Бақылау сұрақтары

1.ЖЭС-ке көшудің алғышарттары

2.1921-1922жж. ашаршылық

3.ЖЭС-тің жетістіктері

4.Индустрияландыру саясатының жүзеге асуы

Дебиеттер

1.Артықбаев Ж. Қазақстан тарихы. Оқулық-хрестоматия. –Астана, Фолиант, 2000.

2.Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасы тарихы.-Алматы, 2003.

3.Қазақстан тарихы. Очерк. –Алматы баяндама жасады. Онда Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар ұлт саясатын жүргізу үшін ең алдымен негізі берік саяси ұйым құру қажеттілігі туралы айтылды. Конференция Т. Рысқұлов ұсынысымен жаңа саяси ұйымды "Түрік халықтарының коммунистік партиясы" деп атауға шешім қабылдады. Т. Рысқұловтың, 1994.

4.Борцы за Советскую власть в Казахстане. -Алма-Ата, 1982.

5.Бочагов А.К. Алаш-Орда. -Кызыл-Орда, 1935.

6.Бурабаев М.С Общественно-политическая мысль Казахстана 1917-1940 и Алма-Ата, 1991.

7.Елеуов Т.Е. Установление и упрочение Советской власти в Казахстане. - Алма-Ата, 1961.

8.Иностранная интервенция и Гражданская война в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов. Т.І.-Алма-Ата, 1960.

9.Нурпеисов К.Н. Становление Советов в Казахстане. - Алма-Ата, 1987.

10.Нурпеисов К.Н. Алаш һәм Алашорда. - Алматы, 1995.

11.Пахмурный П., Григорьев В. Октябрь в Казахстане. -Алма-Ата, 1978.

12.Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений в 3-х томах. Составители Асылбеков М.Х., Балакаева Л.Т. и др. - Алматы, 1998

 

Лекция 6. Шаруа шаруашылығын ұжымдастыру және отырықшылыққа көшу

Жоспар

1. Жайылымдық - шабындық жерлерді бөлу және оның нәтижелері .

2. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыруға көшу : әдістері, түрлері, қарқыны, еріктілік пен заңдылық принциптерінің бұзылуы .

3. Меншіктің айыруға және күштеп ұжымдастыруға қарсы халық наразылығы мен көтерілістер - ұлт - азаттық қозғалыстар жалғасы.

4. Қазақтардың аштан қырылуы және қазақ босқындарының қайғылы тағдыры .

5. 20 ғ -30 жылдарындағы қоғамдық саяси - өмір .

 

Большевиктер ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек еді.

Алайда, большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: "Жайылымдық жерді болу деген не?" дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін және өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін "Бұл кіші Қазан" — деді.

Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда "Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы" заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық және жайылымдық жерлер жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді. Бұл жұмысты жоғарыдан жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды және бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел "бестіктер", ал болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан "үштіктер" ұйымдастырылды. Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған бұл "бестіктер" мен "үштіктер" құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. Шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты құрылған бұл төтенше және заңсыз органдар Кеңес үкіметінің басқа да шараларын жүзеге асыруда таптырмас әдіс болды. Қазақстанда большевиктер 1926—1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6 %-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді.

Ф.Голощекин алғаш "Кіші Қазан" төңкерісін бір ғана әлеуметтік-саяси науқанмен, яғни шабындық-жайылымдық және егістік жерлерді қайта бөлумен аяқтай аламын деген пікірде болды. Большевиктер жерге орналастыру жөніндегі бұл шара, әсіресе ауылдағы байға өте тиімді болып отырған жерді дәстүрлі қауымдық (рулық) пайдалануды жояды деп есептеді.

Алайда Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасыз ете алмады. Оның себебі, бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жай бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың дәстүрлі шаруашылығында, керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді, яғни көшпелілер үшін жайылымға сұраныс мал басының санына және оның құрамына байланысты болды. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер пайда жоқ еді. Себебі, ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана емес, тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауылшаруашылық құрал саймандарына, егетін тұқым және т.б. заттарга өте зәру болды. Мысалы, 1928 жылы республикада 1927 жылғы есеп бойынша 800 мың қазақ шаруа қожалықтары бар болғаны 124 мың өте қарапайым еңбек құралдарына ие болды. Олар 54 мың соқа, 0,5 мың тұқым себетін машина, 13,5 мың шөп шабатын шалғы, 9,4 мың тырма т.б. Бұл еңбек құралдары сан жағынан алғанда көлге тамған тамшыдай ғана еді және оның сапасы да өте төмен болды. Тіпті әлеуметтік тұрғыдан келгенде Петропавл округінде еш құрал-сайманы жоқ шаруа қожалығының мөлшері 95,5%, ал орта шаруа қожалықтары 83,2 % болса, Павлодар округінде 99,45% және 85,8 5%, Қызылорда округінде 72,95% және 69,15% болған. Шаруашылық құралдардың жетіспеуі, әрине, кедей қожалықтарын өз үлесінен бас тартып, бөлінген жерлерді бұрынғы иесіне қайтаруға мәжбүр етті.

1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Республиканың барлық аудандарына тәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді.

Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары жатқызылды.

1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің "Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарын белгілеу туралы" арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға сәйкес, сонымен қатар тәркіленгендерді жер аударылуға тиісті аудандар да анықталды.

Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа қожалықтарына деген қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс болды. Тәркілеу туралы ереже бойынша жер аударылғандардың бәрі сайлау құқығынан айырылды.

Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын, яғни байларды тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уәкілдің қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа түсірді.

Республика көлемінде барлығы 696 "бай-феодалдар" тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғы жүргізілген тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-і ғана. Оның себебі, алдын ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді. Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2% отырықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5%) көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жеке шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды.

Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ қоғамының экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды тәркілеуден қазак кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.

Қазақстанда большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру тәжірибесінде тәркілеу саясатымен шектелмеді. Шаруа қожалықтарын біртіндеп, ерікті түрде кооперативтендіру арқылы социалистік ірі ауылшаруашылық ұжымына біріктіру туралы 1927 жылы желтоқсанда өткен партияның XV съезінің шешімдерін жүзеге асыруға кірісті. Алайда үкімет біртіндеп құрылып жатқан колхоздарға материалдық жағынан көмекті күшейту шарасының орнына, керісінше нұсқаулар беру арқылы күштеу әдістерінің кең етек алуына жол ашты. Орталық билік колхоз құрылысындағы біртіндеп өзбетінше жүріп жатқан қозғалысты жоспарлы іс-әрекетке ұластырды. Үкімет органдарының жоспарлаған межелерін партия ұйымдары да қайта талқылады, соның нәтижесінде жоспардың өзі бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Ал енді бес жылдық жоспарды белгілеу кезінде мемлекеттік жоспарлау комитеті бұл жоспардағы санды тағы ұлғайтты.

Жергілікті жерлерде жоғары басшылық белгілеген межеден асып түсу үшін күрес басталды. Оның күшеюіне Қазан революциясының 12 жылдық мерекесіне орай «Правда» газетінде жарияланған Сталиннің "Ұлы бетбұрыс жылы" деген мақаласы түрткі болды. Сталин "шаруалар жаппай мақтау тұтып келген жеке меншік туын лақтырып тастап, ұжымдастыру рельсіне көшуде" деген пікір айтты. Ал 1929 жылы 10—17 қарашада өткен БК(б)П Орталық Комитетінің пленумында Молотов та келесі жылы тек "ұжымдастырылған облыстар ғана емес, ұжымдастырылған республикалар туралы да айтуға болады" деген көзқарасты білдірді.

1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады. Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; екінші топқа елдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа жатқызылды.

Алайда, Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай, ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. Голощекин Жер халық комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жіберген жеделхатында 1929—1930 жылдары республикада ұжымдастыруды күшейту үшін жоспардың қайта қаралғанын, сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті. Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды.

Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды.

Шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың жеделдетілген қарқыны күштеп жүзеге асырылды. Ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында еріктілік, қоғамдастыру принциптері толық бұрмаланды. Ұжымдастыруға байланысты жүргізілген шараларда кімнің осы шараға қарсы екенін айқындау бірінші орынға қойылды. Кімде-кім қарсы болса, ол тіптен кедей шаруа болса да, тап жауы қатарына жатқызылды. Ұжымдастырылған шаруашылықтарға жұмыс күші болып саналатын малды ғана қоғамдастырудың орнына, барлық малды түгелдей алу шаралары жүргізілді. Күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы ұжымдастыру шаралары тездетілді. Күштеп ұжымдастырушылар қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске алмады. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын", "Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ", "Социализмде сотқа тартылмаған адам болмайды" деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне жетті.

Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызында қабылданған "Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы" қаулысында партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды. Большевиктік орталық билік ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып жатқаны мойындалмады.

Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған "Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы" қаулысы негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды. Шаруа қожалыктарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.

Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар арасында орташалар, тіптен кедейлер де болған. 1928—1929 жылдарда бай-кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аластатылды. Ал енді 1928 жылғы тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны тек 696 ғана болғанын ескерсек, бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сандарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын органдардың саны өте көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті кулактар екенін, ал қалғаны қатардағы еңбекшілер екенін мойындаған.

Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзінде Қазақстанда 30-дан астам үлкенді-кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакепір, Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады. 1929—1930 жылдар аралығындағы қыс айларында наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мәжбүр болды. 1929—1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының Кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды.

Кеңес үкіметі сонымен қатар көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын жаппай отырықшылыққа көшіріп, бұрын болмаған әлеуметтік тәжірибеге жол берді. Мұның бірден-бір себебі, астық мәселесін құрделендірген гипердинамикалық индустриалды даму жоспары болды. Өндірісте істейтін миллиондаған жұмысшылар мен қызметкерлерді тамақпен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Ал Қазақстанда астықты аудандарды ұлғайту мәселесі егін егуге қолайлы жерлерді жайылымға пайдаланып отырған көшпелі шаруашылықпен қарама-қайшы келді. Міне, осы кезде кешпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын жаппай отырықшылыққа көшіру жүзеге асырылды және ол ұжымдастырумен қатар жүрді. Отырықшылыққа көшетін қазақтарды үймен қамтамасыз ету мәселесі өте қажет және бірінші тұрған міндет деп санамады. Керісінше олардың өз киіз үйлерін пайдалануға болады деп есептеді.

Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады.

Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдың көп бөлігі үкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VI Пленумында 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын мойындауға мәжбүр болды.

Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат әкелді. Күшпен ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз шаруашылықтар күйзеліске ұшырап, нәтижесінде 1932—33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда аштық жайлаған аудандарда халық баудай түсіп қырылған. Аштықтан өлген адамдарды жинап, көмуге мүмкіндік болмаған. Аштықтың салдарынан адам етін жеу фактілері де өте көп болған. Осындай жантүршігерлік көріністер туралы мәліметтерді зерттеушілер тэуелсіздік алғаннан кейін архив қойнауынан алып жариялады. Аштыққа ұшыраған қазақтар босқын болып, елден шет аймақтарға үдере көшті. Қазақстаннан шет аймақтарға кеткен қазақ босқындарының ауыр да жанкешті тұрмысы туралы да деректер жеткілікті. Зерттеушілер 1930—1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда 1,3 млн. адамға жеткізеді.

Қазақтардың аштықтан қырылуы және шет аймақтарға үдере көшуі нәтижесінде халық саны күрт азайды, яғни демографиялық апатқа әкелді. Мысалы, 1937 жылдың басында халықшаруашылығы есебінің бастығы М. Саматовтың Л. Мирзоянға берген мәліметі бойынша 1930 жылдың 1 маусымы мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген.

Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамының баяндама хаттарынан және Ресейдің басшы мемлекет қайраткері ретінде жергілікті жерлерден Мәскеуге келіп түсіп жатқан басқа да мәліметтерден хабардар болған Т. Рысқүлов, көп кешікпей-ақ Сталинге хат жазады. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және "Бесеудің хаты" толықтырады.

Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастырудың осындай зардаптары сталиндік басшылықты біраз сескендірді. 1932 ж. 17 қыркүйекте "Ауыл шаруашылығы туралы" қаулы қабылданып, Қазақстан мал шаруашылығындағы "кемшіліктерді түзеу" бағыты белгіленеді. Алайда қаулы өлкелік комитеттің жүргізген саясатын айыптамады, тіпті, ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ. Қаулы егіншілік аудандарында жеке меншікте 2—3 бас сиыр, 10—20 бас қой, ал мал шаруашылығы аудандарында 100 бас қой, 8—10 бас ірі кара, 3—5 түйе, 8—10 жылқыға дейін ұстауға рұқсат берді. Қазақстанда 624 ферма таратылды. Жойылған тауарлы фермалардан 216370 бас мал колхозшылардың өзіндік шаруашылықтарына пайдалануға берілді. Колхоздар мен совхоздардан 680 мың бас мал шаруалардың жеке меншігіне сатылды.

Екінші бесжылдық жоспарды орындау кезінде, яғни 1933-37 жылдары Кеңес үкіметі ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды аяқтау, ауыл шаруашылығын қайта құру, колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту міндеттерін белгіледі. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін большевиктік партия республика ауыл шаруашылығын саяси нығайту қажет деп, колхоздар жанынан саяси бөлімдер құрды. 1935 жылы үкімет колхоздарға жерді мәңгі пайдалануға берді. Осы жылы ТОЗ-дардан ауылшаруашылық артельдеріне көшіру басталды да, 1937 жылы бұл процесс толық аяқталды.

Алайда, бұл жүргізілген шаралар колхоздарды нығайта алмады. Ауылшаруашылық өндірісінің өнімділігін арттырып, мал шаруашылығын өркендете алмады. Керісінше ауылшаруашылық артельдерінің жер пайдалану тәртібін бұзу орын алды. Колхозшылар тарапынан колхоз меншігіндегі жерлерден үй маңындағы жерлерді кеңейту кең өрістеді. Үй маңындағы жерлерді кеңейту көптеген колхоз мүшелерінің колхоз ісіне деген селқостығын күшейтті. Осыған байланысты Кеңес үкіметі колхоз жерлерін тиімді иелену мәселесін көтеруге мәжбүр болды. Колхоздарды одан әрі нығайту шарасының бір бөлшегі ретінде ауылшаруашылығы артельдерінің тәртібін бұзушыларға қарсы күресті бастады. Үй маңындағы жерлерді өлшеп, артық жерлерді колхозға қайтарды.

Большевиктер шаруашылыққа тікелей араласуды тоқтатпады. Мал шаруашылығының артта қалуын тікелей араласу жолымен шешуді көздеді. 1939 жылы 8 шілдеде БК(б)П Орталық комитеті "Колхоздарда қоғамдық малды дамыту шаралары туралы" қаулы қабылдайды. Осы қаулыда колхоздарда екі-үш тауарлы фермалар (оның ішінде біреуі ірі қара мал, екіншісі қой немесе басқа түліктен), құру белгіленеді. Осыған орай колхоздар мал санын арттыруға ынталанады деген есеппен жаңа ет өткізу жүйесін белгілейді. Алайда, бұл негізінен колхоздарды күштеп малдың ұстауға тиімсіз түрлерін дамытуға итермелеген шаралар болды. Колхоздардың еріктілігі шектелді, әкімшілік басқару жүйесі одан әрі күш алды.

Сонымен, Кеңес үкіметінің ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру жолында жүргізген шаралары тиімді нәтиже бермеді. Керісінше, бұл реформалар шаруалардың еңбекке деген ынтасын жойды. Соған қарамай большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен алға қарай дамыту мақсатында ылғи әртүрлі жаңа шаралар жүргізіп отырды.

Өлкенің қоғамдық-саяси өміріне бағыт-бағдар берген бірінші бүкілқазақтық партия конференциясы 1921 ж. маусымда болды. Ол елдегі экономикалық жағдаймен қатар қоғамдық-саяси өмірдің мәселелерін қарастырып, ауылда социалистік құрлысты жүзеге асыруды міндеттеді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен кеңестерді құру мәселесін қолға алды. 1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті кеңестерге сайлау ережесін бекітті. Осы ереже бойынша селолық, ауылдық және қалалық кеңес депутаттарының мерзімі 6 ай болды. Губерниялық, уездік және болыстық атқару комитеттері 6 айға, ал ҚОАК-ті — 1 жылға сайланды. Кеңестердегі халық өкілдерінің нормаларын көбейтті. 150 тұрғындары бар ауылдарда кеңестер құрылды, яғни 50 түрғынға бір депутат сәйкес келді. Бұрын кеңестер 300 тұрғындары бар ауылдарда құрылуға тиіс еді.

Республикадағы Кеңес үкіметін құру үрдісі өте қиын жағдайда жүрді. Большевиктер үшін капиталистік елдер қоршауында тұрып социализмді экономикасы артта қалған елде жүзеге асыру ете құрделі болды. Сонымен қатар социализм идеясы қазақ қоғамына жат еді. Соған қарамай Кеңес үкіметі тұтас Ресей аумағындағы халықтарды біріктіруге күш салды. Ресейдегі халықтарды біріктіру мәселесі партияның Орталық комитетінде талқыланды. Бұл мәселе бойынша екі пікір болды. Сталин «автономизация» идеясын ұсынды, яғни барлық ұлттарды, барлық кеңестік республикаларды РКФСР құрамына автономия құқында ендіру. Ленин кеңестік республикалар одағын құруды ұсынды. 1922 жылы Орталық комитеттің қазан пленумында Украина, Белоруссия, Закавказ республикалары және РКФСР арасында КСРО құру жөнінде келісім жасау қажет деп қаулы қабылдады. 1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде КСРО Кеңестерінің бірінші съезі болды. Сьезд КСРО құрылғандығы туралы декларацияны және одақтық келісімді қабылдады. Съезд ең жоғар,ы заң шығарушы орган КСРО ОАК сайлады. Қазақстан КСРО құрамына РКФСР құрамындағы автономиялық республика болып енді.

Алайда, республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі толғағы жеткен мәселелерді шеше алатын, жергілікті халыққа түсінікті және де жақын кеңестік мемлекеттік аппарат құру өте қиын болды. Жаңа кеңестік әкімшілік аппаратына жұмысқа тартуға жарайтын, жергілікті халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар өте аз болды. Әкімшілік орындарындағы еуропалық ұлт өкілдерінің көбісі шовинистік пиғылдағы қызметкерлер болды. Олар жаңа биліктің жергілікті халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына сай жұмыс істеуін қамтамасыз етпеді.

Кеңес үкіметі әкімшілік басқару орындарын жергіліктендіру — қазақтандыру саясатын жүзеге асыруды қолға алды. Алғашқы кезде Кеңес үкіметі амалсыздан Алаш зиялыларын өлкедегі кеңестік қызметтерге пайдалануға мәжбүр болды. Себебі, қазақ зиялы қауымының басым бөлігі алашордалықтар болды. Сондықтан да большевиктердің бұрынғы партиялылығы мен саяси белсенділігін есепке ала отырып, көптеген зиялыларды жұмысқа тартуына тура келді.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жергіліктендіру шаралары кеңес және партия аппараттарында қазақтардың үлесін көбейту түрінде көрініс берді. Алайда, Қазақстанға Ф. Голощекиннің басшы болып келуіне байланысты оның сипаты өзгерді. Ол жергіліктендіруді бұрын едәуір ауқым алып келген қазақ ұлтының өкілділігі туралы мәселенің орнына қазақ бұқарасының өзін кеңестендіру мәселесіне айналдырды. Яғни, Қазақстанның жаңа басшысы қазақтандыру саясатын ұлттық мәнінен біржолата айырып, оны таптық арнадағы кеңестендіру шараларына қосып жіберді.

Большевиктер партиясы демократиялық мемлекет құрамыз, ұлт мәселесін ұлттардың өзін-өзі билеу принциптерімен шешеміз деп көлгірсігенімен, шын мәнінде, олар партияның ықпалын арттыра отырып, бір орталыққа бағынған мемлекет құрды. Большевиктер құрған қазақ автономиясы дербес автономиялық республика атанғанымен, Ресейдің бөлінбес бөлшегі болды. Өлкені басқару мәселесі жергілікті ұлт өкілдерінің қолына толық берілмеді. Шын мәнінде, бұл Қазақстанды кеңестік саяси отарлау еді.

Большевиктердің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саясатын ашық айыптап, оның бет пердесін айқындаған М. Шоқай болды. Ол XX ғасырдағы қазақ саяси эмиграциясының тарихын бастаушы болды. Эмиграция сөзінің мағынасы экономикалық, саяси және діни себептерге байланысты өз еркімен немесе еріксіз басқа мемлекетке қоныс аударуды көрсетеді. Түркістан саяси эмиграциясы тарихи көрініс ретінде 1917 жылғы Ресейдегі революциялық сілкіністер нәтижесінде пайда болды. Қоқан автономиясы қуылған соң М. Шокай Францияға қоныс аударады. Онда ол Париждің "Дни", "Последние новости" газеттерінде Түркістандағы ішкі саяси жағдайға талдау жасаған мақалаларын жариялайды. 1929—39 жылдары ол "Яш Туркестан" журналын (117 нөмірі жарық көрді) шығарып, оның беттерінде кеңестік Түркістан мен дүние жүзіндегі оқиғаларға кең сыни талдау жасайды.

Сталин басшылығымен қазақ зиялыларына тағылған айыптау айдарлары "ұлтшылдықпен" шектелмеді. Сонымен қатар қазақ байларын тәркілеу саясатын қолдамай, керісінше қазақ қоғамы сілкіністен гөрі көмекке зәру деген көзқарастағы қазақ қайраткерлерінің пікірлерін айыптау кең етек алды. 1929 жылы партиялық үштіктер арыз айту бюросының қызметін күшейтіп, барлық салада партия нұсқауымен "оңшыл және солшыл оппортунистік уклонмен" күресу жұмыстарын өте қарқынды түрде жүргізді. 7 партия конференциясында "солшыл жалаудың тасасына жиі-жиі жасырынатын оңшыл-байшыл ағым делінетінмен" күресуге партия ұйымдарын шақырады. Қазақстанда "оңшыл ағымға" Голощекиннің ауылда "Кіші Қазан" төңкерісі қажет деген пікіріне қарсы шыққан С.Сәдуақасов және оның пікірлестері жатқызылды.

Ал енді Қазақстанда қазақ кеңес және партия қайраткерлерін троцкизмге айыптау Троцкийдің 1928 жылы Алматыға жер аударылуына байланысты деуге болады. Алайда троцкистік оппозицияға қазақ қайраткерлерін жатқызу көңілге мүлде қонымсыз еді. Себебі, қазақстандық саяси қайраткерлер троцкизм тұрмақ әлі толық марксизм-ленинизм идеяларын толық меңгермеген еді. Осыған қарамастан 7-партия конференциясында С.Сәдуақасов, Сұлтанбеков және Мұстамбаевтар "троцкистік оппозицияның төңірегіне топтасқан негізгі ядро" ретінде айыпталды.

Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал және ымырасыз болды. Егерде 1920 жылдардың орта кезіне дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте әртүрлі айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты. Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік "Ақ жол" газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эмиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен "үндес және пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлтшыл идеяларды жаңғыртатыны" атап көрсетілді. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай көзқарастағы партияда жоқ зиялы қауым өкілдерін жастарды тәрбиелеуге жібермеу ескертілді. Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында Ф. Голощекин басында А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты "реакцияшыл, тіптен контрреволюцияшыл" деп бағалады.

Кеңес өкіметінің өлкедегі әртүрлі айыптау науқаны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Қуғын-сүргінді ұйымдастыру кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың ортасы болды. Большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы саяси қуғынды бастауының негізгі себебіне тоқталсақ, ол мынандай жағдайға байланысты болды. Большевиктер ірі байларды тәркілеуге байланысты бас көтерулерді ұйымдастырушылар деп қазақ интеллигенциясын айыптап, оларға қарсы шабуылды бастады. Соның нәтижесінде 1928- жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, әдебиетшілері, әртүрлі саладағы зиялылары және Алашорда қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, X. Ғаббасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды.

1930 жылдың қыркүйек, қазан айларында ұлттық интеллингенцияның екінші бір тобы (40-қа жуық адам), құрамында X. және Ж. Досмүхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж. Ақпаев, Ә.Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей олардың 15-і (X. және Ж.Досмүхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, К.Кемеңгеров және басқалары) Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-әрекеттердің барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық көрсете алатын зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады.

Болшевиктік тәртіп нығайған сайын қоғамдық өмірді толық бақылауға алу күшейді. 1930 жылдардың ортасындағы қоғам мүшелеріне қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін—жазалау саясатын жаппай халыққа қарсы бағытталған террор деуге болады. Жаппай қуғын-сүргінді ұйымдастыру үшін большевиктер социализм жеңісі күш алган сайын тап күресі шиеленіседі деген тұжырымды желеу етті. Елді жаулардан тазарту процесі кезінде большевиктер неше түрлі "террористік ұйымдардың" бетін ашты. Әртүрлі қыспақ пен қысым жасау нәтижесінде террористік ұйым мүшелері өздерінің күнәларын мойындап шыға келді. Мысалы, 1936 жылы тамызда троцкистік-зиновьевтік террористік орталық жөнінде ашық процесс болды. Бұл іс бойынша Г.Е.Зиновьев, Б.Каменев, Г.Е.Евдокимов, барлығы 16 адам жауапқа тартылды. Жауапка тартылғандарға С.М.Кировты өлтіруді ұйымдастырды және оны жүзеге асырды, Сталиннің өміріне қастандық даярлады, диверсия, шпиондық әрекет жасады деген кінәлар тағылды.

Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда бір жылдың ішінде үш іс қарастырылды. Олар Үржар, Пресновка және Қарағандыдағы "контрреволюциялық ұлтшыл-фашистік залалдық ұйымдардың" істері болды. Ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі болды. Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М. Гатаулин, мүшелері А. Асылбеков, Н. Нүрсейітов болды. Олардың негізгі кінәсі — батылдылығы мен принципшілдігі. Сонымен қатар Гатаулин 1932 жылы Сталинге жазылған "Бесеудің хаты" авторларының біреуі болып табылады. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесінде өздерінің "Мәскеудегі "троцкистік орталықпен" қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын" мойындады.

Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, жерхалкомынан, байланыс халкомынан және т.б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады. Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н.Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты қызметкері), Т.Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Асылбеков, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Нұрсейітов жалғастырды. Өлкенің партия және кеңес қызметкерлерін айыптап жауапқа тарту шаралары нәтижесінде көрнекті қайраткерлер: К. Сарымолдаев, У. Құлымбетов, Г. Тоғжанов, А. Лекеров, А. Розыбакиев, Ж. Садуақасов, И. Құрамысов және т.б. ұсталып, ату жазасына немесе лагерьлерге ұзақ мерзімге айдалды.

Тіпті орталықта не болып жатқанын білмейтіндер тағылған айыптардың еш дәлелсіздігіне қарамай жазаланды. Мәселен, 1938 жылы 27 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрамдық бес азамат "Киров жолдасқа қастандық жасаушылармен ауыз жаласқан саяси қылмыскерлер" болып шығады. Жауап алу барысында Сайрамда "буржуазияшыл-ұлтшыл топтың" 12 мүшесі анықталып, ол топ "облыстық ұйыммен", облыс "республикалық топпен байланысты", ал олардың барлығы "Мәскеумен тоғысты" деген қорытынды жасалады және үштіктің шешімімен "қылмыскерлер" атылады.

Тергеу ісінің материалдары көрсеткендей айыпталушыларға байланысты қылмыстық-процессуалдық кодекс дөрекі бұрмаланған. Оның бұрмаланғанын төмендегідей дәлелдер көрсетеді: тергеу жұмысы қылмыстық іс қозғау туралы қаулысыз жүргізілген және айыпталушылар ешбір негізсіз және прокурордың рұқсатынсыз қамалған. Айыпталушыдан жауап алдын ала кінәлі адам ретіндегі көзқарас тұрғысынан алынған және көптеген айыпталушыларға ешбір белгілі кінә тағылмай, олар айлап тергеусіз ОГПУ-дің түрмелерінде жатқан. Ал тергеу аяқталған соң айыпталушылар тергеу материалдарымен таныстырылмаған. Айыпталушылар қорғаушы пайдалану құқығынан айырылған. Іс осындай деңгейде, ешбір бекітілусіз, сот емес органдарға жіберілген және олар сырттан үкім шығарған.

Жаппай репрессия саясаты нәтижесінде қазақ халқының ен таңдаулы азаматтары, тіпті, олардың ішінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан А. Айтиев, С. Арғыншиев, Т. Рысқұлов, Н. Сырғабеков сияқты қайраткерлер де атылып кетті.

Жалпы сталиндік қуғын-сүргін көлемі әлі толық анықтала қойған жоқ. Кей деректерде 1937—1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 1930—50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады.

Большевиктік жаппай репрессия саясаты кезінде жекелеген адамдар ғана емес, кішігірім халықтар да қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Ондай жапа шеккен халыққа корейлер жатады. Қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс өлкесінен жер аударылды. Олардың жер аударылу себептерін КСРО ХКК-і мен БК(б)П Орталық комитеті бірігіп шығарған "Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шеқаралық аудандарынан көшіру туралы" қаулысы бір ауыз сөзбен: "Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында..." — деп жауап береді. Қаулыда оларға өздерімен бірге заттарын, дүние-мүліктерін ала кетуге рұқсат етілді. Тіпті, оларға шет елге кетуді қалайтындарға кедергі жасамау, шеқарадан өтуді оңайлату тәртібіне жол беру қажеттілігін де көрсетті. Көшкенде қалдырып кетуге мәжбүр болған дүние-мүліктің және егіс алқабының шығынын оларға қайтару шарасы да атап көрсетілді. Алайда айтылғандар тек сөз жүзінде қалды. Көшкен корейлер тек киім-кешек пен азық-түліктерін ғана алып шыға алды. Олар сонымен бірге шекара әскерлерінің және НКВД-нің тікелей бақылауында болды. Корейлер Қазақстанға келген соң да күдікті саналып, бақылауға алынды және қуғын-сүргінге ұшырады.

Қазақстан картасында Қарлаг деген ерекше тәртіптегі Қарағанды еңбекпен түзеу лагері пайда болды. Тоталитарлық тәртіп туындатқан тағы бір лагерь — Алжир деп аталды. Жаппай репрессияға ұшырағандардың отбасы да қуғындалды. Алжир лагерінде осы қуғынға ұшырағандардың әйелдері ұзақ жылдар бойы мерзімдерін өтеп отыруға мәжбүр болды. Кеңес үкіметі жүргізген қуғын-сүргін саясаты нәтижесінде осы қуғынға ұшырағандарды орналастырып, оларды бақылайтын басқару органы ГУЛАГ пайда болды.

Елдегі осындай қуғын-сүргін мен қорқыныш күш алып тұрған жағдайда КСРО жаңа Конституциясының жобасы талқыланып, 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданды. Конституция елде социализм орнағанын жария етті. КСРО жаңа Конституциясы одақтас республикалар санын көбейту мүмкіндігін арттырды. Соған сәйкес Закавказ республикасы таратылды. Азербайжан, Армян, Грузин республикалары енді КСРО құрамына тікелей енді. Қазақ және Қырғыз автономиялық республикалары одақтас республикаларға айналды. Қазақ республикасының мәртебесінің өзгеруіне байланысты жаңа Конституция жасау қажет болды. 1937 жылы 3 ақпанда жаңа Конституция жобасын ҚазОАК-нің Президиумы қолдады. 1937 жылы 21—26 наурызда Алматыда Қазақстан кеңестерінің X съезі өтті. 1937 жылы 26 наурызда съезд ҚазақКСР-ның Конституциясын бекітті. Мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органы төрт жылға сайланатын Қазақ КСР Жоғары Кеңесі болды. Жоғарғы Кеңес өзінің Президиумын сайлады және республика үкіметі — Халық Комиссарлар Кеңесін (ХКК) құрды. Конституцияда республика аумағының тұтастығы негізделді. Қазақ КСР-ның әрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды.

Сонымен, қорыта айтқанда, 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдары әкімшіл-әміршіл большевиктік тәртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында үстем болды. Әсіресе, Қазақстанда бұл тәртіптің өте ұсқынсыз, қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937—1938 жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды. Елде большевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай "үлкен террор" ұйымдастырылды.