Абылдаудың физиологиялық негіздері

Қабылдау рефлекторлы процесс. Оның негізінде қоршаған орта заттары мен құбылыстарының рецепторларға әсер етуінен үлкен ми сыңарлары қабығында пайда болған шартты рефлекстер мен уақытша жүйке байланыстары жатыр. Ми қабығы бөлектеріне келіп түскен құрамды тітіркендіргіштер күрделі талдаудан өтіп, бірігіп жатады. Қабылдау нысаны талдау арқылы жалпы ортадан (фон) бөліп алынады, сонымен бірге оның барша қасиеттері біртұтас сапалық бейнеге біріктіріледі.

Қабылдау процесі ми қызметінің ең жоғары талдану-бірігу формасы. Талдау бол-май, қабылданатын зат не құбылыстың мән жайына жету мүмкін емес. Жалпы қабылдау жүйке байланыстарының екі түріне негізделген: бірінші байланыс түрі талдағыш төңірегінде түзілген де, екіншісіне - талдағыштар арасындағы байланыстар себепті. Бірінші жүйке байланысы ағзаға бір текті құрамды тітіркендіргіштердің әсер етуінен болады, мысалы, есту талдағышына әсер етуші жеке дыбыстардың ерекше бірікпесінен пайда болған ән-күй біртұтас күрделі тітіркендіргіш ретінде қабылданады. Бұл үлкен ми сыңарларында өтетін бірігу (интеграция) процесі мен күрделі синтездің болуынан.

Қүрамды тітіркендіргіштердің әсерінен түзілетін жүйке байланыстарының екінші түрі - әртүрлі талдағыштардың аралық байланысынан, заттар немесе кеңістікті қабылдау, көру, қозғалыс, сипап-сезу және басқа да түйсіктердің өзара байланысынан (ассоциация) жүзеге келеді. Адамдағы бұл ассоциацияларға нақты зат не кеңістіктегі қатынастарды белгілейтін сөздің дыбыстық бейнесі қосылады. Заттардың көлемі мен жайласу аралығын қабылдауда көру түйсігі бұлшық еттер түйсігімен байланыспай болмайды.

Қабылдау негізінде жатқан уақытша жүйке байланыстары объектив дүние заттары мен құбылыстарының шындық арақатынастарының болуынан туындайды. Әртүрлі талдағыштар арасында орныққан байланыстардың жәрдемімен біз арнайы талдағышты болмаған заттар мен құбылыстар қасиеттерін де қабылдап, бейнелей аламыз (мысалы, зат аумағы, меншікті салмақ және т.б.). Қабылдау барысында біздің дүниені тереңірек қабылдап, дәлірек тануымыз осыдан.

 

Абылдау формалары

Ғылым болмыс жасауының екі түрлі формасы бар деп санайды. Олар - кеңістік пен уақыт. Бұл формалар шексіз. Уақыт пен кеңістікті түйсіну адамның тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасап, дұрыс бағдар көрсетеді. Сол арқылы адам объектив дүниені бейнеленгенде өзінің өмір сүретін ортасы жайында қажетті мәліметтерді біліп, тіршілік ету жағдайына бейімделеді.

Кеңістік нысандарын қабылдау - күрделі процесс. Дүниедегі заттардың барлығы кеңістікте орналасқан. Олардың әрқайсысының белгілі түр-тұрпаты бар: ұзын-қысқа, енді-енсіз, биік-аласа, үлкен-кіші т.б. Олар бізден түрлі қашықтықта орналасқан. Кеңістіктегі заттардың көлемін бір көзбен монокулярлық -көру нәрселердің тереңдігі жөнінде дәл мағлұмат бере алмайды. Бинокулярлық көруде екі көзге түсетін кескін қосылып, нәрсенің бедері айқын сезіліп, бір кескінге айналады. Осылайша көріп, қабылдауда заттар тұтасып, олардың қашықтығы, қоршауы, шамасы, түр-түсі, рельефбедері әртарапты байқалып, анық та нақты бейнеге түседі .

Қашықтық пен заттар көлемін қабылдауда көздің конвергенциясы (жақындауы), яғни екі көзбен көретін затқа бір көздей болып әрекет етіп, жақын жердегі нәрселерді ажыратудан байқалады. Ал алыстағы нәрселерге қарауда олардың екі бөлініп кетуі дивергенция делінеді. Көздің түрліше қашықтықтағы заттарды көруге бейімделу қабілет аккомодация(көз үйрену) деп аталынады. Қашықтықтағы нәрселерді қабылдау адамның өмір тәжірибесімен байланысты. Заттың бағытын қабылдау көздің торлы қабығындағы сәулеленумен қатар дене қозғалысының жағдайына да байланысты. Адам заттардың бағытын тік тұрып, не отырып, көлбеу жағдайда ғана дұрыс қабылдайды.

Уақыт та - материя өмір сүруінің объектив формасы. Дүниедегі материя мен заттардың бәрі де кеңістік пен уақыт ішінде қозғалыста болып, оларда қабылдау бірнеше құрылым бірліктері арқылы, құбылыстың белгілі бір ырғағымен өтеді, қарқын дәрежесімен өлшенеді. Қарқын - уақыттың бірізді тездігінің не баяулығының көрсеткіші.

Уақытты қабылдауда субъективті мезеттер ерекше орын алады. Өткен шақ жылдам, қысқа мерзімде өткен сияқты. Оны дәуір, кезең, ғасыр, жылдармен өлшейді. Соған орай өткен уақиғалар көмескі болып қабылданады. Осы шақ та ғасыр, жыл, ай, күн, сағатпен өлшенеді. Бұл нақтылы ізбен қабылданады. Өткен шақтың тез өтуі, келер шақтың ұзақ болып көрінуі субъектив жағдайларға байланысты. Уақыт қызықты болса, тез өтеді, қызықсыз болса, ұзаққа созылады.