Ызылиектің жедел катаралды қабынуы

Қызылиектің жедел катаралды қабынуы (острый катаральный гингивит) көбінесе тістердің шығуы және ауысуы кезінде жиі орын алады. Жалпы соматикалық және жұқпалы аурулар кезінде де байқалады.

Қызылиегі жедел қабынған науқас қызылиегінің қатты сыздап немесе кернеп ауыратынына, тағам шайнағанда күшейе түсетініне, қанағыштығына, ауызынан нашар иіс шығатынына шағымданады.

Қарап тексергенде қызылиек қатты домбыққан және алқызыл түстенген, беті тегіс және жылтыр, бүртіктерінің, көлемі үлкейіп, ұштары доғалданған, оңай қанағыш келеді (сурет). Сипап басып тексергенде қызылиек қатты ауырады. Тіс сауыттары көпмөлшерде жұмсақ қақтармен жабылған. Аймақтық лимфа түйіндері ұлғаюы мүмкін.

Қызылиектің созылмалы катаралды қабынуы (хронический катаральный гигивит) ұзақ және баяу дамиды. Науқас негізінде қызылиегінің көбінесе тісін тазалаған кезде, ас шайнағада аздап ауыратынына және қанайтынына шағымданады. Кейде аузынан нашар иіс шығып, әртүрлі дәм сезуі мүмкін. Қарап тексергенде қызылиек аздап домбығып, көкшіл-қызыл түстенген, қызылиек бүртіктерінің көлемі үлкейіп, жиегтері білікке ұқсап қалыңдаған, ерте түлеуге ұшырау әсерінен жабынды эпителий жұқарған (сурет), сондықтан өте жұқа эрозия ошағын анықтауға да болады. Сүңгіліп тексергенде қызылиектің қанағыштығы байқалады. Қызылиек жиегінің қалыңдауына байланысты кейде пародонталдық қалталар бар сияқты болады, бірақ тіс-қызылиек бекімінің бұзылмағандығы анықталады.

Тістер беттеріне көп мөлшерде жұмсақ қақтар жиналған, ал мойын бөліктерінде қатты шөгінділер де кездеседі. Шиллер-Писарев сынамасы оң, қызылиек сұйығына ауысқан лейкоциттер саны да көбейген. Кулаженко сынамасы бойынша теріс қысым әсеріне қызылиек капиллярын тұрақтылығының төмендегінін көруге болады.

Қызылиек сұйығы да сандық және сапалық өзгерістерге ұшыраған. Фильтрлейтін немесе сорғыш қағаз жолағының көмегімен алынған сұйық мөлшері де қабынудың ауырлығына байланысты жоғарылайды. Мысалы, РМА-индексі 0-10% болғанда қызылиек сұйығының салмағы 0,17 мг (қалыпты пародонт кезінде 0,06 мг), РМА индексі 10-20% болғанда – 0,23 мг, а РМА 40% дейін жоғарылағанда – 0,37 мг болады.

Қызылиектің катаралды қабынуы кезінде қабынуы үрдісі шектеулі (1-2 тістің аймағында) немесе жайылған болуы мүмкін. Қабынудың ауырлығы патологиялық үрдістің қызылиек аумағын қамту деңгейіне байланысты, жеңіл дәрежесі кезінде тек қызылиек бүртіктері қабынады, орта дәрежесі кезінде қызылиек бүртіктері мен қызылиек жиегі қабынады, ал ауыр дәрежесі кезінде қабыну үрдісі альвеолалық бөлігіне де ауысады. Осыған байланысты РМА көрсеткіші қабынудың жеңіл дәрежесі кезінде 30% дейін, орта дәрежесінде – 30-60%, ауыр дәрежесінде 60% жоғары болады.

Қызылиектің созылмалы катаралды қабынуының өршуі кезінде қызылиекте өз бетімен және тағам шайнағанда ауыру сезімі пайда болып, қызылиек оңай қанағыш келеді, көбірек домбығып, ашық-қызыл немесе қызыл-қошқыл түстенеді. Барлық жағдайларда тістер бетінде көп мөлшерде жұмсақ қақтар мен қатты шөгінділерді анықтауға болады.

Қызылиектің катаралды қабынуы кезінде науқастың жалпы жағдайы, шеткейлік қан құрамы өзгеріске ұшырамайды. Рентгенсуретте тістераралық қалқан сүйектер ешбір өзгеріссіз, тығыз сүйек қабатының бүтіндігі сақталады.

Қызылиектің созылмалы катаралды қабынуы кезіндегі патоморфологиялық өзгерістер төмендегідей: жабынды эпителийдің мүйізгектенуін бұзылуы нәтижесінде паракератоз орын алады. Сонымен бірге акантоз және вакуольді дистрофия да байқалады.

Дәнекер тін қабатында домбығу және қызару үрдістері (гиперемиялану) эпителий астында және тіс-қызылиек бекімі аймағында жиірек кездеседі.

Қызылиек сайы аймағында лимфоидты клеткалардан, гистиоциттерден, сегменттіядролы лейкоциттерден тұратын инфильтрат ошақтары орналасады. Коллагенді талшықтар қалыңдап, жуан шоғырларға бірігіп, дистрофиялық өзгерістерге ұшырауы байқалады. Эпителийдің тікенекті қабатында гликогеннің, дәнекертін қабатында гликозамингликандар мөлшерінің жоғарылағаны анықталады.

Ескерте кететін жай, кейде қызылиектің созылмалы катаралды қабынуы бар адам қызылиегінің қанағыштығына аса мән бермейді (кейде өз бетімен басылып кететіндіктен) және дәрігер-стоматологқа бара бермейді. Сондықтан бұл жағдай көбінесе профилактикалық тексерулер немесе дәрігерге басқа шағымдармен келген кезде анықталуы мүмкін.

Егер қызылиектің созылмалы катаралды қабынуына тиімді емдеу шаралары жүргізілмесе пародонт тіндерінің қорғаныс қасиеті төмендеп, пародонттың күрделі аурулары (ықызылиектің өсе қабынуы, өліеттене жараланып қабынуы, пародонттың жайыла қабынуы) дамуы мүмкін