Лекция. Тақырыбы: Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысы.

Жоспары:

1. Тәуліктік наряд. Бөлім кезекшісі.

2. Гарнизондық наряд адамдарының құқықтары.

3. ҚР ҚК-нің Саптық жарғысы.

Лекция мақсаты: Студенттерге рота бойынша тәуліктік кезекшінің міндеттерін түсіндіру. қарауылдық қызметтің міндеттері мен қарауылдық қызметті ұйымдастыруды ұғындыру.

Лекция мәтіні: 1. Тәуліктік наряд - әскери даярлық пен ішкі тәртіпті сақтауға, әскери бөлімнің жеке құрамын, қару жарағын, әскери техникасы мен оқ-дәрілерін, материалдық қорларын, үй-жайлары мен мүліктерін күзетуге, бөлімшелердегі істің жай-күйін бақылауға және құқық бұзудың алдын алу жөнінде дер кезінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ осы жарғыда белгіленген тәуліктік наряд қызметі бойынша басқа да міндеттерді орындауға арналған.

Тәуліктік нарядтың құрамы:

- бөлім бойынша кезекші;

- бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі;

- қарауыл;

- кезекші бөлімше;

- парк бойынша кезекші және тәуліктік кезекшілер;

- кезекші фельдшер және медициналық пункт бойынша тәуліктік кезекшілер;

- бақылау-өткізу пункті бойынша кезекші және оның көмекшілері;

- асхана бойынша кезекші және оның жұмысшылары;

- бөлім штабы бойынша кезекші;

- кезекші белгі беруші-барабаншы;

- шабармандар;

- өрт наряды.

Бөлім бойынша бұйрықпен күнделікті тағайындалатындар: бөлім бойынша кезекші; бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі; қарауылдың бастығы; парк бойынша кезекші; кезекші бөлімше; тәуліктік наряд пен жұмыстарға нарядқа бөлінетін бөлімшелер.

Ротаның тәуліктік нарядына:

- рота бойынша кезекші; (сержанттар)

- рота бойынша тәуліктік кезекшілер (жауынгерлер) тағайындалады.

Рота бойынша кезекшінің міндеттері:

Рота бойынша тәуліктік кезекші жауынгерлерден тағайындалады. Ол өзінің қол астында күзетуде тұрған қару-жарақтың, оқ-дәрі салынған жәшіктердің, рота мүліктерінің және жауынгерлер мен сержанттардың жеке заттарының сақталуы үшін жауап береді. Рота бойынша тәуліктік кезекші рота бойынша кезекшіге бағынады. Рота бойынша тәуліктік кезекші казармалық үй-жайдың ішінде кіре беріс есіктің жанында, қару-жарақты сақтауға арналған бөлменің жанында қызметін өткереді.

Рота бойынша тәуліктік кезекшінің міндеттері:

- рота бойынша кезекшінің рұқсатынсыз үй-жайдан шықпауға, қару-жарақ сақтауға арналған бөлмені үнемі қадағалауға;

- бөтен адамдарды осы үй-жайларға кіргізбеуге, рота бойынша кезекшінің рұқсатынсыз казармадан қару-жарақты, оқ-дәрілерді, мүліктер мен заттарды алып шығуға жол бермеуге;

- ротадағы барлық оқиғалар туралы, жарғыларда белгіленген рота әскери қызметшілері арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерін бұзушылық, байқалған ақаулар және өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы туралы дереу рота бойынша кезекшіге баяндауға, оларды жою жөнінде шаралар қабылдауға;

- жеке құрамды таңертеңгі тұру уақыты кезінде, дабыл немесе өрт болған жағдайда оятуға, күн тәртібіне сәйкес өз уақытында пәрмен беруге;

- үй-жайлардағы тазалық пен тәртіпті қадағалауға және әскери қызметшілердің оларды сақтауын талап етуге;

- әскери қызметшілердің салқын кезде, әсіресе түнгі уақытта киінбей үй-жайдан шығуына жол бермеуге;

- әскери қызметшілердің темекі шегуді, аяқ киім мен киімдерін тазалауды осыларға арналған орындарда жүзеге асыруына бақылау жасауға;

- ротаға тікелей бастықтары келген кезде «Тіктел!» деп пәрмен беруге, ротаға басқа ротаның әскери қызметшілері келгенде «Рота бойынша кезекші, мұнда кел!»деп шақыруға;

Тәуліктік кезекші рота бойынша кезекшінің қайда жүргенін әрқашанда білуге және әскери қызметшілердің қоғамдық тәртіп пен әскери нысандағы киім кию ережелерін сақтауын қадағалауға міндетті.

Кезекті тәуліктік кезекшіге отыруға, жарақтарын алып қоюға, киімінің түймесін ағытуға тыйым салынады.

Рота бойынша кезекші мен тәуліктік кезекшінің қызмет өткеруіне арналған орынның жабдықталуы:

- белгі қабылдайтын және бөлімшелерге хабарлайтын техникалық құралдар;

- байланыс құралдары (сымтетік, селектор);

- сағаттар;

- жарықтандырудың резервтік көздері;

- тәуліктік күзет құжаттамасы жазылған стенд болуы тиіс.

Тәуліктік күзет құжаттамасы жазылған стендте мынадай құжаттар болуы тиіс:

- кезекшіге және оның көмекшісіне қарсыластың ядролық, химиялық және биологиялық қару қолдану қаупі төнген жағдайдағы нұсқаулар;

- күн тәртібі;

- телефон станцияларының және лауазымды адамдарды шақыру белгілерінің кестесі;

- өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша нұсқау;

- құжаттар мен мүліктердің тізбесі;

- кезекшілікті қабылдап алу және тапсыру кітабы;

- ҚР ҚК-нің жарғылар жиынтығы;

Рота бойынша кезекшіде:

- кезекші беретін үлгілік пәрмендер мен белгілердің тізбесі;

- ротаның казармадан тыс тұратын әскери қызметшілерінің мекен-жайлары, сымтетіктері мен шақыру тәсілдері және шабармандар жазылған тізім;

- таңертеңгі дене шынықтыру жаттығуларына арналған киім нысандарының үлгілері;

- аумақты тазарту үшін ротаға бекітілген учаскенің сызбасы;

- қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді беру, науқастарды, сейілдемеге шыққандарды тіркеу кітабы;

- дабыл бола қалған жағдайдағы жолдама қағаздарымен бірге ұрыс машиналарының от алдыру құлыптары мен люктерінің мөрленген жәшіктегі кілттерінің жиынтығы болуы тиіс.

2. Қарауылдық қызметті атқару жауынгерлік тапсырманы орындау болып табылады және жеке құрамнан Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының барлық ережелерін дәл орындауды, мейлінше қырағылықты, батыл шешім мен бастама қабылдай білуді талап етеді. Қарауылдық қызметтің талаптарын бұзуға кінәлі адамдар тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қарауылдық қызметті атқару үшін қарауылдар тағайындалады. Жауынгерлік туларды, әскери және мемлекеттік объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ гауптвахтада және тәртіптік батальонда ұсталатын адамдарды күзету үшін тағайындалған қаруланған бөлімше қарауыл деп аталады.

Қарауылдар: гарнизондық және ішкі болып бөлінеді. Олар тұрақты және уақытша болуы мүмкін.

Гарнизондық қарауыл жалпы гарнизондық маңызы бар объектілерді, құрамалар объектілерін немесе бір-біріне жақын орналасқан бірнеше әскери бөлімдердің объектілерін күзету үшін, сондай-ақ гарнизондық гауптвахтада ұсталып отырған адамдарды күзету үшін тағайындалады.

Ішкі қарауыл бір әскери бөлімнің объектілерін күзету мен қорғау үшін тағайындалады.

Тұрақты қарауылдар қарауылдар кестесімен көзделеді. Уақытша қарауылдар қарауылдар кестесіне енгізілмейді.

Қарауыл құрамына: қарауыл бастығы, постылар мен ауысым саны бойынша қарауылдар, жұмысқа таратушылар, қажет болғанда қарауыл бастығының көмекшісі, қарауыл иттерінің қызметі жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі және көлік құралдарының жүргізушілері тағайындалады.

Штабтарды, бірлестіктер мен одан жоғарыларын басқару пункттерін күзету жөніндегі, сондай-ақ мекемелерді күзету жөніндегі қарауылдарға аталған адамдардан басқа бақылау-өткізу пунктінің қарауылдары, ал гауптвахта жанындағы қарауылға – шығарушылар мен айдауылдар тағайындалады. Объектілерді тікелей күзету мен қорғау үшін қарауылдар құрамына сақшылар бөлінеді.

Сақшы дегеніміз - өзіне тапсырылған постыны күзету және қорғау жөніндегі жауынгерлік тапсырманы орындайтын қаруланған әскери қызметші.

Сақшының өз міндеттерін орындайтын белгілі бір орын немесе аймақ пост деп аталады.

Постыға сондай-ақ қарауылдың техникалық күзет жабдықтары арқылы күзететін, сол жабдықтар орнатылған объектілер мен жергілікті аймақ та жатады.

Сақшылар объектілерді қорғауды объектілер маңындағы сыртқы және ішкі қоршаулар арасын немесе егер объектіде қоршау біреу болса, қоршау бойын ішкі жағынан патрульдеу жолымен, сондай-ақ мұнарадан бақылау әдісімен жүргізеді.

Күзетілетін объектілер орналасқан аумақтың сым қоршауларының арасы: төменгі бөлігі 5см-ден, жоғарғы бөлігі 15см-ден аспайтын арақашықтықта биіктігі 2метрден кем емес ішкі және сыртқы қоршаулары болуы керек. Ішкі және сыртқы қоршаулардың арақашықтығы жергілікті жағдайға қарай 10м және одан да көп болуы мүмкін. Қоршаулар арасынан сақшылардың жүруіне арналған ені 5м кем емес сүрлеу жол, қоршаудың сыртқы жағынан өтетін бақылау-қадағалау жолы жабдықталады.

Күзетілетін объектілерге кіре берісті бақылауға ыңғайлы болу үшін қоршаулардың арасына оқ өткізбейтін қоршауы бар, байланыс, дабыл жүйесі құралдарымен, қуатты жарықтандырғыш құралдармен және найзағайдан сақтану құрылғыларымен жабдықталған бақылау мұнаралары орналастырылады.

Жергілікті мемлекеттік үкімет және басқару органдарының келісімімен, заңдарға сәйкес әскери бөлімнің аумағынан тыс орналасқан күзетілетін объектілер айналасына тыйым салынған аймақтар мен аумақтар айқындалады. Тыйым салынған аймақтың шекаралары тұрған жерінде жақсы көрінетін қазақ және орыс тілдерінде жазуы бар көрсеткіштермен «Жүруге тыйым салынады» «Запретная зона»деп көрсетілуі керек. Тыйым салынған аймақтың шекарасын белгілеу туралы күзетілетін объектілердің бастығы жергілікті үкімет және басқару органдары арқылы жақын орналасқан елді мекеннің халқын дер кезінде құлақтандыруы тиіс. Тыйым салынған аймақтың шекарасына ортақ пайдаланып жүрген жолдар, тұрғынжай және қызметтік құрылыстар, өңделетін алқаптар және т.б. кірмеуі керек.

Пост аумағында сақшыға жергілікті жердің жағдайына қарай 50м кем емес жерді қарауға және атуға жағдай жасалуға тиіс. Сондықтан пост айналасы бұталардан тазартылған, ағаштары кесілген, шөптері шабылған, артық заттары жиналған болуы тиіс. Бірнеше постылары бар объектілер аумағындағы әрбір постының шекарасы жергілікті жерде көрсеткіштермен көрсетіледі.

Аса маңызды объектілерде қару-жарақ пен бақылау аспаптары қойылған арнайы инженерлік ғимараттар, сондай-ақ инженерлік бөгеттер, оқ өткізбейтін қоршауы және гранатқа қарсы торлары бар бақылау мұнаралары орналастырылуы мүмкін.

Әскери қалашықтан тыс орналасқан аса маңызды объектілерді және қарауыл үй-жайын қорғау үшін оқпаналар қазылады. Оқпана мүмкіндігінше көршілес постылармен байланысты қамтамасыз ететіндей қазылып, қарауыл үй-жайымен байланысатын байланыс құралдарымен жабдықталады.

Түнгі уақыттарда постыға және қарауыл үй-жайына кіре беріс маңы жарықтандырылуы керек. Жарықтандыру сақшы постыда тұрғанда немесе жүргенде барлық уақытта көлеңкеде болатындай етіп түсірілуі керек.

Пост сақшысының қарауыл бастығын, оның көмекшісін немесе жұмысқа таратушысын дереу (ең кемі 2 нүктеден, ал объектілерді патруль әдісімен күзету кезінде - әрбір 250м жүргеннен кейін) шақыра алатын байланыс құралдарымен жабдықталуы тиіс.

Әрбір постыларда өрт сөндіру құралдары - өрт сөндіргіштер, құм салынған жәшік, су құйылған бөшке, шелектер мен керек-жарақтар (балталар, сүймендер, ілгекті бақандар) болуы тиіс.

Сыртқы постыларда сырт киімдерін сақтауға арнайы жабдықталған пост «саңырауқұлағы» ал ішкі постыларда киімді ілу үшін шкаф немесе киім ілгіш болуы қажет.

Объектілерді патруль жасау жолымен күзету үшін ұзақтығы: күндіз -2 шақырым, түнде - 1 шақырым жол учаскесі; ал техникалық күзету құралдармен жабдықталған объектілерді күзету үшін күндіз - 3 шақырым, түнде - 2 шақырымға дейін жол учаскесі тағайындалады.

Күн ашық кезде, егер жергілікті жер жағдайы мүмкіндік берсе, күзетшілер күзетілетін объектілерге байқау мұнараларынан бақылау жасай алады.

Постыдағы сақшының бекітілген сүңгісі бар қаруы (жиналмалы дүмді автоматта – сүңгі пышақсыз) болуы керек. Қару: түнгі уақытта – тұрып атуға оңтайлы жағдайда; күндізгі уақытта - «белдікке» немесе тұрып атуға оңтайлы жағдайда; ішкі постыларда және жауынгерлік ту жанындағы постыда – ағаш дүмді автоматтар - «белдікке» күйінде, жиналмалы дүмді автомат – «кеудеге», карабин – аяқта болуы керек; жабдықталған оқжатарлар салынған сөмкелердің аузы жабық болуы тиіс.

Өрт сөндіру немесе табиғат апаттарының зардаптарын жою кезінде сақшыға қаруын «арқаға» күйінде ұстауға рұқсат етіледі.

Бақылау сұрақтары:

1. Рота бойынша тәуліктік кезекші қандай мақсатта тағайындалады?

2. Тәуліктік кезекші құрамына кімдер кіреді?

3. Рота бойынша тәуліктік кезекшіге кім тағайындалады?

4. Рота бойынша кезекшінің міндеттері қандай?

5. Рота бойынша кезекші қызмет атқаруына арналған орын қалай жабдықталады?

6. Рота бойынша тәуліктік кезекшіде қандай құжаттар болуы тиіс?

7. Қарауыл дегеніміз не?

8. Қарауылдың қандай түрлерін білесіңдер?

9. Қарауыл құрамына кімдер кіреді?

10. Сақшы дегеніміз не?

11. Күзетілетін объектілерді қоршауға қандай талаптар қойылады?

12. Аса маңызды объектілерде қандай арнайы құрылыстар салынады?

13. Постыдағы сақшының қаруы қандай жағдайда болуы керек?