Корреспонденцияның өзгешеліктері.

Зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, корреспонденция репортажға жақын, сол сияқты оның бойынан мақал мен очерктің де элементтері кездесіп қалады. Бірақ, оның да өзіндік жазылу шеңбері, сөз қолдану жүйесі бар. Корреспонденцияның стилдік әрі жанрлық ерекшелігі материалды жинап, қорытуынан, оқырманға ұсыну үлгісінен байқалады. Бұл жанр газет бетінде көп кездеседі. Ол негізінен озат адамдардың істерін үлгі етіп, жақсы тәжірибелерді көпшілікке насихаттайды.

Корреспонденция көбіне баяндау стилімен жазылады. Оқиға, болмысты, фактіні, өзіндік жүйесімен логикалық байланыста баяндайды.

Баспасөз бетінде қазір көбіне проблемалық корреспонденциялар жиі жарияланып жүр. Бұл бүгінгі таңдағы экономикалық жағдайларға тікелей байланысты болуы керек.

Корреспонденция үнемі жаңғыртылып, желпіндіріліп жазылуы қажет. Бірқалыптылық, бірізділік оған жат көрініс. Керісінше, бұл жанрдың тіліне мақал – мәтел, қанатты сөз, эпитет, келісті көріністерді суреттеу тән. Корреспонденцияның тағы бір ерекшелігі ол нақты фактінің жанры болғандықтан, көрген, әбден зерттеген объекті немесе субъектісін шындықпен әр қырынан алып суреттейді.

Баспасөз беттерінде өзінің тұрақты оқырмандарын қалыптастыру үшін корреспонденцияларды белгілі бір айдарлардың аясына топтастыру арқылы береді. Мұндай жағдай, оқырманның көп әуреленбей, оны жылдам тауып оқуына себеп болады. Көбіне, оларға қойылатын айдарлар бір – бірлеріне ұқсас болып келеді. Өйткені, сол тақырып арқылы оқырман алда сөз болатын информациядан түсінік алуға тиіс. Яғни, бұл жерде тақырып мәтіннің мазмұнын ашып көрсететіндей дәрежеде болуға тиіс. Корреспонденцияның грамматикалық формасы тек жалғыз бастауыш немесе сын есіммен бірлескен бастауыш, тағы да басқа сөз топтарымен байланысқан бастауыш, кейде қос бастауыш түрінде болып келеді.

Сондай-ақ, бастапқы жолдар да корреспонденцияда үлкен роль атқарады. Себебі, онда бұл жанрда берілетін информация туралы қысқаша сипаттама беріледі.
Композициялық, мағыналық, стилистикалық тұрғыдан алғанда корреспонденция мәтіндегі бастау (зачин) бірнешеге бөлінеді. Мұнда бастау айтарлықтай орын алмаса да, оқырманға проблеманы түсіндіру, өте маңызды, ол корреспонденциядағы негізгі сұраққа жауап беру қызметін атқарады. Жалпы алғанда, бастау мәтіні оқуға түрткі болуға тиіс. Олардың стилистикасына, мәтіні мен ара қатысына қарап төмендегідей топтарға бөлеміз:

 

1. Суреттеме бастау.

2. Сюжетті бастау.

3. Ақпаратты бастау.

4. Көріністі суреттейтін бастау.

5. Сілтеме (отсылочный) бастау.

Корреспонденция жанрының екінші бір ерекшелігі оның аяқталу түйінінің болуында жатыр. Бұл жанрдың құрылымдық негізінде түйіндеудің орны ерекше болып келеді. Өйткені, мұнда қорытынды болуы шарт. Қорыта айтқанда, түйіндеуде корреспонденцияның мазмұнын ашатын ойдың қысқаша дәні берілуі тиіс.
Мәтінмен байланысына, грамматикалық безендірілуіне (модальдық) және стилистикалық бояуларына қарай түйіндеулерді мынадай реттіктермен қарастыруға болады.

Қорыта түйіндеу. Бұл жағымды дүниелерді суреттейтін информациялық корреспонденцияға тән қасиет.

1. Талдап қорыта түйіндеу. Нақты айтқанда бұл бір мекемені жаза отырып, олардың кездесетін қасиеттеріне талдау жасау арқылы көпшілікке үлгі ету, соған ұқсауға шақыру немесе сабақ ретінде кемшіліктерінің сырына шұқшия үңіліп, енді оны қайталамауға үндеу.

2. Түйінді түйіндеу.Алдыңғы атылған жайларға қорытынды, түйін жасау арқылы аяқтау.

3. Тұжырымдалған шешімді түйіндеу.Мұндай корреспонденцияда қорытынды жасай отырып, алда тағы қандай жұмыстар істеп, нені шешу жөнінде сілтеме беріледі.

4. Кепілдемелік түйіндеу. Мұнда қорытындымен бірге ұсыныстар да айтылады.

5. Қаратпалық түйіндеу.Бұл сыни корреспонденцияға арналған. Соңында кемшіліктерді жоюдың жолы көрсетіледі.

6. Сенім білдіре түйіндеу.Проблемалық корреспонденциялаға тән. Кемшіліктерді көрсете отырып, оларды жақсартудың жолдарын сенім білдіре ұсынады.

7. Көріністік түйіндеу. Бұл да проблемалық корреспонденцияға тән. Мысалы, жаңа салынған завод немесе құрылысты сипаттай отырып, оның алдағы жұмыстары жөнінде оқырманға оның нақты көріністерін ұсынады.

Корреспонденциядағы түйіндеуді қорытып айтатын болсақ, «Бұл іске көңіл бөлу керек», «Мәселеге терең үңілген жөн» деген сияқты жалпылама қорытындылар емес, нақты ой – пікір, ұсынысы бар қорытынды түйіндер жасалуы тиіс. Корреспонденцияға тән лексика ол ауызекі сөйлеу стилі мен ғылыми, публицистикалық стильді пайдаланады, корреспонденцияда өзі жазып отырған дүниенің тарихына көп мән бере бермейді. Оның мақсаты – қазіргі заманға лайық әрі ескілікті екшеп, болашақты жазу. Сондықтан да онда жаңа сөздер, терминдер, кәсіби диалекті сөздер көп қолданыс табады. Газет материалдарында сандық (цифрлық) мәліметтер келтірген жөн. Бұл өзі сипаттаған оқиғаны автордың жақсы зерттегендігінің белгісі әрі нақты фактілерді пайдалану материалдың құнын арттыра түседі.

Автордың «менінің» корреспонденциядағы көрінісі, біріншіден, автордың материалды жазғанда оқиғаны қалай алғанынан, зерттегенін 1-ші жақпен баяндағанынан көрінеді. Екіншіден, 1-ші жақтың көпше түрін пайдаланып, «біз» деген есімдік арқылы өзі де жазып отырған материалының оқиғасына етене араласып кетеді.

Очерк.Публицистикалық жанрлардың ішіндегі ең қиын да күрделісі. Оны тілдік қызметіне қарап екі жанрға жақындастыруға болады. Бірі – публицистикалық, екіншісі – көркем әдебиет, очерктің портреттік, жолсапар, проблемалық деген түрлерінің барлығы белгілі. Жалпы алғанда «Очерк публицистикалық жанр ретінде үлгілі оқиғаны, құбылысты, оның кейіакерлерін насихаттайды. Басқа жанрлардан ерекшелігі очерктің бойында көркем әдебиеттің элементтері көптеп кездеседі. Ал, көркем - әдебиеттің жанрларының ерекшелігі – нақтылық, фактіні қолдану және публицистикалық элементтердің болуы. өмір құбылыстарын терең зерттеп, сырына ерекше мән бере отырып, очерк түрлі проблемаларға барлаушы ретінде араласып, ескілікпен күресіп, болашақты насихаттайды».

Очерктің тақырыбына шек қойылмайды. Адам өміріндегі еңбек, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, мәдениет және т.б. – бәрі оның қамтитын тақырып аясына сыйып кетеді. Тілдік құрылымы жағынан әдеби тілдің жазбаша түріне жатады, бірақ тақырыптық шектеудің жоқтығынан ол өзіне сойлеу тілінің әр түрлі жағдайын бейімдей алады.

Очерк өзінің белгілері жағынан алғанда жоғарыда айтқанымыздай публицистиканың ең қиын жанры. Өйткені, очерк жанр ретінде публицистикада да, көркем әдебиетте де кездеседі. Очерк еңбек адалсы мен озат ұжымның жақсы тәжірибесін, биік көрсеткішін насихаттайтын, көптің ортақ игілігіне айналған жанр. Ол көбіне сол адамдардың қол жеткен табыстары, адамгершілік әрекеттері туралы жылы лебіз білдіріп, тебірене баяндайды. Оның басты объектісі – адам.

Очерк публицистикалық жанр ретінде танымал оқиғаны, болған құбылысты осы оқиғаның басты кейіпкерін образды түрде суреттейді. Ең алдымен дәуір талабына, сол кезеңнің күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелеріне үн қосады. Очерк көркем суреттеулермен қатар публицистикалық баяндауларға барып, әлеуметтік – статистикалық дәлел – деректерді пайдаланады.

Тіл құралы қызметі жағынан әдеби тілдің жазба түріне жатады, бірақ тақырыптық шектеудің жоқтығынан жоғарыда айтып өткеніміздей, ол өзіне сөйлеу тілінің әр түрлі жағдайын бейімдей алады. Көркем сөз-ойды және сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер. Тілді көркем пайдалану баспасөзде ерекше эстетикалық қызмет атқарады. Адам өз ойын тілдік құрал арқылы дараласа, көркем шығармалар жазушы, журналистің өмір тануына, қоғамға көзқарасы, сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі, әдемі тілмен жазу мәнері мен шеберлігінен туындайды. Сөйлеу тіліміздегі сөздер бұрыннан үйреншікті қалыпта жұмсалады, ал көркем шығармада болсын, публицистикалық жанрларда болсын сөздер сараланып, іріктеліп белгілі стильдік мақсатта қолданылады. Көркем сөзбен жазылған әдеби шығарма болсын, корреспонденция, мақала, очерк болсын өмір фактілерін жан-жақты терең қамтитын – жанды организм. Онда адам да, құс та, табиғат та қатысады.

Тұрмысымыз, шаруашылығымыз, мәдениетіміз, экономикамыздың даму жолдары көрсетіледі. Публицистикалық шығармалардың өз объектісі, проблемасы, ал көркем шығармаларда жағымды, жағымсыз кейіпкерлері болады. Олардың әрқайсысының бейнесін, образын, портретін ашу үшін іс - әрекеті, ой - өрісі, өмірді тануы, яғни, әр кейіпкердің тіл ерекшеліктері болуы шарт.

Шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік ерекшелігін айқындауда тілдік ерекшеліктердің мәні зор. Мұнда байқап, мән беретін нәрсе образдың атқаратын қызметі ерекше. Мәселен, «Қылқаламның ұшында хантәңірі қалды» (эпитафия), «Сия қаламмен түртіп көргенде қаламұшы ілесе, сағыздай созылып сала береді. Бұл не сонда?... Зады, бояу солай болушы ма еді, әлде суретшінің салынып үлгермеген сансыз шығармасы сол бояуды көркеп, келтірмей тұра ма?» (теңеу), «Иә, қазақы тұрғыда айтсақ, кітапханалар жайы – шарқырай, шырылдапұшып жүрген, үнінде халықтың мұңды әуені бар, көз көргеннен көмек күткен бозторғайдың кейіпінде» (күрделі метафора), «Туған халқының алдындағы перзенттік парызын аброймен ақтаған саңылақ суреткердің өз қойнына енгелі келген қаралы дөңесте жаралы жолбарыстай жантая мүлгіп, армансыз жатуына әбден хақы бар» (эпитафия).

Қазіргі очерктерде авторлық баяндаудың үш негізгі типі көп тараған, олар өздерінің атқаратын функцияларымен ажыратылады. Баяндау типтері бір-бірімен баяндауды құрудағы авторлық белсенділікпен ерекшеленеді. Очерктегі баяндаудың ең көп тараған түрінде объектіні сипаттау үшін 3-ші жақ формасы қолданылады. Автор, баяндаушы құбылысты, оқиғаны өзі қатыспай – ақ объективті түрде суреттейді. Бұл суреттеу өткен шақтағы етістіктің 3-ші жағының жекеше немесе көпше формаларының көмегімен келтіріледі.

Баяндаудың бұл түрінде бірінші жақтан жүреді. Мұндай суреттеуде баяндаушы авторға жақын. Автор баяндауды белсенді жүргізуші ретінде көрінеді. Баяндаудың бұл түріне авторлық «мен» тікелей қатысты. Очеркке сондай –ақ мазмұндауды «біз» арқылы баяндау да тән. Бұл баяндау ұжымдық шығармашылықтың жемісі, ол көбінесе жолсапар очеркінде кездеседі.

Очерктің жанрлық түрлері де көп образды болып келеді. Енді олардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, онда:

1. Портреттік очерк. Мұнда озат азаматтардың асқақ бейнесі жасалады, олардың үлгілі ісі, рух-байлығы, адамдардың мінез-құлқы, әлеуметтік белсенділігі, басқа да жағымды қасиеттері, соларды қалыптастырудағы қоғамның, ортаның ықпал-әсері ашылады. Портреттік очерк кейде бір жеке шаруашылықтың, өнеркәсіп ұжымының еңбегін көрсетуге, солардың ұжымдық портретін жасауға арналады.

2. Проблематикалық – аналитикалық очерк те әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріміздегі моральдық тұрмысымыздың өмір-салтындағы жаңалықтардың күн тәртібіне қойылып, шешілуін талап ететін проблемалық мәселелерді көрсетеді. Ол көбінесе аудан, ауыл, өнеркәсіп орындарының өмірінен алынып жазылады. Мұнда аналитикалық пікір-толғанысқа бару, сын айту басым жатады.

3. Жолсапар очеркі. Бұл очерк жанрының ең көне түрі. Ол автор жол-жөнекей көрген-білгенін, кездесулер мен куәсі болған оқиғалардың негізінде жазылады. Автор өзін толғандыратын әлеуметтік – экономикалық, ғылми, мәдени, салттық-саналық мәселелерді ғана іріктеп әңгімелейді.

4. Суреттеме очерк. Мұнда кейіпкер мен ұжым бейнесін ашатын өмірбаяндық бірер ғана емес, нақты факті алынады. Оны көрсетуге очерк табиғаты суреттеудің очерктік жүйесі қолданылады. Ол болған оқиға, орын алған фактімен оперативті түрде жазылады.

Сондай – ақ қазіргі кезде очерктерде авторлық баяндаудың 3 негізгі түрі бар, оған: 3-ші жақпен автордың әңгімелеуі, баяндауыштың 1-ші жақта,өткен шақта қолданылуы, автордың 1-жақта баяндауы жатады. Олардың синтаксис құрылымы жай сөйлемдерден тұрады. Мұндай баяндау оқиғаны автормен жақсы байланыстырады. Автор бұл жерде оқиғаны жақсы білетін, соған белсене араласқан адам ретінде көрінеді. Бұл баяндау түрінде автордың «мені» айрықша аңғарылып тұрады. Орыс ғаламы Е.И.Журбинаның: «Очерктегі баяндау көбінесе 1-ші жақта болып келеді», - деген сөзі осы баяндаудың екі түрі де авторға өте ыңғайлы екенін дәлелдей түссе керек.

Очерктің басты объектісі – адам, оның өмір сүріп отырған ортасы.Олар туралы жазылған дүниесінде автор түрлі құжат, статистикалық мәлімет, саясат, мәдениет және экономика салалары қайраткерлерінің өмірінен үзінділер, ғылыми шығармалардан цитаталар келтіруге, түрлендіріп, ойнатып пайдалануға мүмкіндігі бар. әр нәрсені жаза отырып – автор қорытынды жасай білуі керек. Қорытынды қайбір журналистің болмасын ойлау қабілетінің идеясының мықтылығын байқататын фактор.

Очерк – көркем-публицистикалық жанр. Оның көркемдік табиғаты оқиға, болмысты бейнелі түрде ойлап суреттеуінде, көбінесе басталуы, ілінісуі, дамуы, шарықтауы, шешілуі бар сюжетке құрылуында, оған қатысты адамды көзге елестетіп, образ жасауында тілі мен стилінің ажарлы болуына байланысты. Очерктің тартымдылығы, эмоциялық күші, елес беріп суреттеуіндегі бояу қанықтығы, автор ой-пікірінің дәлдігі, кейіпкер қасиеттерінің әсерлі берілуі – бәрі де тіл, стильге байланысты. Сондықтан очеркте бейнені, елесті, болмысты әсерлі де дәл жеткізетін тілдік, стильдік құралдар пайдаланылады. Бұл орайда орыстың М.Горкий: «Сөз – күллі фактінің, күллі ой – пікірдің пішіні» деген болатын. Тіл шеберлігі, сөз шеберлігі очеркиске де керек. Газет, журнал очерктерінің тілі әрі көркем, бейнелі, айшықты, сонымен қоса әрі жатық, қарапайым, қалың көпшілікке түсінікті болуы шарт. Газет очеркінің шағын көлеміне орай тілі орамды әрі ықшам болғаны, артық сөздің кездеспегені жақсы.

Жоғарыда айтқанымыздай очеркке, жалпы жазу өнеріне байланысты. М.Горкийдің ұлағатты сөздері өте көп. Газет тілшісі М.Максимовке жазған хатында жазушы: «Диалог аздау, сурет молырақ болсын. Лирика қажет емес, факт жақсы. Бірақ фактіні мүмкіндігінше көркемдеп, өткірлеп беріңіз», - деген екен. Осыдан-ақ, очерктің әрі қызықты, әрі қиын жанр екеніне көз жеткізу қиын емес.

Егер қазақ очерктерінің тәуір нұсқаларына жүгінсек, табиғат суреті де, кейіпкер портреті де, характер бітімі де , тартыс – қақтығыс, дәлелі де, еңбек адамының жеке – дара сөздері де әр шығармада әр түрлы. Мәселен, С.Мұқанов баяндау тәсілін жиі қолданса, Ғ.Мүсіреповтың очерктерінде тұжырымды ой- түйіндері, шабытты шарықтаулар, шешендік сөздер көп. М.Әуезов табиғпт суреті мен кейіпкер мінезін мүсіндеуге ұста. Ал, Ә.Нұршайықовтың очерктерінде оқиға желісі белгілі бір жүйемен өрбітіліп отырады. Газет очеркі көпірме бос сөзді немесе, әсіресе, қызыл тілді көтермейді. Кейбір очерктер әдемі теңеу, эпитет, метафора, ұтымды диалог, мақал – мәтел қолданудан, халық тілін мол пайдаланудан қашады. Бұл дұрыс емес, қайта бұлар ажар, көрік береді, оны сұранысқа ие етеді, образ мен характерді даралауға көмектеседі.

Кімде-кім жақсы очерк жазамын десе, тілді шебер меңгере білуі, сөздік қорын молайтып, халық тілінің небір асыл қазынасын игеруі керек. Сондықтан, сөйлей білу де өнер дейміз. Себебі, ойлай адам ғана әдемі сөйлей алады. Тіл, стиль шеберлігін Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтың, М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, М.Иманжановтың, Х.Ерғалиевтің және т.б. очерктерінен үйренуге болады. Мәселен, Ғ.Мүсірепов - әңгіме, новелла жанрының шебері ғана емес, көркем очерктің де ұстасы. Ол әрбір сөзді іріктеп, орнымен таңдап қолданады. Сөйлемдер ықшам да ойлы құрылады. Оны мынадай мысалдан айқын байқап, сезінуімізге болады: «Алматының оқтай түзу кең көшелерінде сырғадай тізілген электр шамдарының бір шеті тау шатқалдарына дейін шұбап, бір шеті айналасындағы колхоз шамдарына тоғысып, одан әрі етекті жұлдыздарға араласып кеткен. Бүгін Алматыда шамын сөндірген үйлер өте аз. Терезеден көрінген қызғылт, қызылсары, көгілдір жарықтардан әрбір үйдің, әрбір адамның мерекелі түнін танығандайсың».

Очеркте ресми деректердің, санақ мәліметтердің, цифрлардың келтірілуі заңды. Бірақ, цифрды тізе бермей, сөйлете білуі керек. Көркемдік құралдарымен тігісін жатқызып, желдірте жазған жөн. Цифрды орынсыз қолдану очерктің өңін қашырады. Сондай-ақ, очеркте еріктілікке, фантазияға, қиял қанатына ой қосуға да мүмкіншілік мол. Бұл тұрғыда кезінде М.Горкий: «Очеркист ой қосуға бара алады, бірақ ол ақиқат фактіні бұрмаламайтын болсын, фактіге залалы тимеуі керек», - деген болатын.

Бұл арада айтқанымыз, тіпті, жай фактінің өзін журналистің ой-қиялынсыз жазу мүмкін емес. Фактіні суреттемес бұрын журналист өмірлік фактіден қажеттісін тауып алады, оны жан – жақты зерттейді, оның қоғамдық - әлеуметтік мәнін ойластырады.

Ал, жалпы очеркті газет очеркі, көркем очерк деп бөлу жайына келетін болсақ ондағы айырмашылық мынада: біріншіден, газет очеркінің көлемі шағын, екіншіден, газет очеркі өте оперативті, жедел жазылады. Аса маңызды оқиғаларды, құбылыстарды өмірмен ілесе, қатарласа шапшаң суреттей алады.

Газет очеркінің мақсаты - өмірдің нақты фактілерімен үгіттеу, озаттардың тәжірибесі мен үлгісін көпшілік игілігіне айналдыру.

Бірақ, бұл ерекшеліктер очерктің көркемдік қасиетіне еш нұқсан келтірмейді. Газет очеркі де – көркем-публицистикалық туынды. Сондықтан, жалпы очерк жанрларына қойылатын талап, шарт оған да ортақ.

Заметка. Хроникалық заметка жаңалық берудің ең қарапайым түрі болып есептелінеді. Оның көлемі екі жолдан 10-15 жолға дейін болып келеді. Жанрлық ерекшеліктерден туындайтын талаптар информацияны беру кезіндегі тілдің стиліне көп әсерін тигізеді.

В.А.Вьюник, В.Ж.Титуниннің «Информация – как газетный жанр» деген зерттеулерінде хроникалық заметкаға : «Ол жаңа фактінің тек өзін ғана, ешқандай бояма, қоспасыз беруі керек. Мұндай информациялардың тақырыбы болуы шарт емес. Олар болған оқиға төңірегінде қысқа әрі нұсқа, не? қайда? қашан? деген сұраққа жауап беруі керек», - деген анықтама берілген. Бұл жерде автор немесе журналистің міндеті оқиғаны суреттеу емес, фактіні хабарлау болып табылады.

Хроникалық жаңалықтар мазмұн жағынан өте бай болып келетіндіктен, оларға ешқандай шек қойылмайды. Себебі, ол ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет, спорт және тағы да басқа тақырыптардың барлығын да қамтиды. Және бұл көбіне кітаби жазба стилімен жазылады. Ең бастысы кез – келген оқиға – құбылысты анық көрсету мен тура мағынасында қолдану хроникалық информацияны ауызекі тілден анықтатып, ғылыми стильге жақындатады.

Сұхбаттың стильдік ерекшеліктері. Газет жанры ретінде сұхбаттың ерекшелігі. Сұхбаттың әлеуметтік маңыздылығы. Тілдік ерекшеліктеріне байланысты Розенталь, В.Т.Бобылевтың, т.б. ғалымдардың ғылыми пікірлеріне тоқталып өту. Сұхбат тілінде әдеби нормадан ауытқу, кәсіби, диалекті, термин сөздермен қоса жаргондардың көп кездесетін жанр екендігі. Сұхбат жанрының түрлеріне қарай қолданатын тілдік, стильдік ерекшеліктер. Шағын формалы сұхбат: (жедел) сұхбат, блиц-интервью, телефон-сұхбат т.б. әр түрлі басылымдардағы тілдік ерекшеліктері. Дөңгелек-стол, пресс-конференция, диалог, монолог сияқты пішіндерінің баспасөздегі тілдік, стильдік ерекшеліктері. Сұхбат жанрының ресми және бейресми газеттеріндегі тілдік қолданыстың өзіндік белгілері.

 

Бақылау сұрақтары:

1.Қазіргі газет жанрлары.

2.Бас мақаланың стильдік ерекшелігі.

3.Газет жанрларына қойылатын талаптар.

4. Очерктің тілдік, стильдік артықшылықтары.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.

2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.

3. Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.