Акционерлiк қоғам

Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi. Акционерлiк қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлерi аталған қорлардың мiндеттемелерi бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ортақтасып жауап бередi. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлiк қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе. Мемлекеттiк кәсiпорындарды жекешелендiру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.

Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешiмi) мен жарғы акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.

Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттарында Азаматтық Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған мәлiметтер болуға тиiс. Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады. Құрылтай шартының күшi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап тоқтатылады. Акционерлiк қоғамның жарғысын бекiту тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.

Акционерлiк қоғамның жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi және оны қалыптастыру тәртiбi, сондай-ақ оны ұлғайту тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.

Акционерлiк қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актiлерiмен белгiленедi. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлiк қоғамның өзге органдарына беруге болмайды. Акционерлiк қоғамда директорлар кеңесi құрылады, Азаматтық Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлiк қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.

Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген жағдайларда, бiр акционерi бар акционерлiк қоғамда қоғамның жарғысымен директорлар кеңесiн құрмай-ақ акционерлiк қоғамды басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. Акционерлiк қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлiк қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi.

Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлiк қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады. Акционерлердiң жалпы жиналысының акционерлiк қоғамның жылдық қаржы есебiн тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) қорытындысынсыз бекiтуге құқығы жоқ. Акционерлiк қоғам шаруашылық серiктестiгi немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.

Еншiлес ұйым

Жарғылық капиталының басым бөлiгiн басқа заңды тұлға қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгедей түрде) негiзгi ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешiмдерiн айқындай алатын заңды тұлға еншiлес ұйым болып табылады. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi. Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқылы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бiрге субсидиарлық жауапты болады.

Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.