Туберкулезге қарсы қолданылатын дәрілер

Туберкулезге қарсы дәрілерге туберкулез микобактериясының өсіп көбеюін тоқтататын және оның вируленттігін азайтатын дәрілер жатады. Туберкулез - әртүрлі ағзалар мен жүйелерді зақымдайтын созылмалы жұқпалы ауру. Туберкулездің қоздырғышын /микобактерия/ 1882ж Роберт Кох ашқан. Туберкулез ошағы өкпеде, лимфалық түйіндерде, көмекейде, сүйектерде, ішекте және тағы басқа ағзаларда пайда болуы мүмкін.

Туберкулездің барлық түрінде туберкулезге қарсы дәрілер қолданылады, олар туберкулез микобактериясына бактериостатикалық әсер етіп, олардың өсіп-өнуін тоқтатады. Бірақ емдеу кезінде дәрілерге тұрақты микробтардың жаңа түрлері пайда болуы мүмкін, сондықтан емді кешенді түрде бірнеше дәрілерді қосып жүргізу керек.

Туберкулезге қарсы дәрілер ретінде кейбір антибиотиктер /стрептомицин, рифампицин, канамицин, циклосерин/ және синтетикалық дәрілер /изониазид, фтивазид, этамбутол т.б./ қолданылады.

Барлық туберкулезге қарсы дәрілер екі топқа бөлінеді:

1) І –ші қатардағы препараттар (негізгі)

2) ІІ –ші қатардағы препараттар (резервтегі)

І қатардағы препараттарға туберкулез қоздырғышына белсенділігі жоғары, адамға уыттылығы /токсикалық әсері/ төмен дәрілер жатады. Ал ІІ –ші қатардағы препараттарға белсенділігі төмен, уыттылығы /токсикалық әсері/ жоғары дәрілер жатады. ІІ-ші қатардағы препараттар І-ші қатардағы препараттарға микобактериялардың тұрақтылығы пайда болғанда қолданылады.

І қатардағы препараттарға стрептомицин, рифампицин, изониазид, оның туындылары, этамбутол, пиразинамид жатады.

ІІ қатардағы препараттар - этионамид, капреомицин, офлаксацин, циклосерин, натрий парааминосалицилаты

Стрептомицин сульфаты кең спектрлі антибиотик. Туберкулез микобактериясына белсенділігі жоғары. Басқа туберкулезге қарсы дәрілермен қосып туберкулездің әртүрлі формасында қолданылады /антибиотиктер тақырыбын қараңыз/

Рифампицин /Rifampicinum/. Шығарылатын түрі: капсула 0,05; 0,15г

Кең спектрлі антибиотик, туберкулезге қарсы белсенділігі стрептомициннен күшті. Рифампицинге тұрақтылық тез пайда болады, сондықтан оны басқа туберкулезге қарсы дәрілермен /стрептомицинмен, изониазидпен т.б./ бірге қосып қолданады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, диспептикалық бұзылулар, бауырдың, ұйқы безінің қызметінің бұзылуы, лейкопения, зәрді, қақырықты қызыл түске бояйды.

Қолдануға болмайды: бауыр, бүйрек қызметінің бұзылуы, жүктіліктің алғашқы айлары, препаратқа жоғары сезімталдық.

Изониазид /Тубазид/-Isoniazidum. Шығарылатын түрі: таблетка 0,1; 0,3г. Синтетикалық туберкулезге қарсы препарат.

Химиялық құрамы бойынша изоникотин қышқылының гидразиді. Изониазид туберкулез қоздырғышына белсенділігі жоғары, туберкулездің барлық түрлерінде қолданылады. Стрептомицин мен рифампициннен айырмашылығы ол микроорганизмдердің басқа түрлеріне әсер етпейді. Изониазид асқорыту жолынан жақсы сіңеді және организмнің барлық тіндеріне оңай өтеді. Әсер ету ұзақтығы 6 сағаттан 24 сағатқа дейін созылады.

Жағымсыз әсері: бас ауыртады, бас айналтады, жүрек тұсын ауыртады, жүрек айнытады, құстырады, терінің аллергиялық реакцияларын, орталық және шеткері жүйке жүйесінің асқынуларын туғызады /ұйқысыздық, полиневриттер/, бауырға, бүйрекке токсикалық әсер етеді, ішкі бездердің қызметін бұзады. Асқынулардың алдын алу үшін Б тобының витаминдері

/пиридоксин, тиамин/ және глутамин қышқылы қолданылады.

Эпилепсияда, бауыр, бүйрек ауруларында, атеросклерозда, полиемиелитте қолдануға болмайды.

Фтивазид /Phthivazidum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,3; 0,5г.

Асқазанда ыдырап, изониазидке айналады. Уыттылығы /токсикалық әсері/ изониазидтен төмен, науқастар жақсы көтереді. Қолданылуы изониазидке ұқсас.

Пиразинамид /Pirazinamidum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,5г.

Басқа дәрілермен бірге қосып қолданылады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, бауырды зақымдайды.

Этамбутол /Ethambutolum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,1; 0,4г.

Басқа дәрілермен бірге қосып туберкулездің әртүрлі түрінде қолданылады (рифампицинмен қосып өкпе туберкулезінде қолданылады).

Жағымсыз әсері: диспептикалық өзгерістер, көздің көру қабілеті нашарлайды, тері бөртеді, депрессия пайда болады, препаратты тоқтатқан соң 2-8 аптадан кейін біртіндеп кетеді.

Этионамид /Ethionamidum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,25г.

Туберкулездің әртүрлі формасында қолданылады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, диспептикалық өзгерістер, ұйқы бұзылады, тәбетті нашарлатады, арықтатады. Қосымша әсерлерді азайту мақсатында никотин қышқылын, пиридоксин қолданылады.

Капреомицин /капастат/- Capreomycinum. Шығарылатын түрі: флакон 1г. Бұлшық етке 1г күніне 1 рет енгізіледі.

Туберкулезге қарсы қолданылатын антибиотик. І қатардағы препараттардың әсері болмағанда өкпе туберкулезінде қолданылады.

Жағымсыз әсері: бүйректі зақымдайды, уытты нефрит туғызуы мүмкін, құлақтың есту қабілетін нашарлатады, бауырдың қызметін бұзады, аллергиялық реакциялар, қанның құрамын өзгертеді.

Жас балаларға, екі қабат және емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

Парааминосалицилат натрийі / Natrii para-aminosalicylas/ ПАСК

Шығарылатын түрі: ұнтақ; таблетка 0,5г; флакон 250; 500мл 3% ертінді.

Туберкулезге қарсы әсер ету механизмі сульфаниламидтерге ұқсас. ПАСК туберкулез микобактериясының өсуіне қажетті пара-аминобензой қышқылының антогонисі болып келеді. Тек туберкулез микобактериясына бактериостатикалық әсер етеді, басқа микроорганизмдерге әсер етпейді. Стрептомицинмен және изониазидтермен салыстырғанда туберкулезге қарсы әсері әлсіз. Сол себептен ПАСК және оның туындылары өз бетінше тағайындалмайды, басқа препараттармен бірге қосып туберкулездің әртүрлі түрлерінде қолданылады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, диспептикалық өзгерістер, бауырға, бүйрекке, қалқанша безге уытты әсер етеді.

Бауыр, бүйрек ауруларында, қалқанша бездің гипофункциясында, ойық жараларда, жүрек кемшілігінде қолдануға болмайды.

 

Мерезге қарсы қолданылатын дәрілер

Мерез ауруының қоздырғышы солғын спирохета, сондықтан бұл топтың препараттарын спирохетаға қарсы дәрілер деп те атайды. Негізінен мерез жыныс жолдары арқылы беріледі.

Мерезге қарсы дәрілерге антибиотиктер /бензилпенициллин препараттары, эритромицин, тетрациклин, левимицетин/ және висмут препараттары /бийохинол, бисмоверол/ жатады. Оларды белгілі тәртіппен арнайы схема бойынша қолданылады.

Бензилпенициллин препараттары /антибиотиктер тақырыбын қараңыз/ белсенді спирохетоцидтық әсер ететін дәрілер. Олар мерез ауруының барлық кезеңдерінде қолданылады.

Пенициллин препараттары жақпаған жағдайда мерезді емдеуге спирохетозға қарсы әсері бар басқа антибиотиктерді (эритромицин, тетрациклин, левомицетин) қолданылады.

Висмут препараттары бензилпенициллиндерге қарағанда белсенділігі төмен, уыттылығы /токсикалық әсері/ жоғары. Бұл препараттардың спирохетаға қарсы әсер ету механизмі: висмут иондары спирохетаға өтіп, олардың ферменттерінің сульфгидрил тобын байлап тастайды. Сол себептен спирохеталардың өмір сүру қызметі бұзылып, олар өледі.

Мерезге қарсы дәрілер ретінде висмут препараттарына бийохинол, бисмоверол жатады.

Бийохинол /Biiochinolum/. Шығарылатын түрі: флакон 100мл /қоңыр түсті/. Тек бұлшық етке 3 күнде бір рет 3 мл-ден қолданылады.

Бисмоверол /Bismoverolum/. Шығарылатын түрі: флакон 100мл

Тек бұлшық етке 1-2 күнде бір рет 1 мл-ден қолданылады.

Бийохинол және бисмоверол шабдал майындағы /персиковое масло/ висмуттың органикалық тұздарының қоспасы.

Олар асқорыту жолдарында мүлдем сіңбейді, сондықтан ішке қолдануға болмайды, тек бұлшық етке ғана қолданылады

Жағымсыз әсері: висмут препараттары бүйректі, бауырды зақымдауы мүмкін, қанның құрамын өзгертеді /лейкопения т.б./. Висмут ауыз қуысының кілегей қабығында жинақталатын болғандықтан, стоматит және тістердің айналасында қызыл иекте боз жолақ пайда болады / висмут жолағы-висмутовая кайма/. Бұл асқынуларды болдырмау үшін ауызды жиі сумен шайып тұру керек. Бауыр, бүйрек, қан жүйесі висмутпен зақымдалғанда антидот ретінде унитиолды қолданады.

 

Вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер

Вирусқа қарсы дәрілерге вирустық инфекцияларды емдеуге және алдын-алуға қолданылатын химиотерапиялық дәрілер жатады. Бұл топтың дәрілері: ацикловир, мидантан, ремантадин, оксолин, идоксуридин, интерферон және т.б.

Ацикловир /Виролекс/- Aciclovirum. Шығарылатын түрі: флакон 0,25; таблетка 0,2г; көз майы 3% 5г; 5% крем.

Ацикловир кәдімгі және белдеулік ұшық вирустарына әсер ететін вирусқа қарсы препарат. Препарат жаңа бөртпелердің пайда болуына кедергі жасайды, терінің асқынуын азайтады, зақымдалынған жердің жазылуын тездетеді, ауырғанды азайтады, иммунностимуляторлық әсер етеді.

Ұшық инфекциясының ауыр түрінде көктамырға қолданылады. Көз майын кератит ұшығында, кремді тері және кілегей қабықтың вирустық ауруларында қолданылады.

Жағымсыз әсері: ішуге қолданғанда –жүрек айнытады, құстырады, бас ауыртады, аллергиялық реакциялар, әлсіреу пайда болады; көктамырға қолданғанда – бүйректің, бауырдың қызметі бұзылады.

Мидантан /Midantanum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,1г

Синтетикалық вирусқа қарсы препарат. Вирустық тымаудың А түрін алдын алуға қолданылады. Мидантанның вирусқа қарсы әсерінен басқа паркинсон ауруына қарсы да қасиеті бар.

Жағымсыз әсері: диспептикалық өзгерістер, тері бөртпесі, ауыздың құрғауы, саусақтар дірілі және зәр шығуының жиілеуі.

Екі қабат және емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

Ремантадин /Remantadinum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,05г.

Химиялық құрылысы және қасиеттері бойынша мидантанға ұқсас

Тымаудың алдын алуға және емдеуге қолданылады /әсіресе тымаудың А түрін/. Жағымсыз әсері: асқазанды ауыртады.

Бауыр, бүйрек ауруларында, жүктілік кезінде қолдануға болмайды.

Оксолин / Oxolinum/. Шығарылатын түрі: май 0,25%, 0,5%, 1%, 2%, 3%; ұнтақ

Оксолин синтетикалық вирусқа қарсы препарат.

Қолданылуы: көздің, терінің және мұрынның кілегей қабықтарының вирустық ауруларында. Оксолинді тымаудың алдын алу үшін де қолданылады /ол үшін оксолин майын мұрынның кілегей қабығына жағады/.

Жағымсыз әсері: жергілікті жерге қолданғанда сол жерді ашытады.

Идоксуридин /Idoxuridinum/. Шығарылатын түрі: флакон 5; 10мл 0,1% көз тамшысы

Ұшық тобының вирустарына әсер ететін вирусқа қарсы препарат.

Уыттылығы жоғары болғандықтан, оны тек көз тамшысы ретінде ұшық тобының вирустары тудырған кератиттерде қолданылады.

Интерферон /Interferonum/. Шығарылатын түрі: ампула 2 мл.

Мұрынға және көзге тамызады немесе ингаляция жасайды. Адамның донорлық қанынан алынған лейкоцитарлық интерферон.

Тымаудың алдын алуға және көздің кейбір вирустық зақымдалуында қолданылады.

 

Саңырауқұлаққа қарсы қолданылатын дәрілер.

Патогендік саңырауқұлақтардан пайда болған ауруларды микоздар деп атайды. Микоздар бөлінеді: жүйелі микоздар, дерматомикоздар, кандидамикоз.

Жүйелі микоздар: ішкі мүшелерді /әсіресе өкпені/, орталық жүйке жүйесін зақымдайды, саңырауқұлақ сепсисі болуы мүмкін.

Дерматомикоздар: теріні, шашты, тырнақты зақымдайды.

Кандидамикоз: жоғарғы /кілегей қабықты, теріні зақымдайды/, жүйелі / өкпені, асқазан-ішек жолдарын, орталық жүйке жүйесін зақымдайды/

Саңырауқұлаққа қарсы дәрілерге антибиотиктер және синтетикалық дәрілер жатады.