамның еңбекке бағытталған субъектив қатынасы санада бейнеленетін объектив қоғамдық қатынастарға тәуелді.

Әрқандай нақты іс-әрекеттегідей, еңбекте адамның барша қасиеттері мен сапалары қатысып, көрініс береді. Әрқандай еңбек түрінде өзіне сай еңбек құралдары қолданымын таба білуі қажет, адам міндеті - сол құралдарды қолдану тәсілдерін игеру. Ал бұл үшін жүйелі білім мен дағдылардың ролі күшті.

Адамның әрқандай даму кезеңдеріне сай еңбек әртүрлі болады. Бүгінгі нақты іс-әрекет ендігі іс-әрекеттің дайындығы: тиісті қажеттіктер дамиды, танымдық мүмкіндіктері мен әрекет-қылық ерекшеліктері ашылады. Осы-ған орай психологияда іс-әрекеттің жетекші түрі ұғымы қалыптасқан. Қай жас кезеңінде болмасын іс-әрекеттің үш түрі де (ойын, оқу, еңбек) өз маңызына ие, бірақ белгілі бір кезеңде олардың әрқайсысына деген қажетсіну әртүрлі, өзіндік мазмұнға ие. Ал осылардың ішінде жас кезеңіне байланысты бала психикасына маңызды өзгерістер енгізіп, ондағы танымдық процестер мен жеке адамдық қасиеттердің қалыптасуына ықпал жасай алатыны ғана іс-әрекеттің жетекші түрі деп есептелінеді.

Жетекші қызметпен шұғылдану барысында субъект дамуымен қатар келесі жас кезеңіне сай жаңа жетекші іс-әрекет қалыптасып барады. Осы жетекші іс-әрекет түрімен айналыса, адам өзінде әлеуметтік ортамен болатын жаңа қатынас-тарды, жаңа білімдер қоры мен оларды игерудің әдістерін үйреніп, өзінің танымдық аймағы мен психологиялық құрылымын өзгеріске келтіреді.

 

Дәрісбаян.