Адамдардың бірін-бірі қабылдауы мен түсінуі

Адамдар арасындағы қатынастардың қалыптасуы, әдетте, олардың бірін-бірі қабылдай алуы, түсінуі және бағалауына байланысты. Екінші адамның тұлғалық образын оның сырт пішіні мен психологиясын және әрекет-қылығын байла-ныстыра, салыстырып тануға болады. Ал психологиялық бейне (кейіп) әр адамның қажетсінуінен, қылық мотивтерінен, мінез бітістерінен, әрқандай өмірлік жағдайлар-дағы көңіл-күй толғаныстары мен әрекеттерінен көрінеді. Бұлардың бәрі "Ат кісінесіп, адам сөйлесіп" дегендей әңгімелесу барысында назарға алынып, санада жіктеліп, бекиді де адамның жеке, нақты бағасын беруге негіз болады.

Бөгде адамның бейнесін қалыптастыру арқылы біз оған болған қатынасымыздың сипатын айқындаймыз, оның даралық ерекшеліктерін тануға мүмкіндік аламыз. Адамды жөнімен танып, дұрыс бағасын беріп, оның әрекет-қылығының мақсаттары мен мотивтерін айқындап, ол тарапынан болып қалар жауапты әрекеттерді күні бұрын болжастыра, біз бұлардың бәрін өз қажеттіктеріміз және мүдделерімізбен салыстырамыз, әңгімелесудің қолайлы жолдарын болжастырамыз, осы арқылы екі тарапқа да ортақ ниеттерді табумен тұлғалар арасындағы қызметтік қатынастарға кірісеміз.

Адамның эмоционалдық жағдайын бағалай отырып, біз оның нақты көңіл-күйіне сәйкес қарым-қатынасты дамытып, тереңдете түсуге мүмкіндік аламыз және өзіміздің, оның және төңірегіндегілердің мүдделеріне орай ол адамға тиімді психологиялық ықпал етудің жолдарын іздестіріп, пайдаланамыз. Егер біз қатысқан адамдары-мыздың әртүрлі тұрмыстық жағдайлардағы әрекет-қылығын күні бұрын болжастыра алсақ, оның мінез-құлығын қажетті бағытта басқаруға және онымен ұнамды адам аралық қатынастар алып баруға қосымша мүмкіндіктерге ие боламыз.

Бөгде адамның тұлғалық дәрежесі жөнінде біз оның дене құрылымы, психологиялық және қылық-әрекеттік белгілері бойынша топшылаймыз. Адамның сырт көрінісі мен психологиялық бейнесі арасында тікелей де толық байланыс болмағанымен, бұлардың екеуі қандай да өзара ықпалды қатынаста. Дене құрылымы ерекше бітіске ие болған адамдар, мінезі жағынан да өзара ұқсамас. Осы тұрғыдан барша адамдар үш типке жатады (Э.Кречмер, У.Шелдон т.б.): астеник, пикник, атлетик. Пикник типтес адамдар - көңілді, үйіршең, әңгімешіл, әрқандай қиыншылыққа жасымайды; астеник адамдар - көбіне тұйық, оңашаланғанды ұнатады, ұдайы ойға шомып жүреді; ал атлетиктер - ұстамсыз, дүлей келеді.

Адамның ішкі жан дүниесі оның сөзі мен тілінен айқын көрінеді. Қандай сөздер мен тіркестерді қолдануына қарап, сөз ырғағы мен әуенін талдай отырып, сөйлеу процесіндегі тыныстары мен жеделдігіне орай жеке адамның ерекшеліктерін байқаймыз.

Уақыт ағымына берілмей, ұзақ мерзім сақталатын белгілер - адамның қажетсінулері, әрекет-қылық мотивтері мен қызығулары. Бұлар бойынша біз адамды тануымыз мүмкін, бірақ бұл үшін аталған белгілер сол адамның сырт көрінісі мен мінезінен біраз байқалуы тиіс.

Жоғарыда бөгде адамды тану, білу мүмкіндігін әңгімеледік, ал енді адам өзін-өзі сарапқа сала алады ма, жоқ па деген сұраққа жауап ізделік. Бұған оң да, кері де жауап айту мүмкін. Егер адам өзін-өзі түк танымаса, онда оның қауым ортасындағы әрекет-қылықтары алдын ала өзіндік болжастыруға келмей, тұрақсыз кейіпке енер еді. Сонымен бірге, мұндай адамның қатынас қылығы мен іс-әрекеттері ақыл оралымынан алшақ, төңірегіндегілердің ісімен сәйкестік таппайды.

Екінші тараптан, егер адам өзі жөнінде бәрін біле берсе, онда өмірге деген қызығушылықтың да қажеті болмай қалары сөзсіз, себебі саналы адамның бар өмірлік болмысы осы өзін тануға деген жоғары ынта-ықыластан нәр алады. Адам өзінің шындыққа келетін сырт көрінісінен басқа өзінің мінез бітістері жөнінде де азды-көпті мәліметке ие, бірақ бұл мәліметтер көбіне адамның өзі жөніндегі ұнамды пайымдауларды қамтиды. Сонымен бірге, адам өзінің кейбір әлеуметтік талапқа сай қажетсінулері мен әрекет-қылығының сеп-түрткілерін тануға бейім. Ал өз санасының астарында жатқан немесе моральдық тыйымдарға байланысты санаға жат психологиялық бітістерін тіпті де білмейді.

Адам өзі жөніндегі шындықты басқалардың оның іс-әрекетіне болған қатынасынан байқауына болады. Өз әрекеттері мен сол әрекеттерге берген басқалар баға-сын салыстыра, адам жанама түрде өзі қасиеттері мен сапаларын болжастыруына болады.

Іс-әрекетте нәтижеге жетісе, мақтау алып, не сәтсіздікке ұшырап, сырттың жоғары немесе ұнамсыз бағасына кезігумен әр жеке адам өзінің қабілет деңгейін сезеді.

Адамның өзін-өзі тануы төңірегіндегілердің қабылдауы мен бағасына тығыз байланысты. Күнделікті тұрмыстық қатынастар, тілдесу негізінде адамның психологиялық бейнесін түзу үшін келесі тәсілдер қолданылады: бітіс таңу, алғашқы әсерлену, жаңалықты әсерлену, ықтималды болжай әсерлену, асыра сілтей әсерлену, жеке адамның бітістерді біріктіре әсерленуі (Р.С.Немов).

Адам образын жасаудың ең көп тараған тәсілі бұл бітіс таңу. Оның мәні: адам төңірегіндегілерді өзіне тән қасиеттер мен сапалар тұрғысынан бағалайды, яғни өз мінез бітістерін екінші біреулерге таңады, оның қылық-әрекетін түсінгісі келіп, өзін сол адамның орнына қоя салады.

Алғашқы әсер тәсілі бөгде адамды бірінші көргеннен қалыптасатын образды бекіту үшін қолданылады. Бұл құбылыстың болуы адамға байланысты алғашқы әсердің кейінгі әсерлерге қарағанда күштірек сезілуінен.

Ал енді жеткізіліп жатқан ақпараттағы адам қасиеттерінің тізімі молдау болып, мәлімет бөліктерін хабарлау барысында біршама уақыт үзілісі болса, алғашқы ақпарат соңына қарай ұмытылады. Бұл жағдайда алғашқы әсерленуге қарсы құбылыс - жаңалықты әсерлену тәсілі іске кіріседі.

Ықтималды болжай әсерлену деп келесі құбылысты түсінеміз: адам миы болашақ оқиғаларды алдын ала болжастыру қабілетіне ие. Осыдан тұлға басталған іс-әрекеттің бағдарын, қарқындылығы мен ақырғы нәтижесін күні бұрын жоспарлайды. Әлі қолда жоқ бүтін затты оның бөлектері бойынша ойда белгілі бір формаға келтіріп, жан-жақты сипаттамасын бере алады.

Мысалы, адамға тән белгілі бітістері бойынша оның әлі белгісіз, бірақ онда болуы тиіс қасиеттерін де анықтау мүмкін: батыр адам әрқашан адал да аңғал болатынына ешбір күмәнданбаймыз, сондай-ақ, қорқақ - әрдайым өтірікшіл, мәдениетті - ой-өрісі кең, қайырымды - үйіршең, сенгіш, өшпенді адам - әрқашан тұйық, күмәншіл келеді.

Асыра сілтеу әсері адам жөніндегі алғашқы бағаның кейінгілеріне күшті ықпал етуінен пайда болады. Мұндай әсерден бірінші берілген мінездеме қатып қалған, өзгермес күйге түседі. Егер қандай да адам бір көруден бізге ұнамды тарапынан танылып қалса, кейін де біз осы бағамыздан танбай, басқа бір сын көзқарастарды ол адамға жолатпауға тырысамыз.

Психологиялық бейне жасауда ең күрделі де маңызды тәсіл - жеке адамның бітістерді біріктіре әсерлену құбылысы. Оның мәні мынада: әрбір адам санқилы тұлғалармен көп мәрте кездесе жүріп, қабылдау және бағалаумен жадында олардың сырт көрінісі, психологиялық және әрекет-қылығы туралы пайымдау бекітеді. Көп қайталап кездескен бұл әсерлер бірігеді де, солардың ішінде бірі, мысалы, адамның сырт келбеті белгілі бір психологиялық ішкі қасиетпен ұштастырылады. Осы біріккен образ негізінде екінші бір адамды кездестіргенімізде, одан оның сырт пішініне қарап, өзіміздің санамызда орныққан осы пішінге сәйкес қасиетті іздестіреміз. Мысалы, қабағы түксиген адамдар көбіне тұйық, ауыр мінезді келеді.

Бөгде адамның тұлғалық ерекшеліктерін тануда жеке-дара және кәсіби ерекшеліктер көп роль ойнайды. Қайырымды, мейірман, серлі адам басқаларды жеңіл түсінеді, қабылдайды, себебі мұндай адамдар, әдетте үлкен де бай қатынас тәжірибесіне ие болумен, басқалардан әрқашан жақсылық қасиеттерді іздестіруге бейім келеді, ал өз өмір жолы сәтсіздіктен қаланып, көпшілікпен тіл табыса алмаған адам басқалардың да оңды образын жасауға қабілетсіз келеді. Кең әлеумет ортасында жүрген кәсіп, қызмет иелері (педагог, дәрігер, экономист, саясаткер, әдебиетші, өнер адамы) төңірегіндегілерді дұрыс бағалап, қасиеттеріне сәйкес қабылдай біледі.