Төменгі сатыдағы аңдар инфракласы – Metatheria

Қалталылар отряды – Marsupiala. Отрядта 7 тұқымдасқа бірігетін 250-ге жуық түр бар. Олардың дене мөлшері алуан түрлі – 4-10 см-ден (қалталы қаптесер) 75-160 см-ге жететіндер де (алып кенгуру) кездеседі (8-кесте). Қалталылардың пішіні де әртүрлі. Олардың арасында мүлдем кішкентай денесі сопақша, көртышқан денелі және аяқтары қысқа түрлер де, сол сияқты аяқтары ұзын, сымбаттылары да кездеседі. Көптеген қалталылар Австралияда, Тасманияда, Жаңа Гвинеяда, Үлкен Зонд аралында таралған. Бұлардан басқа, аздаған түрлер Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америкада мекендейді.

Америка оппосумдары тұқымдасы – Didelphidae. Қазіргі кезде бұл тұқымдасқа 75 түр (11 туыс) жатады, бұлар қалталылар арасындағы ең қарапайымдылары деп саналады. Барлығы дерлік Америкада мекендейді. Өкілдері оңтүстік және кәдімгі оппоссумдар, төрткөз, су, қаптесертәрізді, келтеқұйрық және ұзынқұйрық оппоссумдар.

Ценолестер тұқымдасы – Caenolestidae.Оңтүстік Американың эндемиктері, Америка оппоссумдарына немесе егеуқұйрықтарға ұқсас. Эквадор ценолестерінің бар-жоғы 5 түрі бар, олар Анд тауының ормандарында мекендейді. Перу ценолестісі Перудің оңтүстігінде тауларда 4200 м биіктікке дейін кездеседі. Чилидің оңтүстігіндегі қоңыржай климаты ормандарда чили ценолестісі кездеседі. Барлық ценолестілер олардың мекендеу ортасына жету қиын болғандықтан жақсы зерттелмеген.

Қалталы жыртқыштар тұқымдасы – Dasyuirdae. Өкілдері тым қарапайым, америка опоссумдарына жақын. Тұқымдасқа майда аңдар (қалталы қаптесер – Antezhi, дене тұрқы 4-10 см) мен ірі жыртқыштар (қалталы қасқыр – Thylacinus, дене тұрқы 110 см-ге жетеді) жатады. Қалталы жыртқыштар тұқымдасы 2 тұқымдас тармағына бөлінеді: қарапайым, бірақ көптүрлі қалталы қаптесерлер және нағыз қалталы жыртқыштар тұқымдас тармақтары. Бірінші тұқымдас тармағының өкілдері қаптесерлер мен егеуқұйрықтарды елестетеді, оларға 43 түр жатады. Бұларға жалпақтабан қалталы қаптесерлер, жалпақбастылар, сүйіртабандылар, қалталы қосаяқтар, әртүрлі қалталы егеуқұйрықтар жатады. Бұлардың барлығы Австралия мен Жаңа Гвинея аймақтарында мекендейді.

Кус-кустар тұқымдасы – Phalangeridae.Дене тұрқы әртүрлі қалталылар (ұзындығы 6-82 см) кең тараған. Пішіні плаценталы қаптесерлерге, егеуқұйрықтарға, тиіндерге, лемурларға, сусарларға және түлкілерге ұқсас (конвергенция). Австралия, Тасмания және Жаңа Гвинея мен көршілес аралдарда мекендейді. Тұқымдаста 14 туыс және 43 түр бар. Ең көп санды туыстарға: сақинақұйрықты кус-кустар – Pseudocheirus (17 түр), кус-кустар – Phalanger (7 түр), ергежейлі кус-кустар – Eudromicia (3 түр), қалталы ұшарлар – Petaurus (3 түр), кус-кустардың қалған туыстарында 1-2 түр ғана бар. Кус-кустарға көпшілікке жақсы таныс қалталы аюлар (коалалар) – Phascolarctos (1 түр) жатады.

Вомбаттар тұқымдасы – Phascolomyidae. Пішіні суырларға немесе кішірек аюларға ұқсас қалталылар жатады. Таралу аймағы оңтүстік-шығыс Австралия, Тасмания, Флиндерс аралы. Соңғы жылдары вомбаттардың саны күрт төмендеді. Тұқымдаста 2 туыс және 2 түр бар: қысқажүнді вомбаттар – Vombatus; ұзынжүнді вомбаттар – Lasiorchinis. Екі түрде Қызыл кітапқа тіркелген.

Қалталы құмырсқажегіштер тұқымдасы – Mernecobiidae. Дене тұрқы 17-27 см, салмағы 275-450 г болатын майда сүтқоректілер. Оңтүстік-батыс Австралияның эвкалипті ормандарында мекендейді. Олар мекендейтін территорияларды ауыл шаруашылық мақсатына қолданылуына байланысты саны тез кемуде.

Қалталы көртышқандар тұқымдасы – Notoryctidae. Пішіні кәдімгі көртышқанға ұқсас, дене тұрқы 13-18 см, ебедейсіз, ұзын. Таралу аймағы Австралияның оңтүстігі, Орталық және Батыс Австралия. Бар-жоғы бір туыс Notoryctes және 2 түрі – үлкен қалталы көртышқан – N.typklops (Оңтүстік және Орталық Австралия) және кіші қалталы көртышқан – N.caurinus (Батыс Австралия).

Қалталы борсықтар тұқымдасы (Бандикуттер) – Peramelidae.Дене тұрқы 50 см-ге, дейін салмағы 4,7 кг-ға жететін кішілеу қалталылар. Пішіні ін қояндары немесе егеуқұйрықтарға ұқсас (8-кесте). Австралия, Тасмания, Жаңа Гвинеяда кездеседі. Тұқымдаста 8 туыс және 19 түр бар. Ең саны көп туыстар ұзын мұрын бандикуттер – Perameles (5 түр); жаңагвинеялық бадикуттер – Peroryctes (3 түр); тікенді бандикуттер – Echymipera (3 түр); тәмпішмұрын бандикуттер – Thylacis (3 түр). Басқа туыстарда 1-2 түрден бар.

Кенгурулер тұқымдасы – Macropodidae.Дене тұрқы алуан түрлі жануарлар: 25 см-ден (мускусты егеуқұйрықтәрізді кенгуру) 160 см-ге (алып кенгуру) жететін сүтқоректілер. Тұқымдаста 17 туыс және 51 түр бар. Ең көп тараған туыстар: ағаш кенгурулары – Dendrolagus (7 түр) Квислендінің солтүстік аудандары, Жаңа Гвинея; жартас кенгурулары – Petrogale (6 түр) Австралия; филандералар – Thylogale (6 түр) Австралия, Тасмания, Жаңа Гвинея, Бисмарк архипелагы және бірқатар аралдар; валлэбилер – Protemnodon (6 түр) Австралия, Тасмания, Жаңа Гвинея, көршілес кіші аралдар, бұташыл кенгурулар – Dorcopsis (5 түр) Жаңа Гвинея; алып кенгурулар – Macropus (3 түр) Австралия, Тасмания, көрші аралдар. Басқа туыстарда 1-3 түрден бар.