Педагогикалық процесс диагностикасындағы педагогикалық ақпараттар

 

1.Мектеп жұмысын диагностикалаудың негізгі көрсеткіштері.

2. Педагогикалық диагностикаға негіз болатын ақпараттар

 

Ұстаз еңбегі мұғалімнің әдістемелік даярлығының үнемі жетіліп отыруын талап етеді. Қойылған мақсат мұғалімнің педагогикалық процесс жағдайы туралы ақпараттарды игеру дәрежесіне тікелей тәуелді болады. Сондықтан, педагогикалық процестің өту барысы, кезеңдер нәтижелері және қорытынды көрсеткіштері туралы ақпарат алу мақсатында мұғалімнің мектептің (сыныптың) педагогикалық процесін диагностикалау білімі мен дағдысы болуы қажет.

«Диагноз» грек тілінен аударғанда танып-білуді білдіреді. Педагогикалық диагностика соңғы кездерде іс-әрекет нысаны және мұғалімнің басқару ұстанымын қарастырып келеді. Мұғалімнің іс-әрекет нысаны – педагогикалық процесс болса, мұғалімнің іс-әрекет нәтижелілігі оның біртұтас педагогикалық процесс теориясын қаншалықты білетіндігіне және диагностикалау дағдысын меңгеруіне тікелей байланысты.

Сонымен, педагогикалық диагностика – сипаттама үшін аса қажет білім мен іс-әрекеттің жиынтығы және педагогикалық процесс жағдайының себеп-салдарын анықтау, мақсаттар арасындағы қарама-қайшылықты және «педагог-оқушы» жүйесі мүмкіндіктерін айқындау. (В.К.Омарова)

 

Мектеп жұмысын диагностикалаудың негізгі көрсеткіштері.

Мектеп жұмысының дамуын келесі көрсеткіштер негізінде анықтайды:

- Мектептің инновациялық әрекеті: білім берудің мазмұнын жаңарту (жаңартылған негізгі және қосымша компонентерді білу), жұмыстың әдістері мен формаларын жаңарту (танымдық әрекетті ұйымдастырудың дара және топтық түрлерінің басымдылығының болуы, бағдарламаларды еңгерудің рефлексивті әдістемелері).

- Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру тәсілдері: өзін-өзі басқару, оқыту мен тәрбие мақсатына жетуге бағытталған мұғалімдер мен оқушылар және ата-аналардың ынтымақтастығы; мұғалім мен оқушының әрекетін бірлесіп жоспарлау және ұйымдастыру; БПП-ға қатысушылардың мотивациясының жоғары болуы; оқушыларда білім беру мазмұнын, профильді, білім алу формаларын таңдауға құқықтың болуы.

 

- Оқу-тәрбие процесінің тиімділігі, алынған нәтижелердің жоспарланғанмен сәйкестігі: оқушылардың тәрбиелілігі мен білімділігінің жоғары деңгейі (75%-дан жоғары) (ғылымның белгілі бір саласынан білімдар болуы, оқуға, еңбекке, табиғатқа, қоғамдық нормалар мен заңға, әдемілікке және өзіне деген қатынасы).

Педагогикалық диагностика педагогикалық ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Педагогикалық ақпараттың өзге ақпараттан ерекшеліктері төмендегідей:

- ақпарат ұзақ мерзімді (жылдық, жарты жылдық, тоқсандық) перспективтік жоспарлаудың негізін құруы тиіс;

- ақпарат мұғалімге жекеленген оқушылармен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізудің міндеттерін реттеуге мүмкіндік тудыруы қажет;

- ақпарат оқушылармен жүргізілетін жұмыс мазмұнын сұрыптаудың негізін салуға лайық болуы керек;

- Ақпарат мұғалімді іс-әрекеттің қандай түрін оқушылармен ұйымдастыру керектігіне және ол іс-әрекет оқушыларды неге үйрететіндігін түсінуге жетелеуі тиіс;

- ақпарат әр мектеп оқушысын нақты іс-әрекетке үйретуге, нақтылауға үйретуі керек.

 

Мұғалімге ақпараттың үш түрі аса қажет:

1. Бастапқы ақпарат – ол оқушылар туралы алғашқы мәліметті алуға көмектеседі. Бастапқы ақпарат жеткілікті ұзақ мерзімде (1-3 жыл, одан да көп) қалыптасады және жеткілікті ұзақ мерзімді әрекеттегі педагогикалық процестің тенденциясын көрсетеді.

2. Тактикалық ақпарат – ол оқушылармен жүргізілетін жұмыс формаларын (жекеленген шаралар жүргізу) дұрыс құрастыруға көмектеседі. Тактикалық ақпарат мұғалімнің нақты бір кезеңді өткізу кезіндегі педагогикалық процестің кейбір мәселелерін нәтижелі шешу мүмкіндіктерін көрсетеді.

3. Жедел (ағымдық) ақпарат – ол алдыңғы екі ақпаратты толықтыруға, педагогикалық процесс жағдайы туралы нақтылы мәлімет алуға жол ашады. Ол қысқа мерзім бөлігінде толығып отырады. Дегенмен оның мәні тез жойылады.

 

Сонымен педагогикалық ақпарат – нысан туралы барлық мәліметтер емес, керісінше оның мәнді, әрі керекті, педагогикалық процесті көрсететін негізгі сипаттамалары.

 

Педагогикалық диагностикаға негіз болатын ақпарат сипаты төмендегідей бөліктерден тұрады:

1. Оқушылар үлгерімі:

- оқушылар үлгерімінің жалпы пайызы;

- үлгерім сапасының пайызы;

- орта тоқсандық балл;

- оқушылардың оқу-танымдық біліктерді меңгеру сапасының пайызы;

- оқушының сынып ұжымындағы мәртебесі.

 

2. Оқушылар ұжымының қалыптасқандығы:

- сыныптағы сайланған және шынайы белсенділердің сәйкес келу пайызы;

- «жекеленген» балалар пайызы, теріс тәрбие алған балалар пайызы;

- қоғамдық міндеттерін орындайтын оқушылар пайызы.

Бұл сипаттама бойынша сынып ұжымы ішіндегі тұлғааралық қатынастар, белсенділірдің мәртебесі туралы мағлұмат алуға жол ашады.

 

3. Оқушылардың қоғамдық белсенділігі:

- қоғамдық міндеті бар оқушылар пайызы, өз бастамасы бойынша қоғамдық міндеті бар сынып оқушыларының пайызы,

- міндетті орындауда есеп беретін оқушылар пайызы;

- міндеттердің сипаты (оқу, оқудан тыс, сыныптық, мектептік т.б.)

- есеп беру түрі және қоғамдық міндеттердің орындалуы туралы есепті кім қабылдайтындығы. (Мұғалім, сынып жетекшісі, сынып белсенділері).

 

4. Оқушылар отбасының әлеуметтік-психологиялық портреті:

- отбасы құрамы;

- ата-аналардың мамандығы, әлеуметтік жағдайы, қызығушылықтары;

- толық емес отбасынан шыққан оқушылар пайызы;

- сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне қатысатын ата-аналар пайызы;

- өз бастамасымен мектепке келіп тұратын ата-аналар пайызы.

 

5. Педагогикалық ұжым жағдайы:

- мұғалімдердің өз әрекетін және басқару ісінің объектісін осы заманға сай ұға білуі;

- педагогикалық процесті басқарудағы мұғалімнің теориялық және әдістемелік даярлық деңгейі;

- оқушылар ұжымын қалыптастыру әдістемесін білу;

- оқушы отбасымен жұмыс істеуге дайындық;

- дарындылармен және тәрбиесі нашар балалармен жұмыс істеуге дайындық;

- мұғалімнің өздігінен білім алу жұмысы.

 

Педагогикалық процестің барлық сипаттамалары бойынша шынайы диагностикалық мәліметтер алу үшін ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістерін, оқушы іс-әрекетінің нәтижесін зерттеуді, сауалнаманы, сабақты, оқу мен оқудан тыс әрекеттің басқа да түрлерін талдау мен өз бетінше талдауды, бақылау, әңгімелесу, диагностикалық карталар толтыру, тест т.б. кешенді түрде пайдалану қажет.

 

Диагностикалық мәліметтер педагогикалық процесті басқаруда мезгілінде түзету енгізу, педагогикалық процесті басқарудың алдағы жоспарын сапалы етуге жол ашады