Клиникалық көрінісі.

Дәрістің тақырыбы: Созылмалы жарасыз колит. Энтерит.Гельментоздар.

Дәрістің жоспары:

1.Аурудың түсініктемесі

2.Этиологиясы

3.Клиникалық көрінісі

4.Лабораториялық зерттеулер

5.Аспаптық зерттеулер

6.Дифференциалды диагностикасы

7.Емдеу

Созылмалы жарасыз колит – тоқішектің кілегей қабығының қабыну – дистрофиялық өзгерістерімен және функциялық бұзылыстарымен сипатталатын полиэтиологиялық ауру. Патологиялық процесстің тарау көлеміне қарай тоқішек панколит немесе сегменттік колит ( тифлит,трансверзит, сигмоидит, проктит) түрінде зақымданады. Ең жиі кездесетіні – сигмоидит .

Этиологиясы . Созылмалы колит полиэтиологиялық ауру, дамуына әкелетін ықпалдар:

Болып өткен ішектік инфекция( дизентерия, иерсиния, шигелла, кампилобактер, клостридия, іш сүзегі, протей т.б.)

Парзиттік және ішек құрттарымен инвазия ( амебиаз, лямблиоз, балантидиаз, трихомонадиаз, гельминтоз )

Ұзаққа созылған дисбактериоз

Тамақтану кемістігі ( гиповитаминоз, сапасыз тағам, клетчатканың тапшылығы, ауыр қорытылатын тағамдар, ішімдікке салыну)

Ұзақ қолданған дәрмектердің әсері ( антибиотиктер, іш айдағыштар, нейролептиктер, иммундық депрессанттар, салицилаттар т.б.)

Иондаушы радиация ( радиациялық колит)

Тағамдық, дәрмектік, бактериялық алергия

Тоқішектің ишемиясы ( шажырқай артерияларының атеросклерозы, қанайналым шамасыздығы, туа біткен ферментопатиялар ( дисахаридазалардың тапшылығы), тоқішектің аномалиясы, іш холециқуысындағы жабысулар, экзогендік және эндогендік уланулар (сынаптың, мышяктың, фосфордың тұздарымен ), өзге ағзалардың патологиясы ( холецистит, секреция шамасыздығымен жүретін панкреатит, гастрит, асқазан резекциясы).

Клиникалық көрінісі.

Созылмалы колит көбіне 40 – тан асқан шақта пайда болады. Көрінісінің басты белгілері: іштің ауыруы және дәреттің бұзылуы. Сигмоидит болса, онда сол мықын аймағы ауырады және ауырсыну арқаға беріледі. Илеотифлитте іштің оң жартысы ауырады, ауырсыну белге таралады. Көбіне іштің бүйірлік және бөліктері сыздап ауырады, ауыру тамақтанғаннан 7 – 8 сағат өткен соң күшейеді, кейде түнде немесе түн ауа пайда болып,ұйқыны бұзады және дефекациядан немесе жел шығарғаннан кейін басылады. Созылмалы колит мезаденитпен немесе периколитпен асқынса, онда іш үнемі ауырады және ауыру ішек перистальтикасы тезделетін жағдайларда , мысалы тез жүргенде, дене жаттығуларында, дәретке отырғанда немесе клизма жасағанда күшейеді. Кейде колиттің салдарынан іш өрімі қабынады (солярит дамиды). Мұндайда кіндіктің тұсы күйдіріп, тесіп бұрғылағандай қатты ауырады. Соляритке байланысты ауыру арқаға , іштің төменгі аймағына таралады. Дәреттің бұзылысы әртүрлі, көбіне іштің өтуі мен қатуы кезектеседі. Егерде іш өтсе , жиі – жиі бірақ аз – аздан өтеді. Дәрет су тәрізді сұйық және кілегей аралас. Іш көбіне таңертеңгі уақытта немесе тамақты ішіп бола берген кезде өтеді. іштің қатуы кезінде дәрет құмалақ немесе таспа , кейде жіңішке бау тәрізді болады. Іштің өтуіне майлы, өткір, клетчаткасы мол тағамдар немесе сүтті, аса салқын сусынды ішу септігін тигізеді. Дисталды колитте тік ішектің зақымдану көріністері орын алады: тенезмдер, тік ішектің ашып ауыруы немесе тік ішекте салмақ сезіну мазалайды, дәретке отырғаннан кейін толық жеңілдену сезімі болмайды. Созылмалы колитте іштің кебуі байқалады, жел шығару көбейеді. Науқастың көбі жүрек айнуға , ауыздың құрғауына, ащы жағымсыз дәм болуына шағымданады.

Ішті пальпациялағанда анықталатын белгілер:

- Пальпация кезінде тоқ ішек шұрқырайды

- Тоқішектің бір түйілген , бір атониялық кеңейген бөліктері анықталады

- Периколит болса, ішектің ауырсынуы, жуандауы, кейбір ілмектерінің созылып кеңейгені байқалады.

- Мезаденит болса онда ауырсыну лимфа түйіндердің тұсында анықталады, кіндіктің айналасында, соқырішектің ішкі бетінде және шажырқай бойында, яғни бел омыртқасының сол жағынан оң сегізкөз – мықын қосындысына дейін жүргізілген сызықтың бойында ( Штернберг белгісі)

- Соляритте солярлық нүктелердің ауырсынуы анықталады.

Терең пальпация солярлық кризді қоздыруы мүмкін, сондықтан іштің пальпациясы сақтықпен жасалуы тиіс. Негізінде созылмалы колиттің көрінісі басым зақымданған ішектің бөлігіне тәуелді. Тифлит – соқырішектің басым зақымдануы, оның клиникалық белгілері:

Іштің оң жартысы, әсіресе оң мықын аймағы ауырады, ауру оң аяққа, шапқа, кейде белге беріледі

Дәреттің тұрақсыздығы ( іштің бір өтіп, бір қатуы)

Пальпациялағанда соқырішектің ауырсынуы, түйілуі немесе кеңеюі анықталады

Перитифлит болса, онда соқырішектің қозғалымы шектеледі

Бейспецификалық мезаденит дамыса, онда соқырішектің ішкі беті және кіндіктің тұсы ауырады.

Трансверзит – көлденең ішектің қабынуы. Трансверзитке тән белгілер:

Іштің ортаңғы аймағы ауырады, кебеді және қорылдайды, іштің ауыруы әдетте , тамақтанғаннан көп кешікпей пайда болады.

Іш бір өтіп, бір қатады

Тамақты іше сала дәретке жүгіру ( гастротрансверзалық рефлекс)

Кеңейген және түйілген бөліктерінің анықталуы, қолды тигізгенде ішектің ауырсынуы.

Ангулит – көлденең ішекпен талақ бұрышының жеке қабынуы ( сол қабырғалық синдром). Белгілері :

Сол қабырғалық түйіліп, керіп едәуір ауырады және ауырсыну кеуденің сол жартысына,кейде жүрек маңына таралады.

Іштің жоғарғы сол жақ төрттігінде дабыл дыбысы анықталады

Пальпацияда – сол қабырғалықтың ауырсынуы

Дәреттің тұрақсыздығы

Сигмоидит – иінішектің қабынуы.

Белгілері :

Сол мықын аймағындағы немесе іштің сол жартысының төменгі аймағындағы дискомфорт мазалайды: ауыруы, керілуі, салмақ сезіну, ауырсыну сол шатқа тарайды және жүргеннен, дене қызметінен немесе сілкінісінен күшейеді.

Пальпацияда иінішектің ауырсынуы немесе түйілуі

Проктосигмоидит – иінішекпен тік ішектің қабынуы.

Белгілері :

Дефекация кезінде артқы өтіс ауырады

Дәретке жиі отырғысы келеді, дәретке отырғанда жел, кейде аздап кілегей немесе қан шығуы, қанның бөлінуі эрозиялық сфинктеритке немесе артқы өтістің жарылуына, геморройға тән

Дефекациядан кейін толық жеңілдену сезімінің жоқтығы

Артқы өтіс аймағының қышуы және «сулануы»

Кілегейлі , кейде қан аралас құмалақты нәжіс

Аурудың өршу кезінде, тік ішекті саусақпен тексергенде, сфинктердің түйілуі анықталады.