Тақырып. Менің жақын айналам 1 страница

Дәріс жоспары (1 сағат)

 

1. Адам өміріндегі отбасы мен туыстық қатынастардың маңызы.

"Отан отбасынан басталады" деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша, оны отағасы, ол болмаса, анасы, одан қалса, үлкен аға не әпке басқарады, олардың сөзін, ұйғарымын өзгелерді жерде қалдырмайды. Ағайындылар – бір ата-анадан туған ұл-қыздар, ағалы-інілер, апалы-сіңлілер. Ағалы-інілердің балалары да бір-біріне осылай аталады. Олардың үлкені аға, апа, кішілері іні, сіңлі болып саналады. Ағаның балалары оның інісі мен қарындасына іні, ал інінің балалары оның ағасына баласы болып есептеледі. Демек олар өз әкесінің ағасын әке деп атауға хақы бар.

Жеңге – ағаның әйелі. Жасы үлкендер үшін келін, кішілері үшін жеңге деп аталатын бұл адамның ауыл, үй, тәлім-тәрбие үшін орны айрықша. Ол әсіресе, өзінен кіші қайнылары үшін, қайын сіңлілері үшін әзіл-қалжыңдары араласа жүретін сүйкімді де сыйлы адам. Жеңге өз қайын жұртын атымен атамай, өз қалауынша ат қойған.

Жезде – туысқан адамдардың өзінен үлкен апасының күйеуі.

Ене – ерлі-зайыптылардың аналары бір-біріне ене болады. Ене – келін үшін өз анасындай тілектес, ақ ниетті, сыйлы адам. Ол – өз келінінің өмірлік тәрбиешісі, ақылшысы, қамқоршысы. Ене анадай, келін қыздай сайласса, отбасының бақыты, ырыс әрі мерейі.

Құда – күйеу мен қалыңдықтың (ерлі-зайыпты адамдардың) аталары, әкелері.

Құда бала – құдасының баласы (ұлы) т.б. жасы кішісі туысы.

Құдағи – күйеу мен қалыңдықтың шешелері немесе әжелері. (Құдандал адамдардың әйелдері).

Құда-жекжат – ілік-шатыс құда адамдар.

Құдандалы – қыз алысып, қыз беріскен, сүйек шатысы бар адамдар.

Құдаша – ерлі-зайыпты адамдардың жасы кіші әйел туыстары; құдандалы адамдардың қыздары.

Абысын – ағайындарды жігіттердің әйелдері бір-біріне абысын болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады. Бірігіп, ынтымақта жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе-назын, әзіл-қалжыңын кектемеуі керек.

Бажа – бір адамның немесе ағайынды кісілердің қыздарына үйленген адамдар.

Балдыз – әйел адамдардың жасы кіші туыстары.

Нағашы жұрт – туған ананың әке-шешелерінен бастап, барлық аталас ағайын-туыстары мен оның үрім-бұтақтары.

Бөле – бірге туған апалы-сіңлілі кісілердің балаларының арасындағы туыстық қатынастың атауы.

Жиен – күйеуге шыққан қыздан туған бала. Нағашы ауылы үшін ерке әрі кең құқы бар адам. Ол нағашыларының нені қаласа да, үш рет алуғахақы бар, қандай бағалы зат болса да, нағашылары оны сөзсіз беруге тиіс.

Жиеншар – жиеннен туған бала.

Күйеу – йелдің ері, жұбайы.

Келін – ата-ана үшін баласының әйелі де, жасы үлкен ағалары мен туысқандары үшін інісінің әйелі.

Қайын - қыз алып, қыз берген екі елдің күйеу мен келінге туыстық қатынасын білдіретін сөз.

Қайын аға – ерлі-зайыптылардың туған және туысқан ағаларының оларға туыстық қатынасы.

Қайын ата – күйеу мен келіншектің туған әкелерінің оларға туыстық қатынасы.

Қайын ене – ерлі-зайыптылардың туған шешелерінің оларға туыстық қатынасы.

Қайын бике – күйеу мен келіншектің туған әжелерінің оларға туыстық қатынасы.

Қайын сіңлі – күйеудің қарындастарының әйеліне туыстық қатынасы.

Қайын іні – ерлі-зайыптылардың өздерінен кіші ұл бауырлары.

Қайын жұрт – қыз беріп, қыз алысқан екі елдің қыз бен күйеуге жақындығын білдіретін

Қазақ арасында рулық қатынастың болымсыз сілемі болмаса, ежелгі замандағы оның қоғамдық берік түрі сақталды деуге болмайды. Қазақ қауымындағы бай мен кедей арасындағы таптық қайшылықтың айқындала түсуі, товарлы ақшалы қарым-қатынастың жедел енуі рулық қатынастардың негізін шайқалтып, оның күйреуіне әкеліп соқты. Ел арасында қалыптасқан "Туыстан жүріс жақын" немесе "Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деген мақалдар мұны ашық дәлелдейді.

Қазақта туыстық қатынастарды өзара сабақтас үш жұртка топқа бөліп атайды. Біріншісі — адамның әкесі жағынан туысатын өз жұрты әйелдер төркін жұртым деп атайды. Екіншісі шешесі жағынан туысатын нағашы жұрты. Ал. үшіншісі әйелі не күйеуі жағынан туысатын қайын жұрты.

Адамның өз жұрты жеті ұрпаққа таратылып аталады. Олар айтушының атасы мен әжесі (апасы); әжесі мен шешесі анасы): өзі; ұлы мен қызы, ұлдан туған немере мен қыздан туған жиен; немереден туған шөбере мен жиеннен туған жиеншар және жетінші ұрпақ — шөбереден туған немене шөпшек) мен жиеншардан туған туажат. Ал үлкен әкесінен атасынан) арғы ата-бабаларын арғы атам, бабам ұлы бабам, ұлы анам деп атайды немес үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші атамыз деп рет санына қарай да айта береді. Арғы аталарымен бірге туысқан еркек кіндікті адамдардан тарайтын ұрпақтарды аталас жақыным, ағайыным дейді. Әкесінің аға, інісінің балаларын немере ағам, немере апайым, немере іні, немере қарындасым немесе біз бір-бірімізбен бір атадан тарайтын немере туысқанбыз деседі. Осы немере жақындардың ұл-қызы мен үлкен әкесінің аға інісінің немерелері айтушы адамға шөбере туыс болып келеді. Қазақ арасындағы туысқандық қарым-қатынас тек ерлер тарапынан ғана болып қоймайды, қыздар ұрпағы, жиендер мен нағашы арасындағы қарым-қатынас та ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Нағашыға жиен батыл келеді, халық дәстүрі бойынша нағашысы жиеніне "қырық серкеш беруі" керек. Мұндай жағдайлар бұрынғы әңгіме, дастандардан белгілі. Атақты жырау, ақын Дулат Бабатайұлының «Еспенбет батыр» дастанында да осындай оқиға айтылады.

Сондықтан болар, жиен көңілі түскен нәрсесін: жүйрік ат, қыран бүркіт, қаршыға, алғыр тазы, берен мылтық т.б. осы сияқты бұйымтайын нағашысы қолынан бермесе, жиен жолынан алуға ерікті, ол үшін жиен айыпты болмайды. Жиеннің қаңдай еркелігі болсын, нағашы жұрты көтереді де, оған әрдайым қамқорлық жасап отырады. Сондықтан да халық даналығы жігіттің үш жұртының болатынын айта келіп: "Өз жұртың - күншіл, қайын жұртың - сыншыл, ал нағыз қалтқысыз тілеу қорың нағашы жұртың" дейді. Жиенді баласындай ерекше ардақтау - қазақ халқының қанына сіңген дәстүрі.

Әдетте жиен нағашы атасынан гөрі, нағашы ағаларына (шешесінің туған аға, інілеріне) өте батыл келеді. Олардың әрқайсысындағы мұндай қарым-қатынас (авункудат) аналық рудың қалдығын байқатады. Жиенді қадірлеу — ескі гректер мен герман тайпаларында да ерекше болған. Олай болса, бұл ғұрыптың қазақ арасында осы уақытқа дейін сақталуы, басқа халықтар сияқты, қазақтардың да өз дамуында аналық ру дәуірін өткізгендігін дәлелдейді.

Халқымызда «Жиен ел болмас, желке ас болмас» және оған қарама-қарсы «Жиен ел болар — малы болса, желке ас болар — майы болса» деген мақалдар бар. Мұндағы «Жиен ел болмас, желке ас болмас» дегені жиенді қанша бағып, қағып тәрбиелесең де түбі сіңбейді, атасы бөлек, өз еліне кетіп қалады. Өз елінің сөзін сөйлеп, сойылын соғады деген мағынада айтылған сөз. Шындығында да нағашы жұрты қанша жақсы болса да, жігіт өз елін аңсап, кейде ел арасы бұзылып сын сағаты келгенде өз жағына шығып кететін болған. Бұдан біз адамға өз жұртының қаншалықты ыстық, қымбат екенін аңғарамыз. Ал, жоғарыдағы екінші мақал — жиеніміз дәулетті, малды, жілігі татитын ел-жұртқа сыйлы, сөзі өтімді, беделді азамат болса бізге де жақсы, алыс-беріс жасап, араласып, қысылғанда арқа тұтып жүреміз деген ұғымды білдіреді.

Жалпы елі, жері, атасы басқа болғандықтан нағашы мен жиен бірін-бірі күндемеген. Ағайын арасының ұсақ кикілжіңі олардың арасында жат қылық саналған. Біріне бірінің кұрмет-бейілі шынайы, таза болған. Осы тұрғыдан алғанда санамызда «қамқор нағашы, ерке жиен» деген түсінік қалыптасқан. Бұл да халқымыздың туысқаншыл, бауыр-малдылығына тән жақсы касиеті.

Жалпылама алғанда адамға шешесінің шыққан тегі, руы түгелдей нағашы болып келеді. Оның ішінде өзіне туыстық қатынасы жақын тікелей нағашылары — нағашы ата, нағашы әже (апа, шеше), нағашы, нағашы аға және нағашы жеңге, нағашы апа (әпке) және нағашы жезде, нағашы іні, нағашы келін, нағашы қарындас және шешесінің апа, сіңлісінен туған балалар — бөлелер болып келеді. Бөлелер егер шешесімен бірге туған қыздардан туса туған бөле, ал нағашысының қыздарынан туса немере бөле делінеді.

Әр елге ұзатылған апалы-сіңлілі қыздардың, өз ара немере, шөбере, тіпті аталас елдің қыздарының балалары бір-біріне бөле болып келеді. Бөлелер арасында олардың аналарының туыстық жақындығына байланысты аса бір жарасымды, сыйласымды қарым-қатынас болады. Оларды туысқандық жағынан байланыстыратын — нағашы жұрты. Бұл екі жаққа да ортақ-шешелерінің төркіні. Сондықтан да бөлелердің жолы да, жөні де бірдей, бір-бірінен ерекшеленері жоқ, тең туыстар. Нағашыларының алдында да бөлелердің хұқы бірдей. Бәрі де жиен. Бөлелер көбінекей бір-бірімен егіз қозыдай өте тату болады. Қазақта осы тұрғыда «Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату» деген мақал да бар. Оның мәнісі — шешелері бір-біріне адал, апалы-сіңлілі немесе жасынан бірге өскен бір елдің қыздары балғандықтан олардың ықпалымен балалары да өзара тату-тәтті жүрген. Ағайынды адамдардың арасында жиі кездесетін бас араздыққа көбінекей өзара абысын күндес әйелдері себепкер болатындықтан қазақта балаларына ынтымағы бұзылмасын деп, бір үйдің апалы-сіңлілі қыздарын айттырып алып беру дәстүрі де болған. Мұндай жағдайда әкелері ағайынды болғандықтан бұл қыздардан туған балалар өздерін бөлеміз деп есептемейді. Сондай-ақ бір атаның қыздарына үйленген өзара жақын ағайындардың балаларының да бөлелігі жайына калып, аталас туыстық қарым-қатынаста болады.

Қазақ елі қандастық туыстықты тек еркектер тарапынан жүргізгендіктен жиендері бөтен рудың өкілі деп есептей отырып, оны шешесінің аға, інілерінің қыздарына үйлендіру, не керісінше жиен қызды шешесінің аға-інілерінің ұлдарына тұрмысқа беру дәстүрі ұсталған тәртіпті бұзу болып табылмаған. Сондықтан некенің мұңдай түрі ел ішіңде болып тұрған. Әйтсе де қазақ жиен алғаннан гөрі нағашы алғанды дұрыс керген. Оған, "жиен алған молықпас, нағашы алған торықпас" деген мәтел сөз дәлел. Ал енді бір елге келін боп түскен апалы-сіңлілердің балалары да бір-біріне бөле болып есептелгенмен, олардың әкелері тарапынан туыстық қатынасы жақын болса бөлелік сезім, бөлелік қарым-қатынас жайына калып, туыстық қатынаста болады. Бөлелердің әкелерінің әр-қайсысы бір-бірінен қыз алысатын елдерден болса, олардың шешелерінің бір әке, бір шешеден туған қандас туыстарының өзі бөлелердің неке құруына кедергі болмайды. Өйткені қазақ қауымында қандас туыстық қатынас тек еркектер тарапынан ғана есептеледі. Бір-бірімен қарым-қатынасын үзбей жүрген апалы-сіңлілі туыстар, әсіресе түскен жерлерінде беделді болып, өз балаларының тағдырын шешуге араласа алатындай жағдай болса, балаларын, яғни бөлелерді бір-бірімен үйлендіруді теріс көрмейді. Мұндай мүмкіндік "Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал" деген мақал мәніне де жат емес.

Сөйтіп, қазақта туыстық және құдандалық қатынастарға байланысты әр түрлі қарым-қатынас, алыс-беріс, өзара көмек сияқты шым-шытырық қатынастар болады. Бұл қатынастардың әрқайсысының өзіне ғана тән, сан қилы әдет-ғұрыптарға байланысты, өзара міндеттіліктері мен жауаптылықтары бар. Оларды әр уақытта орындау әркімнің борышы екенін кез келген қазақ жақсы білетін де, оны бұлжытпай орындауға тырысатын.

Бір ел мен екінші елдің арасында қыз беріп, қыз алу арқылы құдандалық қарым-қатынаспен бірге, күйеу мен қайын жұрт арасында қарым-қатынас болады. Қайын жұрты күйеуді әр уақытта сый тұтады. Қыздарына дұрыс қарап, жақсы адамгершілік қасиетін білдірген күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайың жұрттың әр шаңырағы күйеудің сыбағасы деп әрдайым төс сақтайды. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, күйеу төсін даулап, жеңгелерімен қалжыңдасып жатады. Тартылған төсті міндетті түрде табақтан күйеудің өзі алып, бөліседі. Адамға үшінші жағанан туысатын жақындары — қайын жұрты. Қайын жұрт деп үйленген жігіт пен тұрмысқа шыққан қыздың келіншегі немесе күйеуі жағынан туысатындарды айтады. Осы келіншегі немесе күйеуінің елі, руы адамға қайын жұрт болып саналады. Сол елдің адамдарынын бәрі жаңағы жаңа үйленген жігіт пен келін болып түскен қызды күйеу бала немесе келін деп, ал бұлардың келіншегінен не күйеуінен кіші болса жезде және жеңге деп атайды. Бүкіл бір елдің, рудың бәрі қайын жұрт болып саналғанмен, адамның бұл жағынан туысатын етене жақындары төмендегідей. Түсініктірек болу үшін жігіттің қайын жұртын таратайық.

Жігіттің келіншегінің әкесінің әке-шешесі — қайын ата және қайын әже. Келіншегінің өз әке-шешесі — қайын ата (қайын әке) және қайын ене. Қайын ененің әке-шешесі — нағашы ата және нағашы әже. Қайын атаның (қайын әкенің) бірге туған аға, әпкесі болса — қайын ата, қайын апа.

Олардың әйелі мен күйеуі — қайын ене және бажа. Ал оны қайын ата мен қайын енеден туған балалар жас жағынан жігіттің келіншегінен үлкен болса — немере қайын аға, немере қайын бике. Олардың әйелі мен күйеуі жеңге және бажа деп аталады. Ал жастары келіншегінен кіші болса немере балдыздар. Олардың күйеуі немесе әйелі жігітке бажа, келін болып келеді. Осы немере қайын аға, балдыздардан (тек ер адамдардан) туған балалар адамға шөбере балдыз болады. Жігіттің қайын атасының (қайын әкесінің) туған інісі мен қарындасы — қайын аға, қайын апа деп аталады. Олардың әйелі мен күйеуін жігіт «жеңге», «бажа» деп атайды. Бұлардан тарайтын ұрпақтар да адамға немере, шөбере балдыз, бажа, келін болып жалғаса береді. Ал жігіттің келіншегінің бірге туған ағасы, әпкесі, бауыры, сіңлісі оған туған қайын аға, қайын бике, балдыз болып келеді. Бұлардан тарайтын ұрпақтар да жоғарыдағыдай немере, шөбере болып тиісінше жалғаса береді.

Таразының басын тең ұстап, қайын жұртын өз жұртынан алаламай, олармен туыстық адал көңілмен, ізетті, ілтипатты кішілік жолымен жақсы қарым-қатынаста жүрген және ел-жұртқа қадірлі, от басына жайлы отағасы болып, қыздарын зәбірлемей, жылатпай әлпештеп дұрыс ұстаған күйеулер қайын жұртына сыйлы, ерке болады. Қайын жұртының әр шаңырығы әрдайым күйеудің сыбағасы деп төс сақтайды. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, күйеу төсін даулап жеңгелерімен қалжыңдасып жатады. Тартылған төсті мін-детті түрде күйеудің өзі ұстап, табақтас қыз-келіншектермен бөліседі. Кей жерде өзіне арнап төс тартылған табаққа күйеу ақша салып жіберетін де салт бар. Күйеу жігіт қайын жұртындағы жас қыз-келіншектермен — балдыз, келіндерімен реті келген жерде орнымен жарасымды әзілдесіп, қалжыңдасып жүреді. Сырт көзге ол ерсі саналмайды. Халқымызда «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал бар. Қайын жұртына барғанда күйеу кішік болып жүреді. Төрге отырмайды. Сол үйдің малын сойысып кісісін күтісіп, қонағын аттандырысып, қатты қайырым жұмысын істеп, шаруасының бір жағына шығып, көмектесіп жүреді. Бұл күйеудің кішіпейілділігі, әдептілігі, шаруаға оңтайлы елгезектігі, қыздарын берген қайын жұртын құрметтеуі. Кейде кәрі күйеулер әзілдеп «Мен бұл үйге күйеу емеспін, жиенмін» деп жатады. Сөзінің астарында әзіл де болса мағына бар. Түсінген адамға бұл «Мен ұзақ жыл күйеу болып осы үйдің шаруасына еңбегім сіңді. Қайын жұртыма қадірім өтті. Осы шаңырақтың бір мүшесіндей болып кеттім. Сондықтанда менің күйеулігім — жиендігім секілді. Жиен сияқты еркінмін, еркемін» деген ұғымды білдіреді. Қайын жұрты да кейде мүндай күйеулерін жүрт көзінше еркелетіп «жиен» деп атайды. Бұл сөз қыздарымен ұзақ жыл отасып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, өздеріне әбден сыралғы, адал пейілді күйеулеріне көрсетілген ерекше құрмет іспетті естіледі. Күйеу мен қайын жұрттың арасындағы қарым-қатынастың ұзақтығы — қыздың ұзақ өмір сүруіне, төркінін ұмытпай жиі қатынас жасап тұруына, ақылына, күйеуі мен түскен жұртындағы беделіне байланысты болады. Ал ұзатылған қыз ұзақ жасамаса, оның орнына балдыз беру әдеті орындалмаса, сол жылдан бастап басқа жерден екінші әйел алған күйеудің де алғашқы қайын жұртымен қарым-қатынасы аяқталады. Бірақ бұған байланысты екі елдің арасындағы құдандалық қарым-қатынас тоқтамайды. "Сүйек жаңғыртайық" деп қайта құда болып, бір-бірінен тағы қыз алысып, қарым-қатынас созыла береді. Сондықтан да болу керек, қазақта "Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық" деген мақал қалыптасқан. Сыйлас құдалар бір-біріне керек болған жағдайларда көмектесіп, бір-бірінің қуанышына бірге қуанысып, ренішіне бірге қайғырысып, біріне-бірі сүйеу болатын. Қазақ дәстүрінде бірге өскен жамағайын құрдастар арасындағы қарым-қатынас та көңіл аударарлық жай. Құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжындасады. Бірінің әйелін бірі "өз әйелім", баласын "өз балам" деп әзілдеп отырады. Бұлардың арасындағы өзара әзіл-оспақты әйелдері де, күйеулері де, тіпті олардың балалары да жақсы түсінгендіктен, қандай ауыр қалжын болса да шамданып ренжімейді, қайта оған қарсы шешендік тәсілге сүйенген әзіл жауап қайтаруға дағдыланады. Осыған орай, "Әкесі құрдастың баласы да құрдас" деген мақал да қалыптасқан. Мұндай әзіл бірге өсіп, бір-бірімең достасқан тату құрдастардың арасында ғана болады. Бұдан әрине, тосын кездесіп танысқан құрдастардың арасында құрбылық әзіл-оспақ болмайды деген ұғым тумайды, қандай жағдайда болсын, құрдастар бір-бірімен, әйелдерімен ұялмай, еш нәрседен қымсынбай еркін, жарасымды, әзілдеседі. Кейбір құрдастар арасындағы қарым-қатынас, олардың туыстық жақындығына Қарамай, достыққа айналып, араларында алыс-беріс үзілмей, өле-өлгеніне сыйласып өтеді.

Ал осындай құрдастар арасындағы әйел мен бала, үй-жай туралы сөз жүзінде болсын сақталып отырған ортақтық идеясы тегін емес. Мұнда бір көне заманның Құпиясы бар сияқты, яғни әйелдері барлық құрбы-құрдастарының бәріне ортақ болған топты неке дәуірінің бізге дейін жеткен сілемі емес пе екен? Сірә, солай болу керек. Төңкеріске дейін казақ арасында тамыр болып достасу әдеті де кеңінен жайылған. Тамыр болып достасу әр жағдайға байланысты болатын. Кейде әкелері дос-жар болғанда олар балаларын да достастырады, немесе ел басына күн туған кезде мүдде-мақсаттары тоғысып, бір-біріне қадірі өткен адамдар тамыр болып достасады. Ең ақыры бірінен-бірі не мал, не дүние, не қыран бүркіт, жүйрік ат, алғыр тазы сияқтыларды қалап алу үшін де достасып, тамыр болады.

Тамыр болғысы келгендер бұрын қылыш не қанжар сүйіп, бізді тек ажал айырсын деп жұрт алдында бір-біріне ант беріскен. Ал XX ғ. басында қылыш, семсер, қанжардың орнына, достасатындар бір-бірімен үш рет төс түйісіп, айқаса кұшақтасатын болған. Достасқан тамырлар қазақ ғұрпы бойынша ешқашан бір-бірінің көңілін қалдырмайды, бір-бірінің қуанышына да, ренішіне де ортақтас болу керек. Ақыр аяғында қимас дос-тамырлардың өзара құда болулары да ықтимал.

Адамға бірге туған аға мен апаның қадір, касиеті осындай болғанда, өзінен кейінгі іні мен қарандастың жөні бір басқа. Аға шіркін өзін қорған көріп, медеу тұтып жүрген іні, қарандастары ештеңеден кемдік, мұқтаждық көрмей өссе екен деп тілейді. Солар ер жетіп, үйлі-баранды болып, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше көңілі алаңдаумен болады, бір жамандықтарын көрсе, өзін өзі жегідей жеп, қабырғасы қайысады. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дегенді халық тегін айтпаған. Ағаға іні тыныс, қарындас өріс. «Ағалап» соңынан ерген інісі бар адамның көңілі тоқ. Атадан жалғыз адамның қаншама болып-толып, үрлеп ішіп, үйіріп жеп, жағасы жайлау ғұмыр кешсе де әрдайым көңілі күпті. Ал тағдырына тақиядай бұлт шөксе жан-жағында қара тұтары, қарманары болмай торығады. Қандай қиындық кездессе де, жалқы жігіттен гөрі алдында ақыл айтып, жол көрсетер ағасы, артында дем беріп, сүйеу болар інісі бар жігітке тағдырдың талқысы онша біліне қоймайды. Адамның ең жақыны, басын сүйір анық жанашыры — бірге туғаны. «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас дегендей қаншалықты орда бұзып, сөз алып, етектен шауып, төске өрлеп тұрса да, жалғыздың аты-жалғыз. Күндердің күнінде басындағы бармақтай бағы тайса айналасы бір-ақ тұтам болады.