Лекция Тәрбие үдерісінің формалары мен әдістері, құралдарының жүйесі

Жоспар:

1. Оқушылар тәрбиесінің формалары мен әдістері туралы.

2. Тәрбие әдістерінің жіктелу жолдары.

3. Оқушылар санасын қалыптастыру әдістері.

4. Мінез-құлық тәрбиесі мен оқушылар іс-әрекетін ұйымдастыру туралы.

5. Іс әрекеттегі ынталандыру әдістері.

Негізгі ұғымдар:тұтас педагогикалық процесс, педагогикалық процестің қозғаушы күші, тәрбиенің формалары мен әдістері.

Мұғалім педагогикалық процесті сауатты ұйымдастыру үшін оның теориялық негіздерін түсініп, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, формалары және әдістерін, тәсілдерін ажырата алуы қажет. Формалар мен әдістер педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекетінің қозғаушы күші болып табылады, соның арқасында жеке тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады.

Жеке тұлғаның психикасы мен санасы қоршаған ортамен әрекеттестігі арқасында және нақты бір іс-әрекет барысында дамиды. Мұнда индивидуумның іс-әрекеті жеке дара емес, басқа адамдардың (ата-ана, мұғалімдер, оқушылар т.б.) іс-әрекетімен тығыз байланыста жүзеге асады. Сондықтан жалпы адамзаттық мәдениетті игеру үшін бала қоршаған ортамен басқа адамдар арқылы әрекеттестікте болуы керек, яғни олармен қарым-қатынас жасауы қажет. Іс-әрекет пен қарым-қатынас жеке тұлғаның қалыптасуының ең маңызды шарты болып табылады. Педагогикалық ықпал етудің амалдары да осылар.

Іс-әрекет педагогикалық процеске қатысушылардың қарым-қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Оқу-тәрбие процесінің субъектілері әрекеттестігінің формалары мен әдіс-тәсілдер арқылы шешілетін белгілі бір мақсаттары мен міндеттері, тиісті мазмұны бар, логикалық тұрғыдан аяқталған, белгілі бір уақыт аралығындағы педагогикалық процесс.

Тәрбие формалары тұтас педагогикалық процеске қатысушылардың қарым-қатынасы мен әрекеттестігінің тәсілі ретінде де қарастырылады. Және оны былай жіктеуге болады.

1. Тұтас педагогикалық процестің оқу жұмысында қолданылуы.

2. Қатысушылар құрамы.

3. Оқушылардың сыныптан тыс іс-әрекеті кезіндегі өзара әрекеттестігі.

4. Іс-әрекетінің сыныпта және сыныптан тыс уақыттағы байланысы.

Тәрбие әдістері дегеніміз – тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен оқушының өзара байланысты іс-әрекеті. Педагогикалық процеске қатысушылардың тәрбие мақсаттарына бағытталған оқушылардың белсенді іс-әрекетін ынталандырудың тәсілдері мен нақты әрекеті. Әдіс-тәсіл деген де ұғым бар. Әдістемелік тәсіл дегеніміз әдістің жеке көрінісі. Әдіске қарағанда ол бағыныңқы сипатта болады.

Әдістер, формалар, тәсілдер сияқты ұғымдар шынайы педагогикалық процесте өзара тығыз байланыста болады. Біріншіден, олар бір-біріне тәуелді (формалар мен әдістер, тәсілдер арқылы жүзеге асады); екіншіден, күнделікті тәжірибеде олардың арасында белгілі бір айырмашылық жоқ. Тәрбие әдістері мен тәсілдері әрдайым бірін-бірі алмастырып отырады: кей жағдайларда әдіс тәсілге айналады.

Оқу әдістері оқыту процесінің негізі болып табылады (мұғалімнің баяндамасы, оқулықпен жұмыс, әртүрлі әңгіме-сұхбаттар жаттығулар), бірақ олармен қоса мадақтау, көңіл-күй жағдайларын тудыру, сендіру, талап қою және ұялту сияқты ынталандыру әдістері де қолданылады.

Оқуды ұйымдастырудың басты формасы - сабақ. Педагогика технологияларының дамуы оқыту формаларын айтарлықтай молайтуда: конференциялар, ғылыми айтыстар, оқуға байланысты кездесулер, пікірталастар кеңінен қолданылуда.

Сыныптан тыс іс-әрекетін ұйымдастыруда оқыту мен тәрбиеніенің барлық амалдары, формалары мен әдістері қолданылуда. Алайда, бұл ретте іс-әрекеттің барлық түрлері кеңінен қолданылады: танымдық (үйірмелер, факультативтер, оқушылардың ғылыми қоғамдастықтары), еңбек (өз өзіне қызмет ету, еңбек десанттары, әртүрлі мектеп бизнесі), ойын (танымдық, спорттық, іскерлік), эстетикалық (студиялар, мектеп театрлары, фестивальдар). Іс-әрекеттің барлық түрлері қарым-қатынас арқылы жүзеге асады. Бұл іс-әрекеттер барысында мұғалім оқушылардың санасы, сезімі мен ерік-жігерінің қалыптасуына, олардың мінез-құлқы мен тіршілік әрекетін ұйымдастыруға әсер ететін тәрбие әдістерін қолданады.

Педагогикалық әдебиеттер мен тәжірибеде тәрбие әдістерінің көптеген түрлерінің сипаттамасын кездестіруге болады. Мақсат пен нақты жағдайларға сай әдістерді таңдап алу қиын, сондықтан оларды жіктеу қажет.

Тәрбие әдістерін жіктеу дегеніміз - арнайы белгілері арқылы құрастырылған жүйе және әдістерді жіктеу олардың жалпы және өзіне тән, маңызды, кездейсоқ, теориялық пен тәжірибелік жақтарын анықтауға көмектесіп, оларды дұрыс таңдап, нәтижелі қолдануға әсер етеді.

Тәрбие әдістерін жіктеуде мына критерилерге (қағидаларға) сүйену қажет:

а) адам іс-әрекет нәтижесінде дамып, қалыптасады;

б) жасөспірімді тәрбиелеу процесі - өте күрделі іс-әрекет, оның негізі– өз санасы, сезімдері, дүниеге, адамдарға, өз өзіне деген қатынасы, күрделі ішкі дүниесі өзінің ұйымдасқан және ұйымдаспаған тәжірибесі бар өсіп келе жатқан адам;

в) жеке тұлғаның қалыптасып келе жатқан қасиеттері құрылысы жағынан күрделі.

Аталған қағидалар бойынша кей әдістер, көп жағдайда, мотивтерге, мақсаттарға, қатынастарға, мағлұматтарға, түсініктерге, пікірлерге әсер етеді, ал енді кейбіреулері мінез-құлықтың қандай да бір түрін қалыптастыратын әдеттерге ықпал етеді, ал басқалары балалардың мінез-құлқын реттейді. Осыған орай тәрбие тәрбие әдістері 3 топқа бөлінеді:

1. жеке бастың санасын қалыптастыру әдістері;

2. -іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру;

3. іс-әрекет пен-мінез-құлықты ынталандыру әдістері.

Адамның қасиеттерінің мәнін түсіне келе баланың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік көзқарастары, түсініктері, сенімдері, мұрат-мақсаттары қалыптасады. Бұл міндеттерді шешу үшін жеке бастың санасын қалыптастыру әдістері деген әдістер қолданылады.

Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері оқушыларды алған білімдерін күнделікті тәжірибеде белсенді қолдануға, яғни мінез-құлық әдеттерін қалыптастыруға дайындайды. Белгілі бір әдеттерді қолданудың қажеттілігін түсіну тәрбие процесінде әртүрлі әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қазір тәжірибесі мол тәрбиешілер өз жұмыстарында ұмыт болған адамгершілік-имандылыққа, Абайдың қара сөздеріне, халық педагогикасының амал-тәсілдеріне көптеп сүйенуде. Этикалық тақырыптағы әңгімелер, түсіндірмелер, түсініктемелер, лекциялар, этикалық әңгіме-сұхбаттар, ақыл-кеңестер, мысалдар кеңінен қолданыс табуда.

Төменгі және орта сыныптарда этикалық тақырыптағы әңгіме қолданылады. Бұл адамгершілік мазмұндағы деректер мен оқиғаларды әсерлі де қызықты етіп айту. Жақсы әңгіме оқушыларға мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсінуге көмектеседі, сезімге әсер етіп, әңгімедегі оқиғаларға деген оқушылардың оң не теріс қатынасын қалыптастырады.

Мұндай этикалық әңгімені қабылдауда бөлме ішінің жабдықталуының да маңызы бар. Жоспарланған әңгімелер жайлы бөлмелерде, оқушылар ешқайда асықпаған еркін жағдайда жүргізіледі. Әңгімеден кейін оқушылар мазмұны мен көңіл-күйі жағынан өзгеше бір іске (мысалы, спорттық жарыс) кірісіп кетсе, әңгіменің тәрбиелік мәні төмендейді.

Қазір күнделікті тәжірибеде тәрбиелік процесте түсініктеме әдісі жиі қолданылады. Бұл оқушыларға сезім мен сөз арқылы әсер ету әдісі. Түсініктеменің әңгімеден өзгеше маңызды белгісі – оқушыларға немесе жеке тұлғаға қандай да бір жағымсыз жағдайлар бойынша әсер ету. Түсініктемені оқушыларға мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсіндірудің қажеттілігі туындаған жағдайда ғана қолдану керек. Бірақ мектептегі, көпшілік орындардағы қоқыс тастауға, түкіруге, партаға сурет салуға, дөрекілік жасауға болмайды деген сияқты күнделікті мінез-құлық нормалары туралы сөз болғанда түсініктемені қолданудың қажеті жоқ. Мұнда үзілді-кесілді талап ету қажет. Түсініктеме қандай да бір жаңа адамгершілік қасиетті, оқушылардың белгілі бір әрекетке деген дұрыс қатынасын қалыптастыру үшін қолданылады. Түсініктеме көбінесе сендіруге негізделеді. Сендіру оқушының психикасына астыртын әсер етіп, іс-әрекеттің мақсаттары мен мотивтерін қалыптастырады. Ол ақыл-кеңес, есіне түсіру, тілек-ұсыныс түрінде қолданылады.

Оқушылармен тәрбие барысында түсініктемемен қоса насихат сияқты әдіс қолданылады. Оқушының бойындағы жағымды қасиеттерге сүйену: абырой, ар-намысы мен ұяты сияқты насихатты дұрыс қолданудың алғы шарттарын қалыптастырады. Бұл әдістің педагогикалық нәтижелілігі мұғалімнің беделіне, оның жеке қасиеттеріне байланысты.

Тәрбиеде этикалық әңгіме-сұхбат әдісі жиі қолданылады және оған оқушылардың белсенді қатыса алуы үшін оның жоспары мен негізгі мәселелері оқушыларға алдын-ала беріледі. Баяндамалар алдын-ала дайындалады. Әңгіме-сұхбат кезінде оқушылар жағдайлар бойынша қойылымдар ойнайды. Алдын-ала әдебиеттер тізімі беріледі, оқушылар өмірден немесе әдебиеттерден деректер мен мысалдар жинастырады. Сынып жетекшісі баяндама жасап, әңгіме-сұхбатқа қатысушылар алдына мәселелер қояды, олардың белсенділігін оятады, әртүрлі көзқарастарды тыңдап, оқушыларға баяндамаларға баға беруді ұсынады, айтылған ой-пікірлерлі толықтырып, түзеп, қорытындылайды, әңгіме-сұхбаттың қортындысын шығарады. Әңгіме-сұхбаттың сол әңгіме кезінде талқыланған мінез-құлық ережелерін жүзеге асыра алатын шынайы пайдалы іспен аяқталуы оң нәтиже береді.

Келесі айтыс – сананы, сенімді, мақсат-мұраттарды, құндылық бағыттарды қалыптастырудың күрделі әдісі. Айтыс дегеніміз оқушыларды толғандырып жүрген тақырыптар бойынша әртүрлі пікірлерді қалыптастыратын пікірталас. Айтыстар орта және жоғарғы сыныптарда адамгершілік, саяси, экономикалық, экологиялық, эстетикалық тақырыптарда жүргізіледі.

Бұл әдісте яғни, айтыстың тақырыбы таңдалып алынғаннан кейін, өзіндік пайымдауды қажет ететін 5-6 сұрақ белгіленеді. Айтысқа қатысушыларды осысұрақтармен тыныстырып (сыныпта немесе мектеп қабырғасына іліп қойып), әдебиеттер ұсынылады. Айтыстағы баяндама еркін әрі қызу болуы қажет. Айтыстыңжүргізушісі қызметін, әдетте мұғалім атқарады, бірақ ерекше дайындығы бар оқушылар да жүргізуші бола алады.

Кең қолданып жүрген әдіс үлгіге негізделген әдіс. Үлгі балалардың, жасөспірімдердің, жастардың қандай да бір үлгілерге еліктеуіне негізделген. Бұл – санасызеліктеуден саналы еліктеуге, бейнені көшіруден өзіндік бағытын қалыптастыруға, ойын ретінде еліктеуден өмірде шынайы еліктеуге, сырттай еліктеуден іштейеліктеуге ұмтылу. Тәрбие процесінде қолданылатын үлгілер өте көп. Олар ата-ана, үлкендер, жолдастары, әдеби шығармалардың, кино мен спектакльдердіңқаћармандары. Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру тәрбиелік процестің өзегі болып саналады. Ал, мұғалімдер іс-әрекеті дегеніміз,ең алдымен, ұйымдастырушылық іс-әрекет. Әдістердің осы тобы арқылы оқушылар өмірін мінез-құлық, қатынастар, қарым-қатынастар тәжірибесін біртіндепжинала бастайтындай етіп ұйымдастыруға болады. Бұл іс-әрекет арқылы әдеттер қалыптасып, жағымды мотивтер дамиды. Оқушылардың тіршілік әрекетінұйымдастыру пайдалы істер арқылы жүзеге асады.

Мұндағы топтың басты әдістерінің бірі – жаттығу, жаттығудың мәні белгілі бір әрекетті автоматты түрге айналғанға дейін қайта-қайта орындау, соныңнәтижесінде оқушының жеке тұлғалық қасиетінің Өзегі болатын дағдылар мен әдеттер қалыптасады. Адамның әдеттері адам өмірінде ерекше орын алады. К.Д.Ушинский айтқандай, адамның әдеттерді қалыптастыруға қабілеті болмаса, өз дамуында ілгері жылжи алмайды.

Мадақтау мен жазалау – ынталандырудың басты әдістері болып саналады.

Оқушылардың жағымды әрекеттерін қолдау үшін қолданады. Оқушының басқалар елеп мадақтаған жетістіктері қанағаттану, қуаныш сезімін оятып, оныңіс-әрекетіне дем береді. Мадақтаудың көп түрі бар: мақұлдау, мақтау, алғыс, құрметке бөлеу, грамотамен, сыйлықтармен марапаттау. Мадақтау әдісін белгілі бірмөлшерде қолдану керек. Орынсыз және шамадан тыс мадақтаудың тәрбиеге тигізер пайдасынан гөрі зияны көп. Мадақтауға төменгі талаптар қойылады:

1. Мадақтау оқушыны басқа оқушыларға қарсы қоймау керек; белгілі бір жетістіктерге жеткен оқушылармен қоса, берілген тапсырмаларды орындауда еңбекқорлық пен жауапкершілік танытқан оқушыларды да мадақтау;

2. Оқушылардың жеке ерекшеліктері мен олардың ұжымдағы мәртебесін ескеру, мадақтау жиі болмауы қажет;

3. Ұжымның пікірін ескеру;

4. Мадақтау әділ болуы қажет.

Ынталандыру әдістерінің қатарына жарыстар да жатады. Бұл әдіс оқушының бәсекелестікке, алда болуға деген табиғи қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Оқушылар өз сыныптастары арасында, өзара жарысып қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін игеріп, адамгершілік қасиеттерді дамытады. Жарыстарды ұйымдастыру – оқушылар психологиясын білуді талап ететін күрделі іс. Жарыстың мақсаттары мен міндеттерін алдын-ала анықтап, бағдарламасын құрастырып, оның нәтижелерін бағалаудың шарттары мен көрсеткіштерін қалыптастыру қажет. Жазалау дегеніміз педагогикалық ықпал ету әдісі, ол жағымсыз әрекеттердің алдын алып, оларды тежеуі қажет, өзінің, жолдастары мен басқа адамдар алдындағы кінәсін түсінуге шақыруы тиіс.

Жазалаудыңтүрлері: ұялту, жиналысқа салу, белгілі бір жеңілдіктерінен айыру сияқты түрлері қолданылады, ал төтенше жағдайларда сабаққа қатыстырмау немесе тіпті мектептен шығару (педагогикалық және оқушылар кеңесі бойынша) сияқты түрлері де қолданылады.

Жеке басты тәрбиелеудің түрлері мен әдістері өте көп, оларды тиімді қолдана алу да қажет. Ол үшін мынадай шарттарды ескеру қажет:

1. оқушылардың жас және жеке дара ерекшеліктерін ескеру, жекелік бағыттылық;

2. қазіргі тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне сай болу;

3. оқушылар ұжымының қалыптасу деңгейі;

4. оқушылардың тәрбиелілік деңгейі;