Бүйректің құрылысы, оның жасқа байланысты ерекшелігі

Дәріс

Тақырыбы: Зәр шығарудың жасқа байланысты ерекшеліктері

 

Тірек сөздер:зәр шығару, Боумен капсуласы, нефрон, Мальпиги шумақтары, несеп, қуық, энурез, эпидермис, дерма, гиподерма

Жоспар:

1. Зәр шығару жүйесінің маңызы

2. Бүйректің құрылысы, оның жасқа байланысты ерекшелігіі

3. Несептің түзілуі және құрамы

4. Бүйрек қызметінің реттелуі

5. Қуықтың құрылысы мен қызметі

Тері және терлеу физиологиясы

 

Зәр шығару жүйесінің маңызы

Зат алмасуының қалдықтарын денеден шығарудың маңызы. Зат алмасуы нәтижесінде тамақпен организмге келген күрделі органикалық және минерал қосындылар ыдырайды. Олардың тіршілікке қажетті заттары ішек-қарын мен бауырдан қанға өтіп, бойға сіңеді, ал зат алмасуынан пайда болған қажетсіз қалдық заттары клеткадан, ұлпалардан, денеден шығарылады. Көмірсуының қос тотығы мен су буы өкпе арқылы тыныс алу мүшелерінің жолдарымен сыртқа шығады. Органикалық, минералдық күрделі қосындылардың ыдырауының соңғы бөлшектері, аралық өнімдері, қорытылмай, бойға сіңбей қалған керексіз заттар, мысалы, крахмал, мочевина, фосфор қышқылы, кейбір тұздар, зиянды микроорганизмдердің токсиндері (улы заттары) ішек пен бүйрек арқылы шығарылады. Су мен онда еріген тұздар, сүт қышқылы, хлорлы қосындылар терлегенде термен шығарылады.

 

Бүйректің құрылысы, оның жасқа байланысты ерекшелігі

Сыртқа шығару мүшелерінің ішінде бүйрек ерекше орын алады. Адамның бүйрегі жұп мүше. Ол бел омыртқаларының екі бүйірінде, қабырғалардан төмен орналасқан. Оң бүйректің орналасуы сол жақ бүйректен сәл жоғарырақ. Екеуінің құрылысы бірдей. Бір бүйректің массасы 120-150 г. Сырты дәнекер ұлпасымен қоршалған. Бүйректі қалың бүйрек майы қаптап тұрады.

Бүйрек сыртқы қызғылт қоңыр түсті қыртыс қабаты және ішкі ортаңғы ақшыл милы қабаты болады. Бүйректің сыртқы жиегі дөңестеу, ішкі жиегі ойыстау келеді. Қан тамырлары, нервтері және несеп ағар түтікшелері бүйрекке ойыс жағынан кіреді. Бүйректің ойыс жағында бүйрек түбегі болады, ол бүйрек тостағаншаларына жалғасады. Бүйректің тостағаншаға жалғасқан ұшында бүртіктері болады.

Бүйректің қыртыс қабаты нефрондардан, яғни бүйрек денешіктерінен құралған. Бір бүйректегі нефрондар саны 1-1,2 млн. Олардың әрқайсының сырты Боумен капсуласымен қоршалған. Нефронның ішінде Мальпиги шумақтары деп аталатын түйнектеліп шоғырланған қан тамырлары бар. Капсуланың өзі екі қуыс қабаттан тұрады. Ішкі қабаты Мальпиги шумағын қоршап жатады, ал сыртқы қабаты капсула өзегіне айналады. Қыртыс қабатының бойындағы өзектер алғашқы иірім каналдарына айналады. Олар бүйректің ішкі ми қабатына еніп, иірімдері жазылып, Генле иініне айналады да қайтадан қыртыс қабатына оралып, екінші деңгейлі иірім каналға айналып несеп жинағыш түтікке жалғасады. Жинағыш түтіктің ұзындағы 22 мм. Екінші деңгейлі нефром иірімдері артерия тамырлар шумағымен жалғасып, екеуі құрамындағы заттармен алмасады. Мұны юкстаглонмерулалық комплекс деп атайды.

Нефронның алғашқы иірім каналының ұзындығы 12-24 мм, ал екінші деңгейлі иірім каналдарының ұзындығы 5-8 мм.

Бүйректің қызметі қан плазмасын зиянды, қажетсіз заттардан тазартудан басталады.

Натрий, калий, кальций иондары сияқты тіршілікке қажетті заттар көп мөлшерде болса, гомеостаз қалыпты деңгейінен өзгере бастайды. Сондықтан олардың концентрациясын бір қалыпта ұстап тұру үшін де бүйректің маңызы зор.

Демек бүйрек электролидтік және қышқыл – сілтілік тепе-теңдікті үйлестіріп, реттеп отырады. Оның бұл қызметі нефрон мембранасының заттарды сұрыптап өткізу қасиетімен байланысты орындалады.

Бүйрек ұлпасында ренин және эритропоэтин ферменттері өндіріледі. Ренин артерия қысымын және қан тамырларындағы қанның мөлшерін реттеуге қатысады. Ал эритропоэтин эритроциттердің өндірілуіне әсер етеді.

Бала бүйрегінің құрылыс ерекшелігі. Нәрестенің бүйрегінің массасы 11-12 г, бір жаста – 36-37 г, бес жаста 55-56.

Бүйрек ұлпаларының өсу қарқыны алғашқы 3 жыл ішінде, жыныстық жетілу кезеңінде және 20-30 жас аралығында жоғары болып, өсіп жетіледі.

Нәрестенің бүйрегінің сыртқы беті бөліктеніп тұрады. Ол бөліктер 2 жасқа қарай тегістеле бастайды да, 5 жаста жойылып, түгел тегіс болады. Бүйректің қыртыс қабатының қалыңдығы нәрестелерде 2 мл, ал оның ішкі ми қабаты 8 мл.

Нәрестелердің нефрондарының иірілуі аздау. 1 жаста иірімді өзектердің өсу қарқыны күшті, ал 3-4 жаста олардың саңлауларының диаметрі кеңейеді, қабырғасындағы клеткалардың құрылысы мен қызметі жақсы жетіледі.

Бала бүйрегінің қызмет ерекшелігі. Нәрестенің алғашқы 3-4 күнінде несеп өте аз шығады, ал бір аптадан кейін несеп көбейеді. Алты айда баланың несебінің мөлшері екі есе артады. Тоғыз айда несептің құрамы тұрақтала бастайды. Мысалы, несептің құрамындағы хлордың мөлшері ересек адамдағыдай болады, бірақ мочевина мөлшері аздау, өйткені бұл кезде баланың негізгі тамағы әлі де болса, сүт болады да, басқа жануар текті тамақтардың мөлшері аз болады.

Бір жастағы балалар бүйрегінің гломерулалық сүзілу деңгейі өте баяу жұреді, кері сүзілумен нефрон түтікшелерінде заттардың концнетрациясының артуы, яғни қоюлануы жеткіліксіз. Несептің мөлшері 700 мл ғана болады. 4-5 жаста оның мөлшері 1000 мл дейін көбейеді, ал 10 жаста тәулігіне 1500 мл несеп сыртқа шығады.