Көнеленген формалар арқылы туған жалаң үстеулер

Морфологиялық сипаттары

Үстеу сөздері морфологиялық құрылысы және құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады: негізгі үстеулер мен туынды үстеулер.

Негізгі үстеулер

Негізгі үстеулер деп қазіргі кезде морфемаларға бөлшектеуге келмейтін, тек белгілі бір формада қалыптасқан сөздерді айтамыз.

Негізгі үстеулерге келесі сөздер жатады: әрең, азар (әзер), әдейі, жорта, қасақана, ұдайы, үнемі, дереу, шапшаң, бағана, қазір, енді, ілгері, жоғарғы, төмен, әрі, бері, кері, әрмен, бермен, ерте, кеше, нақ, дәл, нағыз, сәл, әнтек, тек, мейлінше, лық(а), қақ, дәйім, һаман, әншейін, тым, тіпті, өсе, аса, ең, әбден, мүлде(м), төтенше, ерекше, орасан т. б.

Негізгі үстеулердің мынадай үш түрлі ерекшеліктері бар:

· Негізгі үстеулердің көпшілігінен шырай категориясы жасалады. Демек, оларға -рақ, -рек, -лау, -леу жұрнақтары жалғанады, алдынан (бұрын) шырай туғызатын өте, аса , тіпті, мейлінше, қабағат сияқты күшейткіш сөздер қолданылады. Мысалы:

бұрын бұрынырақ бұрындау тым бұрын   кейін кейінірек кейіндеу өте кейін
ілгері ілгерірек ілгерілеу аса ілгері   әрі әрірек әрілеу тым әрі
әрмен әрменірек әрмендеу тіпті әрмен   былай былайырақ былайылау тым былай

· Негізгі үстеулердің кейбіреулері қосарланып та, плеонизм жолымен қабаттаса да қолданылады. Мысалы: құр босқа, жай босқа, текке босқа, бос бекерге, құр бекер, бекерден-бекер, бостан-босқа, тектен-тек, бостан-бос, құрдан-құр т. б.

· Негізгі үстеулерден қосымшалар арқылы да, қорсарлану арқылы да, басқа сөздермен тіркесіп те, туынды үстеулер жасала береді. Мысалы: әрең, әрең-әрең, азар-азар, азар деп, азар-азар деп, әдейілеп, ұдайылап, әрі-бері, бұрынды-соңды, ілгері-кейін, жоғарылы-төменді, енді-енді, кейінде, кейіннен, ендігәрі т. б.

Туынды үстеулер

Туынды үстеулер деп басқа сөз таптарынан түрлі қосымшалар арқылы, сөздердің бірігу және қосарлану, тіркесу тәсілдері арқылы, сондай-ақ, кейбір сөз тіркестерінің тұрақтануы арқылы жасалған (я үстеуге айналған) үстеулерді айтамыз.

Құрылысы мен құрамы жағынан туынды ұстеулер екі топқа бөлінеді: 'жалаң туынды үстеулер мен күрделі туынды үстеулер.

 

Жалаң туынды үстеулер

Түрлі қосымшалар арқылы жасалған үстеулерді жалаң туынды үстеулер дейміз. Жалаң туынды үстеулерге жалғанатын қосымшалар екі түрлі болады: біреулері жұрнақтар арқылы жасалады да, біреулері әр түрлі жалғаулардың көнеленуі арқылы үстеуге айналды.

Жұрнақтар арқылы жасалатын жалаң үстеулер

Бұлар арнаулы жұрнақтар арқылы жасалады. Ондай үстеу тудыратын жұрнақтар мыналар:

1. -ша, -ше жұрнағы. Осы жұрнақ арқылы жасалған үстеу мағына жағынан негізінде амалдың қалай я қалайша істелетіндігінің бейнесін білдіреді. Бұл жұрнақ жалқы зат есімдерге де, жалпы зат есімдерге (мысалы: Омаровша, Аманкелдіше, құсша, адамша), олардың жекеше түріне де, көпше түріне де (мысалы: батырша, батырларша) және тәуелді түріне де (көзімше, көзіңше, көзімізше, көзінше т. б.) жалғанып үстеу тудырады.

Осы жұрнақ арқылы кейбір негізгі сын есімнен де (ескіше, жаңаша, басқаша т. б.), туынды сын есімнен де (биылғыша, бұрынғыша) үстеу жасалады; жіктеу есімдіктерінен де (менше, меніңше, сендерше), өздік есімдіктен де (өзімше, өздерінше), кейбір белгісіздік есімдіктерден де (әлдекімше, кейбіреулерше) үстеу сөздер туады.

2. -лай, -лей (-дай, -дей, -тай, -тей) жұрнақтары. Мысалы: осылай, екіншілей, жастай, жібектей, күздей, қыстай т. б.

3. -дайын, -дейін, (-тайын, -тейін) жұрнақтары. Бұл жұрнақтар ― -дай және -ын деген қосымшалардан құралған құранды жұрнақтар. Мысалы: Түлкідейін түн қатып, Бөрідейін жол тартып(Махамбет).

4. -шалық (-ша+лық), -шама (-ша+ма) жұрнақтары сілтеу есімдіктерінен үстеу жасайды. Мысалы: осыншама, соншама, соншалық, мұнша, мұншалық т. б.

5. Көсемшенің құрамды -лап, -леп (-дап, -деп, -тап, -теп) формалары қосылған сөздің бәрі бірдей, әрине, үстеу бола бермейді. Адвербиалданған формалары ғана үстеуге жатады. Мысалы:Қырықтап, отыздап, жаяулап, темірлеп т. б.

6. -шылап (-шілеп) жұрнағы. Бұл жұрнақ - бастапқы -ша және -лап деген қосымшалардан құралған. Мысалы: ішкері, сыртқары, тысқары, ұшқары т. б.

7. -қары (-кері) жұрнағы санаулы біраз сөздерге жалғанып үстеу жасайды. Мысалы: ішкері, сыртқары, тысқары, ұшқары т. б.

8. -ын, -ін, -сын, -сін қосымшалары тек біраз сөздерге ғана қосылып үстеу тудырады. Мысалы: қысын, жазын, жасырын, астыртын, үстіртін, ертеңгісін, кешкісін т. б.

Көнеленген формалар арқылы туған жалаң үстеулер

Оларға бір алуан сөздердің белгілі бір септік жалғау формасында әбден қалыптасып, бір-бірінен бөлінбейтіндей болып көнеленген сөздер жатады. Осындай көнеленген "қосымшалар" төркіндері септік жалғауларынан болғандықтан, сыртқы тұлғасы жағынан сол септіктердің жалғауларына ұқсас келеді. Септелу қашан да болсын есімдерге тән қасиет болғандықтан, мұндай үстеулер кейбір септік жалғауларының көнеленуінің нәтижесінде көбінесе есімдерден туады.

1. Барыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: зорға, босқа, текке, жатқа, бекерге, әреңге, алға, артқа, ас(т)қа, үс(т)ке, бірге, кешке, ертеңіне, әзірге, қазірге, күнге т. б.

2. Жатыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: алда, артта, аста, үсте, кейде, әлгіде, жаңада, баяғыда, күнде, түнде, аңдаусызда, абайсызда, қапыда, ілуде, қапелімде, қапылыста, лезде, жөппелдем(е)де т. б.

3. Шығыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: шалқасынан, жүресінен, етпетінен, төтеден, кеңінен, тезінен, қырынан, келтесінен, басынан, әуелден, ежелден, шетінен, лажсыздан, тосыннан, кенеттен, қатеден т. б.

4. Көмектес септіктің көнеленуінен туған үстеулер: кезекпен, шынымен, қалпымен, жайымен, ретімен, жөнімен, түйдегімен т. б.