Баспасөз тілі – жазба тіл. Әдеби тіл.

Қазақтың әдеби тілі және баспасөз тілі жөнінде көрнекті зерттеуші, ғалым Қ.Жұбанов: «Қазақ әдеби тілін зерттеу жұмыстары көбінесе Абай, Ыбырайдың тіл ерекшеліктеріне, жазба әдеби тілді қалыптастырудағы қызметтеріне байланысты болған. Қазақ әдеби тілін демократиялық бағытта қалыптастыруда зор еңбек сіңірген Абай мен Ыбырай қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы деп таныдық», - дей келе, одан әрі, - «1936 жылы жарық көрген «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген еңбекте әдеби тілдің пайда болуындағы Абайдың ролі дұрыс көрсетілген болатын. «Абай ... әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдебиет тілінің іргесін қалады», - деп ойын дамытады. Ал, ғалым С.Аманжолов болса: «Нақтылығы әдеби тіл дегеніміз көркем әдебиеттің тілі ғана емес, ол – ғылымның барлық саласын қамтитын, халыққа өнер-білім беретін, тәлім-тәрбие үйрететін баспасөздік тілі», - дегенді айтады.

Ал қос ғалымның осы ойын зерттеуші С.Исаев: «Баспасөз тілі – жазба тіл. Қай дәуірде болмасын мерзімді баспасөз өзі қызмет ететін халықтың тілін пайдаланып қана қоймайды, оның байып, дамып отыруына әсер-ықпалын тигізіп отырады. Мысалы, бір номерінде жалпыхалықтық тілдің сөз байлығы терең пайдаланыла алмайды. Демек, жалпыхалықтық тілдің баспасөзде қолданылуы кейде бір қарағанда сезіле бермейтін тілдік элементтерді таңдап алумен астасып жатады», немесе «Қазақтың мерзімді баспасөз тілі бірден туып, қалыптасып кеткен жоқ. Мерзімді баспасөз тілінің тууы қазақ тілінде газет, журналдардың алғаш дүниеге келе бастауымен тығыз байланысты болса да, одан бұрынғы және сол кездегі жазба тіл, жалпыхалықтық тілдің нормаларынан ауытқып кете қоймайды» - деп нақтылай түседі.

Осыдан барып біздер баспасөздің тілі де сол жалпыхалықтық тілдің негізінде дамып, көрініс табатын сала екендігін байқаймыз. Яғни, жалпыхалықтық тілдің сөздік қорын, лексикалық жеке сөздерін ұғынып, өз дәрежесіне сай қолданылуын басапсөздің тілі дейміз. Сондықтан жатық, тартымды, оқырманына түсінікті, жеңіл оқылатын етіп жазу – баспасөздің тілі болып есептеледі.

Мәселен, кейбір газеттердің тілі жатық екен дейміз. Мұның өзі олардың тілдік қоры жақсы пайдалана алатындығының белгісі, ол үшін біздер ауыз әдебиетімізді, тарихымызды бес саусағымыздай жақсы білумен қатар, түрлі сөздіктерді көркем әдебиеттерді де көп оқуымыз керек. Бізде «Тілге жарымаған журналист, бізге жарымаған етікшіге тең» деген қанатты сөз бар. Яғни, бұл жазушының немесе журналистің тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек дегенді меңзейді әрі қалам иесінен, автордан осыны талап етеді. Қалай болғанда неғұрлым мол, шұрайлы болса, сөз өнеріндегі мазмұнды шығарма халыққа қажет рухани байлық екендігіне дау жоқ.

Әдеби тіл - жалпы халықтық тілдің белгілі жүйеге түскен, жазу дәстүрі мен әр түрлі жазба және ауызша әдебиеттің негізінде қалыптасқан тұрақты, орныққан қалыптары, стильдік-жанрлық тармақтары бар, сол тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ, түсінікті.

Әдеби тілдің жүйелік сипат алып, тұрақты нормаланып қалыптасуында, сұрыпталып, икемделіп, жетіле түсуінде, жанрлық-стильдік тармақтарының қалыптасып, дамуында жазба әдебиеттің алатын орны ерекше. Бірақ Әдеби тіл деген ұғымды, бір жағынан, тек жазба әдебиетпен байланыстырып, жазба тілмен балама деп тану, екінші жағынан, Әдеби тіл тарихын сол халықтың қоғамдық, әлеум., экон., мәдени тарихынан бөліп алып, соның нәтижесінде жазуы болмаған я кеш дамыған халықтың, бай ауыз әдебиеті, ауызша тарап келген әр жанрдағы халықтық әдебиеті болса да, Әдеби тілі жоқ, я болмаса кеш қалыптасқан деген үзіледі-кесілді пікір айту шындыққа жанасымды бола бермейді. Әдеби тіл тек жазба әдебиет негізінде ғана қалыптасып, дамып қоймайды, бұл процесте, мыс., қазақтың шешендік сөздерінің, ақын-жырлаулар шығармашылығының, айтыс ақындарының, лиро-эпик., батырлар жырларының, жалпы ауызша әдебиет түрлерінің де өз орындары бар. Оның үстініне Әдеби тілдің орфогр. нормасымен бірге орфоэп. та нормасы бар екенін мойындасақ, ауызша әдебиеттің те Әдеби тілді қалыптастырып, дамытуда орны бар екенін байқаймыз. Сондықтан, біріншіден, Әдеби тіл деген ұғым мен жазба тіл, жазба әдебиет тілі деген ұғымдар бір-бірімен қарым-қатынасты, байланысты болып келгенмен, тепе-тең, бір емес, екіншіден, жазба тіл әдебиліктің бірден-бір негізгі критериі, мәнді қасиеті бола алмайды, ол тек Әдеби тілдің даму дәрежесінің көрсеткіші, демек, жазба тіл мен ауыз екі тіл жалпы тілдің, соның ішінде Әдеби тілдің өмір сүру формасы болып табылады. Сол сияқты Әдеби тілді стильдік-жанрлық тармақтары бар деген белгі де әдебиліктің емес, Әдеби тілдің даму дәрежесінің сапалық көрсеткіші. Тілдің әдебилігінің мәнді сипаты, бірден-бір көрсеткіші — халықтың белгілі кезеңдегі қоғамдық, рухани, мәдени өмірінің құралы бола алуы, халықтың рухани байлығын, сөз өнерін жеткізудің, мәдени талап-тілектің қоғамдық көрінісі, құралы мен оны іске асырудың амалы бола алуы. Осындай міндетті атқаратын тіл ғана Әдеби тіл болмақ. Сонда ғана ол жалпы халықтық тіл деген ұғымнан өзінің жүйелілігімен, тұрақты нормалылығымен, сұрыпталып, өңделген қасиеттерімен, даму сатысының жоғары дәрежесімен, қоғамдық қызметінің айқындылығымен, сан алуандығымен ерекшеліне алады және өзі қызмет ететін халықтың қоғамдық даму тарихымен, саяси-әлеум.,экономика, мәдени ерекшеліктерімен байланысты әр түрлі формада өмір сүруге икемделеді.

Әдеби тілдің қоғамдағы басты қызметі — адамдар арасындағы қатынас құралы болу. Сондықтан жалпы тіл атаулыға тән қасиет-коммуникативтік қызмет Ә. т-ге де тән. Әдеби тіл арқылы айтушының, жазып қалдырған адамның ойын, пікірін ұғамыз, сұрағына жауап береміз. Ә. т. арқылы өзіміз көзбен көрмеген оқиға туралы мағлұмат аламыз. Яғни пікір алысу, ой жеткізу, адамдардың бір-бірімен ұғысуы, білмегенді білу, білім, тәлім-тәрбие, тағлым алу Ә. т-дің осы коммуникативтік қызметі арқылы жүзеге асады. Бірақ Әдеби тілдің коммуникативтік қызметі адамдар арасындағы қарым-қатынас құралдарының басқа түрлерінен қалыптасқан белгілі тіл заңдылықтары, тілдік элементтер жүйесінің құралдық, құрылымдық, қолданыстық жағынан тұрақты нормаларының болуы арқылы ажырытылады. Мыс., ойды білдірудің ең кіші тілдік бөлшегі сөйлем болса, ол белгілі тәртіппен орналасқан, белгілі тұлғалар арқылы грамматик. байланысқа түскен, мағыналары сәйкес сөздерден, ал сөздер дәл сол сияқты морфемалар мен дыбыстардан тұрады, сөйтіп сөйлем жүйелі құрылым құрайды да, ерекше коммуникативтік қызмет атқарады. Сол арқылы қате құрылған сөйлемді, орынсыз қолданылған жеке сөзді, сәйкессіз тіркестерді, кейбір дыбыстық ауытқуларды тауып, анықтай аламыз. Сонымен бірге Ә. тіл арқылы белгілі бір оқиғаны оқушыға жеткізіп қана қоймай, сезіміне әсер етуге де болады, яғни оқушысын бірде күлдіріп, рахаттандырып, көңіліне нұр сеуіп, өсіреді, бірде жылатып, көңілін күйдіріп, қайғыртады. Бұл — Әдеби тілдің экспрессивтік-эстетик. қызметі болып табылады. Әдеби тілдің қалыптасу жолын нақты көрсете алатын ерекшеліктерге назар аударсақ, әр түрлі Әдеби тілдер арасындағы ұқсастықтар мен ортақ сипаттарды байқауға болады. Солардың негізінде Әдеби тілдің қалыптасуының негізгі үш жолын көрсетуге болады:

1. Әдеби тіл белгілі халықтың бір ғана тобы сөйлейтін бір диалектісінің негізінде қалыптасады. Ондайға бұл диалектінің не геогр., не экон., не лингвистика, не тектік-этник., не мәдени дәрежесі т.б. жағынан артықшылығы болады. Орыс Әдеби тіл Мәскеу диалектісінің, татар Әдеби тіл Қазан (орта) диалектісінің негізінде қалыптасты деген қорытынды осындай ерекшеліктерге сүйенеді.

2. Әдеби тіл кейде сол халықтың өз ана тілі емес, бөтен халықтың тілі болуы да мүмкін. Бөтен тілдің әдеби тіл болуы сол халықтың тәуелсіздігінің жоқтығымен, басқа бір елге бағынышты болуымен, мәдениетінің мешеу қалуымен байланысты. Кейде ондай әдеби тіл ол халық үшін белгілі бір мерзім ішінде өмір сүріп, кейін ол қасиетінен айрылып қалуы мүмкін, немесе жергілікті халық тілімен қатар өмір сүріп, көбіне тек ресми әдеби тіл шеңберінде қалып та қояды, немесе жергілікті халық тілімен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде әр түрлі өзгерістерге ұшырауы да ықтимал.

3. Көп жағдайда әдеби тіл сол халықтың бар болса барлық, я бірнеше диалектісінің негізінде немесе жалпы халықтық тілінің негізінде, сол сияқты сөйлеу тілі мен бай ауыз әдебиетінің дәстүрінде қалыптасады. Қазақ әдеби тілі, соңғы кезде тіл мамандарының көрсетуінше, жалпы халықтық тілдің негізінде қалыптасты деп саналады.

Жалпыхалықтық тіл және оның формалары. Тіл – қоғамдық құбылыс. Тілдің даму тарихы қоғамдық өмірмен тығыз байланысты. Тіл қоғам өмірімен бірге жасап, бірге дамиды. Қатынас құралы болып саналатын тілдің адам қоғамында алатын орны ерекше зор. Қоғам мүшелерінің бір-бірімен қатынасы олардың бәріне бірдей түсінікті ортақ тіл арқылы жасалады. Ол ортақ тіл жалпы халықтық тіл деп аталады.

Қолданылу ерекшелігіне қарай жалпы халықтық тілдің ауызшажәне жазбаша түрлері болады. Мұнда ескертетін бір жай : «ауызша», «сөйлеу тілі» мен «жазбаша» және «кітаби» дегендерді бір-бірімен мағыналас деп қарауға болмайды. Сондай-ақ тіл мен сөздің де өз алдына жеке ұғымдар екенін ескерген жөн. Тіл мен сөз әрқашанда диалектикалық бірлікте қаралады. Тіл мен сөзді бір-бірінен бөліп ажырату үшін, ең алдымен тілдің қандай элементтерден тұратынына көңіл аударған жөн. Тіл құрайтын элементтер: морфема, сөз, сөз тіркесі және сөйлем. Бұларды тіл жүйесі деп те атайды. Тіл жүйесінсіз сөйлеу де болмайды. Осы арқылы адамдар өзара пікір алысады. Сөз тұтас бірліктер танылып қабылданады. Сөз ауызша және жазбашаболып бөлінеді.

Ауызша сөйлеуде әр түрлі сазды үн шығады, яғни адамдар айтайын деген ойын бір-біріне үнді тіл арқылы жеткізеді. Сөйлеуде есту сезімі қатысады. Ауызша сөйлеу интонациялық құбылмалылыққа өте бейім тұрады. Ол тілге әр түрлі мәнерлік, әуезділік сипат береді. Интонация деген ұғымға сөйлеу темпі, сөйлеу сазы, дауыстың құбылуы, екпін т.б. сияқтылар енеді.

Жазбашада бұл көрсетілген ерекшеліктер болмайды. Өйткені, онда ой қағазға жазылып жеткізіледі. Яғни жазу тілдің, көзге көрінетін белгілері/дыбыс құрамы, сөз тіркесі/ арқылы адам ойын жеткізу тәсілі ғана.

Жазбашада ой тілдің көзге көрінетін белгілері қағазға жазылып жеткізілетін болғандықтан, онда ауызша сөйлеудегідей әңгімелесушінің қатысып отыруы шарт емес.

Сонымен жазу – ол белгілі бір мәтін. Бұл түрлі текстер /газет, журнал, кітаптардағы материалдар/ әр жай, күйді білдіріп хабарлайды. Ал, хабар – тіл фактісі. Сөйлеуде де, жазуда да тіл жүйесі пайдаланылады. Оларға дыбыс құрамы, сөз тіркесі және сөйлем жатады. Сондықтан сөйлеу де, жазу да – тіл фактісі болып есептелінеді.

Тіл – қоғам өмірінде адамдардың өзара пікірлесу, түсінісу қызмет атқарады. Тіл оймен тығыз байланысты. Сондықтан тілді оймен байланысты өткір құрал ретінде жұмсай білу үшін оның даму заңдылығына, қазіргі жағдайына, байлығына, негізгі қағидаларына қанық болу керек. Халықтың тіл қазынасын меңгеру, тілді өткір құрал ретінде ұстарта білу – үлкен өнер. Әрбір мәдениетті кісі сол өнерді үйренуге, тіл мәдениетін арттыруға талпынады.

Әдетте мәдениет – қоғамның оқу – білім, ғылым, өнер тағы басқа рухани табыстарының жиынтығы деп білеміз. Тіл оған жатпайды, бірақ мәдениеттің елеулі формасы деп есептелінеді. Осы орайда оның мәдениетті дамыту қызметі ерекше болады. Тіл мәдениеті деген ұғым тілдің мәдениетке қатысты екенін аңғартпайды, тілдік тәсілдердің кемелдену, ширау, жүйелену дәрежесінің қандай екенін меңзейді. Сондықтан сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, сауаттылық, айқын ойлылық, ізеттілік тіл мәдениеті дегенге енеді.

Тіл мәдениеті үшін күрес, сайып келгенде, тіл тазалығы, ой дәлдігі үшін күрес. Ал «тіл тазалығы үшін, мағына дәлдігі үшін, тіл өткірлігі үшін күрес – мәдениет құралы үшін күрес», - деген болатын М.Горький. – Бұл құрал неғұрлым өткір болса, ол солғұрлым нысанаға дәл тиіп, ол солғұрлым жеңімпаз болмақ». Халықты тіл мәдениетіне үйрететін баспасөзге аса жауапты міндеттер жүктеледі. Баспасөздің бұл міндеттерді абыроймен орындап, әдеби тілді дамытуға, тіл мәдениетін арттыруға елеулі үлес қосқанын жақсы білеміз. Әсіресе халықпен күн сайын, сағат сайын тілдесіп отырған республикалық, облыстық газеттердің осы тұстағы қызметі ерекше.

Алайда, кейде баспасөз бетінде, жеке кісілердің сөзінде жазуында тіл мүкістігі, тіл мәдениетінің ақауы байқалып жүр. Тіл орашолақтығы бара-бара «тіл ауруына» айналуы мүмкін. Сондықтан сөйлеуде, жазуда кездесетін кемшіліктерді дер кезінде қоғам тезіне салып отыру керек деп білеміз.Мәдениетті кісілер тосырқап қарайтын, әдеби тілдің қалыптаса түсуіне, тіл мәдениетіне нұқсан келтіретін кемшіліктер аз емес. Олардың бастылары мыналар:

1.Орфографиялық қателер. Қазақ халқының жазу мәдениетін жақсарту мақсатында алфавит пен орфографияға бірнеше рет /1929 жылы латын алфавитіне, 1940 жылы орыс графикасына негізделген алфавитке көшу жөнінде/ реформа жасалды. 1957 жылы әріптердің алфавит тәртібі жөнделіп, рофография ережелеріне біраз өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде жазуымыз әлдеқайда жөнге келіп, халықтың сауаттылығы артты, ресми түрде қабылданған орфографиялық ережелер бойынша жазу дәстүрге айналып келеді. Алайда кітаптарда, газет-журналдарда сөздерді қате жазу жиі кездеседі. Әсіресе біріккен, дублет сөздерді жазуда бірізділік жоқ. Ондайды жөнге салатын орфографиялық сөздіктердің де кемшіліктері аз емес. Біздің баспасөзіміз бір сөзді бірнеше құбылтып, мысалы, қадірлі, қадырлы, кәдірлі деп, ақиқат, ахиқат деп, педогогтік, педагогтық деп түрлендіріп жаза береді. Біріккен сөздерді жазудағы алақұлалаықтан аяқ алып жүре алмайсың. Мұндайға жұрттың көзі үйреніп, жаман әдетке айналып барады.

2. Орфоэпиялық қателер. Әдеби тіл сөйлеу тілінен нәр алып дамиды да, керісінше, сөйлеу тіліне ықпалын тигізеді. Мәдениетті ккісілер елдегі қарапайым кісілерше сөйлегенде де, әдеби тілдің нормаларына бой ұра, әдеби тілдің тұрқын бұзбай сөйлеуге тырысады. Осы бағыт жалпы халықтық дәстүрге айналып, жұрт әдеби тілде сөйлейтін болады. Қазақ тілінде осы процесс жүріп жатыр. Бірақ сөздердің айтылу нормасы және сол норманы сақтап сөйлеу талабы ескерілмей, елеусіз қалып келеді.Сондықтан сөздердің айтылуындағы алақұлалық басым.Бұл кемшіліктерден арылу үшін әрбір сөздің дұрыс айтылу нормасын сақтап сөйлеуді тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі етіп қою керек.

3.Стильдік қателер. Сөйлеуде де, жазуда да нысанамыз – ой дәлдігі болмақ. Қолына қалам ұстаған кісі өз ойын қағазға түсіргісі келсе, соны қалай жазсам екен деп ойланады. Бұл оның өз ойына лайық сөз іздеп, сөйлем құрудың жолын қарастырғаны. Тілде бар мыңдаған сөздерден дәл сол ойға лайық сөз талғап, оны басқа сөздермен тіркестіріп, сөйлемді дұрыс құру оңай жұмыс емес. Кісі оқу, үйрену, жаттығу арқылы ойын емін – еркін, әрі дұрыс жазуға төселеді. Соның өзінде құнтты, ұқыпты болу керек.

Жарыққа шыққан кейбір кітаптар мен газет- журналдардан кейде білместіктен, кейде ұқыпсыздықтан жіберілген стильдік қателер көп кездеседі; сөздерді орынсыз қолдану, дұрыс тіркестірмеу, сөйлемдерді дұрыс құрастыра алмау сияқтылар да – сауатсыздықтың белгісі. Сөздегі алақұлалық жергілікті ерекшелікті /диалектизмді/ көп қолданудан болады. Қазақ халқының әдеби тілі белгілі дилект негізінде емес, жалпы халық тілінің түрлі говорлары қатысуымен жасалғандықтан, әне жердің сөзі неғып жүр, мына жердің сөзі кімге керек?... деуге болмайды. Бірақ соларды тыңдап, талғап керекті жерінде қолданудың орнына оларды беталды қаптата беру байқалады. Мұндай жергілікті ерекшеліктерге әуестенушілік әсіресе, жазушылар қауымы арасында күшті. Бұл да стильдік қатеге жатады. Баспасөз бетінде, жиналыстарда, оқта-текте болса да, тіл мәдениетіне қатысты пікірлер айтылып жатады.

Пайдаланатын әдебиеттер:

1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев. Қазақ тілінің стилистикасы. А, 2005ж

2. Қазақ тілінің мәдениеті. А, 1971ж

3. Т.Қожакеев. Жас тілшілер серігі. А,1991ж

4. Б.Жақып. Қазақ публицистикасының тарихы мен қалыптасуы. А, 2007ж