Темперамент және іс-әрекет

Адамның жеке динамикалық бітістері оның сырттай әрекет-қылығында, қозғалысында ғана емес, барша ақыл-ой топшылауынан, ниеттері мен қызмет бабынан көрінеді. Темперамент ерекшеліктерінің оқу мен еңбек барысына ықпал етуі табиғи құбылыс. Дегенмен, темперамент айырмашылықтарындағы басты қасиет - олардың психикалық мүмкіндіктер деңгейінде емес, өзіндік іске асу көріністерінде.

Егер іс-әрекет қалыпты жағдайда жүріп жатса, соңғы нәтиже мен темперамент арасында ешқандай тәуелді байланыс болмайды.

Темпераментіне қарай адамдар соңғы нәтиже емес, сол нәтижеге жету жолдарын таңдауымен ажыралады. Темпераменттің тума ерекшеліктері тәжірибе, әлеуметтік ортаға және өз басын билей алуға байланысты психикалық процестерде көрініс береді. Жағдайға орай жауап-әрекет (реакция), бір жағынан жүйке жүйесінің сипатына, екінші тараптан - оқу тәрбие мен кәсіби тәжірибеге тәуелді (Р.М.Грановская).

Көптеген кәсіби қызметтер үйрету, оқытумен кемелденбейді, ондайда темперамент бітістері шек қояды. Мысалы, домбыраны әркімде тартуы мүмкін, ал шебер күші болу - кемде-кем адамға берілген өнер. Мұндайда маман дайындау үшін кәсіби таңдаумен бір кәсіби бағдарлы тәрбие әбден қажет. Психологиялық ерекшеліктеріне негіздеп, кәсіби мамандандырылған адамдар өз еңбегінде үлкен қанағаттанумен зор табыстарға жете алады.

Оқу мен тәрбиені оңтайластыру мен олардың тиімділігін көтеру жолында әрбір педагог өз шәкіртінің темперамент типін мүмкіндігінше нақты анықтап алған жөн. Осы тұрғыдан мұғалімдерге кеңес: холериктің оқу істерін мейлінше жиі бақылауға алған дұрыс. Бұл типті оқушы­мен қатты сөзбен, жекіріп қатынас жасауға тіпті болмайды - қатынасқа сай келеңсіз жауап әрекет болуы сөзсіз. Сонымен бірге оның қай қылығы болмасын орынды талап­пен, әділ бағалануы тиіс. Сангвиниктерді үздіксіз жаңа, қыз­ғылықты, зейін тоқтатып, белгілі күш жұмсауды талап еткен істерге қосып отыру керек. Оны ұдайы белсенді іс-әрекетке араластырып, мақтауын үзбей жеткізіп тұру қа­жет.

Флегматик қызғылықты, белсенді әрекетке келіп, жұрт назарында болғанды ұнатады. Оны бір істен екіншісіне ауыстыра бермеген дұрыс. Ал меланхоликпен жұмыс істеуде дөрекі сөз, тұрпайы қатынас қана емес, тіпті жай дауыс көтеру, әзіл-оспақтың өзі орынсыз. Онымен жіберген қате-кемшіліктері жөнінде оңаша әңгімелескен жөн. Оған ерекше назар бөліп, әрқандай іс-әрекетте көрсеткен белсенділік ұшқыны үшін де мезетінде мақтап, қоше-меттеп бару керек. Ескертулер мен ұнамсыз бағаны мүмкіндігінше жұмсартып, байқап жария еткен орынды. Меланхолик - өте сезімтал, өкпешіл тұлға, сондықтан оған дегенде өте мейірлі, жақсы ниет білдіре, қатынасу керек.

Сонымен, адамның қай мазмұнда болмасын өз іс-әрекетін жүзеге келтіруі тікелей темпераментке байланысты. Темперамент психикалық процестердің желісінде көріне отырып, еске түсіру, қабылдағанды бекіту жылдамдығына ықпалын тигізеді, ой жүйріктігі мен зейін тұрақтылығын және оның ауыспалылығын айқындап береді.

 

Айталау және бекіту сұрақтары

1. Темперамент мәнін қалай түсінесіз?

2. Темперамент жөнінде ғылыми көзқарастар бағыты қандай?

3. Темперамент табиғатын түсіндіруде И.П.Павлов еңбектерінің маңызы неде?

4. Темперамент типтерін ажыратуға негіз боларлық деректер тобына не кіреді?

5. Темперамент түрлерінің сипаттамасы қандай?

6. Темперамент және іс-әрекет арасындағы байланыстар мәні қандай?

Дәрісбаян

М І Н Е З

Жоспары:

1. Мінез туралы жалпы түсінік.

2. Мінездің физиологиялық негіздері.

3. Мінездің құрылымы мен мінез бітістері.

4. Қазақтың ұлттық мінез бітістері.

5. Мінез туралы теориялар. Мінезді қалыптастыру және тәрбиелеу.

Мінез жөнінде түсінік

Мінез - жеке адамның өзіне тән қылық - әрекетінде, тіл қатынасында тұрақты қалыптасатын дара ерекшеліктерінің жиынтығы.

Мінез нақты адамның шыншыл, адал, ақкөңілдігіне орай сипатталмайды, аталған сапалар - әртүрлі жағдайларды көрініс беретін жеке адам қасиеттері. Адам мінезін біле отырып, оның алдағы ықтималды әрекеттері мен қылықтарын күні ілгері барластырумен оларға тиісті реттеулер және түзетулер ендіруге болады. Мінезді адамның қандай әрекетке келетінін жаңылмай, дәл айтуға болады.

Алайда, жеке тұлға ерекшелікке бай келеді, ал солардың бәрі де адам мінезін танытады деу қате. Мінез көрсеткіші - адамның барша жағдайлардағы мәнді сипаты мен тұрақты сақталатын таңдаулы қасиеттері. Өмірге келумен бастауын алып, мінез нақты адамның өмір барысында қалыптасады, түрмыс жағдайларымен айқындалады. Тұрмыс қалпы әр адамның ойлау, сезім, ниет, әрекет сипатын бірлікті анықтап барады. Мұнда адамның бүкіл өмірін жан-жақты қамтыған қоғамдық шарттар мен әлеуметтік жағдайлар маңызды келеді. Мінез бітістері, сонымен бірге тұлғаның отбасындағы абройы, топтың басқа мүшелерімен арақатынасына байланысты тұрақ-талып не, аса қажет болса, өзгеріске түседі. Жоғары деңгейлі дамыған топ, ұжым мінездің мәнді де ұнамды бітістерінің қалыптасуына оң әсер етеді.

Қоғам әсерлері мен ықпалдарын бейнелейтін мінез мазмұны жеке адамның өмірлік бағыт-бағдарын құрайды, яғни оның заттай және рухани қажеттеріне, қызығуларына, наным-сенімдеріне, мұраттарына ж.т.б. негіз болады. Бағыт-бағдарға сай жеке адам өз мақсаттарын, өмірлік жоспары мен сол жоспарды іске асыруда қажет белсенділік деңгейін белгілей алады.

Мінезді дұрыс түсінуде адам үшін маңызды болған қоғамдық құндылықтар мен жеке талғамдар арақатынасы шешуші мәнге ие. Әр қоғамның өзіне сай маңызды да мәнді міндеттері болады. Міне осы міндеттерді іске асыру барысында мінез қалыптасады. Кейін солар тұрғысынан тексеріледі, бағаланады. Сондықтан да мінез қандай да адам қасиетінің (төзімділік, өжеттік т.б.) көрінісі ғана болып қоймастан, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке болған бағыт-бағдар сипатын аңдатады. Мінез қалыптасудағы басты шарт - өмірлік мақсат, мұраттың нақтылығы. Мақсаттың болмауы не оның шашыраңқылығы - босбелбеулік, мінезсіздіктің белгісі. Жеке адам бағыт-бағдары оның барша әрекет-қылығына із береді. Әрдайым қылық "осылай болсын" деген ниеттен ғана емес, адам қатынастарының біртұтас жүйесіне негізделеді, ал бұл жүйеде қандай да қасиет басымдау болумен адам мінезіне белгілі сипат ендіреді.

Қалыпқа түскен мінезде адамның наным-сенімдер жүйесі жетекшілік етеді. Тиянақты көзқарас - наным адам-ның өз іс-әрекетін ұзақ мерзімді бағыт-бағдарға сай белгілеп, мақсатқа жетуде жігеріліліктің, орындап жатқан ісінің дұрыс та маңызды екеніне сенімділік туғызады.

Мінез ерекшеліктері адам қызығуларымен тығыз байланысты, бірақ оның бұл қызығулары мәнді әрі тұрақты болуы шарт. Ал қызығулар үстірт, тұрақсыз болған жағдайда, дербестігінің кемдігі мен тиянақтылығы болмағанынан жеке адам еліктегіш келеді.

Адамның рухани немесе заттай қажеттіліктерінің қайсысының басым болуына қарай оның тек ой, сезімдерінің ғана емес, сондай-ақ іс-әрекетінің де бағыт-бағдары айқындалады. Бұл арада аса маңызды нәрсе - іс-әрекеттің алға қойылған мақсатқа тікелей сай болғаны, себебі адам не істеп жатқаны немесе не істейтініне қарай бағаланбайды, әңгіме сол істі қалай орындайтынында. Осыдан мінез калпы адамның бағыт-бағдары мен іс-әрекет кейпінің бірлігінен келіп шығады.

Мақсатқа жетуде бағыт-бағдар бірдейлігі болғанымен, әр адам өз жолын таңдайды, өзіне қолай, қайталанбас әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Осы дербестіктен адам мінезінің ерекшелігі көрінеді. Белгілі ықпалға ие мінез бітістері әрекет немесе қылық түрін таңдауда айқын жүз береді. Бұл тұрғыдан тұлғаның табысқа жету қажеттігін туындатқан ықылас, ниет көрінісінің деңгейін (табандылық, шешімділік, жүректілік немесе еріксіздік, қорқақтық, күдікшілдік ж.т.б.) мінез бітісі деп тануға болады.