Ант қызылшасының зиянкестері және оларға қарсы күрес шаралары.

Қант қызылшасында көптеген фитофагтар қоректенеді. Дегенмен айтарлықтай өнімнің төмендеуіне тек қана 30-ға жуық көп қоректі және арнайы зиянкес түрлері әсер етуі мүмкін. Қызылша тұқымына айтарлықтай зиян келтіретін, өсімдіктердің вирус ауруларын таратушы шаншып-сорғыш зиянкестер болып табылады. Арнайы зиянкестер арасынан бүргелер және кәдімгі қызылша бізтұмсығы қауіпті болып саналады.Қызылша бүргесі: оңтүстік (Chaetocnema breviuscula Fald.), кәдімгі немесе қарақұмық (Chaetocnema concinna Marsch.) (Coleoptera отряды, Chrysomelidae тұқымдасы). Қант және асханалық қызылшаны, рауғашты, қымыздықты, шпинатты, т.б. дақылдарды зақымдайды. Бүргенің денесінің ұзындығы 1,4-2,3 мм, денесінің түсі қара металды реңі бар. Қанаттың үстіңгі жағы кең, аралықтары жаншылған. Кәдімгі қызылша бізтұмсығының дене пішіні домалақ, ал оңтүстік бүргесінің денесі жұмыртқа тәрізді болып келген. Дернәсілдерінің денесінің түсі ақшыл сары реңді, басы қоңыр, ұзындығы – 1,5-2,2 мм.

Қызылша бүргесі
Қоңыздар топырақтың беткі қабатында немесе өсімдік қалдықтарының астында қыстайды. Егістіктен орман алқаптарына, арамшөпті жерлерге ұшуы мүмкін. Ерте көктемде ауаның температурасы 8-9°С болған кезде қыстап шыққан бүргелер шыға бастайды. Алғашқы кезде олар арамшөптердің алабұталар және қарақұмықтар тұқымдасымен, содан соң қызылша егістігіне ұшып сол жерде қоректенеді. Қоңыздар тұқымжарнақ және нағыз жапырақпен қоректенеді. Жас өскіндер күшті зақымданған кезде жойылып кетуі мүмкін. Күресу шараларын ұйымдастыру барысында міндетті түрде мына мәселені ескерген жөн: көктемнің бұлтты күндерінде бүргелер нашар қоректенеді және айтарлықтай зиян келтіре қоймайды, ал ауа-райының ыстық, құрғақ күндерінде зияндылығы бірнеше есеге көбейеді. 1-1,5 ай қосымша қоректену жалғасқаннан кейін аналықтары жұмыртқаларын тереңдігі 3-6 см топырақ астына салады. Эмбрионалдық даму 10-14 күнге жалғасады. Дернәсілдер 30-80 күн шамасындай қарашірікпен, қызылшаның ұсақ қабықшаларымен қоректенеді, сонан соң топырақ қабатының 10-15 см тереңдігінде қуыршақтанады. Қоңыздардың жаңа ұрпағы шілде айының соңы мен тамыз айының басында пайда болады. Олар аса қауіпті зиян келтірмей арамшөп және қызылша жапырақтарымен 1-2 апта қоректенеді де, кейін қыстауға кетеді. Жылына 1 ұрпақ береді.Күресу шаралары. Жақсы дайындалған жерге кеш егілген егіс бүргелерден аз шығынға ұшырайды. Вегетация кезеңінде қызылша бүргесі қоректеніп, дамитын арамшөптерді міндетті түрде жою қажет (әсіресе алабұталар мен қарақұмықтар тұқымдасы). Көктеу кезеңінде – 3 жұп жапырақ болған жағдайда 8-12 үлгіден 20 см қатар өсімдікті бақылайды. Егер кәдімгі себілген егісте 1 өсімдіктен 1 қоңыз және дәл себілген егісте 1-2 қоңыз табылса, онда инсектицидпен өңдеу қажет болады. Қоңыздар қоныстануды егістің шетінен бастайды, осыған байланысты қызылша өскінін қоңыздардан қорғау үшін өңдеу жұмыстарын егістің шетінде жүргізу қажет.

Қызылша бізтұмсықтары: кәдімгі (Bothynoderes punctiventris Germ.), жолақты (Chromoderus fasciatus Mull.), ақшыл (Chromoderus declivis Ol.), шығыс (Bothynoderes foveicollis Gebl.) және сұр (Tanymecus palliatus F.) (Coleoptera отряды, Curculionidae тұқымдасы). Соңғы екеуі Қазақстанда көп тараған.Кәдімгі қызылша бізтұмсығы қара түсті, денесі сұр қабыршақпен және түктермен жабылған. Қанатының үстінде екі қара қисық дақтары және де екі ақ дөңесі бар. Бастүтігі қысқа. Дене тұрқы 10-15 мм. Жолақты қызылша бізтұмсығы түсі қара, денесін сұр–қара қабыршақтар және түктер жапқан. Қанаттың үстінде көмескі бұлдыр қара дақтары бар. Дене тұрқы 7-11 мм. Ақшыл қызылша бізтұмсығының түсі қара, денесін ақшыл-сұр, ақ дерлік түктермен жабылған. Бүйірінде иректі жіңішке сызығы бар. Дене тұрқы 8-10 мм. Шығыс қызылша бізтұмсығының түсі қара, қанаттың үсті сұр-қара қабыршақпен жабылған және де көмексі бұлдыр қара дақтары бар. Дене тұрқы 9-10 мм. Ақшыл қызылша бізтұмсығының денесі түгелімен сұр қабыршақтармен жабылған. Дене тұрқы 7-10 мм.Бізтұмсық дернәсілі – денесінің түсі ақ, басы қоңыр, аяғы жоқ. Кәдімгі қызылша бізтұмсығы дернәсілінің дене тұрқы 27-30 мм, ал қалғандарынікі – 20-25 мм.Қоңыздар топырақта қыстайды, ал егер күз суық жаңбырлы болса, онда дернәсілдер мен қуыршақтар да қыстауға кетуі мүмкін. Алайда Солтүстік Қазақстанның ауа-райы жағдайына байланысты, дернәсілдер мен қуыршақтар қыс мезгілінде өліп қалады. Көктемде топырақ қабаты 8-10°С қызған кезде қоңыздар пайда болады. Бұл уақытта қоңыздар топырақ бетінде жорғалайды. Температура 20-25°С жеткен жағдайда ұша бастайды. Қызылша бізтұмсығы арамшөптердің алабұталар тұқымдасымен қоректенеді де, кейін қант қызылшасының өскініне ауысады. Қоңыздар жапырақтарды жеп, қызылша сабақтарын кеміреді. Температура +8 °С төмен болса, қоңыздар қоректенбейді, ал 8-12°С әлсіз мөлшерде зақымдайды. Есейген дараларында қосымша қоректену 35-40 күнге созылады. Аналықтары жұмыртқаларын өсімдік тамырының маңайына, тереңдігі 3-10 см топыраққа салады. 7-11 күннен соң дернәсілдер туады, кейін олар ұсақ қабықшаларды және қызылшаның орталық тамырын тереңдетіп жеп, тамырдың кем-тарлығын тудырады, ал күшті залалданған кезде өсімдіктің жойылуына әкеледі. Сұр қызылша бізтұмсығының дернәсілі арамшөптерде (қалуен, дала шырмауығы, ошаған) дамуына байланысты, қызылша өсімдігін зақымдамайды. Дернәсілдер 45-90 күннің ішінде төрт жас шағын өткізеді және топырақта қуыршақтанады. 15-20 күннен кейін жаңа қоңыз пайда болады да, сонан соң ол топырақта қыстауға қалады. Жолақты қызылша бізтұмсығының қоңызы жұмыртқаны қызылша тамырының мойнына салады, ал дернәсілі тамыржемістің ішіне еніп, камералар мен жолдар жасайды да, тамыр мойнының ісінуін тудырады. Мұндай зақымдалу өсімдіктің жойылуына әкелуі мүмкін. Тамыржемістің ішінде дернәсілдер қуыршақтанады. Жылына 1 ұрпақ береді.

Күресу шаралары. Ауыспалы егісті қатаң сақтау, жоғары сапалы тұқыммен қолайлы мерзімде себу, топырақты сапалы өңдеу, минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу, егінді сепкеннен кейін топырақты тығыздаса, зиянкестердің санының азаюына және өсімдіктің өсу тұрақтылығын реттеуге мүмкіндік туғызады. Топырақты қатараралық қопсытса, жыртқыш зиянкестердің әрекетін күшейтеді. Арамшөптермен міндетті түрде күресу керек. Сәуір айының аяғынан бастап көлемі 1 м 2 20 үлгі алаңқайда зиянкестерге көзбен шолу есебін жүргізеді. Көктеу кезеңінде кәдімгі қызылша бізтұмсығы қоңызының 0,2-0,3, басқа түрлердің 0,3-0,5 данасы 1 м2 жерде, ал 2-4 жұп жапырақ шыққан кезеңде 0,5-0,6 дана/м2 кездессе, онда инсектицидпен өңдейді.