Дәріс № 3 Жердің әлеуметтік маңызы және саяси – экономикалық аспектісі.

Жер – адамзаттың басты тіршілік көзі, бүкіл материалдық өндірістің базистік негізі, мемлекетті құрып, дамытудың аса маңызды геосаяси факторы. Оның осындай маңызын түсіне және пайдалана білген, ресурстық мүмкіндіктерін дұрыс бағалаған және қоғамда жердің маңызы туралы нақты көзқарас қалып­тастыра білген елдер ғана жақсы жағдайларға жеткен. Еуропадағы өркениетті үдерістердің тарихи қалыптасуын осының мысалы ретінде қарастыруға болады. Мұнда жер ресурста­рының географиялық орналасу жайы, оның табиғи әлеуеті, ауа райының тұрмыс-тіршілік­ке қолайлылығы дамыған қоғам құруға орасан зор ықпал етті.
Сонымен жер ресурстары дегеніміз, адамзат тіршілігінің дамуына тірек болар негізгі фактор­лардың бірі. Ол өткен ғасырға дейін таусылмайтын ұшан-теңіз байлық көзі ретінде қарасты­рылып келген еді. Алайда соңғы елу жылдың ішінде адамзат қауымында жүріп жат­қан жаңалықтар жерге деген бұрынғы көзқа­растарға өзгерістер енгізді. Жер ресурс­тары­ның шектеулі екендігі мәлім болды. Осының ықпа­лында жердің өндірістік фактор ретіндегі маңы­зы барынша арта түсті. Жер бетін жайлаған адам санының жедел өсуіне байланысты қала­лар мен қала шаруашылық­тары күрт дамып, егістіктер мен мал жайылым­дық­тары тарылды. Құнарлы деген жерлердің біра­зы ауыл шаруа­шылығы айналымынан шыға­рылып, бас­қа сала­лардың игілігіне берілді.
Оның үстіне өндірістік және экологиялық проблемалар (табиғи, климат өзгерістері) жылдан-жылға асқына түсті. Бүкіл әлем бойынша алғанда адамдардың жермен қамтылу көрсеткіші уақыт өткен сайын төмендеу үстін­де. Бұдан 10-15 жыл бұрын әлем бойынша егістік жер 1 адамға 0,45-0,5 гектардан айналса, қазіргі уақытта осы көрсеткіш бар болғаны 0,25 гектарды ғана құрайды. Осыдан барып жердің материалдық игілік көзі ретіндегі бағасы да артқан үстіне артуда.
Сонымен адамзат қауымы дамыған сайын оның тіршілігінің негізгі көзі – жердің маңыз­дылығы да арта беретіндігінің куәсіміз. Сондықтан әлемнің дамыған көптеген елдері жер ресурстарын пайдалану мен игеруді реттеу және бақылау мәселелерінде мемлекеттің рөлін күшейте түсіп отыр. Көптеген елдерде жер жеке және мемлекеттік меншіктің қолында. Жердің жеке меншігінде адамдардың оны қалай пайдаланам десе де еркі бар. Бірақ мемлекет жер телімдерінің қандай меншік түріне жататындығына қарамастан, олардың жалпыхалықтық маңызын, ұлттың негізгі стра­тегиялық ресурсы екендігін ескере отырып, жер телімінің тиімділікпен пайдаланылуын және жер туралы заңдылықтардың дұрыс сақталуын қадағалау жөніндегі өз рөлін бір сәт те босаңсытпай, қайта күшейте түсуде.
Біздегі көптеген адамдардың бойында қазір жеке меншік нарықтың жаны деген ұғым пайда болды. Бірақ, мұның өзі медальдің бір ғана жағы. Өйткені, егер біз осы бір қағидамен ғана шектеліп, қалыптасқан мемле­кеттік қызмет құрылымдарының барлы­ғын тоз-тозын шығарып, барлық билікті жеке меншікке үлестіріп беріп, енді қалған мәселенің бәрін нарықтың өзі реттейді десек, нағыз анар­хияға тап болар едік. Қазіргі дамыған капита­листік мемлекеттерде болып жатқан терең дағдарыстар соның дәлелі. Біз бұл жерде нарық либерализмінің ақыры қаржы алаяқтығына дейін ұласқандығын көріп отырмыз. Ал жедел даму жолындағы шығыстық мемлекеттер бас­шы­ларының қай-қайсысы болмасын экономиканы дамытудағы мемлекеттік саясаттың маңызын жеке меншіктің рөлінен кем санамаған. Мем­лекеттік рөл қазіргі жағдайда даусыз жоғары деңгейде. Бұл екеуі медальдің екі жағы секілді. Екеуі қосылып, заңмен белгіленген шеңберде өзара үйлесімді әрекет жасаған жерде ғана дамудың тұрақтылығы мен жүйелілігі пайда болады. Оның үстіне жер мәселесіне қатысты қазіргі өзгерістер бұл мәселенің жекелеген мемлекеттердің ауқымынан шығып, жаһандық проблемаға айналғандығын көрсетіп отыр. Біз өзіміздің стратегиялық мақсаттарымызды жүзе­ге асырғанда дүние дидарында жүріп жатқан осындай өзгерістерді мықтап сараптап отыруға тиістіміз. Жер ресурстарының молдығы басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанның ең үлкен басымдығы. Демек, бұл артықшылы­ғы­мыз­ды қадірлеуіміз керек.
Жердің сан түрлі қасиеті бар. Ол қасиеттер осы уақытқа дейін қоғамның даму жағдайына байланысты ашылып келеді. Мәселен, біздің қазақ халқы ертерек уақыттары өзінің тарихи қалып­тасқан көшпенді тұрмыс салтына сәйкес жерді мал жайылымы ретінде көбірек пайдаланып келсе, соңғы кездері егіншілік саласында да жақсы табыстарға жетіп отыр. Соның бір мысалы ретінде Қазақстанның әлемдегі ірі көлемде астық экспорттайтын елдердің қатарына қосылғандығын айтуға болады. Былтыр 29 миллион тоннадан астам астық бастырып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Мақта шаруашылығында да соңғы бес жылда болмаған мол өнім алынды. Әрине, осылардың барлығы бізде жүргізілген реформа­лардың, соның ішінде жер реформасының дұрыс бағытта екендігін білдірсе керек.
Еліміздің егістік жерінің келешек мүмкіндігі жоғары екендігін мына мысалдан көруге болады. Әлемнің әртүрлі елдерінде халықтың егістік алқаптармен қамтамасыз етілу көрсеткіші мынандай: Канадада 1 тұрғынға – 1,48 гектар, АҚШ-та – 0,63 гектар, Қытайда – 0,08 гектар, Жапонияда – 0,03 гектар жерден келсе, біздің Қазақстанда 1 тұрғынға 1,51 гектар жерден айналады.
Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану көрсеткіші табиғи-климаттық жағдайлармен және шаруашылықтардың қолданатын техноло­гияларының даму деңгейімен, әлемдегі жер ресурстарын пайдалану жетістіктерімен анықта­лады. Қазақстан жерінің тағы бір басты қасиеті минералды шикізат көзі ретіндегі қазба байлық түрінде ашылып отыр. Қазба байлық – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында қол жеткізген экономикалық жетістіктеріміздің негізгі көзі (мұ­най, газ, металл, көмір, т.б). Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері республиканың табиғи көрікті өңірлеріне де назар аударылып, туристік инфрақұрылымдарды дамыту арқылы да табысқа жету жайы ойластырылуда. Қазір­гідей әлем халықтарының аралас-құраластығы артып отырған тұста жердің транзиттік мүм­кіндікте­рінің болуының өзі үлкен байлық көзі деп есептеледі. Қазақстан Еуразия кеңістігінің кіндік тұсында қоныс тепкендіктен Еуропа мен қайнап өсіп келе жатқан Қытайды, Оңтүстік-Шығыс Азияны құрлық арқылы байланыстыратын көлік дәлізі ретінде де қызмет ете алады. Сонда бұл істен де үлкен экономикалық пайдаға кенелуге болады.
Осы айтылған жайттар кең-байтақ жеріміз­дің қасиеті уақыт өткен сайын әр қырынан ашыла түскендігін көрсетеді.
Міне, осы тұста біз жердің өзіне тән ерек­шелігін, маңызы мен мәртебесін есте ұстауымыз қажет. Жер – өндіріс құралы. Адамдар жерді пайдаланып жұмыс істейді. Оның үстіне, ол – өндіргіш күш. Себебі, жерге бидай тұқымын ексең, ол күзде бірнеше есе көбейіп шығады. Енді осылардың сыртында жер – табиғи фактор. Бүкіл жаны бар тіршілік оның аясында дамиды. Одан қуат алады.
Осындай үлкен ерекшеліктеріне байланысты адамдардың жермен қарым-қатынасы бірнеше заңдылықтар бойынша реттеледі. Жерді сақтау, қорғау мәселелері көбінесе, Жер кодексі мен табиғат қорғау заңдарына бағындырылса, адам­дардың үй салу үшін жер телімін алуы, оны пайдалануы Жер және Азаматтық кодекстермен, басқа да заң аясындағы актілердің қатысуымен реттеліп отырады. Ал жерді өндірістік тұрғыдан, қазына байлығы ретінде игеру, оның күтіміне мән беру, басқа да ерекшеліктерін көбіне Жер кодексі мен экономикалық саланың заңдары реттейді.
Сонымен, ата-бабаларымыздан мұраға қал­ған біздің туған жеріміз – біздің тұрмыс-тірші­лігіміздің негізгі қайнар көзі, сан-түрлі эконо­микалық іс-әрекеттердің тоқайласар тұсы, тә­уел­сіз мемлекет құруымыздың басты негіз­дерінің бірі. Қазақстан халқының болашағы көп жағдайда осы жердің ресурстық мүмкіндіктерін қаншалықты шеберлікпен пайдалана білген­дігіне байланысты шешілетіндігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Сондықтан жер бай­лығын дұрыс игеру, одан пайда болған мате­риалдық игіліктерді Қазақстан халқының әл-ауқатының артуы, мәдени, саяси жетілуі, бәсе­кеге қабілетті елге айналуы жолында дұрыстап іске жарату мемлекеттік саясаттың аса маңызды мәселесі болып отыр. Негізінде жер реформасын жүргізуге деген қажеттілік Кеңес одағының тұсында-ақ пайда болғаны белгілі. Бірақ кеңестік жүйе оның жолын таба алған жоқ. Өйткені, бір орталықтан басқарылатын жоспарлы экономика мен сол кездегі әміршілдік тәсілдер, тек мемлекеттік меншіктің ғана үстемдік құруы бұл мәселені кең тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, адамдардың жерге деген шаруагерлік ынтасы бірте-бірте төмендей берді.
Бұл уақытқа дейін жер қатынастарының социалистік жүйесінен нарықтық экономиканың жағдайына бейімделген жаңа жер қатынас­тарына көшу жер реформасын жүргізудің бастапқы кезеңінің негізгі міндеті болып келгені белгілі. Ол үшін жерге мемлекеттік меншік монополиясын жою мен жердің кейбір санаттарына жеке меншікті енгізу, жер телімдеріне жер пайдалану және жеке меншік құқығын беру, оны заңды түрде жылжымайтын мүлік ретінде тіркеу, жерді ақылы пайдалану жүйесін қалып­тастыру, жер телімдерінің кадастрлық бағасын анықтау, мемлекеттік емес ауылшаруашылық ұжымдарының түрлерін қалыптастыру, жаңадан нарықтық жағдайға бейімделген мемлекеттік жер кадастрын қалыптастыру секілді шаралар қабылданып, жүзеге асырылды. Рет-реті, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған осы шаралар бір бірімен қосыла келе, жер телімдерін нарық айналымының бі­рін­ші сатысына шығару ісін қамтамасыз етті. Нарық жолына түскен ТМД елдерінде және әлемнің дамыған және дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде жер қаты­настары осы модель негізінде жүргізіліп келе жатқандығын айта кетсек артық болмас.
Ендігі кезекте қолға алынып отырған мін­деттердің бірі жер ресурстарын инвестиция тар­тудың сенімді көзіне айналдыру болып отыр. Оны шешу үшін нарықтық жер айналымын қалып­тас­тырудың, фискалды саясатты іске асырудың, жер телімдерінің ипотекалық несие мәселелерін шешу­дің құқықтық-нормативтік құжаттарын жетілді­руіміз керек. Осы ретте назар аударатын үлкен мәселе жер кадастры болып отыр. Себебі, жер кадастры Жер кодексінің негізгі ережелерін жүзеге асырудың, жер пайдалану­шылардың құқығын қорғау мен жер ресурста­рының әлеуетін тиімді пайдаланудың негізі болып табылады. Бұл іс қазіргі күні мемлекеттік жер кадастрының автоматтанды­рылған ақпа­рат­тық жүйесін жасау және құру, осы жүйеге инновациялық технологияларды пайдалану ар­қы­лы іске асырылуда. Мәселен, жер телімдерін ғарыштағы спутниктер арқылы межелеу, ға­рыштағы спутниктерден жердің сапасы туралы алынатын мәлімет – ақпараттарды пайдалану, географиялық ақпарат жүйесінің (ГАЖ) технологиясын пайдалануды кеңейту. Міне, осы мәсе­ле­лерді шешу арқылы біз өзіміздің жер кадастрымызды әлемдік үлгіге сай қалыптастыратын боламыз.
Жер ресурстарын, оның ішінде, ауылша­руашылық жерлерін тиімді пайдаланудың тағы бір жолы – оны қорғау, осы туралы заң­дылықты бұзуға жол бермеу, мемлекеттік ба­қылауды қатаң жолға қою және жүзеге асыру.Біз бұл мақсатқа жер мониторингін жүргізуді жоғары деңгейге жеткізу, жердегі өзгерістерді дер кезінде анықтау, болжам жасау және кері әсері бар үдерістердің алдын алу арқылы қол жеткізе аламыз.Әлемнің озық елдеріндегі жақсы тәжіри­белер мен нарыққа көшуімізге байланысты туындайтын қазіргі заман талаптары жер ресурстарын басқарудың әдістері мен қағидаттарын және олардың ғылыми-әдістемелік негіздерін қайта қарастыруды қажет етеді. Басқарудың осындай элементтерінің қатарына ГИС-тех­нологиялар негізінде жаңа жер кадастрын жүр­гізу, жерді төлемді пайдалануға көшу, жердің нарықтық айналымын қалыптастыру, жер және жерге орналастыру мониторингін жүргізу технологиясы жатады.