Бақылау және қабылдауға тәрбилеу

Қабылдау ниеттелмеген (ырықсыз) және ниеттелген (ырықты) болып екіге бөлінеді. Ниеттелмеген қабылдауда алдын ала белгіленген мақсат не міндетті көздемейміз, ол сыртқы орта ықпалынан туындайды. Ал ниеттелген қабылдау, керісінше, әуел бастан алға қойылған міндетпен реттеліп, қажетті зат немесе құбылысқа назар аудару мақсаты қойылады. Ниетті қабылдау қандай да іс-әрекетке қосылып, оның орындалу барысында жүзеге асады.

Өз алдына қабылдау дербес іс-әрекет түрінде бақылау процесінде көрінеді. Бақылау - бұл қабылдау объектіне түскен құбылысты немесе онда жүріп жатқан өзгерістерді белгілі мақсатпен, жоспарлы және ұзақ уақыт аралығында назарда ұстап, зерттеп бару.

Бақылау - адамның қоршаған дүниені сезімдік тануының белсенді формасы. Дербес бағдарлы мақсаты бар іс-әрекет ретінде бақылау алғашқыдан-ақ оның бағытын айқындайтын мақсаты мен міндеттерін сөзбен өрнектеуден басталады. Бақылаудың табысты болуы оның алдына қойылған міндеттің өте анық әрі түсінікті болуына тәуелді. Жоспарлы ниеттеліп, ұзақ мерзімге созылатындықтан және танымдық мақсатты қабылдау болғандықтан бақылау жұмысы арнайы дайындықты керек етеді Дайындық барысында аса қажет жұмыстар: бақылау міндетін түсініп алу, бақылау барысында орындалатын талаптарды жете тану, күні бұрын бақылаудың жоспары мен әдістерін анықтап алу. Бақылауда бақылаушының белсенділігі зерттеу барысындағы ойлау қабілеті мен жедел қимыл әрекеті үлкен маңызға ие. Затпен айналыса, оған араласа, қатынас жасай отырып, адам бақылаудағы нысанның көп қырлары мен сырларын түбегейлі біле алады. Затты жан-жақты әрі кең бақылау нәтижесінде зерттеуші анық, сонымен бірге жүйелі жұмыс белгілеп, бақылауындағы нысанның әрі бөлігін белгілі тәртіпте бірінен соң бірін қарастыру мүмкіндігіне жетіседі, осыдан ешнәрсе көзден таса қалмайды, бұрын қабылдап, танығанына қайта оралып, уақыт оздырмайды.

Бақылау ісіне болған адам қатынасы үлкен мәнге ие. Ұзақ жаттығудың арқасында бақылағыштық қабілет дамиды, яғни адам бір көргенге көзге түспейтін, онша қажет еместей көрінетін заттың майда ерекшеліктерін байқауға үйренеді. Бақылағыштық қасиетті дарыту мақсатында келесі жаттығуларды орындау қажет: әртүрлі заттарды және олардың тараптарын салыстыру; зат бөліктері арасындағы байланыс пен өзара ықпалына назар аудару; бір қарағаннан заттар мен құбылыстардың көбірек қасиет, сапаларын қамту; елеусіз өзгерістерге де мән бе­ріп, назар аудару; қабылданатын заттың мәнді тара­птарын айыру.

Бақылағыштық қабілетті дамыту үшін қабылдаудың нәтижелі болуына қажетті келесі шарттар орындалып баруы тиіс: міндет анықтығы; алдын ала дайындық; жүйелілік; жоспарлы болуы т.б. Адам өмірі мен қызметінің барша саласында бақылағыштықтың маңызы үлкен. Ал адамның бұл қасиетінің қажетті деңгейде болуы үшін оны балалық жастан ойын мен оқу барысында тәрбиелеп бару керек.

Айталау және бекіту сұрақтары

1. Қабылдау процесінің мазмұндық сипаты қандай?

2. Қабылдау құбылысына байланысты қандай қасиеттерді атай аласыз?

3. Қабылдау физиологиялық тұрғыдан қалай түсіндіріледі?

4. Қабылдаудың күрделі формаларымен байланысты құбылыстар қандай?

 

Дәрісбаян.

Зейін

Жоспары:

1. Зейін туралы түсінік.

2. Зейін психикалық феномен ретінде.

3. Зейіннің негізгі сипаттамалары.

4. Объект және субъект ерекшеліктеріне қатысты сананың шоғырлануы.

5. Зейін және сана.

6. Зейіннің физиологиялық механизмдері мен мен бағдарлаушы рефлекс.

7. Танымдық процестер аясындағы зейіннің алар орны.

8. Зейіннің негізгі түрлері. Ырықсыз зейін және оны тудырушы факторлар. Ырықты зейін ерекшеліктері.

9. Ырықты зейіннің әлеуметтік факторлары. Үйреншікті зейін. Зейін қасиеттерінің ерекшеліктері.

Зейін туралы жалпы түсінік

Адамның кез-келген іс-әрекеті зейін арқылы іске асып отырады. Барлық іс-әрекеттің негізгі шарты зейін болып табылады.

Зейін дегеніміз адам санасының қоршаған ортадағы белгілі заттар мен құбылыстарға белсенді бағытталуын айтамыз.Зейін — адамды қоршаған көптеген басқалардың ішінен заттар мен құбылыстарды бөліп көрсету.

Зейін қабылдау, түйсіктер, ес, қиял, ойлау сияқты ерекше психикалық үрдіс емес. Зейін басқа психикалық үрдістерде байқалады. Мәселен, біз бір нәрсені қабылдау үшін оған зейін қоямыз, еске сақтау үшін зейін саламыз, зейін салып ойлаймыз, әңгімелесеміз. Сондықтан да зейін кез-келген іс-әрекетті орындаудың шарты болып табылады. Мәселен, қарапайым жұмыс, ағаш жару, жер қазу және компьютерде ең күрделі есептеу техникалармен жұмыс, ғылыми зерттеу жұмысы зейінсіз іске асуы мүмкін емес.

Зейін оқу жұмысының негізгі шарты болып табылады. Оқу материалын берік меңгеру ең алдымен зейінге тікелей байланысты. Орыстың ұлы классик педагогі К.Д.Ушинский зейін туралы былай деп жазды: "Зейін есік тәріздес, ол арқылы бәрі өтеді, сыртқы дүниеден адамның жан-дүниесіне жетіп отырады."

Балалардың үлгермеушілігін алдымен олардын зейінділігінің жеткіліксіздігінен іздеуіміз қажет. Есінің әлсіздігі, оқу материалын меңгерудегі әлсіздігі негізінен зейіннің әлсіздігіне байланысты. Заттар мен құбылыстарға зейін аударғанда адам санасы бір нысанаға шоғырланады және бағытталады. Бұны былай түсінуге болады: адамды қоршаған көптеген заттардың ішінен біреуін бөліп, зейін аударады, ал барлық қалғандарына мән бермейді. Міне, осы қасиетінен зейіннің таңдамалы сипатынаңғарамыз. Басқаша айтқанда, зейін психикалық іс-әрекеттің таңдамалы сипатын білдіреді. Оқушының сабақ үстінде әрекетін байқап қарайық, оқушы мұғалімнің айтқанын зейін салып тындайды, түсінеді және оның түсіндіргенін есінде сақтайды. Оқушы есеп шығарғанда, шығарма жазғанда осы іс-әрекетті қалай зейін қойып орындайтынын аңғару қиын смсс.

Оқу әрекетінің барлық түрлері оқушыдан ерекше зейін салуды қажет етеді, зейінсіз оқу әрекетін меңгеру мүмкін емес.

Оқу әрекетінде шәкірттердің зейінін бақылап қарайтын болсақ, оның бет-пішінінің қалай өзгеретінін, денесінің орналасуын, қандай іс-әрекетті орындауға байланысты көзінің бағьпталуын байқауға болады. Шәкірт белгілі бір нысанаға зейін аударғанда, зейіннің әр уақытта да сыртқы көрінісін аңғарамыз. Мұғалім шәкірттердің оқу үрдісінің бірінші жылынан бастап, оларды зейінді болуға тәрбиелейді. Мұғалім "Бәріңіз де маған қараңыз", "Дұрыс отырыңыздар" деген қаратпа сөздерді жиі қолданады. Таным үрдістерінен (қабылдау, ес, ойлау және т.б.) негізгі ерекшелігі, зейін жеке таным үрдісі бола алмайды, өзінің ерекше мазмұны болмайды. Зейін таным үрдістерінің ішінде аңғарылады және олардан бөліп қарауға болмайды. Зейін психикалық үрлістердің іске асу динамикасын сипаттайды. Мысалы, бір нәрсені қабылдау үшін міндетті зейін саламыз, еске сақтау үшін зейін саламыз.

Зейін өз табиғаты жағынан таным үрдісі бола алмайды, бірақ кез-келген таным үрдісінің іске асу шарттарын сипаттайды.

Зейін төмендегідей қызметтерді атқарады: психологиялық және физиологиялық үрдістердің қажеттерінің белсенділіктерін арттырады және қажетсіздерін тежеп отырады, түскен ақпаратты мақсатты, ұйымдасқан іріктеуге көмектеседі, белгілі бір нысанага белсенділікті ұзақ уақыт шоғырландыруға көмектеседі.

Зейін туралы өте маңызды теориялық тұжырымды Т.Я.Гальперин ұсынған болатын. Оның зейін туралы тұжырымдамасының негізгі қағидалары төмендегідей:

1. Зейін бағдарлы зерттеу іс-әрекетінің сәттерінің бірі болып табылады. Ол қазіргі кезде адам психикасының, бейнесінің, ойының мазмұнына бағытталған психологиялық іс-әрекет болып табылады.

2. Өзінің қызметі жағынан зейін осы мазмұнды бақылау болып табылады. Адамның іс-әрекетінде бағдарлы, орындаушылық және бақылау функциялары кездеседі.

3. Белгілі бір өнім өндіретін басқа іс-әрекеттерден ерекшелігі бақылау іс-әрекеті немесе зейіннің бөлек, жеке нәтижесі болмайды.

4. Зейінде бақылау өлшемдердің, үлгінің көмегімен іске асады, ол іс-әрекеттің нәтижесін салыстыруға және оны анықтауға көмектеседі.

5. Ерікті зейін — жоспарлы зейін, бақылау алдын ала жасалған жоспар бойынша іске асалы.