Рекет пен қарым-қатынастағы тұлға.

Жоспары:

1. Қарым-қатынас жайлы түсінік.

2. Қарым-қатынас жасау – ақпарат алмасу әрекеті.

3. Қарым-қатынастың көпжоспарлы мінездемесі.

4. Қарым-қатынастың перцевтивтік, интерактивтік және коммуникативтік жақтары.

5. Тіл және сөйлеу коммуникациясы.

6. Педагогикалық қарым-қатынас және оның ерекшеліктері..

7. Адам мен адамның бірін-бірі қабылдауының психологиялық механизмдері. (Идентификация және рефлекция).

8. Стереотип пен жаңсақ нанымды өзгерту жолдары.

Адам аралық қатынас дегеніміз қарапайым да күрделі проблема. Күнделікті тұрмысымызда осы қатынассыз жасауымыз мүмкін емес.

Адам арасындағы қатынастардың түрі келесідей: жеке және қызметтік, дара және топтық,тең құқықты және тәуелді, қарама-қарсылықты және дау-дамайлы. Жеке қатынастар екі адам арасындағы сүйіспеншілік пен жеккөрушіліктен, сыйластық пен араздықтан, сенім мен кү-діктенуден тұрады. Мұндай сипаттағы қатынастардың пайда болуы әр жеке адамның қоғамдағы орыны мен міндетіне тәуелді емес. Мысалы, бала өз ата-анасын сыйлауы да, жеккөруі де мүмкін; өз қызметін ойдағыдай атқарып жүрген мұғалім бір шәкіртіне үлкен сүйіспеншілік танытса, екіншісін көргісі келмейді.

Қызметтік қатынастар әлеуметтік топ не мекеме мүшелері арасында олардың сол топтағы құқы не міндеттеріне орай қалыптасады.

Егер ара қатынастар әрбір адамның меншікті қажеттері сипатында қаралса, олар жеке қатынастар атанып, ал ара қатынас тұтастай жүйелікке сүйеніп, екі, одан да көп адамдардың сипаттамасы ретінде қабылданса, топ-тық қатынастар деп аталады.

Тең құқықты қатынастар - қатынас мүшелерінің құқтары мен міндеттері теңгерілген жерде, ал тәуелді қатынастар құқтары мен міндеттері бірдей болмаған жағдайларда қалыптасады.

Адамдар арасында қарама-қарсылық болмай, өзара терең сыйластық жайлаған ортада үйлесімді қатынастар нышан береді.

Топ ішінде кейбір тұлғалардың ұнамды ниеттері екінші біреулердің келеңсіз ниеттерімен тоғысқан шақтарда қарама-қарсылықты қатынастар бой тіктейді.

Адамдардың бір-біріне деген өшпенділігі болған жерде дау-дамайлы, жанжалды қатынастар өрбиді.

Адам аралық қатынастардан туындайтын ең қиын да қолайсыз құбылыс - бұл остранизм, қоғамнан аласталу, яғни кейбір адамдардың көпшілік арасында сыйымсыздығынан ұжымдық қатынастан шеткерілеп қалуы. Мұндай адамдар көпшіліктің жек көрушілігіне тап болып, на-зардан тыс қалады, еленбейді. Адам аралық қатынастардың ерекшелігі - олардың эмоционалды болуында. Адам өзі тектеспен араласа отырып, бір-біріне болған айрықша сезімдер мен ықластарға кезігеді. Жеке аралық қатынастар, әдетте, субъектив сипатта болып, әр адамның шын мәніндегі тұлғалық оң не теріс қасиеттеріне сай келе бермейді. Олар әрқа-шан адамның көңіл-күйіне байланысты, бір адамның екіншісіне деген сезім толғанысының ауысуымен өзгеріске келіп тұрады.

Қызметтік қатынастар жеке қатынастарға қарағанда біршама тұрақты, олар, әдетте, көңіл-күйге байланысты өзгере бермейді. Мұндай қатынастардың әрбір тұлғаның көңіл-күйіне бағына бермейтіндігінен, оларды ресмиқатынастар деп те атайды.

Бірақ өмірде жеке және қызметтік қатынастар өзара кіріге байланысқан, сондықтан оларды нақты айырып, таза күйінде қарастыру мүмкін емес. Біріншіден, әр адам өзінің даралығымен қызметтік қатынастарға әрқашан ерекше мән мен сән беріп отырады; екіншіден, әрқандай тұлға нақты қатынастарға өзінің жеке ниет, ой, толғаныс және сезімдерімен кіріседі, ал бұлардың бәрі адамның басқалармен болған қызметтік қатынасына әсерін тигізбей қоймайды.

Адамдар арасындағы үйлесімді қатынастар өмірде сирек кездеседі, сондықтан мұндай қатынастарды адамдардың мәнгі арман еткен мұраты ретінде қарастырған жөн. Бұл қатынастар типіне тұрмыста кезігетін "сүйіспеншілік" қатынасты жатқызуға болады.

Қарама-қарсылықты қатынастар негізінде толық үйлесім болмағанымен, оған қатысқан адамдар бір-бірінің әрекеті мен ниетін түгелдей шектемейді. Бірде келіссе, бірде қарсы тұрып, алға қойған мақсатқа жетуі жолында қажетті қатынасын үзбейді.

Кейде екі адам бір ортада бола тұрып, бір-біріне деген ыстық та, суық та шырай сезінбейді, яғни өзара қатынас жасауға ешқандай қажеттікті таппайды, мұндайда олар арасындағы қатынас бейтараптық сипат алады.

Қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға байланысты бір ортаға түсіп қалған адамдардың бірі екіншісінен өзін алшақ ұстау қажеттігі де туындап қалады. Мұндай кезде адамдар бір-біріне тікелей жек көрушілік танытып, арадағы мәселе бойынша ешбір келісім мүмкіндігін таба алмайды да, іздемейді де. Мұның бәрі ортадағы жанжалды қатынастың ушығуынан.

Адамдар арасындағы және бір ерекше қатынастар түрі - бұл екі ұшты, амбивалентті қатынастар. Мұндай ара байланыстың себебі бір адамдағы екіншіге деген өзара тікелей қарсы екі бірдей эмоцияның: жек көрушілік пен құрметтің қосарлана жүруі. Осыдан мұндай қатынастағы адамдар өздерінің көңіл төркінінде жатқан ниеттерінің нендей жағдайда екенін айырып алуында біраз қиналады.

Адамдар қажетсінулерінің арасында өз мәні бойынша ізгі адамгершілік сипатты байланыстар да болады. Мұндайды психологияда альтруистік қатынас деп атайды. Альтруист адамдардың барша ойы, іс-әрекеті әрдайым тек жақсылыққа, қай жағдайда да жәрдем етуге бағышталады.

Адамдар аралық қатынастар сипатына ықпал етуші факторлардың бірі психологиялық үйлестік (үйлесімсіздік). Көп жағдайда адамдар өз қажеттіктерін қанағаттандыру үшін бірін-бірі керек етеді, бірақ көзқарас, ниеттеріндегі болмашы айырмашылықтардан өзара қатынастарын қалыпқа түсіре алмайды. Мұндай толық психологиялық үйлесім таба алмаған жандар арасында біршама ұнамды қызметтік қатынас болғанымен, уақыт өтумен бірте-бірте өрім түскен арақатынастағы жеке психологиялық үйлеспестік олардың ресми байланыстарының кедергісіне айналады.

Адамдар арасындағы қатынастардың өзгеруіне мүмкін болар себеп - бұл нақты адамдар қатынастарының туындап, дамитын әлеуметтік-психологиялық орта сипатының ауысуы. Екі немесе одан да көп адамдар бірін-бірі өте қажетсінеді, орталарында толық психологиялық үйлестік болған, бірақ кенеттен өзгерген әлеуметтік-саяси жағдай оларды әртүрлі партиялар мен ағымдарға енуінен екі жікке бөліп тастайды.

Адамдар қатынасының орнығуы немесе өзгеруіне және бір себепші фактор - бұл адамдардың жас деңгейі. Өмір бойы топтаған тұрмыстық-әлеуметтік тәжірибе адамға, оның төңірегіндегі жандарға, болып жатқан оқиғаларға әсерін тигізбей қоймайды. Жас деңгейі әртүрлі адамдардың бір оқиғаға болған бағасы бірінен бірі алшақ болуы әбден ықтимал, жастық айырма неғұрлым үлкен болса, психологиялық келіспеушілік те соншама болады.

Ал осы төңірегіндегілермен болған өз қатынасының сипатын адам өзі сезе алады ма, не сезбейді ме? Бұл сұраққа жауап бірнеше жағдайларға тіреледі. Біріншіден, бұл нақты адамның ой-өріс (сана-сезімі) даму деңгейіне байланысты. Ақыл-есі біршама жетілген адамдар өздерінің төңірегіндегілермен қатынасын жақсы түсініп, дұрыс қабылдайды. Адам аралық қатынастарды орынды сезіну және бағалау жоғары дамыған рефлекстік қабілетті керек етеді (қоршаған ортадан келіп түскен ақпараттық сигналдарды жан-жақты мәндік байланысымен қабылдап, жауап бере алу).

Екіншіден, бұл адамның жасына тәуелді. Егделер балаларға қарағанда өзара қатынасты дәлірек пайымдайды, ұнамды не біржақты келеңсіз қатынастарды оңай бағалап, бейтарап қатынасты да орынды сезінеді. Өмірде екіұшты немесе амбиваленттік және өз ішіне ұнамды да, жағымсыз да сипаттарды бірдей қамтыған қарама-қарсылықты қатынастарды бағалау күрделірек келеді.

Адамдар арасындағы қатынастар сол қатынастардың нақты адам өміріндегі маңызына қарай да бағаланады. Қарым-қатынас адам үшін неғұрлым маңызды болса, оның бағалануында соғұрлым дәлсіздіктер жіберілуі мүмкін. Өзінің төңірегіндегілермен байланысына аса үлкен мән берген адамдар, арақатынастарының ұнамды тараптарын асыра мақтауға бейім келеді. Керісінше, кімде кіммен ұнамсыз қатынаста болса, адам ондай да қарсыласын түбелегін түсіре жамандауға ниеттенеді де тұрады.

Әрқилы адамдардың өзара қатынастарын тануда көптеген жеке дара ерекшеліктер бар. Кейбір ой-сезімі толысқан, парасатты адамдар өзара қатынастарды жан-жақты пайымдаумен, дұрыс қабылдауға қабілетті, екінші біреулердің жалпы оң пікір айтуға тіпті өрісі жетпейді, ал үшіншілер төңірегіндегілердің өзіне деген бағасын бірде дұрыс түсінсе, бірде оған сана-сезімі жетпей қалады.

Адам аралық қатынастар толық қалыптасып, орныққаннан былай біркелкі тұрақты қалыпқа келеді. Егер де қатынастарға тән осы қасиет болмағанда, адамзаттық қауымдар: мемлекет, мекеме және топтар - түзілмес еді.

Үлкен әлеуметтік топтардағы қызметтік, ресми қатынастар өзінің күшті мызғымастығымен байқалады, кіші топтағы байланыстар да біршама осылай. Ірілі-кішілі қауымдастықтардағы қарым-қатынастар көптеген өмірлік маңызы зор факторларға тәуелді, сондықтан адамдар мұндай жағдайдағы қатынастарды өзгерте бергенді онша құптамайды. Егер күнара субъекттердің ниетіне орай төңкерістер бола берсе, қоғам аласапыраны таусылмай кетері баршаға аян.

Жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастар өте нәзік те үзілгіш келеді, себебі нақты тұлғалар арасындағы қатынастар сол қатынас иелерінің құбылмалы көңіл-күйіне тәуелді. Уақыттың өтуімен, жастың егде тартуымен аралық қатынастар тұрақтала түседі, балалық пен жас өспірім шақтағы адамдар арасындағы бұрқасын жол таңдау бұл кезде сабасына келе бастайды, адамның ішкі дүниесі сабыр тауып, кездейсоқ қатынас, байланыстарға құлай түспей, өз қалауын таңдай алу қабілетіне жетеді. Қатынастардың тұрақталуының және бір жөні - адамдар бірін бірі жете танып, бірінің қылығына екіншісі көнігіп, өзара үйлесімге бейімделуі.

Адамдардың алғашқы танысуынан олар арасындағы бұдан былайғы қатынастардың қай сипатта боларын аңғара салу өте қиын. Көп жағдайда, тым жақсы басталған таныстық қапелімде үзіледі, ал кейде тіпті басқаша да болады: алғашқысында әйтеуір бірдеңеден ұнатпай жүрген адамына бара-бара үлкен құрметпен қатынас көрсеткендер де аз емес. Мұндай жағдайлар адамдардың бір біріне алғашқы танысуда берген бағалары мен қабылдауына байланысты психологиялық заңдылықтарға орай туындайды.

Нақты мезеттегі адамдар арасында болатын қатынастардың сипаты көптеген шарттарға тәуелді, мысалы, адамның денсаулығы мен психологиялық кейпі. ДенҢ сау, көңілҢ көтеріңкі болса, төңірегіндегілермен қатынас та әпәдемі, үйлесе түседі. Көңіл-күйге жайлы жағдай болса, қатынасың одан әрі беки түседі, ал қандай да әбігер күй-де түзілген қатынас көбіне баянды болмайды.

Адамдар арасындағы қатынастар олардың жеке мінез-құлығына да байланысты. Әрдайым ұнамды арақатынастардың орнығуына адамдағы қайырымдылық, ақ көңілдік, үйіршеңдік, достық пен ұжымшылдық қасиеттер пайдалы. Ал сенімсіздік, күмәншілдік, өшпенділік, тұйықтық пен өзімшілдік - қалыпты қатынастар орнығуына кері әсе-рін тигізеді.

Жас ұлғайған сайын қатынастар тек тұрақталып қана қоймастан, адамның оларды басқару қабілеті де артады. Мұндайда адамға жәрдемге келетін - оның даралық ерекшеліктеріне қосымша өмірлік тәжірибесі.