Шалғынды даланың қара топырақтары

Дәріс

Тақырыбы: Топырақ картасы және оны құрастыру принциптері мен топырақтың зерттеу материалдар қолдану

Дәрістің мақсаты:Топырақ картасы туралы толық мағлұматпен таныстыру.

Қарастырылатын сұрақтар:

1.Топырақ географиясы

2.Шалғынды даланың қара топырақтары

3.Геосфераның экологиялық функциялары туралы түсінік

4.Топырақ жамылғысының биосфералық функциялары

 

Топырақ географиясы

Топырақтану ғылымының негізін қалаушы В.В.Докучаев топырақ географиясын, яғни топырақтардың Жер бетіндегі таралу заңдылықтарын ашып, топырақтарды алғаш ғылыми негізде картаға түсірген. В.В.Докучаевтың айтуынша топырақ өзін түзуші факторлар: климат, өсімдіктер т.б. сияқты табиғатта белгілі бір тәртіппен, табиғаттың зоналық заңына бағынады. Олай болса, топырақ табиғаттың сол зоналық заңына сәйкес кездеседі. Бұл Докучаевтың Орыс жазығы мен Кавказ таулы аймағына көп жыл бойы зерттеу жүргізіп, топырақ географиясы жайында жасаған қорытындысы.

В.В.Докучаевтың бұл көзқарасы оның кейінгі жылдары (1899) шыққан «Табиғаттың зоналығы туралы ілімң деген еңбегімен жан-жақты толықтырылып, дәлелдене түсті. Бұл еңбек кезінде тек топырақтанудың дамуына ғана емес, физикалық-географияның табиғат зоналары мен географиялық ландшафтар бағыттарының дамуларына үлкен үлес қосты. Докучаев өзінің шәкірттерімен Ресейдің Еуропалық бөлігінің алғашқы топырақ картасын жасағанда (1900) топырақтардың осы зоналық таралуына сүйенді. Осы заңдылықтарға негіздеп В.В.Докучаев 1899 жылы бүкіл терістік жарты шар топырақтарының зоналық сызба-нұсқалық картасын жасап, оны 1900 жылы Парижде өткен әлемдік көрмеде көрсетті.

Бұл картада бес әлемдік зоналар көрсетілген: 1) бореалды немесе арктикалық; 2) орманды; 3) далалық қаратопырақты; 4) аэреалды (олар: тасты, құмды, cорланған және лессті шөлдерге бөлінді); 5) латеритті.

Бұл алғашқы сызба-нұсқалық картада негізгі зерттелген объекті кең алқапты Орыс жазығы болғандықтан, зоналардың негізгі бағыттары тек көлденең бағытта көрсетілген. Докучаев кейінгі жинаған материалдарында әрбір алқаптардың орналасу жағдайларына, мұхиттарға немесе орталық құрғақ аймақтарға жақын орналасуларына байланысты бір ендіктердің өздеріне тән біркелкі топырақтар кездеспей, оларда әр түрлі зоналарға тән топырақтар кездесетінін дәлеледеп берді. Бұл жағдайлар К.Д.Глинканың жасаған әлемдік топырақ карталарында (1903, 1927), Ч.Марбуттың жасаған терістік Америка топырақ картасында (1935) анық көрсетілді. Кейін анықталғандай, көлденең (ендік) топырақ зоналарымен қатар, меридиандық және орталық (центрлік) топырақтардың көлденең зоналары байқалды. Сонымен қатар көлденең топырақ зоналарының құрамы мен пішін үйлесімдеріне биік таулы алқаптардың әсері мол екені, таулы алқаптар ылғалды тосып алғыш қалқандар болып, сол арқылы топырақ, өсімдіктер зоналығына әсер ететінін көрсетті.

Кейінірек Л.И.Прасоловтың редакциясымен жасалған (1937) әлемнің үлкен Кеңестік топырақ Атласы картасында, И.П.Герасимов редакциясымен жасалған әлемнің топырақ картасында (1956) жиналып, қорытындыланған материалдар негізінде, топырақтардың көлденең және биіктік зоналықтарының күрделі әрі әр түрлі құрылыстары айқындалды.

Одан кейінгі әлемдік масштабта жиналған материалдар әлемнің физико-гографиялық атласындағы И.П.Герасимов пен Н.Н.Розовтың редакциясымен жасалған топырақ карталар серияларында келтірілді (1964).

Топырақ картографиясындағы ірі кезең - В.А.Ковда мен Е.В.Лобованың редакциясымен жасалған «Азияның топырақ картасыныңң масштабы 1:10000000 (1976) салынды. Бұл карталарға көлемді түсіндірмелер келтірілген.

 

Шалғынды даланың қара топырақтары

Полтава губерниясының егіншілеріне қара топырақ туралы дәріс оқыған В.В.Докучаев «қара топырақ Ресейдің негізгі байлығы, ол Ресей халқын өмір бойы асырап келеді және бұдан да былай асырай береді, қара топырақ - топырақ патшасың- деген.

Қара топырақты зона орманды-даланың оңтүстігін қамтып, батыстағы Молдавиядан, Украина, Ресей мен Қазақстан арқылы Сібірге шейін созылып жатыр. Дегенмен Сібір жақта қара топырақты зона тұтасып біркелкі жатпай таулы алқаптар арасындағы жазықтарда ойдым-ойдым аралдар іспеттес орналасады.

Қара топырақты аймақ жазық келеді, оның ауа райы да жайлы. Бұл жерлердің жазы жылы, қысы суық. Түсетін ылғалдың мөлшері жылына 350-600 мм, жылдың барлық мерзімдерінде біркелкі түседі. Жалпы топырақтардың ылғалдану коэффициенті - 0,6-1,0, яғни ылғалдану мен жерден булану шамамен тепе-тең.

Топырақ түзуші жыныстар негізінен лесс тектес майда ұнтақталған жыныстар.

Қара топырақты аймақтың көлемі орманды далалы зонаның ішіндегі қара топырақтарды қосқанда 191 млн гектар немесе ТМД территориясының 9% жуық.

Бұл зонада негізінен даланың дәнді шөбі, бұршақ тұқымдастар, жусан тағы да басқа шөпті өсімдіктер тұтасып қалың болып өседі. Бұл шөптердің тамырлары жер бетіндегі вегетативтік органдарынан көп артық. Аймақты жел жақсы қағады, күннің көзі де жақсы жылытады. Жазда жаңбыр азырақ түсіп, өсімдік қалдықтары мен жапырақтар баяу ыдырап, шіриді. Сондықтан топырақтың бағалы бөлігі - қара шіріндісі мол жиналады. Топырақ түсінің қара болатыны да осыдан. Қара шірінді топырақ бөлшектерін біріктіріп, жақсы құрылым құрайды. Топырақ реакциясы бейтарап, топырақтың сіңіру-алмастыру кешені сіңірілген кальций катионына бай, жақсы қаныққан.

Қара топырақ химиялық құрамы жағынан да бай. Сондықтан құнарлылығымен көзге түседі. Бұл зонаның 70-75% жуығы жыртылған жерлер. Мұнда ауыл шаруашылығының барлық дақылдары: бидай, картоп, жүгері, көкөністер, қант қызылшасы т.б. жақсы өседі.

Бұл топырақтар табиғи жағдайдың өзінде де жақсы өнім береді. Ал қосымша тыңайтқыштар ендіріп, қар тоқтатып, тағы басқа ылғалдандыру, мелиорация шараларын қолданғанда өнім мөлшерін одан да мол арттыруға болады.