Перкоидалар отрядүсті – Percomorpha

10 отряд, 200-300 тұқымдас және 9000 түр жатады. Негізгі отрядтарын қарастырайық.

Шаншар балық тәрізділер отряды – Gasterosteiformes.Ауыздары түтікке ұқсас, денелерінің сыртын сүйек пластинкаларынан түзілген сауыт қаптап жатқан балықтар. Бұлардың 200-ге жуық түрі 9 тұқымдасқа және 3 отряд тармағына біріктіріледі:

Тікен терілері отрядтармағына (Gasterostodei) жататын балықтар негізінен солтүстік жарты шардағы тұзды және тұщы суларды мекендейді. Қазақстанда арал шаншар балығы бар. Денесінің ұзындығы 20-30 см болады.

Тебен (ине) балықтар отрядтармағына(Synqnathodei) теңіз аты (Hippocampus), теңіз инесі (Synqnatus) жатады. Ерекшеліктері: желбезектері шөжіп, ұсақ шоқ-шоқ болып келеді. Басында ұзын түтік тәрізді тұмсығы болады, ауызы кішкене, тістері болмайды. Ал еркектерінің құрсағында арнаулы ұрықтанған жұмыртқаларын сақтайтын қапшығы болады. Қара, Каспий, Балтық және Жапон теңіздерінде кездеседі. Кәсіптік маңызы жоқ.

Басқын балықтар отряды – Mugiliformes.Бұларға жүзу торсылдағы тұйық біткен және бүйір сызығы жоқ, көбіне Оңтүстік теңіздерінде мекендейтін балықтардың тобы жатады. Бұл отрядты алабұға-шортан тәрізділер деп те атайды. 20 шақты түрі белгілі. Барракуда балығының сыртқы құрлысы шортандарға ұқсас. Жыртқыш болып табылады. Қара және Азов теңіздерінде кефалдар тұқымдасының (Mugilidae) өкілдері кездеседі. Бұлардың ішінде кәсіптік маңызы бар түрлері – лобан, немесе кәдімгі кефаль (Mugil cephalus) және сингиль (M. auratus). Кефалдар топтанып үйір құрып, өріс аударатын балықтар. Бұл балықтар Қазақстанда кездеспейді, бірақ кефаль балығы Каспий теңізіне жерсіндірілген.

Алабұғатәрізділер отряды – Perciformes.Бұл отрядтың 150 тұқымдасқа біріктірілген 6000-н артық түрі белгілі. Негізгі тұқымдастарына тоқталып өтелік. Алабұғалар тұқымдасына (Percidae) көксерке (Lucioperca), алабұға (Perca), таутан (Acerina) және т.б. жатады. Жыланбас балық (Ophiocephalidae) Амур өзенінің бассейіндерінде, бізде Сырдария бассейініне жерсіндірілген. Қазіргі кезде Іле-Балқаш суқоймаларында таралып, кәсіптік жолмен аулану дәрежесіне жетті. Негізінен бұлар тропикалық Африка, Индия, Қытайда және Индонезияда тараған балықтар. Бұларда анабас сияқты бір судан екінші жақын су қоймасына жылжып бара алатын балықтар. Тана немесе бұзаубас (Gobiidae, бычковые) балықтар тұқымдасынан ТМД елдерінің суқоймаларында 50-ге жуық түрі тараған. Бұлар теңіз жағалауларында көптеп, ал тұщы суларда сирек кездеседі. Су түбінде тіршілік етіп, сол жердегі омыртқасыздармен қоректенеді. Кейбір түрлерінің еркектері көбею кезінде уылдырық салатын ұя жасайды да оны қорғайды. Қара, Азов және Каспий теңіздерінде кәсіптік объект болып саналады. Скумбрияларға (Scombridae) теңіздің қалың қабатында, негізінен тропикалық теңіздерінде мекендейтін балықтар жатады. Балтық және Қара теңіздерде бірнеше түрі кездеседі. Қазақстанда жоқ.

Бұл отрядқа өздеріне тән ерекшеліктері бар – өрмелегіш немесе анабас (Anabas scandens) балығы да жатады. Тіршілік еткен суда оттек жеткіліксіз болса, екінші суға жылжып бара алады, тіпті олар өрмелеп ағаш бұтағына шығып, жармасып отырады. Индия, Бирма суларында, Зонд және Филиппин аралдарында тіршілік етеді. Алабұғалардың көпшілігінің кәсіптік маңызы бар.

Скорпентәрізділер отряды – Scоrpeniformes.Бұл отрядқа 7 отрядтармағына, 20-25 тұқымдас және 1000 аса теңіз түбінде тіршілік етуге бейімделген түрлер жатады. Қазақстанның тұщы суларында бір тұқымдасқа (кекіретектестер-керчаковые) жататын 3 түрі белгілі (кәдімгі, сібір және шатқал шаутандары). Жайық, Ертіс, Бадам және т.б. өзендерінде кездеседі. Арқа қанаттарының түбінде уы бар қалталары болады. Бұл у адамдарға қауіпті. Негізгі өкілдері: теңіз алабұғасы, теңіз әтеші, кекіре балықтар және шаутандар.

Камбалатәрізділер отряды – Pleuronectiformes.Бұл отрядқа 3 отряд тармағы, 7 тұқымдас және 500 –ге жуық теңіз түбінде мекендейтін балықтар жатады. Торсылдағы бар. Денесі екі бүйірінен өте қысыңқы, сондықтан бір бүйірімен жайлап жүзеді. Денесінің үстіңгі беті әр түсті пигментті, ал астыңғы жақ беті әрқашанда ақ түсті болады. Көздері денесінің үстіңгі бетіне орналасқан. Ал камбаланың шабақтары алғаш су қабатында жүзіп жүргенде кәдімгі балықтар сияқты көздері денесінің екі жағына орналасқан симметриялы болады. Қазақстанда бір түрі-өзен камбаласы-глосса Арал теңізінде жерсіндірілген. Кәсіптік жолмен ауланады.

Ине құрсақты балықтар немесе бірікен жақтылар отряды – Tetraodontiformes.Бұл отрядқа 4 отряд тармағы, 10 тұқымдасқа бірігетін шамамен 300-350-ге жуық тропикалық (көбінесе) теңіз балықтарының түрі жатады. Бұлардың жақ аралық және жоғарғы жақ сүйектері тұтасып өсіп жақты «тұмсық» құрайды. Осы жақтық құрлысына сәйкес бұларды біріккен жақтылар (Plectognathi) деп атайды. Кейбір түрлері жағалауға жақын жерлерде тіршілік етеді. Негізгі өкілдері: ине құрсақ (Tetrodon hispidus), кузовка (Ostracion guadricornus), ай-балық (Mola-mola) және т.т.