Жаттардың мәтінін таңдап алу және беру. 2-сағат. 1 страница

Дәріс мақсаты: Құжаттардың мәтінін таңдап алу және беру жолдарын ашып көрсету.

Тірек сөздер: Мәтінін деректерін анықтау, редакци, тізім, нұсқа, регестілер, аннотациялар және кестелер.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1. Мәтінін деректер кешенің таңдау. Редакция. Тізім. Нұсқа. Құжат мәтінін арақатынастары.

2. Басылымға дайындайтын мәтінді беру тәсілдері (түсіру тәсілдері).

3. Баспаның дипломатиялық тәсілдері. Мәтінді түсірудің ғылыми сыни тәсілдері. Негізгі принциптері.

4. Мәтінді сынау түсінігі. Ежелгі, жаңа және қазіргі кезеңдердегі құжаттар мәтінін түсіру жұмыстары

5. Деректі қысқартылған түрде жариялау. Қысқартулардың мақсаты мен тағайындалуы.

6. Құжаттар мәтінін қысқартылған түрде беру.

7. Регестілердің түрлері. Кестені құрастырудағы тәсілдер мен түрлері. Аннотациялардың құрамы мен мазмұны.

Құжаттардың мәтінін таңдап алу

Құжаттар басылымын әзірлеуде анықталатын маңызды мәселелердің бірі – мәтінді таңдап алу болып табылады. Сыншылар мәтінді талқылаған кезде ауызға алдымен алынатын да нақ осы мәселе. Бұл кезде: мәселе өте ертедегі құжатты жариялау туралы ма, немесе жаңа, қазіргі заман құжаттары жайлы ма, құжаттың шығу тегі туралы мәселе маңызды емес.

Жарияланатын құжаттың қай редакциясы немесе қандай тізімі негізгі болып алынуы керектігі жайлы түрлі көзқарастар бар. Белгілі әдебиеттанушы М. Гофман, мысалы, мәтінді таңдап алуда автордың оған ештеңе «қоса алмайтындай» ақырғы шығармашылық ой-пікірі, тілегі басшылыққа алынуы тиіс деп есептеген. Гофман тек цензураның араласуымен кейін қосылған қосымшалар мен өзгертулерге ғана кеңшілік жасайды.

Гофманға қарама-қарсы пікірдегі екінші бір әдебиеттанушы Г. О. Винокур өлең мәтіндерін сынға алу туралы зерттеуінде мәтінді таңдап алуда автор мен оның тілегі емес, бізге жеткен бір ғалымның оған айтқан дәстүрлі көпбейнелі түсініктемесін басшылыққа алу керек деп есептейді.

Айта кету керек, мәтінді таңдап алу туралы айтқан бұл екі пікірдің екеуі де жалпылама сипаттағы құжаттарды жариялаумен айналысатын тарихшылар мен археографтар тарапынан қолдау тапқан жоқ. КСРО-да 1940–1950-жылдары жасалып, қабылданған нормативтік құжаттарға (КСРО МАҚ құжаттарын жариялаудың Негізгі Ережелері. М., 1945; Тарихи құжаттарды жариялау Ережелері. М., 1955 және т.б.) көз салатын болсақ, онда бұл мәселеге байланысты құжаттар мәтіндерінің «беделділігі», «ақырғылығы» ұғымдары енгізілгенін көреміз. Алайда С. Н. Валк өте дұрыс атап көрсеткеніндей, құжаттардың негізгі мәтінін анықтауда бұл критерийлер де «үнемі тура бола бермейді».

Мысал ретінде ресейлік археограф 1930 жылы КСРО Орталық мұрағаты «Бірінші жалпыресейлік Кеңестер съезі» құжаттар жинағының бірінші томын басып шығарған кездегі болған оқиғаны, басқа да құжаттармен бірге съезде сөз сөйлеген белгілі меньшевиктер көсемі И. Церетелли сөзінің стенограммасы да басылып кеткенін мысалға келтіреді. Жинақты құрастырушылар сол кездегі мәтінді автордың соңғы ойы ескерілген редакциясы бойынша беру керек дейтін ережеге сәйкес, Церетеллидің съезде сөйлеген сөзінен мүлде басқа мағынадағы редакцияланған сөзінің стенограммасын жариялап жіберген. Мәселе мынада, Церетелли стенограмманы қарап, және бұл кезде толық жеңіске жеткен большевиктер алдында өзін қаралайтынын да ескерместен, съезде айтпаған сөздерді қосып жіберген.

Көркем шығармалар мәтінін таңдап алу мәселесіне көптеген арнайы әдебиеттанушылық еңбектер арналған. Мысалы, С. А. Рейсердің Основы текстологии. 2-басылымы. Л., 1978 ж. оқу құралын, Д. С. Лихачевтің Текстология: Қысқаша очерктер. М.,; Л., 1964 ж. және т.б. айта кетуге болады.

Бұдан әрі отандық және шетелдік археографтар жинаған айтарлықтай тәжірибелерді, ғылыми және нормативтік-әдістемелік әдебиеттерге жасалған талдауды негізге ала және ескере отырып, құжаттар мәтіндерін олардың шығу тегін, авторлығын, техникалық құралдарды қолдануын, т.б. ескере отырып, құжаттар мәтінін таңдап алу мәселесі қандай жолмен шешілуі тиіс екенін анықтауға тырысамыз.

Соңғы жылдары нормативтік-әдістемелік әдебиет жарияланатын мәтін ретінде қабылданатын құжаттың «негізгі мәтіні» ұғымын енгізеді. Оны дереккөз ретінде таңдап алу кезінде бұрын жарияланған болсын, жарияланбаған болсын, осы құжат мәтіні үшін дербес мәні бардың барлығы алға тартылады. Негізгі мәтін жарияланады, ал қалғандары онымен салыстырылады; және де анықталған әртүрліліктер мәтінге берілген түсініктемелерде белгіленеді.

Археография тарихында осындай күрделі мәтіндік жұмыстардың жарияланатын құжаттардың тізімдері мен мәтіндік редакциясы көп болғандығы салдарынан сәтсіз аяқталған, сондықтан да оларды негізгі мәтінге «жақындату» мүмкін болмаған жағдайы аз кездескен жоқ. Мысалы, Мәскеу университетінің қасындағы ертеден келе жатқан ресейлік ғылыми-тарихи қоғам – Тарих және Ресей көне жәдігерлері қоғамының ХІХ ғ. басында ІХ – ХІV ғ. басындағы Киев және Солтүстік-Шығыс Русь тарихы бойынша маңызды дереккөз болып табылатын ежелгі Лаврентьев жылнамасының тізімін жарияламақ болған кезде осылай болған. Протограф ретінде И. И. Мусин-Пушкин кітапханасында сақталған (қоғам баспагерлері оны ең ежелгі деп есептеген), жылнама тізімін алып, құрастырушылар бұдан кейін жылнаманың қалған 60 (!!!) тізімінде бар әртүрліліктерді оған жақындата алмай қойған. 1804 – 1810 жылдар бойында жалғасқан жұмыс ақыры еш нәтижесіз аяқталды: жылнаманың бар-жоғы 10 парағы ғана басылып, оның өзі кейін 1812 жылғы Мәскеу өртінде жойылып кеткен.

Жарияланымды даярлау кезінде қандай мәтін негізгі етіп таңдап алынады? Ежелгі кезең құжаттарының негізгі мәтіні ретінде түпнұсқа мәтіні алынады; ол жоқ болған жағдайда құжаттың барлық көшірмелері (тізімі) іске тартылады. Мұндай жағдайда мәтін ең бірінші көшірме (тізім) бойынша жарияланады. Алайда ХІІ – ХІV ғасырлар құжаттары үшін, кейбір республикаларда – ХV – ХVІ ғасырлар үшін көбіне соңғы тізімдер мәтіннің бірден-бір дереккөзі болып есептеледі. Мысалы, И. И. Григорович «Белорус мұрағатына» қосқан ХV – ХVІ ғғ. грамоталарының барлығы дерлік ХVІІ ғасыр тізімі бойынша жарияланды.

Алайда негізгі мәтінді таңдап алу проблемасы тек ежелгі кезең құжаттарын даярлаған кезде ғана туындайды деген түсінік дұрыс болмас еді. Жаңа кезең дереккөздеріне қатысты да ондай проблемалар жиі кездеседі. Оған дәлелді біз С. Н. Валктің 1939 жылғы «Архивное дело» журналының 3-нөмірінде жарияланған «Қазан социалистік революциясы декреттерінің мәтіні туралы және олардың ғылыми басылымы қажеттігі жайлы» деп аталған мақаласынан кездестіреміз.

Декрет мәтіндерінің түпнұсқаларын ресми басылымдарда жарық көрген мәтіндерімен салыстыра келіп, мақала авторы олардың арасындағы кейде өте маңызды сипаттағы әртүрліліктерге назар аударады. Бұл оларды қайта теріп, ресми басылымдар арқылы елге тарату кезінде байқалмай кеткен ұры қателерден бастап, оларды сол басылымға даярлаған адамдардың еренсіздігі мен сауатсыздығы кінәсінен де орын алған көрінеді.

Мысал ретінде С. Н. Валк «РСФСР-дегі мұрағат ісін қайта құру және орталықтандыру туралы» декреттің (1918 ж. 1 маусымда қабылданған) жарияланымында жіберілген мұрағатшылар үшін маңызды құжаттың мазмұнын түбірінен өзгертіп жіберген қатеге назар аударады. Мәселе мынада, Мұрағат ісі бойынша Бас басқарманың ведомстволармен қарым-қатынасын реттейтін үшінші тармағы мынадай редакцияда жарық көрген: «...күнделікті қызмет үшін маңызын жоғалтпаған істер осы ведомствоның ғимаратында қалады және МІМБ (мұрағат істерінің мемлекеттік басқармасы) қарамағына түспейді» деген сөз бар, ал түпнұсқада ол былай оқылады: «...күнделікті қызмет үшін маңызын жоғалтпаған істер осы ведомствоның ғимаратында қалады, бірақ МІМБ қарамағына түседі». Декрет түпнұсқалары мен олардың ресми басылымдардағы жарияланымдары арасындағы осындай әртүрліліктерге куә болатын осы және басқа да мысалдар ғалымға «басты бедел иесі, әрине, түпнұсқа болады» деген қорытындыға келуге негіз болған.

Аталған декретке байланысты оның Беларуссиядағы бізге жақсы таныс «БССР-дегі мұрағат ісі (1918–1968)» жинағында жарық көргенін атай кету орынды болмақ. Мұнда да КСРО-да тарихи құжаттарды жариялау Ережелерін (М., 1969) қатаң сақтаған жинақ құрастырушысы (ол Е. Ф. Шорохов болатын) негізгі мәтін ретінде ресми басылымда жарық көрген жаңағы мәтінді алып, жоғарыда айтылған принципті сипаттағы қатені қайталаған. Рас, мәтінге түсініктемесінде декреттің «Кеңес мұрағаттары» (1966. № 1) журналындағы декреттің факсимилелік басылымына сілтеме жасай отырып, Шорохов құжаттың үшінші тармағының дұрыс редакциясын да келтіріпті.

Белоруссия Уақытша жұмысшы-шаруа кеңес үкіметінің Манифесі мәтінін жариялауда да орын алған осындай мысалды келтіруге болады. Мұнда да түпнұсқа мен ресми басылымдағы жарияланымы арасында осындай күрделі әртүрліліктер болғаны анықталды, оның ішінде үкіметтің атауын дұрыс аталмағандығы да бар (түпнұсқада – Уақытша жұмысшы-шаруа болса, ресми басылымда – Уақытша революциялық Жұмысшы-шаруа), оны қалыптастыру механизмі де қате көрсетілген (түпнұсқада – «бұл орынға Беларус Республикасы КП Бірінші съезінің шешімімен қойылған» болса, ресми басылымда – «бұл орынға КП-ның соңғы конференциясының шешімімен...») және т.с.с.

Дегенмен де, құжат неғұрлым көне болған сайын, археограф оның негізгі мәтінін барлық редакциялары мен тізімдерін ескере отырып таңдап алуға мұқият болғаны жөн. Мысалы, М. О. Коялович 1569 жылғы Люблин сеймінің күнделігін жариялауға даярлау кезінде осындай қырағылық көрсеткен. Негізгі құжат мәтіні ретінде С-Петербург көпшілік кітапханасында сақталған данасын алған ол бұрын Дзялынский жариялаған (Zrzodlopisma do dziejow unii Kor. Polskiej i W. X. Litewskiego. Czesc Ш. Diariusz Lubielskiego sejmu unii. Rok 1569... Poznan. 1856.) күнделік мәтінін де қоса келтіріп отырған. Оған қоса, жарияланатын мәтін Бас штаб кітапханасында сақталған осы редакция тізімімен салыстырылды.

Бұл ғылыми типті басылымдар даярлау кезінде негізгі мәтінді таңдап алуға байланысты бірқатар ережелерге қатыстылар ғана. Ғылыми-көпшілік (көпшілікке арналған) басылымдарда әдетте мәтінге берілетін түсініктемеде жарияланып отырған негізгі мәтіннен басқа оның редакциялары мен тізімдері бар екендігін (егер, әрине, олар бар болса) баяндаумен шектеледі.

Кейде пайдаланушы қарамағына құжаттың мүмкіндігінше ең жақсы мәтінін ұсынбақ болып (оның бірнеше редакциялары мен варианттары, әрі сақталу жағдайы да түрліше болған кезде), жариялаушы, әсіресе жас жариялаушы бұл редакциялар мен варианттарды араластырып, солардың негізінде туынды мәтін жасап шығаруы мүмкін. Мәтіні жақсырақ сақталған бір редакциясына сауаттырақ жазылған екінші біреуінің үзінділерін енгізу арқылы пайдаланушы үшін игілікті шара жасадым деген түсінікпен археограф өмірде болмаған жаңа құжат құрастыру арқылы мұраға қиянат жасауды жүзеге асырғанын сезбей де қалады. Археографияда бір құжаттың әртүрлі варианттарын араластырып, олардың негізінде құрама мәтін жасап шығаруы мәтінді контаминациялау деп аталады.

Өкінішке орай, контаминацияның ең алдымен пайдаланушы үшін жағымсыз әсері қаншалықты көзге ұрып тұрғанымен, тіпті археографиядағы ең білгір деген адамдардың өзі даярлаған ондай мәтіндер жарияланымы көптеп кездеседі. Атап айтар болсақ, мәтінді контаминациялау КСРО Орталық мұрағаты шығарған «Кеңестердің екінші Бүкілресейлік съезі» (М., 1928) жинағында орын алған. Онда алдымен «Правда» газетінде жарияланған съезд мәжілістері туралы есеп берілген, содан кейін «правдалық» есеп беру мен «Правдада» емес, басқа газеттерде жарияланған съезге қатысушылардың сөздері мен баяндамаларынан тұратын «құрама есеп» жарияланған.

Бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ бірнеше дереккөз мәтіндері болған жағдайда, басылым үшін сыртқы рәсімдеу элементтері (қолдары, іс қағаздарын тіркеу нөмірі, күні, резолюциялары, бұрыштама мөртабаны, т.б.) түгел болған данасы таңдап алынады.

Жұмыс барысында археограф: ресми, елшілік, ресми емес, хаттар, үнпарақтар, стенограммалар, коммуникативтік байланыс құралдары арқылы берілген әрқилы құжаттар мәтіндерін жариялау ісімен бетпе-бет келіп жатады. Олардың шығу тегіне, арналу мақсатына, берілу процесіндегі өзгеріске түсулеріне, т.б. қарай бұл дереккөздерді жариялау мәселесі шешіледі.

Ресми құжаттар арасында заңнамалық актілер, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың іс қағаздарын тіркеу құжаттамалары, т.б. ерекше қаралады. 1860-жылдардың ортасына дейін заңнамалық актілерді ресми басылымдарда жариялап отыру практикасы болмағандықтан, осы мерзімге дейін дүниеге келген құжаттар түпнұсқасы бойынша, ал ол болмаған жағдайда – ең бірінші тізімі бойынша жарияланады. Жаңа және қазіргі заман актілері (заңдар, декреттер, жарлықтар, қаулылар, т.б.) ресми басылымдағы данасын түпнұсқамен салыстырып тексеру арқылы жарияланады. Археография тарихында ресми басылымдарда жарияланған тіпті заңнамалық құжат мәтіндерінің өзі түпнұсқадан айтарлықтай өзгеше болып шыққан бірнеше мысалдар белгілі. Біз жоғарыда айтып өткендей, бұл таза субъективті, техникалық себептерден де, сондай-ақ құжат түпнұсқадан өзгеше редакцияда басылып кетуін көздеген принципті сипатта орын алуы мүмкін.

Ресми басылымдарда жарияланған мұрағат ісі туралы декретте қатенің болуын қазіргі зерттеушілер осы соңғы себептен деп түсіндіруде. Олар бұл қатені мұрағатты орталықтандыру ісінің қарсыластары ұйымдастырған өзіндік жеңісі ретінде қабылдайды. «мысалы, қараңыз: Хорхордина Т. И. Отечества и архивы. 1917 – 1980-е гг. М., 1994. С. 57–67.) Мұндай сенімнің негізді екендігіне 1920-жылдардың басында Беларусте қабылданған мұрағат ісі саласындағы негізгі құжаттарды зерттеу арқылы көз жеткізу қиын емес. Мысалы, БССР ЦИК Президиумының 1922 ж. 12 қыркүйектегі шешімімен БССР Орталық мұрағаты туралы Ереже декреттің қате тармағы рухында қабылданып, республикадағы мұрағат ісін орталықсыздандыруды іс жүзінде бекітті. Ереженің 2-бабында былай делінген: «... күнделікті қызмет үшін мағынасын жоғалтпаған істер осы ведомствоның ғимаратында қалып, Белоруссияның бірыңғай Мемлекеттік мұрағат қорының қарамағына түспейді (астын сызған мен. – М. Ш.).

Өкінішке орай, кеңестік мұрағат ісін орталықтандыру идеясына анық қайшы келетін бұл ережеге Беларустегі мұрағат ісінің қалыптасуы мен даму тарихын зерттеумен айналысатын зерттеушілер әлі күнге дейін назар аударған емес. Сөз арасында айта кетелік, Могилев губерниялық мұрағатының меңгерушісі Д. И. Довгяллоның Мұрағат қызметкерлерінің бірінші жалпыбелорустық конференциясында (мамыр 1924 ж.) жасап, барынша қорғап баққан позициясына да ешкім көңіл аудармаған болатын. (Довгялло мұрағаттарды орталыққа тарту идеясын, бұл аймақтарға зиянды, өлкетанушыларды жергілікті жер тарихын зерттеумен айналысу мүмкіндігінен айырады деп, қарсылық білдірген болатын. Осы кезде Ресейден И. Л. Маяковский де осындай позицияны ұстанып, бірақ кейін өле-өлгенше «саяси қырағылық таныта алмағанына» өкінумен өтуге мәжбүр болған еді).

Мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындардың іс қағаздарын жүргізу құжаттары түпнұсқа бойынша, ал ондай болмаған жағдайда – көшірмелері бойынша жарияланады.

Ресми құжаттар сияқты дипломатиялық жарияланымдар үшін ресми басылымдар дереккөз болып саналады. Егерде жаңа және қазіргі заманғы дипломатиялық құжаттар қандай да бір себептен ресми басылымдарда басылмаған болса, археографиялық басылымдарда олар түпнұсқа бойынша немесе қол қойылған және бекітілген мәтіні бойынша жарияланады. Мұндай құжаттар не оған қол қойған барлық елдердің тілінде, немесе бір тілде ғана жарияланады, бірақ түсініктемеде бұл құжаттың мәтіні қандай тілдерде басылғаны, қандай мұрағаттарда бар екендігі жайлы міндетті түрде көрсетіледі. Мысалы, 1686 ж. 26 сәуірдегі (6 мамыр) Ресейдің Польшамен «мәңгілік» бейбітшілік келісімінен үзінді тек орыс тілінде ғана жарияланды. Бұл құжатқа берілген түсініктемеде былай деп атап көрсетілді: Ф. Сношения России с Польшей. Оп. 3. № 141.Л. 35 об. – 36... Список. Подлинник на польском яз.: АВПР. Отделение трактатов. Польша. № 76. Опубликовано: ПСЗ. Т.2. № 1186. (Русско-белорусские связи во второй пол. ХVІІ в. С. 349).

Ресми емес құжаттардың (ғылыми, көркем әдебиет, публицистика, мемуарлар, т.б.) негізгі мәтіні ретінде автордың ойлағанын, оның соңғы шығармашылық тілегін неғұрлым толық әрі нақты бейнелейтін мәтін алынады. Көбіне автордың бұл тілегі оның көзі тірісінде жарық көрген соңғы басылымы түрінде белгілі болады. Алайда мұны қатып қалған ереже деп түсінуге болмайды, кейде автордың бұл талап-тілегінің өзгеруіне әсерін тигізетін бірқатар факторлар туындап жатады.

Біріншіден, автордың көзі тірісінде жарық көрген соңғы мәтін редакцияның немесе цензураның араласуымен қидаланған болуы мүмкін, мұндай жағдайда жариялаушы түпнұсқаны қалпына келтіруге міндетті. Мысалы, Г. К. Жуковтың көзі тірісінде соңғы жарық көрген «Естеліктер мен ойлар» атты кітабының мәтіні қолбасшы қайтыс болғаннан кейін жарық көрген мемуарынан айтарлықтай өзгеше болғаны белгілі. Ол кезде объективті себептерден 1930-жылдары армияда болған қуғын-сүргін жайлы, Сталиннің жеке басына табыну туралы жазған бөлімдерін автор редактордың талап етуімен өзі алып тастаған (өйтпесе кітап жарыққа шықпаған болар еді).

Екіншіден, автор автоцензура нәтижесінде өмірінің соңғы кезінде жарық көрген мәтініне айтарлықтай өзгерістер енгізуі мүмкін. Мысалы, мерзімдік басылымның ұстанған бағытын білетін мақала авторы редактордың түзетуін күтпей-ақ осы журнал, газет, альманахтың беталысына сәйкес өз мәтініне өзгерістер енгізуі мүмкін. Бұл жағдайда археограф автордың түпкі ойына көңіл бөлмей, бірақ өзінің мәтінді өзгертуге жетелеген себептерін түсіндіре отырып, мәтінді мерзімдік басылымға ұсынылмай тұрғанда жазылған алғашқы бағытында қалпына келтіріп жариялағаны жөн. Айта кетуге болады, В. И. Лениннің Шығармаларының толық жинағын шығарумен айналысқан ленинтанушылар «Искраның» редакторы Плеханов болған жылдары газет бетінде жарық көрген мақалаларын даярлаған кезде осындай жұмыстарды атқарған.

Үшіншіден, мәтін авторы сол кезде болмай қалып, мақалаларының, көркем шығармаларының, естеліктерінің, т.б. корректурасын оқымауы мүмкін. Мұндай жағдайда материал жарық көрген редакция, баспаға өтініш жасап, олардың жарияланған кездегі себептерді анықтау керек (мүмкіндігінше автордың редакция атына жазған хаты, шағымы немесе өтініші, т.б. бойынша).

Автор өзі жарияламаған мәтіндер соңғы таза қолжазбасымен, ал ондай болмаған жағдайда – алғашқы жазылған шимай түрі бойынша жарияланады.

Ресми емес құжаттарды басылымға әзірлеген кезде археографқа авторы белгісіз қолжазбалармен бетпе-бет келетін жағдайлар болып тұрады. Мұндай жағдайда авторын анықтау үшін тарихшы зерттеуші қолданатын дереккөздік сын құралдары пайдаға асады. Алайда құжат авторын анықтаудағы өзі қолданған тәсілмен оқырмандарды егжей-тегжейлі таныстыратын тарихшыдан өзгешелігі, археограф әдетте анықтаушылық негізіне алынған дереккөзді мәтінге түсіндірмеде қысқаша ғана атап кетумен шектеледі.

Хаттарды жариялауда негізгі мәтінді таңдап алудың өз ерекшеліктері болады. Хат арналған адамның қолына тиген мәтін негізгі болып есептеледі. Бұл таза көшірме немесе техникалық құралдар кеңінен енгізіле бастаған кезеңде көп кездесетін машинкаға басылған түпнұсқа болуы мүмкін. Соңғылары болмаған жағдайда қолмен жазылған шимай данасы немесе автордың қолы қойылған көшірмесі бойынша жарияланады. Кейде былай да болуы мүмкін, хат бір тілде жазылады, ал оны басқа елге жіберер алдында аудармашы оны сол елдің тіліне аударуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның мәтіні авторлық түпнұсқа бойынша алынып, аудармасымен салыстырылады. Егер хаттың түпнұсқасы сақталмаса, мәтінге түсініктемеде түпнұсқаның жоқтығы және аударма жасалған кезең жайлы мәлімет бере отырып, аударма бойынша беріледі.

Ғылыми типтегі басылымдарда мәтінге түсініктемеде осы хатқа байланысты жарияланған дана мен оның варианттары арасындағы әртүрліліктердің барлығы келтіріледі. Бұл жерде мынадай жағдайды ескеру керек болады. Әртүрліліктер тек қана техникалық себептен (мысалы, жіберілетін хатты қайта басқан кезде машинкашы жіберген қатеден, т.б.) емес, хатты жіберер алдында тағы бір оқыған автор оның мәтініне өзінің мұрағатында шимай түрі ретінде қалдырылған бастапқы варианттан өзгеше түзетулер енгізуі мүмкін.

Үнпарақтардың (листовка) негізгі мәтіні ретінде бекітіліп берілген мәтін, яғни үнпарақты шығарушы ұйымға берілген нұсқаулар, ұйым басшыларының қолдары қойылып, мөр басылған данасы алынады. Бекітіліп берілмеген мәтін тек құжаттың түпнұсқалығы анықталған жағдайда ғана, яғни археограф жарияланғалы отырған үнпарақтың жалған еместігіне көз жеткізіп алғаннан кейін ғана жарияланады. Мұндай дереккөздер түрі қандай жағдайларда дүниеге келгенін ескерсек (жасырын, құпиялылық сақтау қажеттігі, т.б.), соңғы мәселенің маңызы ерекше болып табылады. Көпшілік жағдайда үнпарақтар шынында да түпнұсқалар бойынша емес, баспаханалық данасы бойынша жарияланып келеді, өйткені жасырын ұйымдар мен топтарда, партизандық құрамаларда түпнұсқалардың сақталуы мүмкін еместігі белгілі. Мысалы, мұндай жағдай Беларусьтің партиялық мұрағатында, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы тарихының республикалық мұражайында және Гомель өлкетану мұражайында сақталған үнпарақтар коллекциясы негізінде құрастырылған «Зборніка лістовак усенароднай партызанскай барацьбы у Беларусі у гады Вялікай Айчыннай вайны (1941 – 1944 гг.)» жинағына тән. (Мұнда жинақты құрастырушылар жинақ түсініктемесінде үнемі «түпнұсқалар» деген сөзді жиі қолданады, бірақ бұл жерде сөз «баспаханалық дана» жөнінде болуы керек еді. «Түпнұсқалар» жөнінде сөз болуы үшін құжаттар Беларусь партия немесе комсомол ұйымдары бекіткен, Беларусь Республикасының Ұлттық мұрағатының тиісті қорларында сақталған үнпарақтар мәтіні бойынша жарияланған болуы керек еді).