Аяқсыздар отряды- Apoda

Пішіні үлкен құрт немесе жыланға ұқсас, ұзындығы 30-120 см болатын, 60-қа тарта түрлерді біріктіретін бір ғана тұқымдасы- Құртшалар (Caecіlіdae) бар. Ерекшеліктері- аяқтары және олардың белдеулері болмайды; құйрығы жоқ және клоакасы денесінің соңында сыртқа ашылады; тері бездері көп мөлшерде күйдіргіш сірне (шырыш) бөліп шығарады; терісінде ұсақ сүйекті қабыршақтары бар; бас сүйегінің жабынды сүйектері жақсы жетілген; омыртқалары-амфицельді; Африка, Азия мен Американың ылғалды тропикалық аудандарында тараған. Көпшілік түрлері жер астында тіршілік етеді. Кейбір түрлері құмырысқа және аққұмырысқа илеулерінде мекендеп, олармен қоректенеді. Іштей ұрықтанып, жұмыртқаларын ылғалды топыраққа не болмаса жағалауларда қазылған індерге салады. Көптеген түрлерінің аналықтары жұмыртқаларын денесімен қоршап алып, оларды қорғайды. Құртшалардың бірнеше түрлері тірідей туып, тіршілігін сулы ортада өткізеді.

Осмекенділердің маңызы

Барлық қосмекенділер ауылшаруашылық және орман өсімдіктері немесе адам мен үй жануарларына ауру тарататын көптеген зиянды омыртқасыздармен (моллюскалар, жәндіктер және олардың дернәсілдері, оның ішінде масалар да бар және басқалар) қоректеніп пайда келтіреді. Құрлықта тіршілік ететін түрлерінің суда тіршілік етушілермен салыстырғанда қоректік нысандары алуан түрлі. Шөп бақасы тәулігіне орта есеппен алғанда 6 зиянды омыртқасыздарды жейді. 1 га-да 100 бақа тіршілік еткен жағдайда, олар жаз айында 100 мыңнан аса зиянкестерді жояды. Қосмекенділер жағымсыз исі немесе дәмі бар омыртқасыздарды да қорек ретінде пайдаланып, ымыртта және түнде аулайды. Сол себепті де олар пайдалы құстардың қызметін толықтырады. Бірақ, жалпы алғанда, қосмекенділерден пайда аз, өйткені олардың сан мөлшері белгілі бір аздаған ландшафтарда ғана көп болады. Суда тіршілік ететін түрлердің уылдырықтарын, бақашабақтарын және ересектерін кәсіптік маңызы бар балықтар, үйректер, құтандар мен басқа да құстар қорек ретінде пайдаланады. Қосмекенділер, сонымен қатар, бірқатар терісі бағалы аңдардың (су күзені, сасық күзен, кәмшат және басқалары) жазғы қорегінің басым бөлігі болып табылады, ал кәмшат қыста да бақалармен қоректенеді. Ірі саламандралар мен бақалар кейбір елдерде (Франция, Оңтүстік-шығыс Азия, Америка және т.б.) тамақ ретінде пайдаланылады. АҚШ-та өгізбақаларды қолда өсіретін арнайы фермалар бар. Олардың артқы аяқтары (жұбы 250-400 г) сатуға шығарылып, қалғандары малға азық ретінде қайтара өңделеді. Қосмекенділер лабораториялық жануарлар ретінде өте жоғары бағаланады. Олар түрлі биологиялық және медициналық зерттеулерде пайдаланылады. Мысалы, Қазақстанда шет елге сату үшін, медициналық және ғылыми-зерттеу мекемелері үшін жылына 200-250 мың көлбақа ауланады. Уын алу үшін 1987, 1988, 1993 жылдары 8500 жасыл құрбақа ұсталған. Болашақта бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін (Кубыкин, Брушко, 1994). Батыс Еуропаның кейбір елдерінде қосмекенділердің саны күрт төмендеп кеткен. Бұған себептер: территорияны суландыру және шаруашылық жүргізу мақсатында олардың мекендейтін ортасының өзгеруі, уылдырық шашатын су қоймаларының ластануы, адам баласының қызметі және т.т. Сол себепті кейбір елдерде қосмекенділерді қорғауға алу және аулауға тиым салатын арнайы заңдар қабылданған. Мұндай шаралар Қазақстанда да жүзеге асырылады. Қазақстан Қызыл кітабына жетісу аяқтыбалығы (Ranodon sіbіrіcus), орталықазия немесе даната құрбақасы (Bufo danatensіs), қызылаяқ бақа (Rana amurensіs) тіркеліп, толық қорғалуға алынған. Лабораториялық зерттеулер мақсатымен аксолотльдер қолда өсіріледі, басқа да түрлерді жасанды жолмен қолда өсіру жұмыстары қолға алына бастады.

Қосмекенділерден келетін зиян шамалы. Жасыл бақалар (тоған бақасы, әсіресе көлбақа) майда шабақтармен қоректеніп балық өсіру шаруашылықтарына аздап зиян келтіреді. Қосмекенділер түрлі ішек- құрттардың аралық иесі болып су құстары мен терісі бағалы аңдарды ауруға ұшыратады, сонымен қатар қосмекенділер туляремия қоздырушының уақытша иесі болып табылып аздап та болса зиянын тигізеді.