Жоғары сатыдағы аңдар, немесе плаценталылар инфракласы – Eutheria, seu Placentalia

Плаценталыларға біршама жоғары ұйымдасқан сүтқоректілер жатады, олардың шыққан тегі қарапайым насекомқоректілер болып табылады. Ұрық плацента көмегімен дамиды, ол ұрықты ана жатырының қабырғасымен байланыстырады. Ұрпақтары жетіліп туады және өз бетінше сүт соруға қабілетті. Қалтасы және қалта сүйектері болмайды. Қазіргі сүтқоректілердің көпшілігі (17 отряд) осы инфракласқа жатады. Барлық планеталарда кең тараған және құрлықта да, теңізде де, мұхитта да мекендейді.

Насекомқоректілер отряды – Jnsectivora.Плаценталылар ішіндегі ең көне және қарапайым отряд, бор кезеңінің басында пайда болуы мүмкін. Қарапайым насекомқоректілер барлық басқа плаценталы сүтқоректілердің тегі болған деп айтуға болады. Бұл жануарлар, негізінен, майда және орташа денелі (дене тұрқы 3,5-44 см). Насекомқоректілердің тұмсығы ұзарған, әдетте ол епті тұмсықпен аяқталады. Олардың құлақ қалқаны кішкентай (кейде болмайды). Тері жамылғысы қысқа, жұмсақ (кейде денесі қылтықпен жабылған). Тіршілігі әртүрлі – құрлықта, топырақ арасында, жартылай суда ағаш сүлбесінде мекендейді. Австралия, Антарктика және Оңтүстік Американың көп бөлігінен басқа континенттерде кең тараған. Отрядта 370-ке жуық (7тұқымдас) түр бар.

Кірпілер тұқымдасы – Erinaceidae. Дене мөлшері 10см-ден (жертесер кірпі) 44 см-ге (үлкен қызыл кірпі) жетеді. Кірпілердің 15 түрі бар. Кірпілер домаланып жиырыла алады. Басқалары, аса маманданбаған түрлер тұмсығы ұзын тышқантәрізді кеміргіштерді елестетеді. Гимнур кірпілерінің денесін қатты түк жапқан. Кірпілердің тері асты бұлшықеттері күшті жетілген. Африка мен Еуразияның ормандарында, далалы шөлді жерлерінде және мәдени егістіктер егілген аудандарында мекендейді. ТМД елдерінде және Қазақстанның солтүстігіндегі орманды және далалы аймақтарда кәдімгі кірпі, шөлейтті және шөлді аймақтарда құлақты кірпі кездеседі (8-кесте). Маңғыстауда қара (қасқа) кірпіні, ал Қиыр Шығыста даур кірпісін кездестіруге болды.

Көртышқандар тұқымдасы – Talpidae. Эоцен мен олигоценде маманданған формалары тіршілік еткен. Дене мөлшері үлкен емес – ең ұзыны 21см-ге жетеді. Тұқымдаста 20-дан астам түр бар. Денесін қалың қысқа жүн басқан, ол көртышқандар мен жұпарларда бағалы. Әртүрлі ландшафтарда кездеседі. Солтүстік Америка, Еуразияда тараған. Көпшілігі топырақ арасында тіршілік етеді - әртүрлі тереңдікте ұзын жер асты жолдар қазады, қорегін жер астынан табады. Кейбір түрлері құрлықта тіршілік етеді, қауіп-қатер төнген жағдайда інге тығылады. Жұпар суға жақын жүреді, оның саусақтарының арасында жүзу жарғағы болады. Тері жамылғысы ұзын, қалың әрі жұмсақ. Жұпар ескі арнаның жайылмасын, жағасында қалың шөп өскен жай ағатын суқоймаларын ұнатады. Іннің аузы су астында, ал ұясы су деңгейінен биікте орналасады. Терісі бағалы, заңмен қорғалады. Дон, Еділ мен Жайық және Есіл, Обаған, Айет, Үй өзендерінің бассейндерінде кездеседі. Көртышқандар тұқымдасында көртышқандар (Talpa) мен жұпардан (Desmana) басқа батыс-шығыс америкалық көртышқандар (Scapanus және Scalophus), жұлдызтұмсықтылар және басқалары жатады. ТМД елдерінде көртышқандардың 6 түрі және жұпар кездеседі (8-кесте). Қазақстанда алтай көртышқаны мен жұпар мекендейді, соңғысы Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген.

Тенректер тұқымдасы – Tenrecidae. Кәмшаттәрізді жертесерлерді қосып есептегенде тұқымдаста 31 түр бар. Көптеген түрлер Мадагаскарда, Комор аралдарында мекендейді. Батыс және орталық Африкада кездеседі. Пішіні алуан түрлі – кәдімгі тенректер кірпілерге ұқсас, басқалары – көртышқанға, батпақ тенректері ондатрға, кәмшаттәрізді жертесерлер – кәмшатқа ұқсас. Орманда, далалы жерлерде, бұталар арасында және батпақты жерлерде кездеседі. Жергілікті тұрғындар кәдімгі және үлкен тенректерді тамақ үшін пайдаланады.

Алтынтүсті көртышқандар тұқымдасыChrysohloridae. Оңтүстік Африканы мекендейді, топырақ арасында біздің көртышқандар тәрізді тіршілік етеді. Мәдени ландшафтарда, жазық жерлерде және орманда мекендеушілер. Тұқымдаста 15 түр бар. Белгілілері кәдімгі алтынтүсті көртышқандар (4 түр), алып алтынтүсті көртышқандар (2 түр), африкалық алтынтүсті көртышқандар(7 түр) және т.б.

Тесіктістілер тұқымдасы – Selenodontidae. Тесіктістілер біршама ірі насекомқоректілер, дене тұрқы 32,5 см-ге жетеді, салмағы 1 кг-ға жуық. Ұзын сирақты жертесерлерді еске түсіреді. Бар-жоғы екі түр – куба тесіктісі (Selenodon cubanus) және гаитилық тесіктіс (S. Paradoxus). Қолтық асты және шап бездері өткір жағымсыз иіс шығарады. Ормандарда және бұталы шіліктерде мекендейді. Кубада, Гаитиде кездеседі, өте сирек және ХТҚО-ң Қызыл кітабына тіркелген.

Жертесерлер тұқымдасы – Soricidae. Дене мөлшері майда (дене тұрқы 3,5-18 см) 270-ке жуық түрі бар. Салмағы бар-жоғы 2 г-нан 35 г-ға дейін жетеді. Әртүрлі биотоптарда кездеседі, десе де ормандағы, өзен жайылмаларындағы, өзектер мен суқоймаларының жағалауларындағы ылғалды жерлерді ұнатады. Жертесерлердің таралу аймағы кең. Олар Солтүстік Америкада, Еуропада және Азияда Израильге, Кіші Азияға, Кашмир мен Солтүстік Бирмаға дейін мекендейді. Ең көбі жертесерлер туысы – 49 түр бірігеді. ТМД елдерінде ергежейлі жертесер, кіші, қиыршығыс, кәдімгі, сібір, алып жертесерлер және т.б. мекендесе, Қазақстанда ала жертесер, кіші, орташа, кәдімгі жертесерлер, су жертесері, кіші ақтісті, аққұйрықты ақтісті жертесерлер және т.б. кездеседі (8-кесте).

Секіргіштер тұқымдасы – Macroscelididae. Африкада 14 түр мекендейді. Пішіні қосаяқтарға ұқсайды. Дене мөлшері әртүрлі, ірі секіргіштердің дене тұрқы 26 см-ге жетеді. Жазық жерлерді, тікенді бұталары бар ормандар мен ашық жартастарды ұнатады. Ұзынқұлақ секіргіштер (9 түр), теңбіл жоталы секіргіштер (3 түр) сияқты түрлері белгілі.

Жүнқанаттылар, немесе Кагуандар отряды – Dermoptera.Отрядқа 2 түрі бар бір тұқымдас жатады, олар Оңтүстік-шығыс Азия мен Филиппин аралдарында мекендейді. Ағаш сүлбесінде тіршілік етеді, бұтақтан бұтаққа арқасын төмен қаратып жүреді. Жүнқанаттыларды көп жерлерде жергілікті тұрғындар терісі мен еті үшін аулайды.

Қолқанаттылар отряды – Chiroptera. Дене тұрқы майда және орташа – 2,5 см-ден 40 см арасында ауытқып тұрады. Жарқанаттар сүтқоректілер арасындағы бірден-бір ұзақ және белсенді ұшуға қабілеті бар өкілдер. Алдыңғы аяқтары қанатқа айналған. Жарқанаттар – түн жануарлары. Оларда есту және сезу мүшелері ерекше дамыған. Қолқанаттылардың ерекшелігі – эхолокацияға (10-200 кГц) қабілеттілігі, сол арқылы түн насекомдарын ұстайды және кедергіге соқпайды. Бұлардың арасында жеке және шоғыр құрып тіршілік ететін түрлер кездеседі. Қыстау кезінде және дем алғанда жарқанаттар жүздеп, мыңдап жиналады, кейде ондаған мың әр түрге жататындар бірге жиналады. Екі жарты шарда да тараған. Тропикада өте көп. Отряд 2 отряд тармағына жіктеледі. Крыландар отрядтармағында – Megachiropteraбір ғанатұқымдас Крыландар Pteropidae бар (146 түр). Бұлар нашар ұшқыштар, олардың қанаттары жалпақ, ұшы дөңгеленген және иық буыны біреу. Дене мөлшері кішірек мысықтай (40 см) және қанат құлашы 170 см-ге жетеді. Шығыс жарты шарында Африкадан бастап шығыста Австралия, Самон және Каролин аралдарында кең тараған. Океанияның кейбір аралдарында, қаптесерлер, егеуқұйрықтар мен иттерден басқа, сүтқоректілерден тек крыландар ғана кездеседі. Олар көп аймақтарда олар жеміс плантацияларына біршама зиян келтіреді. Тұқымдаста 41 туыс (146 түр) бар. Ең көп түрлі туыстарға: ұшар түлкілер (Pteropus) – 46 түр, ұшар иттер (Ronsettus) – 13, жалаңаш арқалы крыландар (Dobsonia) – 9, эполетті крыландар (Epomophorus) – 8, түтікмұрынды крыландар (Cynopterus) – 5 түр жатады. Басқа туыстарда 1-2 түр болады. Жарқанаттар отрядтармағы – Microchiroptera. Насекомқоректі жарқанаттар-дене тұрқы 3-14 см болатын майда жануарлар. Екі жарты шардың қоңыржай және тропикалық аймақтарында кең тараған. Жарқанаттар отрядтармағында 107 туыс (16 тұқымдас) бар, оларға 700-ден аса түр бірігеді. ТМД елдерінде 3 тұқымдас: тағатұмсықтылар (Rhinolophidae), кәдімгі жарқанаттар не тегістұмсықтылар (Vespertilionidae) және иттұмсықты жарқанаттар (Molossidae) мекендейді, 39 түр бірігеді. Қазақстан фаунасында жарқанаттардың ТМД елдерінде кездесетін үш тұқымдастың өкілдері тіршілік етеді, бірақ түр саны аз, бар-жоғы 27. Иттұмсық жарқанаттардан бір түр-кеңқұлақ жарқанат (Tadarida teniotis), тағатұмсықтылардан 3 түр – кіші-тағатұмсық жарқанат (Rhinolophus hippsideros), үлкен тағатұмсық (Rh. ferrumeguinum) және бұқар тағатұмсық жарқанаты (Rh. bocharicus), ал қалған 23 түр тегістұмсықты жарқанаттар. Олар құлақты жарқанаттар (2 түр), жалпақ құлақ жарқанаттар (1 түр), ақбауырлар (1 түр), түн жарқанаттары (7 түр) ымырт жарқанаттары(2 түр), кәдімгі жарқанаттар (10 түр).

Тегістұмсық жарқанаттар тұқымдасы – Vespertilionidae.Дене тұрқы 32-103 мм, құйрығы 25-75 мм аралығында ауытқып тұрады. Бұл жарқанаттардың таралу аймағы кең, олар Антарктикадан басқа материктерде кең тараған. Ең көбі кәдімгі жарқанаттар (Vespertilo) – 113 түр, түн жарқанаттары (Myotis) – 66, өрнекті тегістұмсықтылар (Kerivonla) – 24, ұзынқанаттылар (Miniopterus) – 13, ымырт тегісмұрындылары (Nycticeius) – 12, Австралия тегістұмсықтылары (Nyctophilis) – 9, үй тегістұмсықтылары (Scotophilus) –9, ымырт жарқанаттары (Nyctalus) – 7 түр және т.б. ТМД елдерінде 8 туыстың өкілдері солтүстікке орманды аймаққа дейін барлық территорияларда кең тараған. Қазақстанда бұл тұқымдастың 23 түрі кездеседі.

Иттұмсықты жарқанаттар тұқымдасы – Molossidae.Жылдам ұшатын (сағатына 60 шақырым және оданда көп) жарқанаттар. Тропика мен субтропиканы ұнатады. Таралу аймағының солтүстік бөліктерінде ұйқыға жатпайды. Топтанып, шоғыр құрайды. Оңтүстік Еуропа, Азияда, Африка мен Америкада мекендейді. 119-дай түрі белгілі.Тұқымдаста 7 туыс бар, ең көп түрі бар туыс жиыреріндер (Tadaridae) – 81 түр, барқыттүсті иттұмсық жарқанаттар (Molossus) – 24, оңтүстік америкалық иттұмсықтар (Molossops) – 7 түр және т.б. ТМД елдерінде және Қазақстанда бір түр- бүрме ерін жалпаққұлақты жарқанат-Tadarida teniotis мекендейді.

Тағатұмсықты жарқанаттар тұқымдасы – Rhinolophidae. Басқа тұқымдастардан мұрынының құрылысымен ерекшеленеді, тұмсығында түгі жетілмеген өсінділері болады, олар «таға тәрізді», танауын бүйірінен және алдынан орап жатады. Бұл дегеніміз күрделі тері құрылым, ол танаудан шығарылатын ультрадыбыстарды бағыттайды. Шығыс жарты шардың тропикалық және қоңыржай бөліктерінде тараған. 70-ке жуық түр ТМД елдерінің оңтүстігінде кездеседі. Тағатұмсықтылар туысына (Rhinolophus) 68 түр, қалқанқұлақты тағатұмсықтыларға (Rhinomegalophus) – 1түр жатады. Қазақстанда тағатұмсықтылардың үш түрі – үлкен (Rh. ferrumeguinum), кіші (Rh. hipposideros) және бұқар тағатұмсық жарқанаты (Rh. bocharicus) мекендейді.

Ланцеттұмсықтылар тұқымдасы – Rhinopomatidae. Қарапайым құрылысты, ұзын құйрықты 4 түр жатады. Дене тұрқы 80 мм-ге жетеді. Африка мен Оңтүстік Азияда тараған.

Қапшыққанаттылар тұқымдасы – Emballonuridae. Орта және майда денелі жануарлар. Дене тұрқы 37-100 мм. Тропика мен субтропикада жаңбырлы орманнан шөлді аймаққа дейін мекендейді. Кейбіреулері жеке, екіншілері топтанып, ал енді біреулері үлкен шоғыр (колония) құрып тіршілік етеді. Тұқымдаста 48 түр бар, олардың ішінде көп тарағандары құрамында 32 түр бірігетін – кәдімгі және зиратшыл қапшыққанаттылар.

Балықжегіш жарқанаттар тұқымдасы – Noctilionidae.Орташа және ірі денелі-дене тұрқы 132 мм-ге жететін жарқанаттар. Бар-жоғы 2 түр: мексикалық балықжегіш жарқанат және оңтүстік жарқанаты. Мексикадан бастап Оңтүстік Американың терістігіне дейін тараған.

Жалған вампирлер тұқымдасы – Megadermatidae. Бұл тұқымдастың арасында ең ірі денелі жарқанаттар (Macroderma туысы) кездеседі, олардың дене тұрқы 14 см-ге жетеді. Австралиялық жалған вампир әртүрлі жарқанаттармен де қоректенеді. Африка, Оңтүстік шығыс Азия мен Австралияда мекендейді. Жалған вампирлердің бар-жоғы үш туысында 5 түр ғана бар.

Вампирлер тұқымдасы – Desmodontidae. Дене тұрқы 90 мм-ге жететін жарқанаттар. Американың тропикалық және субтропикалық әртүрлі ландшафтарында кездеседі. Жазық жерлерді, шөл, тау мен ормандарда мекендейді. Тұқымдаста 3 туыс және үш түр: кәдімгі вампирлер (Desmodus) және жүнбалық вампирлер (Diphylla) бар.

Жалған тағатұмсықтылар тұқымдасы – Hipposideridae. Майда (28 мм), ірі (110 мм), тұмсығының ұшында жапырақтәрізді тері өсінділері бар, жарқанаттар. Африка мен Оңтүстік Азияның тропикалық, субтропикалық аудандарында тараған. Тұқымдасқа 59 түр (8 туыс) бірігеді. Көп тарағандары кәдімгі жапырақтұмсықтылар (Hipposideros) – 44 түр, үшжапырақтұм-сықтылар (Triaenops) – 5 түр және үштістілер (Asellia) – 2 түр.

Приматтар отряды – Primates. Бұл отрядқа 190-ға жуық түр бірігеді, олар бір-бірінен дене мөлшері, пішіні арқылы ажыратылады, десе де көптеген қарапайым құрылысты белгілері сақталады. Азия, Африка мен Американың субтропикалық және тропикалық аймақтарында таралған, Зонд архипелагы мен Филиппин аралдарында да кездеседі. Қазіргі кезде приматтардың саны олардың мекендейтін орнын жоюға байланысты планетамызда жылдам азаюда. Көптеген түрлердің тіршілігіне қаскерлер (браконьерлер) әсерін тигізеді және жергілікті тұрғындар оларды плантациялардың зиянкестері деп қарап, жойып отырады. ХТҚО-ң Қызыл кітабына приматтардың 62 түрі мен түршесі тіркелген.

Төменгі сатыдағы приматтар немесе Шала маймылдар отряд тармағы – Prosimii. Шала маймылдар отрядтармағында 6 тұқымдас, 24 туыс және 52 түр бар (8-кесте). Африканың тропикалық аймақтарында (лорилар), Мадагаскар аралында (лемурлар, индрийлер, қолаяқтылар), Азия мен Малай архипелагында (тупайилар, лорилар, ұзынөкшелілер) мекендейді. Күндіз, ымыртта және түнде тіршілік етеді. Көпшілігі ағаш сүлбесінде тіршілік етуді ұнатады. Жеке жүріп жұптасып немесе кішігірім топ құрып тіршілік ететін түрлері де бар. ХТҚО-ң Қызыл кітабына шала маймылдардың 22 түрі тіркелген.

Тупайилар тұқымдасы – Tupaiidae. Дене тұрқы майдалау (10-20 см), құйрығы ұзын (9-22 см). Насекомқоректілер отрядының өкілдеріне тән ұқсас белгілері бар, бірақ кейбір систематиктер тупайиларды жеке Scandentia отрядына бөлуді ұсынады. Бұл аңдар орманды аймақтарда мекендейді. Ағаш сүлбесінде тіршілік етуге бейімделген, ағаш бойымен жақсы өрмелейді. Оңтүстік-шығыс Азия мен Зонд архипелагы аралдарының тропикалық ылғалды және таулы ормандарында мекендейді. Тұқымдаста 5 туыс (18 түр) бар. Ең көбі кәдімгі тупайилар туысы (Tuparia) – 13 түр. Басқа 4 туыста 1-2 түрден бар.

Лемурлар тұқымдасы – Lemuridae. Шала маймылдар, майда және орташа денелі сүтқоректілер. Дене тұрқы 12-46 см, құйрығының ұзындығы 13-51 см. Көпшілік лемурлар ағаш сүлбесінде тіршілік етеді, бірақ қорегін жерден де іздеп табады. Жеке немесе кішкентай топ құрып түнде белсенді өмір сүреді. Әдетте өсімдікқоректілер, арасында насекомқоректілер де және қорек талғамайтындары да кездеседі. Тұқымдаста 16 түр бар, олардың арасында ең көп кездесетіндері – кәдімгі лемурлар (Lemur) – 6 түр, нәзік денелі макалар (Lepilemur) – 2, ергежейлі лемурлар (Cheirogaleus) – 3, Hapalemur туысы – 2 түр.

Индрийлер тұқымдасы – Indriidae. Бұған дене мөлшері әртүрлі приматтар жатады. Дене тұрқы 30-106 см. Құйрығы қысқа (5 см) және өте ұзын (53 см) болуы мүмкін. Пішіні – маймылтектес, артқы аяқтары алдыңғы аяқтарына қарағанда біршама ұзын. Мадагаскарда мекендейді. Тұқымдасқа 4 түр (3 туыс) бірігеді. Олар: айдарлы индрилердің немесе сифанилардың (Propithecus) екі түрі және жүндес индрилер (Lichanotus) мен қысқа құйрықты индрилер (Jndri) туыстарының бір-бір түрлері.

Қолаяқтылар тұқымдасы – Daubentoniidae. Бұл тұқымдаста бір туыс және бір түр – Daubentonia madagascariensis бар. Дене мөлшері аса үлкен емес, дене тұрқы 44 см-ге жетеді. Құйрығының ұзындығы 60 см-дей. Қолаяқтылар Мадагаскардың ормандарында, мангр тоғайларында және бамбук шіліктерінің арасында мекендейді. Өте сирек кездесетін маймыл. 35 жыл бұрын қолаяқтылардың саны бар-жоғы 50 бас болған. ХТҚО-ң Қызыл кітабына тіркелген.

Лорилар тұқымдасы – Lorisidae. Дене мөлшері үлкен емес, дене тұрқы 40 см-ге жетеді. Құйрығы қысқа немесе ұзын болуы мүмкін. Басы домалақ, алдыңғы бөлімі қысқарған. Құлақ қалқаны әртүрлі, көзі үлкен. Тропикалық ормандарда мекендейді. Тауда биікке (200 м-ге дейін) көтеріледі, саваннада (галаго) немесе жазық жерлерде тіршілік ете алуы мүмкін. Индия, Цейлон, Оңтүстік-шығыс Азия мен Африкада, Сахарадан оңтүстікке қарай тараған. Лорилар тұқымдасында 6 туыс (11 түр) бар. Ең көп кездесетіндері галаго (Galago) – 4 түр, жуан лорилар (Nycticetus) – 2 түр, жезтырнақты галаголар (Euoticus) – 2 түр. Қалғандары – жіңішке лори, сары потто, потто – бір-бір түрден тұрады.

Ұзынөкшелілер тұқымдасы – Tarsiidae. Майда шала маймылдар, дене тұрқы 8,5-16 см. Құйрығы ұзын – 13-27 см. Салмағы 150 г-ға жетеді.

Ағаш сүлбесінде тіршілік етеді. Ағашқа өрмелейді және бірнеше м қашықтыққа секіре алады. Оңтүстік-шығыс Азияның аралдарында тараған. Тұқымдаста 1 туысқа (Tarsius) жататын 3 түр бар. Олар: филиппин ұзынөкшелісі (T. syrichta), батыс ұзынөкшелісі (T. bancanus) және кәдімгі ұзынөкшелі (T. spectrum).

Жоғары сатылы приматтар, немесе Маймылдар отрядтармағы – Anthropoidea. Майда, орташа және ірі денелі маймылдар. 100-ге жуық түр бірігеді. Дене тұрқы 15-тен 180 см-ге дейін ауытқып тұрады.

Тұтқышқұйрықты маймылдар тұқымдасы, немесе капуциндер тұқымдасы – Cebidae. Майда, орташа денелі приматтар. Дене тұрқы 24-91 см аралығында ауытқып тұрады. Коаталардың, өрмекшітәрізді маймылдардың, жүндес маймылдар мен өкіргіштердің құйрықтары ұзын әрі тұтқыш. Тропикалық ормандарда мекендейді. Ағаш сүлбесінде тіршілік етеді. Ағаш бойымен жүгіре де әрі алысқа секіре де алады.

Кеңтанаулы маймылдар тұқымдасының өкілдері Оңтүстік Америкада тараған. Тұқымдаста 11 туыс, 35 түр бар. Ең көбі секіргіштер (Callicebus) – 8 түр, өкіргіштер (Alouatta) – 6 түр, капуциндер (Cebus) – 4 түр, коаталар (Ateles) – 4 түр, уакарилер (Cacajao) – 3 түр. Басқа туыстарда 1-2 түрден ғана бар.

Ойынпаздар немесе Мармозеталар тұқымдасы – Callithricidae. Ең кішкентай маймылдар (массасы 70-1000 г), дене тұрқы 15-50 см, құйрығының ұзындығы 18-42 см. Оңтүстік Американың шығысында Анд тауларынан бастап Оңтүстік Бразилияның терістігіне дейін және Панамада тараған. Мармозеталар тұқымдасына 4 туыс (35 түр) жатады. Ең көп кездесетіндер: тамариналар (Saguinus) – 20 түр, ойымпаздар (Callithrix) – 11 түр, арыстантүсті ойымпаздар (Leontideus) – 3 түр және мармозеталар (Callimico) – 1 түр.

Мартышкалар немесе Төменгі сатылы тартанаулы маймылдар тұқымдасы – Cercopithecidae. Майда және орташа денелі маймылдар. Дене тұрқы 32 см-ден 110 см-ге дейін жетеді. Әртүрлі ландшафтарда – саванналарда, джунглилерде, мангрлы батпақты ормандарда, жартастарда кездеседі. Тауда теңіз бетінен 4000 м биіктікке дейін көтеріле алады. Басым көпшілігі күндіз белсенді, олар құрлықта (павиандар), құрлық пен ағаш сүлбесінде (макакалар) немесе ағаш сүлбесінде мекендейтіндер (басқа маймылдар). Семья құрып немесе үйір құрып тіршілік етеді. Африка, Арабия түбегі, Оңтүстік-шығыс Азияда тараған. Еуропада тек Гибралтарда ғана кездеседі. Бұл тұқымдаста 11 туыс (61 түр) бар. Бұлардың арасында ең көп тарағандары – мартышкалар (Cereopithecus) – 15 түр, лангуралар (Pygathrix) – 14 түр, макакалар (Macaca) – 12 түр, павиандар (Papio) – 7 түр, мангобеялар – 4 түр. Қалған туыстарда 1-2 түрден ғана бар.

Жоғары сатылы тартанаулылар, немесе понгидтер тұқымдасы (Pongidae). Бұл тұқымдасқа дене тұрқы 45 см-ден (гиббон) 180 см-ге (горилла) жететін жоғары сатыдағы маймылдар жатады. Тропикалық ормандарда мекендеп, онда ағаш сүлбесінде тіршілік етеді. Гориллалар мүлдем жерге өмір сүруге көшкен. Экваторлы Африкада (шимпанзе, горилла) және Оңтүстік-шығыс Азияда (гиббон), сол сияқты Суматра мен Калимантанда (орангутанг) тараған. Тұқымдаста 10 түрді біріктіретін 4 туыс: шимпанзелер (Pan) – 1 түр, гориллалар (Gorilla) – 1 түр, гиббондар (Hylobatus) – 7 түр, орангутандар (Pongo) – 1 түр бар.

Адамдар тұқымдасы – Hominidae.Бар-жоғыбір Homoтуысы және бір түр (Homo sapiens) бар. Орташа денелі приматтар, бойының ұзындығы 140 см-ден 190 см-ге дейін ауытқиды. Жыныстық диморфизм байқалады – еркектері ұрғашыларына қарағанда біршама ірі. Алдыңғы аяғының бірінші саусағы басқаларына қарама-қарсы, ал артқы аяғында бір қатарда орналасқан. Ми сауыты күшті дамыған және бет бөлімі әлсіз шығыңқы. Дене түсі ақтан қараға дейін өзгеріп тұрады. Жұп кеуде емшегі бар. Алдыңғы миының көлемі үлкен, көптеген сайшалы әрі қыртысты. Плацентасы дискоидалды үзілмелі, гемохормалды. Буаздылық мерзімі 243-298 күн. Әдетте бір бала туады. Жоғарғы жүйке қызметі адамдарда, басқа приматтарға қарағанда жақсы дамыған. Планетамызда кең тараған.

Мүкітістілер отряды – Edentata.Дене мөлшері 12 см-ден (плащты броненосец) 120 см-ге (алып құмырсқажегіш) дейін жетеді. 3 тұқымдас – құмырсқажегіштер, жалқаулар мен сауыттылар (броненосецтер) бірігеді. Отряд өкілдері пішіні және тіршілік етуіне қарай бір-бірінен өте күшті ерекшеленеді. Бұлардың арасында ағаш сүлбесінде тіршілік ететіндер – жалқау аңдар мен құмырсқажегіштер, құрлық құмысқажегіштері және ін қазушылар, сауыттылар бар. Мүкітістілер әртүрлі тіршілік етеді. Олардың арасында жерде және тәулік бойы белсенді (алып құмырсқажегіш, броненосецтер), ағаш сүлбесінде түнде белсенді (тамандуа, ергежейлі құмырсқажегіш, жалқау аңдар) формалар кездеседі. Оңтүстік және Орталық Америкада, Мексикада және АҚШ-тың оңтүстік пен оңтүстік-шығыс штаттарында мекендейді. Отрядта 3 тұқымдас: құмырсқажегіштер – Myrmecophagidae, жалқау аңдар – Bradypodidae және сауыттылар – Dasypodidae бар.

Құмырсқажегіштер тұқымдасы–Myrmecophagidae. Дене тұрқы 15 см-ден 120 см-ге дейін жетеді. Үлкен құмырсқажегіштің құйрығының ұзындығы 90 см-ге дейін, салмағы 350 г-нан 25 кг-дай болады. Тропикалық ормандарда жиі кездеседі, десе де ашық аймақтарда да мекендейді. Алып құмырсқажегіш – жерде, ал ергежейлі және тамандуа ағаш сүлбесінде тіршілік ететіндер. Мексикада, Орталық Америкада және Оңтүстік Американың оңтүстігінде Парагвайға дейін тараған. Тұқымдаста 3 туыс және 3 түр бар: алып құмырсқажегіштер - Myrmecophaga, тамандуа – Tamandua және ергежейлі құмырсқажегіштер – Cyclopes.

Жалқау аңдар тұқымдасы – Bradypodidae. Дене тұрқы 64 см-ге жететін, ал салмағы 4-9 кг-дай болатын орташа денелі мүкітістілер. Оңтүстік Американың тропикасында мекендейді, ағаш сүлбесінде тіршілік етеді. Оңтүстік-шығыста Гондурастан Аргентина, Парагвай мен Бразилияның солтүстігіне дейін таралған. Тұқымдаста 2 туыс және 5 түр: үшсаусақты жалқаулар (Bradypus) – 3 түр және қоссаусақты жалқаулар (Choloepus) – 2 түр бар.

Сауыттылар (броненосецтер)тққымдасы–Dasypodidae. Бұл тұқымдастың өкілдерінің дене тұрқы 12-100 см. Құйрығының ұзындығы 2,5-90 см. Салмағы 300 г-нан 55 кг-ға дейін жетеді. Сауыттыларға сыртқы сүйекті сауыт тән, ол мүйізді затпен қапталған терілі сүйектенуден тұрады (8-кесте). Тұтастай белдеушелері және қалқаншалар бір-бірімен қозғалмалы байланысқан. Ашық кеңістіктерді ұнатады, десе де ормандарда да кездеседі. Жерде тіршілік етеді және топырақ қазғыштар. Үшбелдемшелі броненосец шартәрізді жиырыла алады. АҚШ-тың оңтүстігінде, Мексикада, Орталық Америка, Чили, Аргентина мен Уругвайда мекендейді. Тұқымдаста 9 туыс, 21 түр бар. Түрлері көп туыстарға: тоғызбелдемшелі сауыттылар (Dacypus) – 6 түр, түксіз құйрықты сауыттылар (Cabassous) – 5 түр, қылтықты сауыттылар (Chaetophractus) – 3 түр жатады. Басқа туыстарда 1-2 түрден бар.

Ящерлер отряды – Pholidota.Дене тұрқы 30-88 см, құйрығы ұзын (35-80 см). Аталықтары аналықтарына қарағанда ірі. Орманды бұталар арасында және саванналарда мекендейді. Жерде алып ящер, ағаш сүлбесінде ұзынқұйрық ящер тіршілік етеді. Африкада Сахарадан оңтүстікке қарай және Оңтүстік-шығыс Азияда мекендейді. Бір Manis туысы және 7 түр-алып ящер, дала, ақбауыр, ұзынқұйрық, Қытай, Үнді және Ява ящерлері. Барлығының да саны төмен.

Қоянтәрізділер отряды – Lagomorpha.Майда және орташа денелі жануарлар. Дене тұрқы 12-74 см. Ірі денелі түрлерінің артқы аяқтары біршама ұзын. Құйрығы қысқа. Австралия аймағы, Оңтүстік Американың оңтүстігі, Индонезия, Мадагаскардан басқа жерлерде кең тараған. Бұл жерлерде жерсіндірілген. Барлық климаттық аймақтар мен ландшафтарда-таулы жерлерде, жазықта, орманда және т.б. жерлерде кездеседі. Отрядта 2 тұқымдас бар.

Шақылдақтар тұқымдасының-Ochotonidae өкілдері майда, дене тұрқы 12-28 см, салмағы 170-240 г болатын жануарлар. Аяқтары қысқа, артқылары алдыңғыларынан сәл ұзындау (8-кесте). Биік тауларда, жартастар шығатын немесе ірі қойтастар маңында, мекендейді. Шөл мен шөлейтті аудандарда кездеседі, әсіресе ылғалды өзен аңғарларын ұнатады. Шоғыр (колония) құрып тіршілік етеді, індері аса терең емес, бірақ шығар-кірер тесіктері көп болады. Әдетте күндіз белсенді. Көптеген түрлері ұйқыға жатпайды және қысқа шөп қорын жинап, сонымен қоректенеді. Осы ерекшеліктеріне байланысты оларды шөмелешілер деп те атайды. Солтүстікте таралған түрлерінде капрофагия байқалады. Тұқымдаста бір Ochotona туысы бар, оған 18 түр бірігеді. Олар қалқанқұлақ шақылдақ, қызыл, жиренсары, Паллас, Алтай, солтүстік, дала не кіші және т.б. ТМД елдерінде шақылдақтардың 8 түрі, ал Қазақстанда 5 түрі – қалқанқұлақ – Ochotona zoylei, дала(кіші) – O.pussila, Алтай – O.alpina, қызыл – O.rutila және монғол – O.pricei шақылдақтары кездеседі.

Қояндар тұқымдасы – Leporidae. Дене тұрқы 75 см-ге жететін ораша денелі сүтқоректілер. Артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан біршама ұзын (8-кесте). Әртүрлі ландшафтарда және климаттық аймақтарда кездеседі. Тундра, шөлді жерлерде кездеседі, тауда альпі шалғындарына дейін көтеріледі. Кейбір түрлері өз қиын өзі жейді. Қидың құрамында В витаминінің мөлшері көп және ол жұмсақ. Тұқымдаста 10 туыс (43 түр) бар. Түр саны көп туыстарға – қояндар (Lepus) – 23 түр, Америка ін қояндары (Sylvilagus) – 12 түр, басқа туыстарда 1-4 түрден бар. TМД елдерінде XIX ғасырдың соңында Украинаға әкелінген інқоянның 1 түрі (Oryctolagus cuniculus) және Lepus туысының 5 түрі мекендейді. Қазақстанда қояндардың 3 түрі – аққоян (Lepus ninidus), орқоян (L. Europalus) және құмқояны (L. tolai) кездеседі.

Кеміргіштер отряды – Rodentia.Дене тұрқы 3-130 см, ал салмағы бірнеше грамнан 60 кг-ға дейін жетеді. Жер жүзінде кең тараған. ТМД елдерінің барлық территорияларында мекендейді. Әртүрлі аймақтарда, биіктік белдеулері мен ландшафтарда кездеседі. Көптеген кеміргіштер жер бетінде, кейбіреулері тіршілігінің бар кезеңдерін топырақ арасында өткізеді. Кеміргіштер арасында жартылай суда тіршілік ететін, жақсы жүзетін және сүңгитін формалары да кездеседі. Кейбір ағаш сүлбесінде тіршілік ететіндердің денесінің екі жағында жазылатын қатпарлары болады, осының көмегімен олар ағаштан-ағашқа 100 метрге дейін қалықтап ұша алады. Кеміргіштердің табиғатта және адам өмірінде алатын орны да өте үлкен. Бұлар бағалы терісі үшін ауланатын аңдар және жыртқыш құстардың қоректену нысандары. Көптеген кеміргіштер әртүрлі өсімдіктер мен азық-өнімдері қорының зиянкестері. Ең соңында, кеміргіштердің арқасында табиғатта және адамға жақын жерлерде қауіпті аурулардың (обо, туляремия, спирохетоз, лейшманиоз және т.б.) ғасырлар бойы ошағы сақталады.

Кеміргіштер отрядында 35-ке дейі тұқымдас, 355 туыс және 1597-2000-дай түр бірігеді. ТМД елдерінде кеміргіштердің 150-ге жуық, ал Қазақстанда 80-нен аса түрі кездеседі.

Тиіндер тұқымдасы – Sciuridae. Майда және орташа денелі (6-60 см) кеміргіштер. Өте алуан түрлі ландшафтарда (орман, жазық, тундра, шөл, тау) және түрлі климаттық белдеулерде кездеседі. Көптеген түрлері қысқы ұйқыға кетеді. Тиін және суыр сияқты түрлер терісі бағалы аңдар ретінде шаруашылық маңызға ие. Саны көп саршұнақтар ауыл шарушылық дақылдарына зиян келтіреді және адам үшін аса қауіпті ауруларды сақтаушылар болып табылады. Тұқымдасқа 39 туыс, 228 түр бірігеді. Түр саны көп туыстарға саршұнақтар (Citellus) – 20 түр, тиіндер (Sciurus) – 36 түр, ергежейлі тиіндер (Microsciurus) – 17, борша тышкандар (Tamias) – 18, бұташыл тиіндер (Paraxerus) – 11, сымбатты тиіндер (Callosciurus) – 17, сандасцирус (Sundasciurus) – 12 түр, ал қалған туыстарда түр саны бұлардан әлде қанша төмен.

Ұшарлар тұқымдасы – Pteromyidae. Бұл кеміргіштердің дене тұрқы 7-58 см. Ағаш сүлбесінде тіршілік етуге бейімделген. Қалықтап ұшуға, ұшу жарғақтарының көмегімен, қабілетті (8-кесте). Тұқымдаста 13 туыс 33 түр бар. Еуразияның қоңыржай және тропикалық ормандары мен Солтүстік Американың тайгасында мекендейді. ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанның солтүстік-шығысында бір түр-ұшар (Pteromys volans) кездеседі. Түрі саны көп туыстардың қатарына ергежейлі ұшарлар (Petinomys) – 8 түр, алып ұшарлар (Petaurista) – 5, жебеқұйрық ұшарлар (Hylopetes) – 6, майда ұшарлар (Petaurillus) – 3 түр жатады.

Гоферлер тұқымдасы – Geomyidae. Дене тұрқы 13-35 см болатын салыстырмалы түрде майда кеміргіштер. Топырақ арасында тіршілік етеді. Түрлі ландшафтарда – шөлді аймақтан тау ормандарының жоғарғы шекарасына дейін кездеседі. Гоферлер Солтүстік және Орталық Америкада тараған. Тұқымдаста 8 туыс, 40 түр бар. Түр саны көп туыстарға сары гоферлер (Cratogeomys) – 12 түр, шығыс гоферлері (Geomys) – 8 түр, орталық америка гоферлері (Macrogeomys) – 6 түр жатады. Қалған туыстарда түр саны көп емес.

Қапшықты секіргіштер тұқымдасы – Heteromyidae. Кейде оларда кенгурутектес егеуқұйрықтар деп атайды. Дене тұрқы 12,5 см-ге жететін, құйрығы ұзын кеміргіштер. Бұлардың көпшілігі кенгуру сияқты артқы аяқтарымен секіріп қозғалады. Солтүстік және Орталық Американың шөлді аймақтары мен прерияларында және Оңтүстік Американың терістігіндегі тропикалық ормандарда мекендейді. Тұқымдаста 5 туыс, 65 түр бар, олардың ішіндегі ең үлкен туыстар мыналар: қапшықты секіргіштер (Perognathus) – 26 түр, кенгурутектес секіргіштер (Dipodomys) – 22 түр. Басқа туыстарда түр саны аз.

Құндыздар тұқымдасы – Castoridae. Дене тұрқы 130 см-ге, салмағы 30 кг-ға жететін ірі кеміргіштер. Жартылай суда тіршілік етеді. Аяқтары қысқа, бірақ өте күшті, олар жүзу жарғақтарымен жабдықталған. Тырнақтары үлкен, жалпақ. Қоңыр түсті тері жамылғысы ұзын, жұмсақ әрі қалың. Құйрығы түксіз, қалақ тәрізді жалпақ, оның ұзындығы 30 см-дей, ал ені 13 см-ге жетеді (8-кесте). Құндыздар терісі бағалы кеміргіштер, олар терісі, ең алдымен «құндыз қайыры» үшін көптеп ауланып, саны азайған. Қазір сан мөлшері біртіндеп қалпына келуде, оған уақытында қорықтар ұйымдастырылып, қолда өсіру және аулауға толық тиым салу жұмыстары өз нәтижелерін берді. Тұқымдаста бір (Castor) туысы және 2 түр – канада және еуропа өзен құндыздары-бар. Біріншісі, атына сай Солтүстік Америкада, ал екіншісі Еуразияның орманды дала аймағында тараған. Қазақстанда өзен құндызы (Castor fiber) Жайық, Елек, Қобда өзендерінің суқоймалары мен Қара Ертісте мекендейді.

Тікенқұйрықтылар тұқымдасы – Anomaluridae. Дене тұрқы 6,3-43см, құйрығының ұзындығы 7,5-46 см болатын майда кеміргіштер. Пішіні тиіндерге немесе ұшарларға ұқсас. Көпшілік түрлері ағаш сүлбесінде тіршілік етеді. Барлық тікенқұйрықтылардың алдыңғы және артқы аяқтарының арасында және артқы аяқтары мен құйрығының арасында терілі ұшу жарғағы болады. Батыс және Орталық Америкада тараған. Тұқымдаста 3 туыс және 7 түр бар.

Ұзынсирақтылар тұқымдасы – Pedetidae. Дене тұрқы 60 см-ге, ал салмағы 4 кг-ға жететін біршама ірі кеміргіш. Құйрығы ұзын (50 см) тұқымдаста 1 туыс және 1 түр (Pedetes cafer) ғана кенгуру сияқты секіріп қозғалады. Секіру алыстығы-5м.

Қарақастар тұқымдасы – Gliridae. Майда (дене тұрқы 8-19 см), құйрығы ұзын (5,5-16 см) кеміргіштер. Қаптесерлерге не тиіндерге ұқсас. Африка, Еуропа мен Азияда тараған. Орман және орманды-дала аймақтарында, биік тауларда жиі кездеседі. Жалпақ жапырақты және аралас ормандарда мекендейді. Тұқымдаста 7 туыс (11 түр) бар, түр саны көп туыстар: Африка қарақастары (Graphiurus) – 5 түр, қалған туыстарда – қарақастар, жаңғақшыл қарақастар, бау қарақастары, орман қарақастары және т.б. бір-бірден ғана түр бар. ТМД елдерінде қарақастардың 5 түрі: қарақас (Glis glis), жаңғақшыл қарақас (Muscardinus avellanarius), бау қарақасы (Eliomys quercinus), орман қарақасы (Dryomys nitedula) және қаптесертәрізді қарақас (Myomimus personatus) мекендесе, Қазақстанда тек орман қарақасы ғана кездеседі.

Тікенді қарақастар тұқымдасы – Platacanthomyidae. Дене тұрқы 21 см-ге жететін, құйрығының ұзындығы 7,5-13,5 см болатын майда кеміргіштер. Пішіні қарақасқа ұқсас. Құйрығының ұшы қалың шашақты. Тікенді қарақастың атына сай арқасында көптеген қатты жалпақ тікендері болады. Тұқымдастың басқа түрі – Қытай қарақасының тері жамылғысы жұмсақ. Индия, Қытай және Үндіқытай түбегінің солтүстігінде мекендейді. Орман алаңдарында, қалың ормандарда, не тау ормандарында кездеседі. Тұқымдаста 2 туыс және 2 түр: тікенді қарақас және қытай қарақасы бар.

Жалмандар не Селевиниялар тұқымдасы – Seleviniidae. Құйрығы ұзын (75 мм-дей), дене тұрқы 95 мм-ге жететін майда кеміргіштер. Қазақстан эндемигі. Таралу аймағы – Бетпақдала, солтүстік Балқаш өңірі және Алакөл ойпаты. Әртүрлі – жусандар, сортаңдар мен кәдімгі баялыш өскен қиыршық тасты, сазды, сортаң жерлерді ұнатады. Баялыш көп өскен жерлерде жиі кездесетін болғандықтан кейде оны баялыш қарақасы деп те атайды. Тұқымдаста бір туыс және бір түр – селевиния (Selevinia betpakdalensis) ғана бар.

Тышқандар тұқымдасы – Zapodidae. Аса үлкен емес (дене тұрқы 5-10 см), ұзын құйрықты (6,5-16 см) кеміргіштер. Қаптесерлерге және қосаяқтарға ұқсас. Таралу аймағы Еуропа, Азия және Солтүстік Америка. Орман, орманды дала және далалық аймақтарда мекендейді. Тауда альпі шалғындығына дейін көтеріледі. Тұқымдаста 4 туыс, 11 түр бар: тышқандар (Sicista) – 6 түр, Еуропа, Кавказ, Тянь-шань, Гималайда кездеседі, жалған қосаяқтар (Zapus) – 3 түр, Солтүстік Америкада тараған; қытай тышқандары (Eozapus) – 1түр, Қытайда; шала қаптесерлер (Napoeo) – 1 түр, Солтүстік Америка, ТМД елдерінде Sicista туысының 6 түрі, ал Қазақстанда 5 түрі кездеседі. Олар: дала тышқаны – Sicista subtilis, тянь-шань тышқаны – S.tianschanica, алтай тышқаны – S. Napaea, сұр тышқан – S.pseudonapaea және орман тышқаны – S.betulina.

Қосаяқтар тұқымдасы - Dipodidae. Дене тұрқы 4-26 см, құйрығының ұзындығы 31 см-ге жететін майда кеміргіштер. Артқы аяқтары ұзын әрі күшті, олар қауіп төнген жағдайда алысқа секіріп тез қозғалуына мүмкіндік береді. Жай кезде қосаяқтар төртаяқтап қозғалады. Ұзын құйрығының ұшында түкті шашағы («туы») болады. Құйрығы секіргенде тепе-теңдік қызметін атқарады. Көзі мен құлақ қалқаны үлкен. Таралу аймағы – Солтүстік Африканың, Шығыс Еуропаның оңтүстігі, Азия, Солтүстік Қытай, Монголияның орманды-дала, дала, шөлейтті және шөлді жерлері.

Тұқымдасқа 10 туыс және 27 түр бірігеді. Түр саны көп туыстар: жер қояндары (Allactaga) – 10 түр, құм қосаяқтары (Jaculus) – 5 түр, майқұйрық қосаяқтары (Pygeretmus) – 3 түр, үшсаусақты ергежейлі (Salpingotus) – 3. Басқа туыстарда–тақылдағыш, жүнбалақ, тарақсаусақ, бессаусақты ергежейлі және салпанқұлақ қосаяқтар туысында бір-бірден ғана түр бар. ТМД елдерінде салпанқұлақтардан басқа туыстардың түрлері (17 түр) мекендейді. Қазақстанда 16 түр кездеседі. Олар: бессаусақты ергежейлі қосаяқ – Cardiocranius paradoxus, үшсаусақты ергежейлі қосаяқ – Salpingotus crassicauda, бозтүсті ергежейлі қосаяқ – S.pallidus, Гептнер ергежейлі қосаяғы – S.hepthera, жер қояндары – Allactaga (5 түр), майқұйрық қосаяқтар – Pygerethmus (3 түр), тікқұлақ – P.pumilo, майқұйрық – P.platiurus және Житков – P.zhitbovi, жүнбалық қосаяқ – Dipus sagitta, шөл қосаяғы (Лихтенштейн қосаяғы) – Eremodipus lichtensteini, тақылдағыш қосаяқ – Stylodipus telum, тарақсаусақ қосаяқ – Paradipus ctenodactylus, кіші – A.elater, үлкен – A.major, секіргіш – A.sibirica, Бобринский A.bobrinskii және Северцов A.severtzovi қосаяқтары.

Жайралар тұқымдасы – Hystricidae. Майда және орташа денелі кеміргіштер. Дене тұрқы 38-90 см. Салмағы 2 кг-нан 27 кг-ға дейін жетеді. Денесі ауыр және епетейсіз. Африка, Оңтүстік Еуропа, Оңтүстік Азияда тараған. Тропика және субтропиканың орманды және орманды-дала аудандарында мекендейді. Тау бөктерлерінде, тауда және шөлді жерлерде кездесуі мүмкін. Тұқымдаста 4 туыс және 13 түр бар. Олар: индонезия жайралары (Thecurus) – 2 түр, Суматра, Филиппин; жайралар (Hytrix) – 6 түр, Африка, Италия, Индия, Азия; шашаққұйрықты жайралар (Atherurus) – 4 түр, Қытай, Ассам, Оңтүстік-шығыс Азия, Орталық Африка; ұзынқұйрық жайралар (Trichys) – 1 түр, Малакка, Калимантан, Суматра. ТМД елдерінде және Қазақстанда бір түр – үнді жайрасы – Hytrix leucurus (H.indica) мекендейді.

Америка жайралары тұқымдасы – Erethizontidae. Майда, орташа және ірі денелі кеміргіштер. Дене тұрқы 30 см-ден 103 см-ге дейін жетеді. Ең үлкенінің салмағы 18 кг-ға жетеді. Денесі ауыр әрі епетейсіз. Құйрығының ұзындығы өзгеріп тұрады. Тұтқырқұйрықты жайралардың құйрығы ұстағыш.

Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америкада тараған. Қоңыржай және тропикалық аймақтардың орманды өлкелерін ұнатады. Жақсы жүзеді, ағаш бойымен нық өрмелейді, бірақ секірмейді. Тұқымдаста 4 туыс, 11 түр бар. Түрі көп туыстарға тұтқырқұйрықты жайралар (Coendou) – 8 түр жатады. Олар Мексика, Орталық және Оңтүстік Америкада тараған. Басқа үш туыста бір-бірден ғана түр бар.

Тышқ антектестер тұқымдасы – Muridae. Дене тұрқы 5 см-ден 48,5 см-ге жететін әртүрлі кеміргіштер жатады. Артқы аяқтары алдыңғыларынан шамалы ұзындау. Планетамызда кең тараған, десе де Оңтүстік-Шығыс Азияда түр саны өте көп. Әртүрлі ландшафтарда кездеседі. Әдетте жерде немесе жартылай ағаш сүлбесінде мекендейді. Әртүрлі жылдары сан мөлшері ауытқып тұрады. Көптеген түрлері егістік және астық қорының зиянкестері. Тышқантектестер 20-ға жуық аурулардың, соның ішінде өте қауіпті – оба, лептоспироз, сүзек және т.б. табиғи тасушылары. Тұқымдаста түрлі деректер бойынша 100-ге жуық туыс, 400-480 түр бар деп есептелінеді. ТМД елдерінің фаунасында 5 туысқа жататын 11 түр: тақтатісті егеуқұйрық (Nisokia) – 1 түр, егеуқұйрық (Rattus) – 3 түр, үй қаптесері (Mus) – 1 түр, дала және орман қаптесерлері (Apodemus) – 5 түр, кішкентай қаптесер (Micromus) – 1 түр кездеседі. Ал Қазақстанда 9 түр: егеуқұйрықтар (сұр-Rattus norvegicus, түркістан – R.turkestanicus және қара – R.rattus) үй қаптесері – Mus musculus, кішкентай қаптесер – Micromys minutus, незокия – Nesokia indica, орман-дала қаптесерлері – Apodemus sylvaticus, A. peninsulae және A.agrarius мекендейді.

Аламантектестер тұқымдасы – Cricetidae. Дене тұрқы 5 см-ден (ергежейлі атжалмандар) 35 см-ге (ондатр) жететін кеміргіштер. Суда тіршілік ететін түрлерінің саусақтарының арасында жүзу жарғағы бар. Топырақ арасында тіршілік ететін формалары нағыз жертесерлерге ұқсас. Ирландия, Исландия және Австралия-Малай облыстарынан басқа жерлерде кең тараған. Кез-келген ландшафтарда – тундрадан бастап биіктігі 5000 м-ден жоғары таулы аймақтарда да кездестіруге болады. Оңтүстік Америкалық аламандар балықпен қоректенеді. Тұқымдастың көп түрлері туляремия, оба, лептоспироз және т.б.ауруларды тасушылар. Саны көбейген жылдарда ауылшаруашылық дақылдарына біршама зиян келтіреді. Ондатр сияқты түр терісі бағалы аң болып табылады және ТМД елдерінің суқоймаларына маңызды түрлерді табысты жерсіндірудің тамаша мысалы. Бұл үлкен тұқымдаста 96-127 туыс және 575-625 түр бар деп есептелінеді.

ТМД елдерінде 4 тұқымдастармағы бар. Олар: тоқалтістер, құмтышқандар, момақан немесе бұраубастар және аламандар. Тұқымдаста 70-ке жуық түр бар. Қазақстанда бұл тұқымдастармақтарына жататын 37 түр мекендейді. Олар – момақан не бұраубас – Myospala, құмтышқандарының 4 түрі (үлкен – Rhombomys opimus) және 3 кіші құмтышқандары – жыңғыл, кіші және қызылқұйрық), тоқалтістердің 20 түрі солардың ішінде соқыртышқандар (2 түр), ондатр, алақоржындар (2 түр), сұр тоқалтістер (2 түр), жирен тоқалтістер 2 түр, биіктау тоқалтістері және 6 атжалмандар – кәдімгі атжалмандар, жоңғор атжалмандары (2 түр) және сұр атжалмандар (3 түр). Биіктау тоқалтістерінің табиғи өнім – тасдәрі (мумия) түзуде алатын орны ерекше болып саналады. Сары алақоржын мен Роборовский атжалманы Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген (2010).

Құмтышқандары тұқымдастармағының – Gervillinae өкілдері Еуразия мен Африканың шөлейтті және шөлді аудандарында мекендейді, биоценозда маңызды роль атқарады, сондағы басым түрлердің орнын жиі алмастырады. ТМД елдерінде құмтышқандарының, соның ішінде әсіресе үлкен құмтышқанының, орны ерекше, олар сексеуілдің зиянкестері және оба микробын сақтаушылар.

Тоқалтістер тұқымдастармағы – Microtinae. Солтүстік жарты шарда мекендейді және көп санды бірнеше түрлерді біріктіреді: тундрада леммингтер, орманда – жирен тоқалтістер – Clethrionomys, орманды-дала мен далалы аймақтарда сұр тоқалтістер – Microtus және алақоржындар – Lagurus, өзен жайылмалары мен батпақты жерлерде – ондатр және су тышқаны кездеседі.

Соқыртышқандар тұқымдасы – Spalacidae. Дене тұрқы 25 см-ге жететін кеміргіштер. Топырақ арасында тіршілік етеді, дене тұрқы сопақша. Жерорта теңізі аймағында, Оңтүстік-шығыс Еуропада кездеседі. Орманда дала, дала, шөлейт және шөлді аймақтарда мекендейді. Тауда 2400 м биктікке көтеріледі. Тұқымдасқа бір Spalax туысы және 4 түр бірігеді. ТМД елдерінде 3 түр – кәдімгі соқыртышқан –Spalax nicrophtalmus, ақтісті - S. leucodon және алып соқыртышқан S. giganteus мекендейді. Ал Қазақстанның батысында соңғы түр кездеседі. Ол республиканың Қызыл кітабына тіркелген (2010).

Теңіз доңыздары тұқымдасы – Caviidae. Дене тұрқы 35 см-ге жетеді. Оңтүстік Американың ашық жерлерінде, орманның батпақты шеттерін қоса, мекендейді. XVI ғасырда Еуропаға әкелінген, соңынан олар лабораториялық және әсемдік жануарлар қатарына қосылды.

Судоңыздары тұқымдасы – Hydrochoeridae. Қазіргі кездегі кеміргіштердің ең ірілері (дене тұрқы 130 см-ге жетеді). Ең үлкендерінің салмағы 60 кг-дай. Жартылай суда тіршілік етеді, жақсы жүзеді әрі сүңгиді. Аңшылық нысаны. Оңтүстік Америкада өзен жағалауларында мекендейді.

Тұқымдасқа бір туыс – Hydrochaerus және 2 түр бірігеді: кәдімгі судоңызы – H. hydrochaeris мен кіші судоңызы – H.isthmius.

Агутилар тұқымдасы –Dasyproсtidae. Майда және орташа денелі кеміргіштер, дене тұрқы 32 см-ден 80 см-ге дейін ауытқып отырады. Ересектерінің салмағы 1 кг-н 10 кг-ға жетеді. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америкада тараған. Тропикалық ормандарда мекендейді, суқоймаларына жақын жүреді. Пака түнде, ал агути күндіз белсенді. Тұқымдаста 4 туыс, 16 түр бар. Олар: агути (Dasyprocta) – 12 түр, акуши (Myoprosta) – 2 түр, пака (Cuniculus) – 1 түр, тау пакасы (Stictomys) – 1 түр.

Шиншиллалар тұқымдасы – Chinchillidae. Майда және орташа денелі (дене тұрқы 22-66 см), құйрығы біршама ұзын (7,5-32 см) кеміргіштер. Ересектерінің салмаға 0,5-7,0 кг. Оңтүстік Американың таулары мен жазық жерлерінде мекендейді. Терісі бағалы, сол үшін фермаларда қолда өсіреді.

Тұқымдаста 3 туыс, 6 түр. Олар: тау вискашилары (Lagidium) – 3 түр, шиншиллалар (Chinchilla) – 2 түр және жазық вискашилары (Lagostomus) – 1 түр. Шиншиллалар Қызыл кітапқа тіркелген.

Саз құндыздары тұқымдасы – Capromyidae. Дене тұрқы 60 см-ге жететін, құйрығы ұзын (40 см-дей) кеміргіш. Ересек аталықтарының салмағы 8,2 кг-ға жетеді. Оңтүстік Америкада тараған. Еуропа, Солтүстік Америка мен бұрынғы ССРО-да (қазір ТМД елдері) жерсіндірілген. Жартылай суда тіршілік етеді, жай ағатын өзендер, көлдер мен батпақтардың жағалауларында мекендейді. Осыған орай, кейде оны батпақ құндызы деп те атайды. Тұқымдаста бір туыстың бір түрі – Myocastor coypus – бар.

Жерқазғыштар тұқымдасы – Bathyergidae. Дене тұрқы 33 см-ге жететін майда кеміргіштер. Топырақ арасында тіршілік етуге өте жоғары бейімделген – денесі сопақша, басы үлкен, мойны қысқа, құйрығы мен аяқтары да қысқа.