Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру туралы өтініштерді қарау мерзімдері

Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы Заңда белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап – отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін («Лицензиялау туралы» Заңның 19-бабы екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда) он жұмыс күнінен кешіктірмей береді. Лицензиар осы бапта белгіленген мерзім ішінде лицензияны және лицензияға қосымшаны беруге не лицензияны және лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтаруға міндетті.

Егер лицензиар «Лицензиялау туралы» Заңда белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны лицензияға қосымшаны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны және лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, «Лицензиялау туралы» Заңда лицензияны және лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін және кіші түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді. Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия және лицензияға қосымша беруге міндетті.[12]

Лицензияның және лицензияға қосымшаның телнұсқаларын қайта ресімдеу және беру.Лицензиясы және лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы. Лицензияның және лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі. Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар лицензияның және лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.

Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) қызметтің кіші түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол күнтізбелік отыз күн ішінде аталған мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті. Қызметтің лицензияланатын түрінен бір немесе одан көп банк операциялары, бір немесе одан да көп сақтандыру қызметіндегі класс алып тасталған жағдайда, лицензиат күнтізбелік отыз күн ішінде лицензияны қоса бере отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті. Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді. [13]

Лицензияның және лицензияға қосымшаның қолданылуын тоқтату.Лицензияның және лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:

1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;

2) жүзеге асырылуына лицензия берілген іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;

3) лицензия алып қойылғанда;

4) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну, немесе

қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;

5) лицензия және лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;

6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі және кіші түрі алып тасталса;

7) лицензиат лицензиялауға жататын субъектілер қатарынан алып тасталса;

8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады. Лицензияның және лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.[14]

Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыруЛицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының заңдарынды көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.[15]