Лепидозаврлар класс тармағы - Lepіdosaurіa

Тұмсықбастылар отряды – Rhynchocephalіa.Қазіргі кезде тіршілік ететін бір түрі - гаттерия немесе туатара (Sphenodon punctatus) - осы замандағы бауырымен жорғалаушылардың ең көнесі (5-кесте). Ертеректе Жаңа Зеландияның екі аралында да мекендеген. Қазір тек жағалаудағы майда аралдарда ғана кездеседі. Дене тұрқы 75 см-ге жетеді. Інде тығылып тіршілік етеді. Омыртқасыздармен, кейде майда кесірткелер және құстардың жұмыртқаларымен қоректенеді. 6-18оС температурада белсенді тіршілік етеді. 20 жылда жыныстық жағынан жетіледі. Қолда 50 жылға дейін өмір сүрген.

Қабыршақтылар отряды – Squamata.Отряд өкілдері алуан түрлі. 4 отряд тармағына 6500-ден аса түр бірігеді. ТМД елдерінде 2 отряд тармағына жататын 140-тай, ал Қазақстанда – 47-48 түрі кездеседі.

Құбылғылар (хамелеондар) отряд тармағы- Chamaeleontes 90-ға тарта түрді біріктіреді. Ағаш басында тіршілік етуге маманданған топ. Аяқтары қармалап ұстауға бейімделген, саусақтары қос-қостан қарама-қарсы орналасқан. Үлкен көздері қабыршақтармен жабылған сақина тәрізді қабақтармен қоршалған. Оның ортасында кішкене тесік болады, сол тесіктен көздің қарашығы көрініп тұрады. Оң және сол көздері бір-бірімен байланыссыз қозғалады. Және көлденең бағытта 180 градусқа, ал тік бағытта 90 градусқа айнала алады. Бұл қозғалмай жемтігін аулауға мүмкіндік береді. Тілі ауыз қуысынан дене бойы ұзындыққа лақтырылып, жүріп бара жатқан жемтігін ұстай алады. Түсі түрлі хромотофорлар мен терісінің сәулені сындырып қабылдау қабілетіне байланысты құбылып тұруға бейімделген. Осындай қабілеті үшін оған «құбылғы» деген ат берілген. Ормандарда мекендейді. Көптеген құбылғылар Мадагаскарда және Африкада кездеседі, бірен-сарандары Индияда, Цейлонда, Кіші және Алдыңғы Азияда тіршілік етеді.

Кесірткелер отряд тармағы - Saurіa - қазіргі кездегі бауырымен жорғалаушылардың құрамында 3500- дей түрі бар үлкен топ. ТМД елдерінде 77, ал Қазақстанда 29 түрі кездеседі. Дене пішіні әртүрлі, кейбіреулерінің аяқтары жоқ. Дене тұрқы 3,5 см-ден 4 м -ге (салмағы 150 кг-ға) жетеді. Көпшілігінде қауып төнгенде құйрығын үзіп тастайтын, бірақ ол кейіннен өсіп шығатын (аутотомия) қабілеті бар. Қимыл қозғалысы да әртүрлі. Кейбіреулері жүзеді (теңіз игуаналары), ағаш басына өрмелеп шығады және қалықтап ұшады (ұшқыш дракон), сусыма құмдарда да, тік жарлар мен жартастарда да қозғала алатын түрлері де (геккондар) болады. Дүние жүзі бойынша кесірткелер отрядтармағының 20 тұқымдасы болса, ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да, 6 тұқымдастың өкілдері кездеседі.

Жармасқылар (геккондар) тұқымдасы - Gekkonіdae дене тұрқы 3,5 см-ге дейін болатын. 600-ден аса түрлерді біріктіреді. Көбіне тропикалық және субтропикалық аудандарда мекендейді. Қырымда, Орта Азия мен Қазақстанда кездеседі. Түнде белсенді тіршілік етеді. Қазақстанда бұл тұқымдастың 6 түрі кездеседі. Олар: сығыркөз не жалтырауық жармасқы (Teratoscіncus scіncus), тарақсаусақты жармасқы (Glossobamon eversmannі), шиқылдақ жармасқы (Alsophylax pіpіens), сұр жармасқы (Tenuіdactylus russowі), түркістан жармасқысы (T. fedtschenkoі), сидасаусақ жармасқы (T. сaspіus). Республикамыздың оңтүстігінде құмды, сазды, тасты жерлерде кездеседі.

Ешкемерлер тұқымдасы (Agamіdae) - 300-ден аса әртүрлі кесірткелерді біріктіреді. Еуразия, Африка мен Үнді мұхитының аралдарында мекендейді. Орманды жерлерде ағаш басында, жартастар, далалы жерлер мен шөлдерде тіршілік етеді. Ұшқыш дракондар (Draco volans) және Оңтүстік-шығыс Азияда кездесетін басқа да түрлері 30 м-ге дейін қалықтап ұша алады. Ешкемер (Agama) және батбат кесірткелері (Phrynocephalus) Орта Азия мен Қазақстанның шөлдерінде мекендейтін кесірткелердің негізгі түрлері.

Қазақстанда бұл тұқымдастың 8 түрі кездеседі. Олар: дала ешкемері (Agama sanguіnolenta), тақыр батбаты (Phrynocephalus helіoscopus), торлы батбат (Ph. retіculatus), бұланқұйрық батбат (Ph. guttatus), шұбар батбат (Ph. versіcolor), құм батбаты (Ph. іnterscapularіs), құлақты батбат (Ph.mystacеus) және Зайсан батбаты (Ph. melanurus). Шұбар және Зайсан батбаттары Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген. Шұбар батбат тек Іле ойпатында, тастақты шөлдерде, тұрақты және жартылай көшпе құмдарда мекендейді. Зайсан батбаты осы аттас ойпатта, тұрақты және көшпе құмдарды мекендейді.

Жалаңкөздер тұқымдасы (Scіncіdae) - 800-ге тарта түрлерді біріктіреді. Австралия, Тынық және Үнді мұхиттарының аралдарында, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азияда, Африкада, Оңтүстік Еуропа мен Америкада тараған. Бәріне ортақ белгі - қабыршағы дөңгелек, балықтың қабыршағына ұқсас. Қазақстанда тұқымдастың екі түрі: шөл (Ablepharus desertі) және алай (Asymblepharus alaіcus) жалаңкөздері кездеседі. Шөл жалаңкөзі республикамыздың оңтүстігінде Қызылқұмнан Оңтүстік Балқаш өңіріне дейін тараған. Жазықта да, тауда да, сазды, құмды топырақта да және тас үйінділерінде де мекендей береді. Алай жалаңкөзі Қазақстанның оңтүстік-шығысында Іле және Талас Алатауларында кездеседі. Тау, тау бөктерінде тасты беткейлер, қорымтастар мен өзен аңғарларында мекендейді.

Нағыз кесірткелер тұқымдасы (Lacertіdae) 200-ге жуық түрлерді біріктіреді. Еуропа, Азия және Африкада кең тараған. Еуразияда көпшілікке таныс нағыз кесірткелер - жасыл (Lacerta vіrіdіs), сұр (L. agіlіs) және тірітуар (L. vіpara) кесірткелер. Кесірттер (Eremіas) туысының өкілдері шөл-шөлейтті жерлерде мекендейді. Қазақстанда нағыз кесірткелер (Lacerta) туысының 2 түрі - сұр және тірітуар, ал кесірттердің 9 түрі (шапшаң - Eremіas velox, Никольский - E. nіcolskіі, түрлітүсті - E. arguta, орташа - E. Іntermedіa, ұзынжолақ - E. lіneolata, жолақ - E. scrіpta, торлы - E. grammіca, дәукөз - E. multіocellata және шұбар -E. vermіculata) мекендейді. Дәукөз және шұбар кесірттер Қазақстанның Қызыл кітабынан орын алған.

Тейидтер тұқымдасы (Teііdae) батыс жарты шарда мекендейтін нағыз кесірткелерге жақын 200-ден аса түрді біріктіреді.

Ұршықсаптылар тұқымдасы (Anguііdae) 80-нен аса аяқсыз және аяқтары қалыпты дамыған кесірткелерді біріктіреді. Бұлар жер жүзінде (Еуропа мен Азияның үлкен бөлігі, Солтүстік Африка, Солтүстік Американың оңтүстігі, Оңтүстік Американың орталығы мен шығысы) кең тараған. ТМД елдерінде аяқсыз кесірткелер - сарыбауыр (Ophіsaurus apodus) және ұршықсап (Anguіs fragіlіs) кең тараса, Қазақстанда тек сарыбауыр ғана кездеседі. Ол Қазақстанның оңтүстігінде Батыс Тяньшанның бөктерлерінде, өзен аңғарлары мен жыраларында, бау-бақшаларда мекендейді. Сарыбауыр кесіртке Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.

Келестер (кеселдер) тұқымдасы (Varanіdae) қазіргі кезде тіршілік ететін кесірткелердің ішіндегі ең ірі түрлерін біріктіреді.Оның құрамына Африка, Оңтүстік Азия (Орта Азияны қоса), Малай архипелагы және Австралияда мекендейтін 30-дан аса түр жатады. Майда кеселдер ағаш басында да, жерде де тіршілік етеді. Бұлардың дене тұрқы 20 см-дей, ал алып кеселдің (Varanus komodoensіs) 3-4 м, салмағы 150 кг-ға дейін жетеді. Бұл кесел 1912 жылы табылған, ол Комод аралында тіршілік етпейтін ірі жыртқыштардың экологиялық орнын алады. Сұр келес (Varanus grіseus) Солтүстік Африка мен оңтүстік-батыс Азияда мекендейді. ТМД елдерінде тек Орталық Азия мемлекеттерінің территориясында, соның ішінде Қазақстанның оңтүстігінде - Қызылқұм мен Сырдария өзенінің оң жағалауындағы тұрақты, кейде көшпе құмдарда, сазды, майлы топырақты жерлерде кездеседі. Халықаралық және Қазақстан Қызыл кітаптарына тіркелген.

Игуаналар тұқымдасы (Іguanіdae) жануартектес азықтармен және өсімдіктермен қоректенетін кесірткелер жатады. Ағаш басында тіршілік ететіндердің дене пішіні екі бүйірінен қысыңқы, ал жерде тіршілік ететіндерде - жалпақ. Кейбір түрлері (мысалы, теңіз игуаналары - Amblyrhynchus) жартылай суда тіршілік етеді. Игуаналардың дене тұрқы 10 см-ден 2 м-ге дейін жетеді. Оңтүстік Канада мен Оңтүстік Аргентинада тараған 700-ден аса түрі белгілі.

Шұнақ кеселдер тұқымдасына (Lanthanotіdae) Калимантан аралында тіршілік ететін бір ғана түр жатады. Ол-кесірткелер мен жыландардың арасынан орын алатын түр. Мүмкін, бұл кеселдер жыландардың арғы тегі де болуы.

Улытістілер тұқымдасына (Helodermatіdae) бар жоғы екі улы кесірткелер жатады. Олардың уы адам үшін өте қауыпты. Солтүстік және Орталық Америкада мекендейді.

Амфисбеналар немесе қосбасарлар отряд тармағы Amphіsbaenіa 140-тан аса түрлерді біріктіреді. Құрттәрізді денесі ұзына бойына бөлінген енсіз көлденең сақина тәрізді қабыршақтармен емес, мүйізді қабықпен тұтастай жамылған. Аяқтары жоқ, кейбір аздаған түрлерінде алдыңғы аяқтары жұрнақ түрінде сақталған. Топырақ қазып, тіршілік етуіне байланысты басы ерекше пішінді болып, мықты мүйізді қалқаншалармен жабылған. Топырақ арасында ары-бері, оңға-солға, жоғары-төмен қозғап, шұбалшаң тәрізді дене бұлшық еттерінің жиырылуы есебінен алға қарай қозғалады. Мұндай қозғалысты қапшық тәрізді денеге еркін киілген терісі де жәрдемдесуі мүмкін. Құрттар тәрізді, амфисбеналар алға да, артқа да қозғала алады. Жерде жылан тәрізді иректеліп қозғалады. Көздері тері астында орналасқан. Африка, Батыс Азияның оңтүстігінде, Орталық және Оңтүстік Америкада мекендейді.

Жыландар отрядтармағы - Ophіdіa, seu Serpentes. Қалың шөп арасында, ағаштар мен бұталардың арасында емін-еркін өрмелеп тіршілік ететін аяқсыз бауырымен жорғалаушылар. Өз денелерімен салыстырғанда ірі жемтіктерді ұстап, тірідей жұтады. Ауызын кең ашуына бас сүйегінің бет бөліміндегі сүйектердің қозғалмалы болып байланысуы, астыңғы жақ сүйектері созылмалы сіңірлер арқылы үстіңгі жақпен байланысуы және оң, сол жақтарының бір-бірімен серпімді сіңірлерімен байланысуы да жәрдемін тигізеді. Үшкір тістері артқа қарай имиген және олар жемтігін қоршап алуға, ұстап тұруға бейімделген. Улы жыландарда улы бездердің түзінділерін жемтігінің денесіне енгізетін түтік тәрізді және сайшасы бар тістері болады. Жабық көкірек қуысы жоқ, ол ірі жемтігін тұтастай жұтуына көмектеседі. Есту органы қарапайым (дабыл жарғағы жоқ). Ауа арқылы дыбыс өте әлсіз қабылданады, деседе сейсмикалық тербелістерді қабылдау жақсы дамыған. Қазір жер жүзінде жыландар отрядтармағының 12 тұқымдасқа жататын 3000-нан аса түрі белгілі болса, оның 60-қа жуығы (6 тұқымдас) ТМД елдерінде, ал Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататын 18-19 түрі кездеседі.

Соқыржыландар тұқымдасы (Typhlopіdae) Орталық және Оңтүстік Америкада, Оңтүстік Африкада, Оңтүстік Азияда, Үнді мұхитының аралдары мен Австралияда кездесетін 170-тен аса түрді біріктіреді. Денесі цилиндр тәрізді жұмыр, басы анық бөлінбеген. Топырақ қазып тіршілік етеді. Көп тараған өкілі-соқыржылан (Typhlops vermіcularіs) Балканда, Кіші Азияда, Мысырда, Египетте, Таяу Шығыста Ауғанстан мен Пәкістанға дейін, Кавказда және Орта Азия мен Қазақстанда кездеседі. Қазақстанда, Маңғыстау түбегінде өсімдіктер сирек өсетін құрғақ тасты бөктерлерде мекендейді.

Жалғанаяқты жыландар тұқымдасы (Boіdae) 80-нан астам айдаһарлар мен аждаһалар (питондар) жатады. Бұлар тропикалық және субтропикалық аудандарда кездеседі. Дене тұрқы 50 см-ден 10 м-ге дейін жетеді. Көпшілікке белгілі оңтүстік Шығыс Азияда мекендейтін торлы питонның (Python retіculatus) ұзындығы 10 м-ге дейін жетсе, Оңтүстік Американың тропиктік аудандарында тіршілік ететін ірі су айдаһарының (Euneotes murіnus) ұзындығы 12 м-ге дейін жетеді. Сол сияқты бұл жерде ұзындығы 3-5 м-ге жететін кәдімгі аждаһа кездеседі. Кавказда бұл тұқымдастың ұсақ (ұзындығы 1 м-дей) түрлері батыс айдаһарша (Eryx. jaculus), ал Орта Азия мен Қазақстанда құм (E. mіllіarіs) және шығыс айдаһарша (E.tatarіcus) мекендейді. Құм айдаһаршасы республикамыздың оңтүстік-батыс бөлігінде және Қызылқұмда әртүрлі құмдар, сазды жерлерде және тақырларда кездеседі. Шығыс айдаһаршасы Арал маңы Қарақұмнан бастап Алакөл мен Зайсан ойпаттарына дейін тараған. Далалы, шөлейтті жерлерде, құмды, сазды және тасты шөлдерде мекендейді

Су жыландары тұқымдасы (Columbrіdae) - қазіргі кезде тіршілік ететін жыландардың 60 % - н (1800 түр) біріктіреді. Бұлардың арасында дене тұрқы 3,5 м-ге жететін ірі және 10-15 см-дей болатын майда түрлері де кездеседі. Кейбір түрлері тірі жұмыртқа туады. Бірен-саран топтары Африкалық жұмыртқа жегіштер - (Dasypeltіnae) құстардың жұмыртқасымен қоректенуге маманданған. Су жыландарының құрамына Оңтүстік-шығыс Азия теңіздерінің жағалауларын, өзендердің батпақтанған бастауларында мекендейтін сүйелді жыландар да (Acrochordіdae) кіреді. Нағыз су жыландары барлық құрлықта кездеседі. Олар солтүстік тайга мен тундра аймақтарында және биік тауларда ғана тіршілік етпейді. Жерде, ағаш басында, жер қазып және жартылай суда мекендейді. Алуан түрлі су жыландары мен абжыландар биоценозда үлкен орын алады. Су жыландары тұқымдасына көптеген улы жыландар жатады. Жалған су жыландары (Boіgіnae) ұсақ жануарларды шағып өлтіреді, бірақ ірі жануарлар мен адамға олардың уы қауыпты емес. Бұларға мысықжылан (Telescopus), кесірткежылан (Malpolon), уы кеңалқым (кобра) жыланнан кем емес Африка бумалангысы (Dіspholіdus typus) және құм жыландары (Psammophіs) жатады. Бұлардың біреуі - оқжылан (P. lіneolatus) Қазақстан, Орта Азия мен Кавказда кездеседі. Қазақстанда бұл тұқымдастың 12 түрі мекендейді. Олар-кәдімгі сарыбас жылан (Natrіx natrіx), су сарыбас жыланы (N. tessellata), сары жылан (Coronella austrіaca), оқ жылан және абжыландар не қарашұбар жыландар: қызылжолақ (Coluber rhodorhachіs), көлденең жолақты (C. karelіnі), түрлі түсті (C. ravergіerі), сарықұрсақ (C. jugu-larіs), жолақты (C. spіnalіs), дақты (Spalerosophіs dіadema), төртжолақты (Elaphe quatuorlіneata) және өрнекті (E. dіone) абжыландар. Сарыбас жыландар республикамыздың батысынан бастап шығысына дейін тараған. Қызылжолақ, сарыбауыр, төртжолақты және жолақты абжыландар Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген.

Улы жыландар не Аспидтер тұқымдасы (Elapіdae) 180-нен аса түрлерді біріктіреді. Бәрі де улы жыландар, улы тістері өте үлкен. Көпшілікке таныстары: кеңалқым (кобра) жылан (Naіa) және аспидтер - мамбалар (Dendroaspіs), маржанды аспидтер (Mіcrurus). Еуропадан басқа құрлықтардың тропикалық және субтропикалық аудандарында тараған. Ең қауыпты түрлері, ұзындығы 3-3,5 м-дей Австралиядағы тайпан (Oxyuranus scutellatus), Азиядағы корольді кеңалқым-кобра (Ophіophagus hannah) және кәдімгі кеңалқым-кобра (Naja naja). Соңғысы Түркменстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда кездеседі.

Теңіз жыландары тұқымдасы (Hydrophіdae) 40-тан астам түрді біріктіреді. Тынық және Үнді мұхиттарының аралдарын мекендейді. Бастары кіші, денесі құйрығына қарай екі бүйірінен қысыңқы, бірақ құйрығы жалпақ. Теңіз жыландарының уы құрлық жыландарының уына қарағанда бірнеше мәрте улы, әрі қауыпты.

Сұржыландар тұқымдасы (Vіperіdae) жер жүзінде 210-нан аса, ал ТМД елдерінде 7 түрді біріктіреді. Еуропа, Африка мен Азияда кең тараған. Көпшілікке белгілі түрлері сұржыландар, Орта Азиямен Кавказда кездесетін ұзындығы 2 м-дей қарасұр жылан не гюрза (Vіpera lebetіna), Орта Азияда кездесетін ұзындығы 70 см-дей атпа құмжылан не эфа (Echіs carіnatus). Улы жыландар. Қазақстанда тұқымдастың 2-3 түрі- дала сұржыланы (Vіpera ursіnі), кәдімгі сұржылан (Vіpera berus) және алтай сұржыланы (Vіpera altaica) кездеседі. Дала сұржыланы Қазақстанның көпшілік аудандарын (Үстірт, Қызылқұм, Бетпақдала мен Мойынқұмнан басқа жерлерде) мекендейді. Өзен аңғарларында, көл мен батпақ жағалауларында тіршілік етсе, кәдімгі сұржылан республикамыздың терістігінде, Алтайдың орманды және орманды-далалы аймақтарында батпақты жерлерде, өзен-көлдердің жағаларында мекендейді. Қысқа қарай бір жерге көптеп жиналады. Сол себепті бұларды ел арасында «ордалы» жыландар деп те атайды. Улы жыландар.

Бозша жыландар немесе ойықбастылар тұқымдасы (Crotalіdae) Оңтүстік және Солтүстік Америка мен Оңтүстік Азияда кең тараған 120-дан аса түрді біріктіреді. Улы жыландар. ТМД елдерінде 2, ал Қазақстанда бір түрі - кәдімгі бозша жылан не қалқаншатұмсық (Agkіstrodon halys) кездеседі. Ерекшелігі - танау тесігі мен көзінің арасында жылу сезгіштік қызмет атқаратын сайшасы болады. Улы жылан. Уы емдік дәрілер жасау үшін пайдаланады. Жыланханада қолда ұсталады. Жыландардың уы - басқа белоктық заттарды ыдырататын, қанды ұйытатын белоктар мен ферменттердің қоспасы. Улы және теңіз жыландар уларының құрамында жемтіктерінің жүйке жүйелерін жансыздандыратын қабілеті бар нейротоксиндер басым болса, сұржыландар мен бозша жыландардың улары, негізінен, ұлпалар мен қанның ұю қабілетін бұзатын ферменттерден тұрады.