Сөз табы бойынша жүргізілетін жаттығулар.

1. Мәтіннен керекті сөздерді тапқызу.

2. Керекті сөздерді қосып, өздіктерінен сөйлемдер немесе әңгіме құрастыру.

3. Сөздердің мағынасын түсініп, сөйлемдегі қызметін байқату.

4. Сөздердің лексикалық, грамматикалық жағынан болсын қалай өзгеретінін не арқылы өзгеретінін аңғарту.

5. Мағына немесе тұлға жағымен қандай ұқсастық, айырмашылық барын салыстыру арқылы анықтау.

6. Ұқсас сөздерді топтату.

7. Байқаған құбылыстары жөнінде жеке-жеке қорытындылар шығару сияқты жұмыстарды қамтиды.

Синтаксистік жаттығуға мәтіндегі қойылған тыныс белгілерді талдау, қойылмаған белгілерін қою, өздері қарастырған сөйлемдермен, мәтіндегі қажетті тыныс белгілерін қойып түсіндіру.

Балалардың алған білімін бекіту мақсатында жүргізілетінжаттығуларға жалпы мынандай талаптар қойылады:

· Белгілі бір жаттығуларды орындау үшін балалардың сол жаттығуларды орындарлық білімі болуы шарт.

· Балалар жаттығуларды не үшін орындайтынына оның қандай пайдасы барлығына түсінсе ғана оны саналы орындайды. Жаттығуларды түсініп орындағанда ғана белгілі бір дағды қалыптасады.

· Жаттығу балалардың қызығуын, ынтасын, ықыласын арттыруға тиіс. Ол үшін жаттығу түрлендіріп берілуі шарт. Өйткені бір сарында жаттығу, балалардың зейінін, қабылдауын, белсенділігін нашарлатады.

· Жаттығулар кездейсоқ болмай,белгілі бір жүйемен орындалып отырылуы шарт.

· Жаттығу жұмыстары тек жуықта ғана өтілген материалдарға негізделмей бұрын өтілген кейбір материалды да қамтуы керек.

· Бір жаттығу ұзақ уақытқа созылмауы тиіс. Әсіресе балалардың жасы неғұрлым кіші болған сайын, жаттығуларда қысқа уақытқа мөлшерленеді де, үнемі жиі-жиі қайталауға негізделген.

· Шығармашылық жаттығулар көбірек болуы қажет.

· Әр жаттығу бала еңбегінің нәтижесін көрсетіп отыруға тиіс.

· Жаттығулар бала ойыны әсер етуі жағынан аналитикалық-синтетикалық болғаны жөн.

Яғни грамматикалық талдау сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер мен мәтіндерді құрастыру, салыстыру арқылы ұқсастық пен ерекшелітерді табу, топтау. Өз пікірлерін дәлелдей алып, білгенінен жалпы қорытынды шығара білу т.б. Жаттығу жұмыстарының барысында балалар әрбір сөз табының қасиетін, ерекшеліктерін саналы түсінеді, септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын меңгереді, оларды сөйлегенде дұрыс, орынды қолдана алады.

Студенттерге берілетін тапсырма:

· Грамматикалық жаттығулардың түрлері.

· Фонетикалық жаттығулар, олардың ерекшеліктері.

· Морфологиялық жаттығулар, олардың ерекшеліктері.

· Синиаксистік жаттығулар, олардың ерекшеліктері.

ІІ. Студенттердің оқытушымен бірлесіп атқаратын жұмыстары. Сұрақ — тапсырмаларды талдау, студенттер жауабын бекіту.

2. Балалардың білімін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларға қойылатын талаптар

ІІІ. Студенттердің өзіндік тапсырмалары

1. Сөз табы бойынша жүргізілетін жаттығуларды талдау.

2. Фонетикалық, синтаксистік, морфологиялық жаттығулар жазып, талдау.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Б.Баймұратова. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы-Алматы: «Рауан»1991

2.Ғ.Дүкенбаева. Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.-Алматы,1992.

3.Баймұратова Б. Мектеп жасына дейінгі балаларды сөйлеуге үйрету. – Алматы: Мектеп, 1991. – 95 б.

4.Нұрмухаметова Р.Ә. Мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ фольклоры арқылы эстетикалық тәрбие беру: пед. ғыл. канд... автореф. 13.00.07. – Алматы, 2004. – 23 б.

5.Баймұратова Б. Тіл дамыту әдістері. – Алматы: Мектеп, 1991. – 80 б.

6.Бәтібаева С.Ғ. Қазақстанда қазақ балабақшаларының қалыптасуы мен дамуы (1946-2001): пед. ғыл. канд... дис. 13.00.01. – Алматы, 2004. – 144 б.

7.Метербаева К.М. Қоршаған дүниемен таныстыру арқылы балалардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастыру (5-7 жас): пед. ғыл. канд... дис. 13.00.02. – Алматы, 2005. – 150 б.

 

Дәріс №21

Тақырып:Сөздің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеу әдістемесі

Мақсаты: Студенттерге сөздің дыбыстық мәдениетін қалыптастырудың мазмұнын меңгерту.

Жоспар

1. Сөздің дыбыстық мәдениеті туралы ұғым.

2. Дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың айырмашылықтары.

Тіл мәдениеті дегеніміз — тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі, яғни, сөйлеген кездегі сауаттылық, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық заңдылықтар мен нормаларды, стилдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану деген сөз.

Жалпы алғанда тіл мәдениеті негізінен сөз мәдениеті, сөздерді орынды қолдану деген ұғымды білдіреді. Өйткені тіл мәдениетінің де зерттейтін объектісі сөз, сөздің дұрыс жазылуы, дұрыс қолданылуы. Сол арқылы ойдың айқын, әсерлі жетуі. Дыбыстау мәдениеті дегеніміз – сөйлеу барысында барлық тілдік құралдарды (дыбыстарды дұрыс айту, мәнерлеп сөйлеу тәсілдерін есту қабілеттерін жетілдіру, дұрыс тыныс алу) орынды пайдалана білу. Дыбыстау мәдениеті балаларда сәби шағынан бастап бірте-бірте қалыптасады. Баланың дыбыстарды, буындарды жеке сөздерді айтып үйренуі оның сөйлеу аппаратының жетілуімен қатар жүреді, бірақ барлық топтағы балаларда дыбыстарды дұрыс айту процесі бірден қалыптаспайды. Сондықтан да жеке дыбыстарды айтудағы қателіктер жиі кездеседі. Бала тілінің дыбыстық мәдениетін дұрыс қалыптастыру үшін тәрбиеші алдымен тіліміздегі дыбыстардың жасалуының ерекшеліктерін өзі жақсы білуі қажет. Мысалы, тіліміздегі дауысты дыбыстардың дауыссыздардан төмендегідей айырмашылықтары бар:

1.Дыбыстау мүшелерінің қызметіне байланысты. Дауысты дыбыстарды айтқанда дыбыстау мүшелері жан-жақты қимылға келеді.

2. Дауыстыларды айтқанда ауа кедергісіз еркін шығады, ал дауыссыз дыбысты айтқанда дыбыстау мүшелерінің бірінен қалайда бір тосқауыл болады.

3.Дауысты дыбыстар буын құрайды, дауыссыздар буын жасай алмайды.

Дауысты дыбыстар жаун – жіңішке, ашық-қысаң, еріндік-езулік боп алты түрге бөлінеді: Мысалы, А – ашық, жуан, езулік дыбыс.

Ү – жіңішке, қысаң, еріндік, дауысты дыбыс

І – жіңішке, қысаң, езулік дауысты дыбыс.

Дауыссыз дыбыстар қатаң, ұяң,үнді болып бөлінеді.

Д, Т – тілдің ұшының үстіңгі алдыңғы күрек тісінің дыбыстары ішкі жағына нық тиіп, содан соң кілт ашылуынан пайда болады.

Айырмасы: Т – қатаң, Д – ұяң.

Ш, Ж – тіл алды таңдайға жуықтауы арқылы пайда болады.

Ш – қатаң, Ж – ұяң.

Н – тілдің ұшының қызыл иекке тиюі арқылы жасалады. Ауа мұрын арқылы шығады . Мұрын жолды үнді дауыссыз дыбыс.

М – екі еріннің бір- біріне нық тиюі арқылы жасалады. Мұрын жолды үнді дауыссыз дыбыс. Ауа мұрын арқылы шығады.

Б, П – екі еріннің бір- біріне нық тиюі арқылы жасалынады.

П – қатаң, Б – ұяң дауыссыз дыбыс.

Һ – көмейден шығатын дауыссыз дыбыс. Ауа бөгетсіз қарқынмен шығады.

Қ – тіл арты таңдайға жуықтауы,нық тиюі арқылы жасалынады. Бұл кезде кішкене тіл төмен түседі де, ауа мұрын арқылы шығады. Мұрын жолды үнді дауыссыз дыбыс.

Ғ – тілдің артқы шені таңдайдың артқы жағына жуықтауы арқылы жасалады.

Студенттерге берілетін тапсырма:

· Дыбыстау мәдениеті деген не ?

· Дауысты дыбыстардың түрлері, олардың ерекшеліктері

· Дауыссыз дыбыстардың түрлері, олардың ерекшеліктері