Х-ХҮІІІ ғ.ғ. Ресейдегі тәрбие, оқыту және педагогикалық ойдың дамуы.

Ежелгі Русьте білім беру және тәрбиелеу мәдениеті қалыптаса бастады. Прокопий Кесарийскийдің (VI ғ.) шығармаларында славяндарға тән тұлғалық мынадай сапалар аталады: көпшілдік және әділдік, жоғары құдыретті күштің бар екендігін мойындау, сиқырлыққа сену, қайырымды болу, жауынгерлік, еркіндікті сүйетін, батыр, денесі шымыр, күшті болу.

Ежелгі славяндардың тыныс-тіршілігінде алғашқы қауымдық құрылыстағы білім беру мен тәрбиелеу дәстүрлері сақталды, олар:

- балаларды балалық шақтан бастап түрлі істерге араластыру көзделді;

- ер және қыз балаларды тәрбиелеудің өзіндік ерекшеліктерінің болуы;

- түрлі ғұрыптарды сақтауды ұстану.

Алғашқы қауымдағы экономикалық үдерістердің дамуынан шаруашылықтың түр-түрі пайда болды. Ол отбасының жіктелуіне, сөйтіп, түрлі әлеуметтік топтардың, яғни жер иеленушілер, қолөнершілер, ақсүйектер, дін иелері, т.б. пайда болуына ықпал етті. Осыған орай әр түрлі әлеуметтік топтардың өз мүддесіне қажетті тәрбие ерекшеліктері қалыптасты.

Бала тәрбиесі қашанда отбасынан басталады. Онда әсіресе ана тәрбиесі басым еді. Балаларды жас ерекшеліктеріне қарай былайша бөлген: “ сәби”- емшек еметіндер; “балдырған”- 3-6 жастағы ана тәрбиесіндегілер; “жеткіншек”- 7-12 жас аралықтарындағылар (сауат ашуға тартылғандар); “бозбала” –12-15 жасар балалар отбасының түрлі кәсіби шаруашылық дағдыларын меңгеріп, тайпадағы ересектер қатарына қосылғандар.

Экономикалық жағынан дамыған қауым “бозбалалардан” дайындықтан өткен жауынгерлер жасақтарын құрды.

Қауымдағы алуан түрлі кәсіптердің дамуына байланысты, кәсіби дайындықты меңгеру үрдісі біртіндеп күрделене түсті. Соған байланысты VI – IX ғ. ғ. шығыс славяндар арасында шәкірттік - оқыту формасы пайда болды. Қолөнерші шәкіртіне нақты кәсіби дағдыларды меңгертумен бірге, шеберліктің құпия сырын түсінуге және оның түрлі рәсімдерін орындауға да баулыды. Шығыс славяндар арасында шеберлер ерекше киелі қасиетке ие деген ұғым қалыптасты.

Ежелгі славяндардың тәрбиесі көптәңірлі дүниетанымға байланысты болды. Тәңірлердің дәрежесі әр түрлі еді. Мәселен, жер, найзағай, жануарлар, байлық, т.б. тәңірлер көптеп саналды. Сонымен қатар, олар жоғары құдыретті күшке де сыйынды.

Түйіндей келе, ежелгі славяндар табиғаттың тылсым сырын қайырымды және жауыз күштермен байланыстырды. Қауымдағы көптәңірлі дүниетаным бала тәрбиесіне жан-жақты ықпал жасады. Осы күнге дейін орыс деревняларында сақталған тұрмыстық салттар (нәрестенің дүниеге келуі, үйлену, адамды жерлеу, жыл мезгіліндегі түрлі мерекелер - масленица, Иван Купала, т.б.) сол дүниетанымның нышаны болып табылады.

Шығыс славяндарда тәрбие балаларды әрекетке араластырумен іске асқан.

Отбасы тәрбиесі:

- туғаннан 3-4 жасқа дейін - анасының қамқорлығы, қарапайым тәжірибе беру;

- 3-4 жастан 7 жасқа дейін - баланың шамасы келетін жұмыс, анасына көмек;

- 7 жастан 14 жасқа дейін жыныстық ерекшелігіне байланысты жұмыстармен айналысу.

 

Кесте 1 - Шығыс славяндардағы тәрбие беру

 

Ер балалар Қыздар

• Жас шамасына сай оқыту. Ерлер жұмысында (ауыл шаруашылығы, жер өңдеу, мал шаруашылығы) әкелеріне жәрдемдесу. Бұл 7 жастан бастап ер балалар отбасындағы әйелдер жағынан ерлер жағына өту сияқты салт арқылы жүргізілген.

• 14 жастан бастап отбасының толыққанды мүшесі бола бастаған.

• Ер балалар әскери даярлықтан өткен. • Үйде әйел жасайтын жұмыстарды игерген. Иірген, өрген, құмыра жасаған.

• VII ғасырда- сақшыларды 12 жастан тәрбиелеген, олар арнайы үйлерде тұрған. Бұл тәрбиенің белгілі бірден-бір ұйымдастырылған формасы болған

• VI- IX ғ.ғ. қол өнеріне үйренуші оқушы, өйткені еңбектің қоғамдық бөлінісіне сай қолөнер жерөңдеуден бөлінген еді.

• VII-VIIIғ.ғ. атақты ақсүйектің балалары 7-8 жасқа дейін бағынышты отбасына берілді.

• VI-IХғ.ғ. тәрбие отбасылық сословиелік сипаттала бастады, еңбектің қоғамдық бөлінісімен анықталды.

• X-XIIIғ.ғ. ежелгі Русь педагогикасында екі мәдениет болды: тіндік мәдениет және христиандық, кітаптық.

Монғол шапқыншылығына дейінгі педагогикалық ойдың ерекшелігі адамды бостандық еркіндігі бар, жақсылық пен зұлымдылықтың біреуін таңдау мүмкіндігіне ие деп түсінуі болды.

Тәрбиелік - діни идеал - ойлай алатын, қайырымды, ұяты бар, әдеміні түсіне алатын, өзінің қатысуымен әлем мен адамдарды жетілдіруге ұмтылатын адам тәрбиелеу қажеттігі. Бұл идеалдағы патриоттық негіз – Отан ең жоғары этикалық құндылық, - деп саналады.

Ортағасырлық Русьте сауаттылық барлық жер-жерлерге тарады. Педагогикалық ойлар Златоустың педагогикалық идеяларында, Владимир Мономахтың өсиетінде және тағы сол сияқты жинақтарда болды.

Шығыс славяндар тарихындағы Киев кезеңі (X-XIII ғ. ғ.). X-XIII ғ. ғ. Киев кезеңінде ежелгі орыс халқы және олардың мемлекеті қалыптасты, сондықтан да оқу-тәрбие айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.

Киев Русінде білім беру мен тәрбие 988 жылдан бастап Византия ықпалына көшті, осы кезеңнен бастап олар православие дінін ресми түрде мойындады.

Ежелгі Русьтегі педагогикалық ой-пікірлер мен мектеп славяндық көптәңірлік дүниетаныммен және шығыстық христиан дәстүрімен бірігіп, өзіндік ерекшелікке ие болды. Сонымен құдайға құлшылық ету, жазу және балаларға тәрбие беру, оқыту славян тілінде жүргізілетіндіктен, славян алфавиті - кириллица қолданылды.

Орыс жеріндегі алғашқы дін иелері гректер болды, кейіннен шіркеу мен монастырлар жанынан дін басыларын даярлайтын мектептер ашыла бастады. Византиядан орыс жеріне келген дінді уағыздаушылардың славяндар болуы немесе славян тілін білетін гректер болуы сауат ашу ісінің тез дамуына әсер етті. Батыс Еуропада XII ғ. дейін жазу жергілікті халықтарға түсініксіз латын тілінде жүргізілетін, өйткені оларға христиан діні Римнен тараған болатын. Ал орыс жерінде жазу славян тілінде жүргізілді, бұл жағдай сауат ашу ісіннің тез дамуына әсер етті.

Римнен таралған христиан идеясы шығыс славяндардың көптәңірлі дүниетанымымен және адамгершілік идеалдарымен үйлесім тапты, өйткені ол дүниетаным олардың рулық-тайпалық құрылымына жақын да түсінікті болатын. Христиандық дүниетаным біртіндеп славяндардың санасына сіңіп, бұрынғы көптәңірлі дүниетанымымен біте қайнасып кетті.

Киев Русінде білім беру мен мәдениет Византия мәдениетінің аясында дамыды. Тәрбие идеалы мен бағдарламасының негізіне византиялық діни дәстүрдегі “әулиелер өмірі” туралы уағыздар алынды.

Киев Русінің барлық сословиелік топтарының балалары отбасында тәрбиеленді. Оларға отбасында қарапайым білім берілді. Отбасы тәрбиесі үнемі шіркеудің назарында болды.

1051-1053 ж. ж. ежелгі орыс жазба ескерткіштерінің бірі - Ярослав Мудрыйдың жарғысы отбасы тәрбиесінің құқын белгіледі. Онда әйел-ананың ар-намысын қорғау, ата-ананың баланы тәрбиелеуге жауапкершілігі, оларға қамқорлық көрсетуі және жетімдіктен қорғау тетіктері көрсетілді.

Киев Русіндегі алғашқы мектептердің ашылуы діннің өріс жаюына, сауатты адамдардың көбеюіне байланысты болды. X-XIII ғ. ғ. мектептер Новгород, Переяславль, Суздаль, Чернигов, Полоцк, Муром, т.б. қалаларда ашылды.

Училищелер княздіктерде, шіркеулер мен монастырлар жанынан құрылды. Олар шәкірттерге діни кітаптар оқытып, мәнерлі жазуға үйретілді, бірігіп діни ән айту, адамгершілікке тәрбиелеу және “ар-ұят” қағидалары уағыздалды. Алғашқы кезде шіркеу жанындағы мектептер князьдер қаражатына салынса, кейіннен оларды шіркеулердің өздері салатын болды. Мектепте балалар бірге топтастырылғанмен, әр бала жеке оқытылды. Бала оқуға 7 жастан қабылданып, оқуы ақылы болды.

“Кітап оқуға” ауқатты сословие өкілдерінің балалары қамтылды, оларға діни элементарлық және жоғары білім берілді. Мектепте оқу, жазу, есеп шығару, математика, табиғат, шетел тарихы оқытылды.

Ежелгі Русьтегі бастауыш оқыту жүйесі. Бастауыш білім беру қоғамдық-практикалық жүйе формасында ұйымдастырылды. Бастауыш оқытуды сауат ашу шеберлері жүргізді. Олар барлық сословие өкілдерінің балаларының сауатын ашты. Оқу, жазу, есепке және кәсіпке үйрету түрінде жүргізілді. Сауат ашу үшін арнайы тақталарға әріптер ойылып жазылды. Бастапқыда балалар әріп танып, жазып, сонан кейін діни мәтіндерді оқуға жаттықты. Х-ХI ғ. ғ. ертедегі Русьте барлық сословие өкілдері арасында жазу кеңінен тараған еді. Сол кезеңде Киев Русі сауаттылық жағынан Орталық және Батыс Еуропамен бір деңгейде болды. Князь сарайлары, боярлар үйлері мен монастырларда 140 мыңға тарта кітап қолжазбалары сақталды. Ярослав Мудрый Киевтегі София соборында кітапхана ашты. Ол кітапханадан бізге жеткен ХI-ХIII ғасырларындағы қолжазбалардың саны 500-ге жуық.

Түрлі қалалардың қазба жұмыстарынан табылған деректер - ертедегі ортағасырлық Русьте сауаттылық кең тарағанын, қайың қабығына жазылған 700-ге тарта грамоталардан көруге болады. Ондағы жазулар ХI ғасырмен белгіленген.

Орыс князьдарының көбі сауатты адамдар болатын. Көне шежірелерде князь Ярославтың білімді адам болғаны туралы айтылады. Оның грек тілінен орыс тіліне кітаптар аударып, орыс жерінде алғашқы кітапхана ашқаны белгілі.

Князь Святослав Ярославович Черниговский де өте білімді адам болған. ХI ғасырда жазылған философиялық, тарихи, моральдық тақырыптардың жиынтығы - “Святослав жинағы” жоғарыда аталған князьдің есімімен байланысты.

Дін иелерінің ішінде де білімді адамдар көп болды. Соның бірі ретінде “Игорь полкі” туралы жырдың авторы жырау Боянды атауға болады.

Көне шежірелерде Киев жерінде кітаптың құндылығы туралы жазылған. Жоғарыда аталған “Святослав жинағы” шығармасының ішінде кітапты оқу жөнінде мақала берілген. Онда кітапты асықпай, қайталап оқу керектігі, балаларды кішкене күнінен кітапты қадірлеуге үйрету туралы кеңестер кездеседі.

ХI-ХII ғасырларда Киев мемлекетінің қолдан жазылған бірнеше діни-моральдық уағыздар жинағы пайда болды. Мысалы, “Святослав жинағы” кітабында грек патшасының балаларына арналған өсиеті беріледі. ХI ғасырдағы “Владимир Монамахтың балаларына өсиеті” – алғашқы педагогикалық ескерткіштердің бірі. Онда мемлекет қайраткері Монамах балаларына қалай өмір сүру туралы кеңес береді. Балаларынан Отанын сүюді, оны жаулардан қорғауды, еңбексүйгіш, ержүрек батыр болуды талап етеді. Ол балаларында адамгершілік, ерлік, қамқорлық қасиеттердің болуын қажет деп санады. Үлкенді сыйлау, жетім-жесірге қамқор болу керектігін көрсетті. Монамах балаларынан білімді игеруді, оқуды талап етті.

Монғол-татар басқыншылығы (1237-1241) және ХIII-XV ғасырларда орыс жерінде үстемдік етіп, халықты көп күйзеліске ұшыратты. Монастырь және шіркеу жанындағы мектептер қирады, сөйтіп басқыншылық салдарынан білім деңгейі күрт төмендеді.

Орыс жеріндегі ХIV- XVI ғ.ғ. мемлекеттің экономикалық дамуы тәрбие мен білім беруге мейлінше ықпал етті. Баланы өмірге даярлау отбасында жүргізілді. Ата-аналар балаларына отбасында өмірге қажетті еңбек дағдыларын меңгертті. Балаларды әр сословие өзінің дәстүрлі кәсібіне үйретті. Кәсіпті меңгеру атадан балаға беріліп отырды. Кей кездерде балаларға белгілі бір кәсіпті үйрету үшін сол сословиенің шеберіне баласын шәкірттікке беріп отырды.

Балалар сауат ашу, оқу, есеп шығару біліктілігін сауатты туысынан немесе “сауат ашу шеберінен” үйренді. Онда олар қолдан жазылған кітаптар арқылы хат тануға 2-3 жыл уақыт кетірді. Жазу құралдары болмағандықтан, жазуды меңгеру қиындыққа түсті. Татар-монғол шабуылына ілікпеген немесе аз іліккен жерлерде орыс мәдениеті әжептәуір өріс жайды (Новгород жері, Тверь, Владимир княздіктері). ХIV ғасырдың аяғынан бастап Мәскеу княздігі дами бастады.

ХIV-XV ғасырларда Новгород экономикасы мен саудасы дамыған ірі мемлекет орталығына айналды. Қалада қолөнер жақсы дамыды, шетелдермен сауда байланысы күшейді. Новгород қаласында кітап көшірушілер көп болды. Ол қолөнердің бір түрі болып саналды. Новгород жеріндегі ірі монастырларда кітаптар көшіріліп жазылды. Қолмен көшірілген Новгородтық энциклопедия сөздіктерінің бірқатары біздің заманымызға дейін жетті. Ол кітаптардың ішінде астрономия, философия, табиғаттану жөніндегі мақалалар кездеседі. XV ғасырдың соңғы 10 жылдығында Новгородте қолөнершілер мен саудагерлерге кеңестер мен өсиеттер беру үшін “Домострой” (“Книга, глаголемая Домострой, имеет в себе вещи … полезны, поучение и наказание всякому христианину, мужу и жене, и чадам, и рабам, и рабыням”) атты кітап даярланды. “Домострой” кітабы Ресейде морльдық катехизис және үй құрылысының энциклопедиясы іспеттес болды.

XVI ғ. соңында алғашқы баспа оқулық - әліппе пайда болды. Кітап басу негізін қалаған Иван Федоров (1510-1583 ж. ж. шамасы) деп көрсетіледі. 1574 жылы басылған “Әліппе” кітабының түсініктемесінде оның балалар мен ата-аналарға арналғаны айтылады, бұдан сауат ашу отбасының міндетіне жүктелгенін байқауға болады.

XVI ғасырда орыс жері Мәскеу княздігі қарамағындағы бір орталыққа бағынған мемлекет болып құрылды, ал кейін Еділ өзенінің бойы, Сібір жері қосылғаннан кейін Ресей феодалдық мемлекетке айналды.

Балалардың діни тәрбиесіне шіркеу жауапты болды. Дін иелері бұқара халыққа христиан дінінің ұстанымдарын уағыздап, шіркеуді және үкіметті құрметтеуге тәрбиеледі. Діни-адамгершілік тәрбие элементарлық біліммен байланыстырылды. Училищелердің көпшілігі діни ғибадатханаларда орналасты. Мектеп ұғымы шіркеу ұғымымен теңестірілді. Сөйтіп, Ресей феодалдық мемлекетінде оқыту отбасылық, шіркеулік және монастырлық түрде жүзеге асырылды.

Түйіндей келе, сол кезеңдегі қалыптасқан оқыту тәжірибесі мемлекет пен қоғам сұранысын қамтамасыз еткендіктен, білім беруді жетілдірудің қажеттігі болған жоқ. Сондықтан XVII ғ. дейін орыс жерінде мемлекеттік сауат ашу мектебі болған емес. Отбасында балаларға тұрмыстық ережелер үйретілді.

Сол кезеңдегі ең сауатты сословие дін иелері болды. Олар дәстүрлі білім көлемімен бірге, адамгершілік-діни тәрбие алып, өздерін рухани тұрғыдан жетілдірумен айналысты. Монастырларда терең білім алуға болатын еді. Дін иелері шіркеудегі қызметтерінен босаған соң кітап оқып, қолжазбаларды көшірді. Монастырларда кітап қорлары жиналып, олар кітап жазу орталықтарына айналды.

XVII ғасырдағы батыс православиелік бауырластықтар (Львов, Виленск, Могилев, Луцк, Киев т.б.) оқу - ағарту ісіне көп көңіл бөле бастады, оны православиелік сенімді және шіркеуді нығайтуға пайдаланды.

Львов және Луцк мектептерінің біздің заманымызға дейін сақталған жарғысынан ондағы мектептердің демократиялық ұстанымға құрылғандығы көрінеді. Мектеп ректоры мұғалімдер ұйымының жалпы жиналысында сайланған. Оның үстіне мектеп жұмысын бақылайтын екі қамқоршы өкіл сайланған. Баласын мектепке берерде баланың әкесі мектеппен келісім-шарт жасайтын болған. Ол келісім-шартта мектептің баланы неге үйрететіні, ата-ананың мектеп алдындағы міндеті (ата-ананың мектептен баланы оқу аяқталған соң алуы және оқуға үзбей баруына кедергі келтірмеу) жазылған. Жарғыда мұғалімнің жеке басының үлгісі туралы да айтылған.

Мектепке барлық сословие балалары оқуға тартылып, олар панасыз балалар ұйымының есебінен оқытылды.

Бауырластық мектеп жарғысында мұғалімдерге демократиялық талаптар қойылды: мұғалім балаларды бірдей оқытып, бірдей жақсы көруі, бай, кедейге бірдей қарауы тиіс еді. Әр оқушыны шамасына қарай оқытты. Мұғалім сабаққа келмеген оқушының себебін анықтауы керек болды. Мұғалім алдымен үй тапсырмасын тексеріп, сонан кейін сабақ өткізетін еді, үйге тапсырма беріліп, сенбі күні апта бойы оқытылған сабақ пысықталды. Бауырластық мектептерде ана тілін оқытуға ерекше көңіл бөлінді.

Бауырластық мектептер алғашында элементарлық, онан кейін орта және жоғары мектептерге айналды. Мәселен, Киев-Могилян академиясы ашылды. Орта мектеп діни сипат алып, діни семинария рөлін атқарды.

Туысқандық мектептер жеке меншік те, отбасылық та емес, қоғамдық мектеп болды. Бұл мектептер діни-шіркеулік қызмет атқарды. Онда барлық діни рәсімдер қадағаланып, құдайға күнделікті құлшылық ету талап етілді. Сонымен бірге шіркеу жарғысын қадағалау, шіркеу оқуларына қатысу, топтасып діни ән айтуға жаттығу міндеттелді. Діни “Киелі” кітаптар оқытылып, грек-латын тілдері және православиелік тұрғыдан қажетті делінетін “жеті түрлі өнер” үйретілді. Бауырластық мектептер білім деңгейін көтеру үшін кітаптар жинады.

Бауырластық мектептердің ішінде ерекше сипатқа ие болған Львов бауырластық мектептері болды. Олар басқа бауырластық мектептерге мұғалім даярлады.

1615 жылы Киевтегі бауырластық мектеп Киев-Могилев коллегиумы, сонан кейін академия болып аталды.

Бұл орыс жеріндегі ең алғашқы жоғары оқу орны болды. Оның үш бөлімінде (төменгі, орта, жоғары) 1200 адам оқыды. Онда философия, дін, құқық пәндері оқытылды. Оны бітіргендердің білімі батыс еуропалық схоластикалық стандарт деңгейінде болды.

Оқушыларының саны көп оқу орындарының бірі - Баспаханалық мектеп 1681 жылы ашылды. Ондағы оқу бағдарламалары кеңейтіліп, славян және грек тілдері оқытылды. Төменгі сыныптарда 50 адам сауат ашу, ал ересек сыныптарда бірінші жылы 10 адам діни оқу оқыды. Уақыт өте келе баспаханалық мектеп бастауыш мектеп рөлін атқарса, кейіннен баспахана аудармашылар даярлайтын училищеге айналды.

1685 жылы Мәскеуде Богоявлянский монастырында мектеп ашылды. Бұл мектептің типі Батыс Еуропа университеттеріне жақын болды. Мұнда баспаханалық мектептер мен Чуд монастырлық мектебін бітіргендер оқуларын жалғастырды. Онда грек-латын тілдері оқытылды.

Түптеп келгенде, XVII ғасырдағы Русьте орта мектеп пен жоғары мектеп арасында айтарлықтай өзгешелік болған жоқ. Білім сапасы мектептердің бағытына және ондағы мұғалімдердің білім деңгейіне сәйкес жүргізілді.

1687 жылы Мәскеудегі ең бірінші жоғары оқу орны - эллин-гректік, кейіннен славян - грек - латын академиясы болып ашылды. Академияны ашуда білімді ағайынды Лихудылар үлкен еңбек сіңірді. Олар жоғары сыныптарда риторика және философиядан сабақ берді, грек, латын тілінде грамматика мен риторикадан оқулықтар құрастырды. Кейіннен олар Новгородта славян-грек-латын училищесін ашты. Осының үлгісімен XVIII ғасырдың басында Новгород жерінде 14 грамматикалық мектеп ашылды.

Мәскеу академиясы Киев академиясының үлгісімен құрылды. Оның ашылуына еңбек сіңірген Симеон Полоцкий (1629-1680) болды. Ол латын тілді мектепті қолдады. С.Полоцкий өзінен кейін бірнеше оқу кітаптарын “Псалтырь”, “Славян тілінің әліппесі”, т.б. қалдырды. Ол табиғатқа сәйкестік ұстанымын қолдады. Адамды тәрбиелеудің үш кезеңін ұсынды: туғаннан 7 жасқа дейін- адамгершілік тәрбиесі кезеңі, 7 жастан 14 жасқа дейін- практикалық оқыту кезеңі, 14 жастан 21 жасқа дейін- ақыл-ойдың даму және азаматтық тәрбие кезеңі. Жақсы ата-анада жаман баланың болу себебі шектен тыс баланы сүю деп есептеді. Баланың ең алғашқы дағдыларына жете мән берді. Симеон Полоцкий І Петрді тәрбиелеуді қадағалаған.

Полоцкий әлемді құдайдың жазған кітабы ретінде қабылдайды. Мұғалім оқушыны осы кітапты оқуға үйретуі қажет деп көрсетті. Ол оқытуды латын, грек және орыс тілінде жүргізу керектігін айтты.

Бұлардан кейін білім берудің таза шіркеулік-діни кезеңі аяқталып, оқу орнында дінмен қатар, ғылым да оқытыла бастады. Дегенмен ғылыми пәндерді оқытудың өзі де дінге тәуелді болды, барлық ғылым православиелік дін тұрғысынан түсіндірілді.

Мәскеу академиясы XVIII ғасырдың соңына дейін жалғыз жоғары оқу орны болса, кейіннен ол тек діни мекемеге - діни семинарияға айналды.

Бұл академияның қабырғасында М.В.Ломоносов, көрнекті жазушы А.Д.Кантемир, архитектор В.И.Баженов және т.б. мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер оқыған еді.

XVII ғасырдың екінші жартысында Ресейде оқыту мен тәрбиенің латын тілді, византия-ресейлік, славян-грек-латын, ескі салттық есептік - төрт бағыты сарапталды.

Бұлар Ресейдің алдағы қоғамдық даму жолын бағалау жағынан екі бағытты ұстанды. ХIХ ғасырда олар батыстық бағытты және славяндық бағытты ұстанушылар деп аталды.

Сол кезеңдегі педагогикалық ой-пікірдің жетістігін бейнелейтін белгілі қайраткер Сильвестрдің тілі көркем, мазмұны қызықты жазылған «Домострой» шығармасын атауға болады. «Домострой» үш бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімінде өмірге байланысты діни ақыл-кеңес берілді. Мұнда ата-аналардың басты міндеті балаларына адамгершілік-діни тәрбие беру керек делінді.

Кітаптың екінші бөлімі отбасылық қарым-қатынасқа арналды. Күнделікті тұрмысқа қажетті еңбекке, сауаттылыққа және кітап «ғылымын» үйрену жөнінде кеңес берілді.

«Домостройдың» үшінші бөлімінде үйді жабдықтауға, шаруашылық жұмыстарға қатысты кеңестер берілді.

Ресей XVIII ғасырдың басында ортағасырлық тығырықтан шығып, өзінің экономикасын, саясатын, мәдениетін дамытуды көздеді. Оған білімді мамандар - офицерлер, теңізшілер, артиллеристер, инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, үкімет қызметкерлері, мұғалімдер қажет болды. Осыдан білім саласын жетілдіру қажеттігі пайда болды.

Петр I-ші мемлекетті дамыту мақсатымен шіркеуді өз билігіне көндірді. Шіркеу бірден-бір білім бақылау құқынан айырылды. Бұдан былай білімді бақылау мемлекет қарамағына алынды. Сонымен Ресейдегі оқу-ағарту жұмысы үкімет мүддесіне қызмет етуге бағытталды.

1721 жылы Петр I-нің тікелей қатысуымен Феофан Прокопович «Рухани регламент» жасады. Онда мемлекеттің шіркеуге үстемдік етуі бекітілгенмен де, халықты адамгершілікке тәрбиелеп, ақыл-кеңес беру үшін шіркеудің білім деңгейін жетілдіру көзделді. «Рухани регламентте» мемлекеттің мүддесі басым болды. Ф.Прокопович жаңа мектепке ғылыми сипат беруді көздеді, онда түрлі пәндерді оқыту, оқытуды көрнекілікке негіздеу, кітапхананың болуы міндеттелді, өйткені «кітапсыз академияның жаны жоқ» деп көрсетілді.

Академияның оқу жоспарындағы пәндер:

- грамматика тарихпен және жағрафиямен бірге;

- арифметика геометриямен бірге;

- логика мен диалектика бірге;

- риторика мен тақпақ шығаруға жаттығумен бірге;

- физика қысқаша метафизикамен бірге;

- қысқартылған саясат;

- діни оқу (мерзімі 4 жылдан 2 жылға қысқартылды).

Шет тілдері (латын тілін міндетті түрде оқыту, егер мұғалім табылса, грек және еврей тілін оқыту) сабақ уақытындағы екі пәннің арасында оқытылуы тиіс болды.

Оқу мерзіміне 8 жыл бөлінді. Оқуды бітіргендерге дін немесе ғылым жолына түсуге мүмкіндіктер берілді.

“Регламентте” элементарлық мектеп жайы атап өтілді, әр епископ өз үйінде дін иелерінің балаларын оқытып, дін жолына түсетін қызметкерлер даярлауға міндеттелді. Ең бастысы Ф.Прокоповичті толғандырып, мазасыздық тудырған мәселенің бірі - мұғалімдердің саны мен сапасын көтеру болатын. Өкінішке орай Ф.Прокоповичтің идеясы мен пікірлері дін иелері тарапынан қолдау тапқан жоқ, өйткені олар Петр I-нің білімді қайта құруына қарсы болды.

I Петр заманындағы мектептің жайы. Петрдің қолындағы «Рухани регламент», білімді қайта құру жобасын толықтай жүзеге асырмады. Дегенмен сол жобаның ықпалынан Петрге дейінгі қалыптасқан бір типті білім екі бағытқа бөлінді - шіркеулік және дүнияуи, соңғысының аясында түрлі кәсіби мектептер пайда болды. Петр заманындағы жаңадан ұйымдастырылған білім сипатына тоқталсақ, біріншіден, ол кәсіби бағыт алса, екіншіден, сословиелік жіктелуді күшейтті, өйткені бұл тұста дворяндарды қолдау саясаты күшті жүргізілді.

Петрдің алғашқы бастамасы мемлекеттік мектепте бұқара халықтардың балаларын оқыту үшін - цифирлік мектептер ашуынан басталды. Ол мектеп патша жарлығымен 1714 жылы 10-15 жас аралығындағы бұқара халықтың балаларынан мемлекеттік қызметтің төменгі деңгейіне қызметкер даярлауды көздеді. Негізінен онда әскери қызметке, завод және кеме жасайтын жұмысшылар даярланды. Цифирлік мектептер кәсіби мамандыққа арналған даярлық кезеңі болып саналды.

Оқу мазмұнында сауат ашу, арифметика, бастапқы геометрия қамтылды. Ондағы мұғалімдік қызметке мәскеулік математика мектебі мен кеме жүргізу (навигация) мектептерінің шәкірттері тартылды. Бірақ цифирлік мектептің ғұмыры қысқа болды, себебі ондағы оқуға төленетін қаржыны бұқара халықтың жағдайы көтермеді. Алайда, бұл мектептің жұмысы педагогикалық тәжірибені дамытты.

XVIII ғасырдың басында әскери адамдар мен теңіз мамандарының балаларын оқытатын армия мен флоттың төменгі басшылық құрамына қызметкерлер, кеме жасау және жүргізу мамандарын даярлау қажеттігі туды. 1698 жылы Преображенск полкінің жанынан артиллерия мектебі ашылды. Онда сауат ашу, есепке үйрету, артиллериялық іске баулу жүргізілді. 1721 жылы ондай мектептерді әр әскери полкте ашу жайлы бұйрық берілді.

Кәсіби жұмысшыларды даярлау үшін кен-заводтық мектептер ашылды. Мұндай мектеп 1716 жылы алғаш Карелияда ашылды. Ол мектепке кедейленген дворян отбасыларының 20 шақты баласы алынып, оларға оқу-жазу, арифметика, геометрия, кен және артилерия ісін меңгертті.

1701 жылы Мәскеуде артиллерия-инженер мектебі, 1703 жылы Мәскеу инженер мектебі, 1719 жылы Петербург артиллерия мектептері ашылды.

1707 жылы Мәскеудегі әскери госпиталь жанынан хирургия мектебі ашылды.

Мәскеудегі математика және навигация ғылымдары мектебі сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы мектеп саналды. 1707 жылы Петр I-нің жарлығымен түрлі келеңсіз жағдайларды болдырмау, оқу сапасын арттыру мақсатында оқушыларды қатаң жазалау шарасы енгізілді. 1715 жылы бұл мектеп Петербургке көшіріліп, Теңіз академиясы деп аталды.

1725 жылы Санкт-Петербургте Ғылымдар Академиясы құрылды. Оның жарғысы Петр I-нің тұсында жарияланды. Академия үшін Батыс Еуропа елдерінен ғалымдар шақырылып, керекті жабдықтар сатып алынды. Петр I-нің жобасы бойынша академия жанынан университет, гимназия ашылды. Академияның жұмысына М.В.Ломоносов белсене араласты.

Петр I-ден кейінгі кезеңде таққа келген оның мұрагерлері, ата-бабасының бастаған істерін қолдағандай болды. Сөйтіп, Петр заманындағы оқу-ағартудағы белгілі жетістіктер біртіндеп өзгеріске түсіп, дворяндық тәрбиеге назар аударыла бастады.

Дворян иеліктеріндегі отбасында білім беру үшін шетелдерден мамандар шақырыла бастады. Дворян иеліктеріндегі отбасы тәрбиесіне түрлі жағдайлар ықпал етті: отбасының қаражаты, қоғамдағы әлеуметтік орны. Үй иесінің негізгі іс-әрекетіне қарай бала тәрбиелейтін гувернерлер мен мұғалімдерді жалдау қажет саналды.

Дворяндардың балалары 7 жасқа толғанда Петербургке әкелініп, бірінші байқаудан өткізіліп, арнайы тіркеуден өтуі керек болса, ал Мәскеу мен губерниялық қалаларда губернаторларда тіркелу керек болды. Екінші байқау 5 жылдан кейін өткізілді. Ол кездегі жеткіншек («недоросль») өз оқу дағдысын жақсы меңгеріп, есеп шығара білуі тиісті болды.

Оқудың келесі сатысы үйде немесе мемлекеттік мектепте жалғасуы қажет еді. Онда олар арифметика мен геометрияны, Құдай заңын оқыды. Сөйтіп, дворяндық тәрбие (7-16 жас ) дворяндық иеліктердегі үйде жүзеге асырылды. 16 жасқа толғаннан кейін оның білімін сенат тексерді. Дворян баласы оқуын онан соң үйде немесе мемлекеттік мектепте жалғастырып, жағрафия мен тарихты, фортифкацияны меңгеруі тиісті еді.

Инженерлік, артиллериялық, гарнизондық мектептердің оқушылары Петербургтегі Әскери коллегия мүшелерінің немесе гарнизондар мен қала губернаторы, коменданты, «ғылым адамдары» алдында емтихан тапсырды.

Дворян балаларына болашақ офицерге керекті білім беретін арнаулы әскери оқу орындары – кадет корпустары ашылды. Бұл оқу орындары Қазан төңкерісіне дейін сақталды.

1731 жылы Санкт-Петербургте дворян балаларын әскери және мемлекеттік қызметке даярлайтын алғашқы кадет корпусы ашылды. Бұл мектепте әскери даярлықпен бірге жалпы білім берілді. Онда 4 сынып болды. Әр сыныпта оқу екі жылдан төрт жылға созылды (барлығы 10-12 жыл) Алғашқы екі сыныпта жалпы дәрежелі білім берілді (әдебиет, математика, тарих, жағрафия оқытылды). Жоғары сыныптарда арнаулы пәндер оқытылды. Сонымен қатар атқа салт мініп жүру, қылыштасу, би, музыка өнерін үйренуге көңіл бөлінді. Кадет корпусында оқыған жастар не әскери қызметке, не мемлекеттік қызметке қажетті мамандық алатын болды. Бұл типті оқу орындарында эстетикалық және дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Кадет корпустарының кітапханасы, театры болды және журнал басып шығарып тұрды.

М.В.Ломоносовтың педагогикалық идеясы. Михаил Васильевич Ломоносов (1711-1765) – орыстың алғашқы жаратылыстанушы ғалымы, ақын, философ, суретші, тарихшы, ағартушы, әлемдік ғылымда аты қалған орыстың алғашқы академигі. Ол Ресейдің ғылымы мен мәдениетінің барлық саласының негізін қалаған біртуар ғалым: әдебиетші, ақын, түрлі тілдерді меңгерген тарихшы, жағрафияны жетік білген, кен зерттеуші, темір қорытушы, физик, химик, суретші, ұстаз болды. Ол барлық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді, мемлекеттің байлығын арттыруды көздеді. М.В.Ломоносов ағартушы ретінде Ресей мемлекетінің мүддесіне, ғылым және оқу-ағарту саласында қажырлы еңбек етті.

Мәскеу университетінің (1755) құрылуы М.В.Ломоносов атымен тығыз байланысты. Ол қазіргі кезеңдегі әлемдегі жетекші университеттердің бірі болып саналады. Ломоносов осы университетті құру жобасы мен оқу бағдарламасын жасады. Ғалымның ұсынысы бойынша университет қабырғасында гимназия ұйымдастырылып, ол 1812 жылға дейін өз қызметін жалғастырып келді.

Университеттің жанынан екі гимназия ашылды. Бірі дворян балалары үшін, екіншісі - крепостной шаруалардың балаларынан өзге, әр түрлі шендегі сословиелердің балаларына арналды. Бұдан кейін Мәскеу гимназиясының үлгісімен Қазанда да гимназия ашылды.

Мәскеу университетінің жанында орыс архитекторлары Казаков пен Баженовтың мектептері жұмыс істеді. Бұл университеттің профессорлары ірі педагогикалық зерттеулермен айналысты. Олар оқыту әдістемелерін зерттеді. Жеке пәндерді оқыту туралы бағалы құрал жасап ұсынды. Ол құрал “Университетке түсушілерді оқытудың әдістері” (1771) орыс, латын, неміс, француз тілінде шықты.

Мәскеу университетінің жанында Ресейдегі алғашқы оқытушылар семинариясы жұмыс істей бастады. Бұл семинария гимназиялар мен басқа мектептер үшін мұғалімдер даярлады.

Мәскеу университетінің ашылуы М.В.Ломоносовтың жоғары демократиялық мектеп жайлы арманын іске асырды. Онда барлық сословиенің өкілдері оқуға мүмкіндік алды.

Мәскеу университеті қиындықтарға қарамастан өз қызметінің аясын кеңейте бастады. Онда әдеби және ғылыми бірлестіктер құрылды. Сонымен бірге “Баспаханалық бірлестік” те бой көтеріп, баспадан кітаптар шығарып, оны сататын дүкендер ашты.

60-жылдары М.В.Ломоносов Санкт-Петербугтегі академиялық гимназия мен университетті басқарды. Ол жалпы жұмыс жоспары, оқу жоспары, ондағы жұмыс тәртібі жайлы “Академиялық гимназия регламентін” жасады. Ломоносов алғаш рет Санкт-Петербург университетінде дәрісті орыс тілінде оқыды, бұрынғы ғылым тілі Еуропа мен Ресейде латын тілі еді.

М.В.Ломоносовтың ағартушылық қызметінің бірі - орыс тілінде қажетті оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазуы. Мәселен, оның “Риторика” (1748) және “Орыс тілінің грамматикасы” (1758) жарты ғасыр бойындағы ең жақсы оқулық болып саналды. Тарихқа байланысты кітаппен бірге “Кен ғылымын алғашқы негіздеу” кітабын жазды. “Студенттерге арналған физика кітабын” латын тілінен орыс тіліне аударды.

М.В.Ломоносовтың ең ірі педагогикалық жетістігі - чех педагогы Ян Амос Коменскийдің “Суретті әлем” деген шығармасын мейілінше насихаттап, гимназия оқулығы ретінде пайдалануға ұсынуы.

М.В.Ломоносовтың педагогикалық жетістігінің екінші бір қыры - Ресейде ең алғаш рет академия мен университеттерге сыныптық-сабақ жүйесін енгізуі, кейіннен сол үлгі бойынша, кадет корпустарына да сыныптық-сабақ жүйесі енгізілді.

М.В.Ломоносовтың біліктілігі мен парасаты оның жасаған бағдарламалары мен ғылыми еңбектерінде көрініс тапты.

Сондай-ақ, І-Петр тұсындағы мектепті ұйымдастыру ұстанымдары: мектептердің мемлекеттілігі, кәсібиліктің энциклопедиялық біліммен ұштасуы, оқу жоспарларында математика, навигация және теңіз ғылымдарына ерекше орын берілді, зорлықпен оқыту және қатаң режим орнатылды.

XVII ғасырдағы білім беру мекемелері жүйесіне жалпы білім беретін және кәсіптік оқу орындары (математика және навигация ғылымдары мектебі (1701) .математика, астрономия, география, геодезия, теңізде жүзу; Теңіз академиясы (1715); цифирлік училищелер (1714 жылдан бастап шаруалар үшін басқа оқу, жазу, арифметика).

Арнайы оқу орындары: таукен - заводтық мектебі, инженерлік мектеп; артиллериялық мектеп; қарапайым бұқара халық үшін халық училищелер жүйесі; кіші- 2 курстық, негізгі-4 курстық; Петербургтік басты халық училищесі - мұғалімдік семинария және жабық сословиелік оқу орындары (шетелдік пансиондар, теңіздік кадеттік корпус (1752), артиллериялық дворяндық корпус, бастауыш архиерей мектептері, рухани семинарлар мен рухани академия, Смольныйдағы ізгілікті қыздар институты) және ғалымдар Академиясы (1725), Мәскеудегі университет (1755) т.б.бүкіл білім беру жүйесінің негізгі белгісі - анық көрініп тұратын сословиелік болды.

Александр Николаевич Радищев (1749-1802) – ХVIII ғ. екінші жартысындағы Ресейдегі революцияшыл педагогикалық ойдың көрнекті өкілі болды. Ол крепостнойлық тәртіптің күшті кезінде халықты қанауға батыл қарсы шыққан орыс дворяндарының бірі еді.

А.Н.Радищев табиғат, адамның пайда болуы және оның санасы жөнінде орыстың философиялық материализмінің алдыңғы қатарлы идеяларын жақтады.

А.Н.Радищев тәрбиенің негізгі міндеті азаматтық санасы және жоғары моральдық қасиеттері бар, мейлінше Отанын сүйетін патриот адамды қалыптастыру деп санады. Ол шын мәніндегі патриот деп қаналушы халықтың мүддесі үшін патшамен белсенді күрес жүргізген адамды ғана санауға болады дегенді айтты. Бұл пікір оның “Отанының шын ұлы кім екендігі туралы әңгіме” деген еңбегінде көрініс тапты.

Оның “Петербургтен Мәскеуге саяхат” атты негізгі шығармасында шаруа балаларының помещиктің қанауынан тартып отырған азабын ашып көрсетті. Шаруа балаларының рухани дамуына крепостнойлық тәртіптің кедергі жасап отырғанын, олардың табиғи қабілеттерінің дамуына үкімет тарапынан қамқорлықтың жоқтығын сынады. Жас ұрпақтың тиісті тәрбие алуы мемлекеттің міндеті деп атап көрсетті, тәрбие беру арқылы жас ұрпақтан Отанының азаматын, шын мәніндегі патриотты тәрбиелеу қажет деп санады.

Отбасы тәрбиесіне байланысты балаларды қатаң тәртіппен бағындыруға болмайды, отбасындағы ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы олардың жеке басының ғана ісі емес, ол қоғамдық мәселе деп көрсетті.