Тақырып. Оқушылардың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі дамытуына педагогикалық қолдау көрсету

Дәріс жоспары (1 сағат)

1. Педагогикалық қолдау көрсетудің басты қағидалары.

 

Әлеуметтік құзыреттілік (әлеуметтік құзыреттілік моделі шеңберінде) – бұл жеткілікті мөлшердегі дағды, оның көмегімен жеке тұлға күнделікті өмірде өзінің алдындағы міндеттерді бірдей үлгіде орындай алады.

Әлеуметтік белсенділік – адамның әлеуметтік қарым-қатынас жағ-дайындағы іс-әрекетті жүзеге асыратын дайындығы.

Өзіндік сана-сезім – әлеуметтік қарым-қатынасына, сұранысына, мотивіне, мәніне тән индивидтің өзі туралы сезіну және уайымдау жүйе-сінде пайда болатын жоғарғы сана.

Тьютер – клиентпен өзара іс-әрекет жағдайында онымен бірлеседі, қамқорлыққа алушысымен жеке қарым-қатынаста болады, онымен нақты жағдайда қарым-қатынас жасай алады, оның табысына мен сәтсіздігіне күйзеледі. Ол жағдайды ашық, сенімді және ұтымды жағдай құруға, білім беру кеңістігінде оқушының табысты ілгері басуына әсер ететін диагностика-лық тәсілдері игеруге, диагностикалық нәтижеге және бақылауға талдау жасауға, бақылауға, проблемаларды дәл табуға және сол проблемаларды жою жөніндегі жобалық қадамдарды жасауға қажетті психологиялық ықпал ететін білім мен дағдыларды меңгереді.

Тәрбие технологиясы – нақты тәрбиелік нәтижеге жетуде белгілі бір қабілетті және бірізділікті жүзеге асыратын операциялардың жиынтығы.

Тәрбиелік жүйе – 1) тәрбиенің негізгі компоненттерінің өзара іс-қимылдары үдерісінде туындайтын (мақсаттар, субъектілер, олардың қызметі, пікірлесу, қарым-қатынас, материалдық база) және ұжымдық өмір бейнесі ретінде интегративті сипаттамалар мен оның психологиялық жағдайы (Л.И.Новикова) қамтылған тұтас әлеуметтік организм; 2) өзінің басты қызметі – тәрбиеге қатысты ретке келтірілген ашық әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық жүйе. Тәрбиелік жүйенің күрделі құрылымы бар және білім беру саласында білім беру мазмұнының, үдерістің, оны ұйымдастырудың әдістері мен формаларының мақсаттары арқылы сипатталатын тәрбие жұмысының жүйесін, өзара байланысты іс-шаралардың жүйесі ретінде (іс, акция) қойылған бірдей мақсаттар мен дидактикалық жүйені қабыстыру қамтылған. 3) уақыт пен кеңістікте дамыған өзара байланысты компоненттер кешенінің бастапқы тұжырымдамасы ( іске асыру үшін жасалған идеялар жиынтығы).

Олардың құрамына:

-тұжырымдаманы жүзеге асыруды қамтамасыз ететін қызметтің сан алуан түрлері;

- іс-әрекет субъектісі оны ұйымдастырушы және оған қатысушылар;

- субъектілерді жалпылыққа кіріктіретін қарым-қатынас;

- субъектілер меңгерген орта;

- барлық компонентер жүйесін кіріктіруді тұтас қамтамасыз ететін басқару.

Қосымша білім беру – білім алушылардың білім алу үдерісінде сұраныстарын жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбие және оқу үдерісі (ҚР «Білім туралы» Заңы). Қосымша білім беруді ұйымдастыру тұлғаның жеке дамуына, кәсіби шеберлігін анықтауына, балалардың шығармашылық еңбекке бейімделуіне, олардың қабілеттерін көрсете білуіне, қоғамдық өмірге бейімделуіне, азаматтық өзіндік санасын қалыптастыруына барлық жағдайды жасайды. Балаларды тәрбиелеу және дамыту жүйесінде қосымша білім беруді қолданудың мәні тәрбие, оқу және баланың жеке дамуын бірыңғай үдеріске біріктіруінен айқын көрінеді. Қосымша білім беруді ұйымдастырудан тәрбиенің басымдығы байқалады. Қосымша білім беру баланың мектепте алған білімі мен шеберлігін кеңейтеді және тереңдетеді, сонымен бірге, оның болашақ мамандығының негізгі бағыттарын жарыққа шығарады. Қосымша білім беруді ұйымдарына орталықтар, кешендер, балалар мен жас өспірімдердің студиялары; жас техниктердің, саяхатшылардың, натуралистердің станция-лары мен базалары; балалардың музыка, көркемөнер және спорт өнер мектептері; қызығушылықтары бойынша клубтар; спорттық, сауық-тыру, саяхатшылар лагері; балалар парктері, стадиондары, галереялері және т.б. жатады.

Интеллект – негізінде әртүрлі сападағы ақпараттарды өңдеуді және оған саналы баға беруді қамтамасыз ететін саналы да саналы емес те үдерістер негізіндегі қабілеттің біршама берік құрылымы.

Тұжырымдама (латынша concertio) – ол белгілі бір затты немесе құбылысты баяндау жүйесі, оның құрылымында басшылыққа алған идеяны айқындау және оны түсінуге ықпал ететін дәлелдеме.

Тұжырымдамалық көзқарас – зерттеу негізінде жатқан бастапқы негізгі тірек идея мен теориялық ережелердің жиынтығы.

Модельдеу – мәнді моделдік көрсетуде барабар және тұтас айқындауға мүмкіндік беретін танымдық әдіс және практикалық қызмет, тәрбие үдерісінің заңдылығы, қызмет үрдісінің және даму үдерісі, қазіргі және болашақ жағдай туралы жаңа ақпараттар алу мен оларды тәрбие үдерісінде қолданудың аса маңызды сапасы мен компоненттері. Тәрбие үдерісін моделдеудің техникалық моделдеуден анағұрылым мәнді үлгідегі ерекшелігі бар.

Тәрбие сапасының мониторингі тәрбие үдерісі, оларды ұйымдастру және басқа проблемалар жөнінде субъектілердің пікірлерін қамтамасыз ететін арнайы құрылған қызмет. Мониторниг қызметі ата-аналар, оқушылар, студенттер мен педагогикалық жұртшылықтың белсенді қатысуымен мәліметтер қорын құрып, білім беру ұйымдарының жеке құрылымының тапсырысымен зерттеу жасауы тиіс. Өзін-өзі басқару органдары оқу-тәрбие үдерістерін ұйымдастырудан бастап, балалардың, жасөспірімдердің және жастардың демалысын үйымдастыруға дейінгі әртүрлі қоғамдық өмір мәселелері бойынша пікірлер мен ұсыныстарды зерттеуде мониторинг қызметімен бірлесіп іс-әрекет жасайды.

Парадигма – ғылымда белгілі бір тарихи кезеңде үстемдік ететін проблемаларды қою және оларды шешу, зерттеу әдістері, бастапқы тұжырымдамалық жоба. Болашақ жаңарудың бағыты мен сипатын анықтайтын жетекші тұжырымдамалық идея.

Педагог – тәрбие ісіндегі шешуші тұлға. Қоғамның бұл маңызды әлеуметтік рөлінің ықпалында педагогке әрқашан көтеріңкі талап қойылады. Бүгін терең білімді, гуманист-интелигент, жастардың сенімді және шын досы, нағыз кәсіби маман қажет. Мектеп, балалар ішкі еркіндігі бай, жаңаша ойлайтын, адамға жақсылық жасауға бейім, алдымен, баланы жоғары құндылық, бірегей жеке тұлға ретінде қарайтын педагогты қажетсінеді.

Педагог-тәрбиеші – үдеріс ауқымында маңызсыз, жалаң «тәрбиелік» ақпараттармен шектеліп қалмай, білім мен тәжірибенің қайнар көзіндей, бірегей жігерленген түпкілікті субъект болуы керек. Тәрбиеші болу тәрбиенің мәнін және тәрбиешілік ұстанымды санамен сезінуден, басқаша айтқанда, өзі адамның тәрбиелік миссиясын орындауда жауапкершілікті санамен қабылдап және ішкі мотивациясы осындай жауапкершілікке сәйкес келуі тиіс. Балаларды сүю – тәрбиеші болуға дайындықтың негізгі компоненті. Келесі компонент – гуманистік-дербес бағдардың көрінісі байқалатын тәрбиеленушілердің тіршілік әрекетімен қарым-қатынастық қажеттілігі мен қабілеттің болуы. Тәрбиеші өзінің қызметінде құндылықты игертіп, мақсат пен идеалды жүзеге асыруы тәрбиенің мәнін әлеуметтік және мәдени құбылыс ретінде түсіне білуіне байланысты өрбиді.

Тәрбие үдерісін жүзеге асыру құралдары ретіндер әдістер, құралдар, нысандарды ерекше атап көрсетуге болады.

Тәрбие әдісі қойылған тәрбие мақсаттарына қол жеткізу жолдары болып табылады. Басқаша айтқанда, тәрбие әдістерінің белгілі бір қасиеттерді қалыптастыру мақсатында тәрбиеленушілер санасына, еркіне, сезімдеріне, мінез-құлқына әсер ету жолдары деп тануға болады.

Әрбір әдісті мұғалім өз практикасында жетілдіре пайдалану мақсатында жекеленген өзгерістерге, толықтырулар енгізеді. Мұндай жетілдірулерді тәрбие тәсілдері деп атайды. Тәрбие тәсілдері-жалпы әдістің бөлігі, жеке әрекет. Тәрбие әдістерімен тәсілдерін білу, оларды дұрыс қолдана білу педагогикалық шеберлік деңгейлерінің маңызды сипаттамасы болып табылады.

Тәрбие құралдары-тұлғаны қалыптастыру көздері. Мұндай тәрбие құралдарына жататындар:

1)іс-әрекет түрлері (еңбек, ойын),

2)заттар, нәрселер (ЭЕМ, тренажер),

3)рухани және материалдық мәдени құбылыстар (өнер, қоғами өмір),

4)нақты шаралар (жиын, кеш т.с.с.).

Тәрбие құралдары тәрбиеленушілер мен тәрбиешілер іс-әрекеттерінің барлық компонентттерімен байланысты. өзара байланысты іс-әрекетте қолданылатын объектілер әр түрлі қызмет атқарады (тәрбие құралдары, өзін-өзі тәрбиелеу құралдары, бейнелеу заттары, талдау, конструкциялау, дайындау құралдары т.б.)

Жалпы заңдылықтардың ықпал аймағы тəрбие процесінің барша жүйесіне əсер етеді əрі оның аса маңызды бірліктері арасындағы байланыстарды танытады. Бірақ тəрбие процесі, біз білетіндей, педагогикалық процестің құрамды бөлігі болуымен осы процесс заңдылықтарына тəуелді келуі табиғи құбылыс. Бұл процесте даму жəне қалыптасу заңдылықтары əрекетке түседі. Бұдан шығатын қорытынды - тəрбие процесі аса күрделі де көп түрлі сипатқа ие. Тəрбие практикасы үшін өте қажет нəрсе: тəрбие процесінің тиімділігі (өнімділігі) мен тəрбие сапасын анықтайтын оның сипаттары жəне шарт –жағдайлары арасындағы байланыстардың қалай түзілетінін түбегейлі білу.

Тəрбие тиімділігі келесі жағдаяттарға тəуелді:-қалыптасқан тəрбиелік қарым-қатынастарға; балаға деген ықпал оның қоршаған ортаға, тəрбиешіге, тəрбиелік əсерлерге қатынасына орай жасалады. Егер бұл қатынастар ұнамды болса, проблема тумайды. Ал егер бұл қатынас керағар сипатта болса, тəрбие процесі тежеледі, одан келетін нəтиже болымсыз сипат алады. Сондықтан келеңсіз қатынасты əрекеттер алдымен жойылып, көзделген мақсатқа қарай қадам аттау орынды. Бастаудан тəрбиеші көзқарастары мен талаптарын оңды қабылдаған тəрбиеленуші оларға икемдесіп үйренеді əрі сенеді, орынды талап кейпінде қабылдайды. Ал егер тəрбиеленуші өз тəрбиешісінің талаптарын дұрыс деп таппай, одан күмəнданса, процесс бағытының қай арнаға түсіп, дамитыны белгісіз. Гуманистік тəрбие өсиеті: жақсы тəрбиелегіңіз келсе, баланы бауырмалдықпен өзіңізге жақындатасыз.

- мақсат жəне оған жетуге бағытталған іс-əрекеттер арасындағы сəйкестік. Егер іс-əрекет, тəрбие жұмыстарының ұйымдасуы алға тартылған мақсатқа орайласпаса, тəрбие процесі табысты болмайды. Керісінше, ұйымдастырылған істер мақсатқа тура келсе, қолданылған əдістер, формалар мен құрал-жабдықтар көзделген міндеттер денгейінде болса, тəрбие процесінің тиімділігі де сəтті шығады.

- практика мен тəрбиелік ықпалдар сəйкестігіне. Тəрбие процесіне тəн құбылыс: тəрбиеленуші өз тəрбиешісі айтқанының бəрін практикада тексеруге құштар. Егер осыдан бала өмір мен алған білімінің, сөзбен істің өзара сай болмағанын сезсе, түңіліске тап болады. Қалыптасқан тұрмыстық, өмір жағдайларын əсте ақырын əрі бірізділікпен бірте-бірте ауыстырып бару жөн. Жылтың, мезеттік табыс қуалау көп ұзамастан тəрбие мен өмір сəйкестігін шұғыл жойып салады.

- объектив жəне субъектив жағдаяттардың бірлікті əрекетке түсуіне.

Субъектив жағдаяттар құрамы: тəрбиешілер мен тəрбиенушілер, олар арасындағы ықпалдастық, қалыптасқан қарым-қатынастар, психологиялық климат жəне т.б., ал объектив жағдаяттар: тəрбиені іске асыруға қажет шаралар-экономикалық, материалды-техникалық, əлеуметтік, санитар-гигиеналық жəне т.б., əрқандай нақты тəрбиеге байланысты аталған жағдаяттардың өзара ұштаса күрделі бірігімге келуі тəрбие процесіне қайталанбас, өзіндік сипат береді. Сөйтсе де, тиімді тəрбиені қамтамасыз ету үшін оған қолайлы жағдайлар түзілуі қажет.

- тəрбие мен өзіндік тəрбие қарқындылығына. Өзіндік тəрбие - өз тұлғасын жетілдіруге бағытталған оқушы іс-əрекеті. Өзіндік тəрбие процесінде бала өз тəрбие процесінің субъекті ретінде танылады. əрқандай өзіндік тəрбие нақты оқушы өмірінің мазмұнымен, оның қызығулары жəне жасына сай қатынастарымен тікелей байланысты. Өзіндік тəрбие сырттай тəрбиемен сабақтас əрі оның нəтижесі. Тəрбиеленушінің өзін өзі бағалай білуі, өзінің ұнамды қылықтары мен келеңсіздіктерін тануы, жеке өмірлік жоспарын іске асыруға кедергі болар жəйттерді ерік күшін қосып жеңе білуі - өзіндік тəрбиенің табыс кепілдері. Ал оқушының өзін жетілдіре білуінен, яғни өзіндік тəрбиеден мұндай кепілдіктер дамып, ұлғая түседі.

- тəрбиеге қосарлана жүретін даму мен оқу процестерінің тиімділігіне. Белгілі болғандай, егер екі процесс өзара байланысты іске қосылса, онда олардың бірінің тиімділігі көтеріледі не кемиді де, екіншісіне өз ықпалын тигізеді. Осыдан тəрбие даму қарқындылығын асырып, ал даму ұтымды тəрбиеге жол ашады. Егер осы байланыс бұзылса, күрделі кедергілер туындайды да, олар өз кезегінде тұлғаның дамуына да, оқуына да, тəрбиесіне де жайсыз жағдайлар жасайды.

- педагогтың тəрбиелік əрекеттерінің сапасына. Біліктілігі кем, көлемі тұрғысынан жетімсіз не мерзімінен кешіктірілген педагог істері тəрбие қызметінің төмен нəтижесіне себепкер болады.

- тəрбиеленушінің «жан аймағына» жасалған ықпалдардың қарқындылығына. «жан аймағы» дегеніміз тұлғаның сеп-түрткілер, қажеттер, көңіл-күй, сана-сезім жүйесі. Тəрбие процесінде сыртқы ықпалдар оқушының іштей табыстарына, яғни сапа-қасиеттерінің ұнамды дамуына, ауысады. Ал, егер осы ықпалдар ойға алынғандай күшті болса, бала қажеттеріне орайлас келіп, оның белсенділігінің көтерілуіне жəрдем беретін болса, тұлғаның жеке сеп-түрткілері мен мақсаттарының идеалды күйден практикалық нəтижеге ауысуы анағұрлым жеңіл əрі жылдам өтеді.

- педагогикалық ықпалдар мен тəрбиеленушілер мүмкіндіктері арасындағы үйлесімге. Тəрбие процесінде дамудың біркелкі болмау заңы көрініс береді, себебі тəрбиеленуші мүмкіндіктері тəрбиеші талаптарына əрқашан сай келе бермейді. Осыдан кейбір теориялық білімдерге байланысты мəселе, сұрақтарды еркін де жеңіл шеше білетін оқушы практикалық тапсырыстарды орындауда, қарапайым еңбек операцияларымен кезіккенде, дене шынықтыру жаттығуларын көрсетуде ебедейсіздік байқатып, едəуір қиналып қалды.

 

2. Педагогтың ізгілікті ұстанымы.

р

Ұстаздың педагогикалық даярлығы – кез келген білім беру мекемелерінің оқыту-тәрбиелік үдерісінің тиімділік шарттарының бірі. Ұстаздың педагогикалық даярлығы – бұл ұстаздың кәсіби парыздылығына, біліміне, қабілеттілігіне, дағдыларына сәйкес білім беру, тәрбиелеу қызметтерін орындауда сана-сезімінің дайындық күйі. Кәсіби сана-сезімінің даму деңгейі, кәсіби қызметінде міндеттерді тани білуі оның дайындығының жалпы міндетті бөлігі болып табылады. Басқалай айтқанда, бұл - ұстаздың ғылыми-теориялық, әдістемелік және психологиялық-педагогикалық дайындықтан, сонымен қатар жеке тұлғаның кәсіби қабілеттілігінен, кәсіби маңызды қасиеттерінен тұратын тұлғасының интегративті сипаттамасы.

Ұстаздың педагогикалық даярлығы кәсіби құзыретінің даму деңгейін, құндылық бағдар басымдылығын, педагогикалық әдептіліктің, құзыреттіліктің, әлеуметтік өмір заңдылықтардың, Конституцияның және тағы басқа заң актілерінің нормаларын сақтау және меңгеру деңгейін сипаттайды.

Ұстаздың педагогикалық даярлығы тек қана педагогикалық құзыреттілікті білу және түсінумен шектелмейді, сонымен бірге білім беру мекемелердің әртүрлі салаларына оны енгізу бойынша белсенді жұмыс жасауды да білдіреді. Осының нәтижесінде ұстазда педагогикалық интуитивизм пайда болады, яғни кәсіби парыздылық түсінігінен немесе алдындағы логикалық бастамасынан (мейірімділік борышты орындауынан құралады) тәуелсіз болып есептеледі. Педагогикалық интуитивизмге сәйкес имандылық міндеттердің әлеуметтік қажеттіліктер бойынша негізі жоқ, олар өз беттерімен, мәңгілік және тәуелсіз екені анық.

Басқа сөзбен айтқанда, ұстаздың педагогикалық даярлығы - бұл ұстаздың қызметі барысында өзіндік сана-сезіміне айналатын, санасының (педагогикалық санасы) позитивті кәсіби күйі. Ұстаздың педагогикалық сана-сезіміне өзінің мінез-құлығының уәжін түсінуі, рефлексияның пайда болуы, кәсіби борышын түсіне біліп, әрекет жасауы жатады.

Мұғалімнің педагогикалық сипатын жеке тұлғаның сан қырлы білім алып, тәрбиеленуі тұрғысынан қарастыруға болады. Мұндай білім алу парыздылық сана сезім, таным және ерік үдерістерінің нәтижесі болып табылатын парыздылық месел (уәж) мен кәсіптік мінез-құлық тәсілдерінің синтезімен, болашақ педагогтың мінез-құлқындағы кәсіптік этикаға деген тұрақты көзқараспен, өзін-өзі икемдеу, жетілдіру көрінісімен сипатталады.

Егер құзыреттілік маманның кәсіптік парыз негізделген мінез-құлқы, тәртібі туралы ғылым дейтін болсақ, онда оның педагогикалық даярлығы - бұл кәсіби іс-әрекетте парыздылықты міндеттенуді қамтитын сананың күйі.

Сананың реттеушілік функциясы бойынша педагогикалық сана «адам-адам» жүйесіндегі маманның қызмет барысында кәсіптік парызына негізделген нормалар, ұстанымдар мен ережелерге сәйкес барлық іс-әрекетін, тәртібін, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын реттеуші күш бола алады. Педагогикалық даярлығы қалыптасқан маманның кәсіптік іс-әрекетіне, қызметінің сапасына арнайы сырттан бақылаушы, тексеруші (инспектор, директор, проректор т.с.с.) керегі жоқ. Оның бақылаушысы – парыздылық сана сезімі. Ондай маман қарым-қатынастың, қызметінің әр сәтінде өзінің әрекеттерін саналы бақылауды естен шығармайды. Саналы бақылаудың екі түрі белгілі: белгілеуші бақылау және реттеуші бақылау.

Белгілеуші бақылау дегеніміз адамның жан-жақта болып жатқан жағдаятты көріп, тыңдау кезінде өзінің іс-қимылдарына сырттай көз тастап, белгілеп, санасында, есінде ұстауы. «Өз ісіне өзі есеп беру» қабілеті осындай бақылауға негізделген.

Реттеуші бақылау адамның іс-әрекеттерін басқарып, қылықтарын өзінің түсінігі бойынша заң және мораль талаптарына сәйкес бағындыра білу қабілеттерінде көрінеді. Мұнда, міне, маманның педагогикалық әлеуетінің мөлшері көрініс табады.

Ұстаздың педагогикалық сана-сезімін сипаттайтын жалпы көрсеткіштер:

- «оқушының жан саулығы мен денсаулығына зиян келтірме!» атты киелі қағиданы іске асыратын жоғары ұстаздық мәдениетті құруға ынталылығы;

- кез-келген жағдайды әділ бағалау, өзінің және бөгде біреудің көзқарасын дұрыс түсіне білу, өзінің қарым-қатынас әрекеттеріне сыни қарауға икемділігі;

- қызметінің әрбір саласына және ұқсас салаларына қатысты жедел ақпараттана білуі, пассионарлық индукцияны (басқа адамдарға өзінің идеялары мен көңіл-күйін жұқтыру), педагогикалық шеберлікті меңгере білуі, өз бойында жалпы және арнайы-кәсіби интеллектті, ой-саналылықты тәрбиелеуі.

Мұндағы интеллект – зеректілік, саналы, сыни тұрғысынан ойлау қабілеті, кез-келген ақпаратты талдау-таразылауды қамтитын ақыл-ой функцияларының тұтастығы. Сондықтан, жоғарыда келтірілген келеңсіздіктердің алдын алу үшін және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсіп-өнуін қамту үшін білім беру саласының басты рөлі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Бұл - заманымыздың ең өзекті мәселесі.

Ал интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін болашақ мамандардың педагогикалық санасын тәрбиелеу қажеттігі туады. Өйткені, педагогикалық сана - өзіндік ойлау, кез-келген іске шығармашылықпен қарау, жалпы адамзаттық құндылықтарды түсіне білу, қарама-қайшылықтарды жоюда болжамдар құра білу, білімге деген белсенді құштарлықпен оны сауатты игеру мүмкінділігімен сипатталатын тұлғаның интеллектуалдық мәдениетін қамсыздандырады.

Ұстаздың педагогикалық сана-сезімін қалыптастыру өмір бойы жүреді. Бірақ та бұл үдерісті жас кезінен бастау керек, себебі қазақ философы Зейнолла Серікқалиұлы «Бүгінгі студент келешекте сапалы қызметкер болу парызын белгілі бір сала бойынша жанына жайлы күн көріс қамына мамандану деп сезінсе, ел басшысы болуды атқамінерлікке баласа, онда арам шөбің не, алаяғың кім бәрібір, дәл өзімізден аумаған қосаяқты пенденің бірі деп шүкірлік етеміз де, арамзамен ауыз жаласып жүріп-ақ адаматқа (кентаврға) айналған тіршілік жұрағаты құқында ғұмыр кешкен бола береміз» деп, мұғалімнің санасын педагогикалық тұрғыдан тәрбиелеудің мәні мол екендігін ескертеді.

Сондықтан, ең алдымен, болашақ ұстаз өз пікірінің дұрыстығына жеке тұлғалық сенімділік қасиетін тәрбиелеу керек, яғни өзіндік бағалы бағдарына сәйкес саналы әрекет жасауға мүмкіндік беретін өз танымы қалыптасуы қажет. Болашақ ұстаз педагогикалық дайындық нәтижесінде қабылдайтын сана-сезімі оның педагогикалық сана-сезімнің жоғарғы көрінісі болады, сонымен қатар кәсіби парызына қарым-қатынасын көрсетеді. Жоғарыда айтылғанның дәлелі ретінде К.Д.Ушинскийдің сөзін келтірейік: «Мұғалімнің педагогика және психология саласында білімі, теориялық тәжірибесі болуы керек. Бірақ оған тек қана терең білім жеткіліксіз.

Өзіне-өзі сенімді адам болуы керек. Сенімсіз шығармашылық шабытта жұмыс істеуге мүмкін емес. Адамзатты тәрбиелеудің басты жолы - сендіру. Тәрбиелеушінің сендірусіз тәрбиелік әдістері жақсы болса да, ешқандай әсер етпейді, әлсіз күйінде қалады».

Ұстаздың қалыптасқан ішкі нанымы кәсіби қызмет үдерісінде педагогикалық кредоға («кредо (лат. тілінен сredo – сенемін, сенімдімін – сенім, көзқарастар, өмірге көзқарасының негізі») айналады - ол кәсіби парыздылығын түсіну негізінде қызметтік әрекеттерге талаптар қалыптастырады және мінез-құлықтарына ішкі реттеуші күш болып табылады.

Ұстаздың педагогикалық даярлығы педагогикалық мінез-құлықтарын қалыптастыруға көмектеседі. Олардың қалыптасуы:

- педагогикалық құзыреттілікның негіздерін меңгеру деңгейіне;

- педагогикалық құзыреттілікті жете түсіну деңгейіне;

- педагогикалық құзыреттіліктің ерекшелігіне;

- әрбір ұстаздың жеке тұлғалық қайталанбас шығармашылық дарашылдығына байланысты.

Сонымен педагогикалық кәсіп мағынасына ұстаздың қоғамдық функцияларының мақсаты мен мәселелерін адамтану проблемаларын түсінудегі рөлін анықтайтын жоғары дамыған парыздылық санасы, құзыреттілік нышаны енеді.

Бұл жүйенің («педагогикалық сана, педагогикалық сана-сезімі, педагогикалық сенімі, педагогикалық кредо») бір элементінің түсіп қалуы ұстаздың педагогикалық дайындығының қалыптаспауына әкеледі.

Ұстаздың педагогикалық даярлығының қалыптаспағаны олардың қызметіндегі олқылықтарынан көрініс табады, нақтырақ айтар болсақ:

- тәрбиешілердің, ұстаздардың кәсіби парызын түсінбеуі тәрбиеленушімен дұрыс қарым-қатынас құрай алмауынан, олардың көңіл-күйін түсінбеуінен, оқушылардың белсенді дамуына барлық күшін жұмылдыра алмауынан байқалады;

- ұстаздың кәсіптік санасының қалыспағандығы, яғни кәсіби «Мен» концепциясының жоқтығы кәсіби-педагогикалық өзіндік сана-сезімінің педагогикалық сеніміне және кредоға айналуына мүмкіндік бермейді.

Осыдан мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілерден бастап, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер, колледж мұғалімдерін, жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамын, яғни білім беру жүйесіндегі барлық қызметкерлердің педагогикалық даярлығын қалыптастыру қажеттігі туады.

Ұстаздық тәлім-тәрбие беретін оқу орнында профессорлық-оқытушы құрамы құзыреттілік оқытулармен қатар, психологиялық комфорт атмосферасын сақтай отырып, педагогикалық құзыреттілік ұстанымдары мен ережелерін әрбір студенттің жеке нанымына айналдырған уақытта, олар бұл ұстанымдарды сақтау ең негізгі және қажетті екенін түсінген жағдайда ғана осы антты саналы түрде бере алады.

Ұстаздың құзыреттілік даярлығын қалыптастырудың теориялық негіздері болатын, болашақ мұғалімнің кәсіптік сапасын арттыруға арналған талай ғылыми ізденістер баршылық. Атап айтсақ:

- болашақ мұғалімнің білімділігі мен қабілет-қасиеттерін шыңдау (Кузьмина Н.В., Усова А.В., Құдайқұлов М.Ә., Хмель Н.Д., Грехнев В.С., Каргин С.Т., Шадриков В.Д., Успанов К.С., Сманова Г.Т., Зверева В.И. т.б.);

- студенттерде кәсіби-техникалық бағыттылығын қалыптастырудың педагогикалық негізін қарастыру (Э.Ф.Зеер, Б.К.Момынбаев, Ш.Абдраман, Б.С.Безрукова, Т.В.Кудрявцева Казаков В.Г., Кондратьева Л.Л. т.б.);

- болашақ мұғалімнің әлеуметтік бейімделу мәселелері (Мұқанова Б.И. Кенесарина З.У., Меңлибекова Г.Ж., Мудрик А.В., Василькова Ю.В., Василькова Т.А., Аминов Н.А., Морозова Н.А., Смятских А.Л., Ильин Г.Л., Лотон Д.т.б.);

- қазақ халқының педагогикалық мәдениетін ұстаз тұлғасына ұялату мәселелері (Аймауытов Ж., Жұмабаев М., Жарықбаев Қ., Қалиев. С. ТәжібаевТ., Елікбаев Н., Ұзақбаева С.А., Наурызбаев Ж., Оршыбеков Ы. т.б.);

- педагог-студенттердiң танымдық iзденiмпаздығын қалыптастыру (Әбiлқасымова А.Е., Джакупов С.М., Мажитова Л.Х., Зязин Б.П., Гапонова С.А. т.б.);

- болашақ мұғалімнің кәсіптік дайындығының теориялық негіздері (Выготский Л.С. , Хофман Ф. , Асмолов А.Г., Хмель Н.Д. Шадриков В.Д., Тригубова Н.Н.т.б.) ;

- болашақ мұғалімнің жалпы, этикалық, ізденушілік мәдениетін қалыптастыру ерекшеліктері (Хмель Н.Д., Куанышев Ш.Ш., Молдажанова А.А., Таубаева Ш.Т. т.б. );

- болашақ мұғалімнің кәсіптік дайындығын адамгершілік тұрғыдан талдау (Сухомлинский В.А., Амонашвили Ш.А., Азаров Ю.П., Фридман Л.М., Бейсенбаева А.А.,Төлеубекова Р.К., КалюжныйА.В. Смелкова З.С., Брязгунов И.П. т.б. ) еңбектерінде қарастырылған.

Бұлардың бәрінде ұстаздың құзыреттілік даярлығын қалыптастырудың әртүрлі аспектілері акмеологиялық, аксиологиялық, мәдениетілік, гуманистік, біртұтастық т.с.с. әдіснамалық келістерге негізделген.

Акмеологиялық келістер әрбір студенттің шығармашылық қабілеттерін дамытуға барынша мол жағдайлар жасап, кәсіптілік шыңына жетуге ықпал етудің факторлары мен заңдылықтарына сүйенетін құзыреттілік тәрбиелеуді көздейді.

Аксиологиялық келістер болашақ ұстаздардың моральды санасы және мінез-құлқының сипаты ретінде құндылықты бағдарлығын зерттеп, қалыптастыруға негізделеді.

Мәдениеттілік келіс педагогикалық қызметтің қыр-сырын меңгеру үдерісінде студенттің жеке бас мәдениетінің қалыптасуын естен шығармау қағидаларын негіздейді.

Гуманистік келіс болашақ ұстаздардың құзыреттілік даярлығын қалыптастыруда жеке тұлғалық қабілет қасиеттерін адамгершілік нормаларына сәйкестендіріп, әлеуметтік идеология мен имандылықты қамтуға негізделеді.

Тұтастық келіс бойынша болашақ ұстаздарды оқыту, тәрбиелеу және дамытуды педагогикалық қызметінде іске асырудың біртұтастығын қамсыздандырады, педагогикалық үдерістің басқа да қатысушылармен қарым-қатынас жасауды, өз-өзін болашақ ұстаз ретінде сезінуді, кәсіби қызметте әртүрлі рөлдерде бола білуді құзыреттілік ұстанымдарға сәйкестендіріп, мұның бәрі біртұтастық жүйе ретінде ескереді.

Ұстаздың құзыреттілік даярлығын қалыптастыру келесі ұстанымдарға негізделеді: қалыптастырудың әдістері мен мазмұнының ғылымилық ұстанымы, адамға әсер етудің жаңашылдық пен өзіншілдік ұстанымы, мөлшерлік ұстанымы, кәсіби қызмет тәжірибесін, ғылым жетістіктерін игерудің жүйелілік және бірізділік ұстанымы, студенттердің шығармашылық белсенділігі, саналылығы және дербестік ұстанымы. Оларға қысқаша сипаттама беріп көрелік.

Болашақ ұстаздың құзыреттілік даярлығын қалыптастырудың әдістері мен мазмұнының ғылымилық ұстанымы студенттерді қазіргі заманғы ғылыми білімдермен қамсыздандырып, тәрбиелеу және оқытудың өзара сабақтастығын ашып, сонымен қатар, болашақ ұстазды педагогикалық құзыреттілікның алғышарттарымен, даму тарихымен, кәсібіне сәйкес парызының мазмұнымен және осы саладағы қазіргі заманғы жаңа идеялармен, белгілі ғалымдардың зерттеулерімен таныстыру болып табылады.