Параграф 2. Кәмелетке толмағандар туралы заңдардың қолданылуын қадағалау

41. Қадағалауды ұйымдастыру кезінде, БҰҰ Баланың құқықтары туралы конвенциясында және басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларында қоғам мен мемлекеттің барлық қызмет салаларында балалардың мүдделерін қорғау басымдығы бекітілгенін негізге алу қажет.
42.Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 2 тамыздағы Заңында және басқа да заңнама актілерінде бекітілген кәмелетке толмағандар құқықтарының сақталуына жүйелі тексерулер жүргізсін.
43.Кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғау құқықтарының сақталуын қадағалауды ұйымдастыру кезінде мыналар қамтамасыз етілсін:
1)медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қолжетімділік және тегінділік құқықтарының сақталуы;
2)спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарын тұтынатын кәмелетке толмағандарды анықтау, есепке алу, тексеру және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша денсаулық сақтау органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуы;
3)уәкілетті мемлекеттік органдардың балалар үшін тиісті сападағы азық-түлік өнімдерін өндіру және сатуды, сондай-ақ әртүрлі балалар мекемелерінде тамақтану ұйымдастырылуын бақылауды регламенттейтін заңдарды орындауы.
Балалардың жаппай улануы, әсіресе азық-түліктен уланудың әрбір фактісі бойынша прокурорлық қадағалаудың толық шаралары қабылдансын, ол туралы Бас прокуратураға дереу хабарлансын.
44.Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілері бойынша жағдайлардың жан-жақты, толық әрі объективті тексеру және заңды процессуалдық шешім қабылдау қамтамасыз етілсін.
Кәмелетке толмағандар арасында суицидпен аяқталған және оған талпыныс жасаған барлық жағдайлар туралы кейіннен тергеу алды іс-шараларының нәтижелері және қабылданған процессуалдық шешімнің заңдылығы туралы хабарлама берумен 24 сағат ішінде Бас прокуратураға хабарлансын.
Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде интернет сайттарында кәмелетке толмағандар мен жастар арасында суицидалды көңіл-күйді тура немесе жанама түрде насихаттайтын ақпараттық болуына мониторинг жүргізілсін.
Мұндай ақпарат болған жағдайда заңда көзделген шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға хабарлау қажет.
45.Кәмелетке толмағандардың білім алу құқықтарының сақталуын қадағалауды ұйымдастыру кезінде:
1)білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, лицензиялау туралы заңдарды, сондай-ақ мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім берудің зайырлы сипаты қағидатын сақтауды қамтамасыз етсін;
2)білім беру ұйымдарында оқуға заңсыз төлемақы алу не оны асыру және өзге де алымдар жинау фактілеріне жол бермей, кәмелетке толмағандардың жалпыға бірдей қолжетімді және тегiн мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу, сондай-ақ конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсiби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім алу құқықтарының сақталуын қамтамасыз етсін;
3)уәкілетті бақылаушы органдардың мемлекеттік білім беру ұйымдарына қабылдаудан заңсыз бас тарту, оқушыларды негізсіз оқудан шығару, сондай-ақ олардың шәкіртақы, жәрдемақылар мен өтемақы төлемдерін алу құқықтарын бұзу фактілерін тыю бойынша шаралар қабылдасын;
4)уәкілетті мемлекеттік органдар оқудан жалтаратын немесе білім алуға объективті мүмкіндігі жоқ жасөспірімдерді анықтау және орналастыру бойынша қызметін тексерсін.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінде оқушылардан және олардың ата-аналарынан заңсыз ақша жинау фактілеріне назар аударылсын. Оларды анықтаған жағдайда заңда белгіленген кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту шараларын қабылдасын.
Заңнамада белгіленген ақылы қызметтер көрсету тәртібінің сақталуына талдау жүргізілсін.
46.Уәкілетті мемлекеттік органдарда кәмелетке толмағандардың тұрғын үй және мүліктік құқықтарын, оның ішінде алимент алу құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексерулер жүргізілсін.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың баспанасын заңсыз иеліктен айыру фактілеріне дер кезінде шара қолдансын.
Уәкілетті мемлекеттік органдардың алимент төлеуден жалтаратын адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша қызметін бақылауды жүзеге асырсын.
47.Еңбек саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесіп кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының сақталуына тексерулер жүргізілсін.
Кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудан заңсыз бас тарту, оларды жұмыстан босату, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға және зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарға тарту фактілері тыйылсын.
48.«Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі Заңында көзделген мүмкіндігі шектеулі балалардың (мүгедек балалардың) құқықтарының сақталуына тексерулер жүргізілсін.
Осы кәмелетке толмағандардың білім алу, тегін медиуиналық көмектің кепілдендіірлген көлемін алу және белгіленген жеңілдіктер мен жәрдемақылар алу құқықтарының сақталуына баса назар аударылсын.
49.Балаларды мәжбүрлеп дінге араластыру фактілері, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, оларды отбасы мен қоғамнан оқшаулауға, олардың денсаулығына немесе мүлкіне залал келтіруге байланысты әртүрлі миссионерлер мен діни ұйымдардың заңсыз қызметі тыйылсын.
Кәмелетке толмағандардың дін бостандығы құқықтарын бұзуға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша барынша толық шаралар қабылдансын.
Білім беру практикасында денсаулық сақтау органдарымен рұқсат етілмеген білім алушылардың психикасына әсер ету әдістерін және оккульттік, мистикалық және діни сипаттағы әдістер мен құралдарды пайдалануға жол берілмесін.
50.Жастар мен жастар ұйымдарын саяси және діни қарсылықтарға, әлеуметтік қақтығыстарға заңсыз тарту, сондай-ақ оларды экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалану фактілері тыйылсын.
Жастардың рұқсат етілмеген саяси акциялар мен митингтерге қатысуының дер кезінде алдын алу және жол бермеу бойынша шаралар қабылдансын.
51.Кәмелетке толмағандарды порнографиялық материалдарды (заттарды), сондай-ақ эротикалық мазмұндағы өнімдерді таратуға, жарнамалауға және сатуға тартатын тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шаралар қабылдансын.
Уәкілетті мемлекеттік органдарда тексерулер жүргізу кезінде олардың кәмелетке толмағандардың спирт ішімдіктері мен темекі өнімдерін сату, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша міндеттерін орындауына баса назар аударылсын.
Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі анықталған әрбір факт бойынша ойын-сауық орындарының лауазымды тұлғаларын заңда белгіленген жауапкершілікке тартуға қол жеткізілсін.
52.Жарты жылда кемінде бір рет жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды, тәрбилеу және оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының (балалар үйлері, мектеп-интернаттар) және денсаулық сақтау ұйымдарының (сәбилер үйі) қызметінде заңдылықтың сақталуына тексерулер жүргізілсін.
53. Осындай кезеңділікпен жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және асырап алуға жататын балалардың есепке алынуын ұйымдастыру кезінде уәкілетті органдардың қызметінде заңдылықтың сақталуына және олар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етілуіне тексерулер жүргізілсін.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу тәртібін реттейтін заңдардың сақталуын қадағалау жүйелі түрде жүзеге асырылсын.
Асырап алу процесін коммерцияландыру фактілері анықталған кезде қылмыстық қудалауды қозғау туралы мәселе шешілсін.
54.Балаларды еңбек және сексуалдық қанау мақсатында оларды саудалау фактілері ерекше бақылауға алынсын. Аталған фактілер орын алған кезде балалар саудасымен айналысатын каналдарды анықтау және олардың жолын кесу шараларын қабылдау қамтамасыз етілсін және осы қылмыстарды ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға қол жеткізілсін. Қылмыстық қудалау органдары анықтаған балалар саудасы фактілері туралы дереу Бас прокуратураға хабарлансын.
55.Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу жүйелерінің органдары мен мекемелерінің қараусыз және панасыз балаларды, ауыр өмір жағдайына тап болған отбасыларын және тұрмысы нашар отбасыларын анықтау туралы заң талаптарын мүлтіксіз орындауына қол жеткізілсін.
Осыған байланысты жартыжылда кемінде бір рет кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиялардың, ішкі істер және білім органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын тексеру жоспарлансын және жүргізілсін.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алуға бағытталған бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуы тексерілсін.
Арнайы білім беру ұйымдары мен ерекше күту режиміндегі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің құқықтарын қорғау қамтамасыз етілсін.
Кәмелетке толмағандарды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастыру заңдылығы тұрақты түрде тексерілсін.
56.Жылына кемінде бір рет қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметінде олардың балалардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы заңнама талаптарын орындау мәселелері бойынша заңдылықты сақтауын тексеру жүргізілсін.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқоршыларға, отбасында тәрбиеленуге (асырап алу, қамқорлыққа немесе қорғаншылыққа алу, патронат) беру, сондай-ақ осы балаларды асырап-бағу үшін қамқоршыларға, қорғаншыларға, патронатты тәрбиешілерге жәрдемақы тағайындау және төлеу заңдылығына баса назар аударылсын.
Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қамқоршылық және қорғаншылық органдарының рұқсатынсыз тәрбиелеу (білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі ұйымдарына) мекемелеріне орналастыру фактілеріне жол берілмесін. Мұндай балаларды жеке балалар үйлеріне (интернаттарға, жетімханаларға) орналастыру мәселелері ерекше бақылауға алынсын.
Жеткілікті негіздер болған кезде және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген басқа да жағдайларда міндеттерін орындаудан жалтарған ата-аналардың ата-аналық құқықтарын шектеу және айыру туралы сотқа талап-арыздар берілсін.
57.Ай сайын жалпы білім беретін мектептерде кәмелетке толмағандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыруға және олардың құқықтық білім деңгейін арттыруға бағытталған семинарлар мен дәрістер өткізілсін.
58.Жарты жылда кемінде бір рет аталған мәселелер бойынша прокурорлық қадағалаудың жай-күйі жинақтап қорытылсын және мұндай ақпарат Бас прокуратураға есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызына дейін ұсынылсын, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беруді қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілсін.
59.Кәмелетке толмағандар туралы заңдардың қолданылуын қадағалау бөлімі жарты жылда кемінде бір рет аталған саладағы қадағалау жай-күйіне талдау жүргізсін.
Негіздер болған кезде орталық атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің атына кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталу жағдайы туралы ақпараттық хаттар жолдау туралы, сондай-ақ балалардың құқықтық қорғалу проблемаларын шешу бойынша ұсыныстар енгізілсін.