Машиналардың жұмыс және жүкқармағыш органдарын жөндеу

Жерқазу машиналарының жұмыс органдары (бульдозер пышақтары, скреперлер мен экскаватор шөміштері) пайдалану кезінде қарқынды абразивті тозуға түсетін болғандықтан, оларды жөндеу кезінде тозуға төзімді балқымаларды қолдану қажет.

Бульдозерлер мен скреперлер пышақтарының негізгі ақауларына абразивті тозу, сызаттар, сынықтар, шалыстықтар жатады. Сызаты мен сынығы бар пышақтар қолданыстан алып тасталынады. Деформацияланған пышақтарды преспен түзетеді. Тозған пышақтарды қалпына келтіру үшін қолдық немесе автоматтық ерітпелер қолданылады. Ерітпе жапсыру алдында шалыстауды болдырмау үшін пышақтың ұштарын ұстағыштарымен бекітеді. Ерітпе жапсыруды пышақтың алдыңғы қырына әртүрлі төзімді қорытпалармен (сталинит, сормайт, ЭТН құбырлы электрод, легірленген ұнтақ қабаты бойынша таспалы электродпен және т.б.) орындайды.

Сталинитпен ерітуді бір-үш қабатпен жүргізеді. Шалыстауды азайту үшін еріту алдында пышақты 3000С-қа дейін қыздыру қажет. Легірленген ұнтақ қабаты бойынша пышақтарға ерітпе жапсыруды арнайы қондырғыларда (6.3-сурет) жүзеге асырады [4].

 

 

6.3-сурет. Пышақтарды балқытып қаптастыруға арналған қондырғы сұлбасы:

1 – стол; 2 – балқытылатын деталь; 3 – легірлейтін ұнтаққа арналған шанап-мөлшерлегіш; 4 – флюс шанабы; 5 – балқыту бастиегін жылжытуға арналған рельс; 6 – басқару пульті; 7 – таспа кассетасы; 8 – таспа; 9 – беру механизмі

 

Легірлегіш ұнтақ есебінде сталинит, ұнтақ тәріздес сормайт немесе ферроқорытпа ұнтақтарының қоспасы пайдаланылады. Электрод есебінде ені 40 немесе 50 мм, қалыңдығы 0,3...0,4 мм болатын болат таспа қолданылса, балқытуға жоғары марганецті АН-60 флюсі пайдаланылады. Арнайы қондырғыда еріту өнімділігі қолмен ерітумен салыстырғанда 5-6 рет жоғары болады. Пышақтарды ерітуді санымен бірге автоматтағы ұнтақты таспамен немесе ұнтақты сыммен жүзеге асырады. Ерітіндіні қай тәсілмен жапсырғанына қарамастан, пышақты біртіндеп салқындатады, қажет болған жағдайда түзетеді.

Экскаватор шөміші тістерінің негізгі ақауларына тозу, сызаттар, ұштықтардың майысуы жатады. Сызатты тістерді қолданыстан алып тастайды. Ұштықтардың майысуын ыстық жағдайда түзетумен жөндейді. Тістің толық тозуының белгісі оның ұзындығының 30% және одан көп шамаға қысқаруы болып табылады. Тістерді қалпына келтіру кезінде оларды еріту қабатын 8мм-ге дейін өсіре отырып тозуға төзімді қорытпалармен ерітіп жөндейді. Тозу шамасы үлкен болған жағдайда алдымен тісті Э-50 электродпен бірнеше қабат ерітеді, сонан соң тозуға төзімді қорытпамен тістің тозған бөлігін оттекті кескішпен кесіп тастайды немесе оның номинальді өлшемін қалпына келтіру арқылы тістің жаңа бөлігін балқытып бекітеді.

Экскаватор шөміштері тістерін, бульдозер пышақтарын, гидробалға ұштарын ерітіп өңдеу үшін төмендегідей электродтар қолданылады:

- Э-110Х14В13Ф2, ВСН-6 маркасы;

- DJN Е2-UM60-GP, ОЗH-6 маркасы;

- Э-300Х28Н4С4, ЦС-1 маркасы;

Азкөміртекті, ортакөміртекті, орталегірленген және жоғарылегірленген болаттардан жасалған машина детальдарын ерітіп өңдеу үшін еріту коэффициенті Ке=8,6 болатын ОЗH-300 маркалы электродтар қолданылады. Экскаватор шөмішінің корпусында кесу жиегінің, қабырғаларының тозуы, күшейткіш белбеулерінің тозуы мен зақымдануы, сонымен бірге сызаттар мен майысулар секілді ақаулар болуы мүмкін. Шөміштің алдыңғы қабырғасының бүйірлік айналымдары мен тісаралық участоктары ЭТН-2 немесе ЭТН-4 электродтарымен ерітіп өңдеуге түседі. Еріту формасы тұғырлы. Еріту қабатының қалыңдығы тіссіз шөміштердің кесу жиектерін ерітіп өңдегендеймен бірдей. Сыйымдылығы 0,33м3 шөміштер үшін еріту ені 40 мм-ге дейін болса, сыйымдылығы 1,25 м3 шөміштер үшін - 100 мм-ге дейін болады. Қарқынды абразивті тозу кезінде жалпылай тегіс ерітуді қолданса, ал белсенділігі аздау тозу кезінде жеке білікшелермен жүргізілетін торлық еріту қолданылады. Торлық еріту ерітетін материал шығынын үнемдеп, өнімділікті арттырады.

Жүккөтергіш машиналардың ең көп жөнделетін тораптарына грейфер жатады. Тозуы тістердің жұмыс элементінің бастапқы ұзындығынан 35% асып кеткен жағдайда олар жаңасымен ауыстырылады. Тозуы аз шамадағы тістерді Т-590, Т-620, КБХ, ХР-19 өзекті электродтармен немесе ЭТН-1, ЭТН-2 құбырлы электродтармен ерітіп өңдейді. Осы электродтармен грейфер жақтарының кескіш жиектерін де ерітіп жөндейді.

Майысқан тартқыштар мен корпус элементтерін салқын күйде немесе қыздырып түзетеді. Тозған құлақшаларды ОЗН-300 типтегі электродтармен ерітіп, номинальді өлшемге келтіріп өңдейді. Корпус қабырғалары жарықшақтары мен грейфер белбеулерінің сызаттарын да пісіріп жөндейді.

Табақшалы ілгіштерде алдымен сақтандырғыш табақшалар мен тесіктерге престелген болат втулкалардың күштік беттері тозады. Тозуы қабырғаның бастапқы қалыңдығынан 50%-ға асатын сақтандырғыш табақшаларды жаңасымен ауыстырады. Өтпелі бойлық сызаттары бар табақшалар да алмастырылуы тиіс. Жинағыш жүк құрықтарының да (төменгі маңдайша және т.б.) тозған элементтері жаңасымен ауыстырылады.