Жүкті әйелдерге босанғанға дейін патронаж өткізу

Ана мен бала денсаулығын сақтау саласында медициналық көмекті жетілдіру бойынша шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 164 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 25 мамырында № 6897 тіркелді.

 

Ана мен бала денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының бастықтары (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағыныстағы бейіндік республикалық ұйымдар мен жеке меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан мүдделі медициналық ұйымдар осы бұйрықтың орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаменті (К.А. Балағұлова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.
6. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Министр С. Қайырбекова

 

Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау
министрлігінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 164 бұйрығымен
бекітілген

 

Аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларға медициналық
көмек көрсету жөніндегі нұсқаулық

 

Жалпы ережелер

 

1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы Нұсқаулықтың 15-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және аналар мен 5 жасқа дейінгі балалардың сырқаттануын, өлім-жітімін, мүгедектігін азайту мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.
2. Нұсқаулық аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларда дәлелді медицинаға негізделген неғұрлым жиі кездесетін аурулардың алдын алу мен емдеуді ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды регламенттейді.
3. Емдеу-алдын алу іс-шаралары балалар стационарлар (бөлімшелері) мен амбулаторлық-емханалық медициналық ұйымдар деңгейінде көрсетіледі.

 

Аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларға алдын ала көмек көрсету

 

4. Аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларға амбулаторлық-емханалық қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың профилактикалық көмек көрсетуі былайша жүзеге асырылады:
1) дені сау баланы тууына болашақ анаға және оның отбасы мүшелеріне консультациялар беру, оқыту, қолдау көрсету және дайындау мақсатында акушерлік қадағалауға қосымша жүкті әйелдердің үйіне міндетті түрде профилактикалық қарау арқылы ұрықты антенатальды қорғау үшін босанғанға дейінгі патронажды уақытылы өткізу арқылы;
2) отбасында тиісті күтімді қамтамасыз ету арқылы зияткерлік әлеуетті толығымен іске асыруды одан әрі дамытуға, бала денсаулығын сақтау мен нығайтуға бағытталған 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық патронажды бақылау арқылы
3) медицина қызметкерлерінің дағдылары мен білімдерін жақсарту, сонымен қатар ата-аналар мен 5 жасқа дейінгі балаларға тікелей күтім жасайтын өзге адамдарды оқыту үшін балаларға бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында дені сау балалар кабинетін (бұдан әрі – ДСБК) ұйымдастыру. Дені сау балалар кабинетінің қызметі Дені сау балалар кабинеті туралы ережеге сәйкес (осы Нұсқаулыққа 1-қосымша) жүзеге асырылады.

 

Жүкті әйелдерге босанғанға дейін патронаж өткізу

 

6. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек қызметінің (бұдан әрі – БМСК) педиатрия бөлімінің орта медициналық білімді қызметкері жүкті әйелді босанғанға дейінгі патронажды үйінде екі рет өткізеді:
1) жүкті әйелді есепке қою туралы ақпаратты алған кезде;
2) жүктіліктің 32-аптасында.
7. Жүкті әйелдің үйіне алғашқы келген кезде медицина қызметкері болашақ сәбидің отбасымен танысып, жүкті әйелдің жалпы жай-күйін, еңбек және тұрмыс жағдайын, санитарлық мәдениет деңгейін, кәсібінің зиянды жақтарын, анада ауруларының болуын (АИТВ, жыныстық жолмен берілетін жұқпа аурулары, туберкулез, қызамық және басқа) бағалайды және жүктіліктің өтуіне, болашақ баланың күтімінің сапасына әсер ететін қауіп-қатерді анықтайды, сонымен қатар тұрмыста зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу мен құқықтық, әлеуметтік-құқықтық мәселелері жөнінде консультация жүргізеді.
Қиын өмір жағдайына ұшыраған тұлғалар анықталған жағдайда көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 30 қазандағы № 630 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5917 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының № 3 актілерінің жинағында жарияланған, 2010 жыл) бекітілген денсаулық сақтау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына (бұдан әрі - денсаулық сақтау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттар) сәйкес көрсетіледі.
8. Босанғанға дейінгі екінші патронаж кезінде медицина қызметкері жүкті әйел мен оның сүт бездерінің жағдайын бағалап, сәбиді емізуге дайындық бойынша ұсынымдар мен нәрестені емізу, оны күтіп-бағу дағдыларына үйрету мақсатында ДСБК-не қабылдауға шақырады. Сонымен қатар нәрестеге арналған бұрышты (орын, кереует, іш киімдер, киім және басқа күтім жасауға арналған бұйымдар) дайындау жөнінде ұсынымдар береді.
9. Медицина қызметкері жүктілік пен босану қалыпты өтіп жатқан кезде де, сондай-ақ акушер қауырт араласатын жағдай туындаған немесе толғақ қысқан кезде ана мен баланың денсаулығы мен амандығын қамтамасыз ету үшін қажетті білім мен дағдыларды қамтамасыз ету мақсатында отбасы мүшелерін үйретеді.
10. Медицина қызметкері жасы 18-ге толмаған немесе төртеуден артық бала туған 35 жастан асқан аналар (әсіресе босану аралығы жиі болған жағдайда) экстрагениталдық ауруларымен ауыртпалық түсіретін акушерлік анамнезі бар жүкті әйелдерге айрықша көңіл бөлуі тиіс.
11. Медицина қызметкері бала туылғанға дейінгі патронаждар кезінде жүкті әйелге мынадай ұсынымдар жөнінде:
1) қалыпты күн режімін, демалыс және ұйқы, белсенді қимыл-қозғалу режімін сақтауды;
2) құнарлы тамақтануды;
3) препараттарды (құрамында йод бар, құрамында темір-фоли
қышқылы бар) аурудың алдын алу мақсатында қабылдауды;
4) жыныс жолымен берілетін жұқпалардың, оның ішінде АИТВ инфекциясының алдын алуды;
5) аналар мен жеке гигиена және тұрғылықты орнын дұрыс жабдықтауды;
6) темекі шегудің, ішімдік ішу мен есірткі пайдаланудың ұрықтың дамуына тигізетін әсері туралы ұсынымдар береді.
12. Босанғанға дейінгі патронаждар кезінде медицина қызметкері мыналарға назар аударады:
1) жүкті әйелдің күн режимі, диета еңбек ету, демалу, сүт бездеріне күтім жасау, санитариялық-гигиеналық режім мен емдеу-сауықтыру іс-шараларына қатысты акушер-гинекологтың ұйғарымын орындау;
2) шұғыл шаралар қабылдау мақсатында жүктіліктің өтуінің қауіпті белгілерін анықтау, сонымен қатар отбасы мүшелерін қатер тудыратын белгілерді тану және шұғыл медициналық көмекке жүгінуге үйрету.
13. Медицина қызметкері бала туылғанға дейінгі патронаж кезінде жүкті әйелді жүктіліктің қалыпты өтуіне қауіп төндіретін «қатерлі белгілерін» тануға үйретеді және мынадай жағдайлар бір рет болған кезде тез арада медициналық көмекке жүгінуін ұсынады:
1) қынаптан қан аралас бөлінулер;
2) бұлшық еттердің тартуы және қол-аяқ, беттің жансыздануы;
3) бас қатты ауыруы;
4) іш ауыруы;
5) құсу;
6) ұрықтың сирек қимылдауы немесе қимылдамауы;
7) дененің қызуы 37,5оС-тан жоғары;
8) қағанақ суының ағып кетуі;
9) қол-аяқтың немесе дененің басқа мүшелерінің анық байқалатындай ісінуі;
10) демнің тарылуы немесе демікпе;
11) жүректің жиі қағуы;
12) көру қабілетінің бұзылуы.