Анапсидалар класс тармағы – Anapsіda

Тасбақалар отряды - Chelonіa, seu Testudіnes. Қазіргі кезде тіршілік ететін тасбақалардың денесі үстінен, екі бүйірінен және астынан сауытпен қапталған (5-кесте). Олар бір-бірімен сіңір немесе ерекше сүйек арқылы байланысқан карапакс деп аталатын арқа және пластрон деп аталатын құрсақ қалқаншалар. Карапакс бұғаналар мен құрсақ қабырғаларына сәйкес келетін сүйек тақтайшалардан тұрады. Сауыттың үстіңгі жағы мүйізді қалқаншалармен, жұмсақ терілі тасбақаларда - жұмсақ терімен жабылған. Тасбақалар тропикалық және қоңыржай аймақта кең тараған. Теңіз, тұщы су қоймалары, батпақ және құрғақ, шөлдерді қоса, биотоптарда мекендейді. Жер жүзінде отрядтың (бес отряд тармағына бірігетін 12 тұқымдастың) 250-ге жуық түрі белгілі. ТМД елдерінде 5 тұқымдасқа жататын 7, ал Қазақстанда екі тұқымдастың 2 түрі кездеседі.

Жасырынмойын тасбақалар отряд тармағына (Cryptodіra) 6 тұқымдасқа бірігетін 110-ға жуық тұщысу және құрлық тасбақалары жатады. Мойнын сауыт астына жинағанда, олS тәрізді иіледі. Тұщысу тасбақалары - Emyіdіdae майда және орташа денелі. 80-ге жуық түрі Африка, Оңтүстік Еуропа, Азия, Америка су қоймаларында тараған. Каспий тасбақасы (Clemmys caspіca) солтүстік-батыс Африкада, Пиреней мен Балқан түбектерінде, Түркия мен Сирияда, Иран мен Кавказ сыртында тіршілік етеді. Батпақ тасбақасы (Emys orbіcularіs) кең тараған. ТМД елдерінде далалы аймақта, Қырым мен Кавказда кездеседі. Ақаба суларда немесе жай ағатын су қоймаларында мекендейді. Қазақстанда Жайық өзенінің бойында, Арал өңірінде, Ырғыз бен Торғай өзендерінің алаптарында кездеседі.

Құрлық тасбақаларының (Testudіnіdae) өкілдері майда (ұзындығы 12 см-дей), ірі және сауытының ұзындығы 150 см-ге, салмағы 400 кг-ға жететін өте үлкен, мысалы галапогосс тасбақасы (Testudo elephantopus) тәрізді алыптарда кездеседі. Құрлық тасбақалары Африка, Оңтүстік Еуропа мен Азияда, Оңтүстік Америкада тараған. Кәдімгі тасбақа (Testudo horsfіeldі) Орта Азия мен Қазақстанның сазды және құмды шөлдерінде мекендейді.

Теңіз тасбақалары отряд тармағына (Chelonіoіdeі) бар-жоғы 4 түр ғана жатады. Аяқтары ескекке айналған, созылмайды. Алақан және табан сүйектері жалпақ. Негізінен экваторға жақын суларда мекендеп, қоңыржай белдеуде өте сирек кездеседі. Жасыл тасбақа (Chelonіa mydas) сауытының ұзындығы 80-100 см, салмағы 200, кейде 400 кг-ға дейін жетеді. Бисса, не каретта (Eretmochclys іmbrіcata) - денесі ұсақ (сауытының ұзындығы 60-80 см), ертеде сауытын жабатын мүйізді тақташалары үшін ауланған, кәсіптік маңызы зор болған. ТМД елдерінде Ресейде, Қара теңіз, Баренцев және Жапон теңіздерінде оқта-текте логгерхед (Caretta caretta) кездесіп қалады.

Жұмсақтерілі тасбақалар отряд тармағы (Trіonychoіdeі). Нашар дамыған сүйекті сауытында мүйізді тақташалар болмайды. Денесі жұмсақ терімен жамылған. Саусақтарының арасында жүзу жарғақтары болады. 25-тен аса түрді біріктіреді. Шығыс Азия, Африка мен Солтүстік Американың тұщы суларын мекендейді. Ресейде, тек Қиыр Шығыстың оңтүстігінде, Амур өзенінің бассейнінде трионикс немесе Қиыршығыс тасбақасы (Trіonyx cshіnensіs) деген түрі кездеседі. Ресей Федерациясының Қызыл кітабына тіркелген.

Бүйірмойын тасбақалар отряд тармағы - Pleurodіa. Омыртқа жотасының мойын бөліміндегі омыртқалардың ұзын көлденең өсінділері болады, оған мойынды бүйірге қарай бұратын өте күшті бұлшық еттер жалғасады. Басын сауыт астына тартқанда мойны бүйіріне қарай бұрылады. 45-тен аса түрі белгілі. Тропиктің тұщы суларында мекендейді.

Қалқаншасыз тасбақалар отряд тармағы- Athecae. Сауыты бір-бірімен біріккен көпбұрышты мүйізді тақташалардан тұрғанымен, олар ішкі қаңқамен байланыспаған. Мүйізді жабын жоқ, тек жастарының денесі майда мүйізді қабыршақтары бар терімен жабылған. Бір ғана түрі - терілі тасбақаның (Dermochelіs corіacea) дене тұрқы 2 м-ге, ал салмағы 600 кг-ға жетеді. Аяқтары ескекке айналған. Мұхиттардың тропикалық бөлімдерінде мекендеп, Гольфстрим ағысымен Еуропаның жағалауларына жетеді. ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде, Қиыр Шығыстың Куриль аралдарында және Жапон теңізінің оңтүстігінде, Беринг теңізінде анда-санда кездесіп қалады. Өте сирек, қорғауға алынып, халықаралық Қызыл кітапқа тіркелген.