лекция. Тақырыбы: Әскери топография.

 

Лекция жоспары:

1. Жергілікті жерде картасыз бағдар алу.

2. Жергілікті жерде карта бойынша бағдар алу

Лекция мақсаты: Студенттерді жергілікті жерде картасыз бағдарланудың тәсілдеріне үйрету. Студенттерге жергілікті жерде карта бойынша бағдарлануға және картаны жергілікті жер сызығы бойынша бағдарлауға үйрету

Лекция мәтіні: Әскери топография жергілікті жерді зерделеу тәсілдерін, ондағы бағдарлауды және ұрыс қимылдары мүддесіндегі жергілікті жерді бағалаумен байланысты басқа да мәселелерді қарастырады.

Жергілікті жер әскерлердің ұрыстық әрекетіне елеулі ықпал етеді. Жергілікті заттар мен жер бедерін пайдалана отырып, әскерлер жасырын қозғалысты жүзеге асырады; қарсылас жаппай жою қаруын қолданғанда радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану мәселелерін шешеді.

Жергілікті жерде табиғи және жасанды объектілер болады. Олар біркелкі белгілері бойынша топтарға бірігеді. Ол топографиялық элементтер деп аталады. оған жататындар: бедер, елді мекендер, өндіріс кәсіпорындары, жол торабы, өзендер, көлдер т.б.

Жер бетін құрайтын біркелкі тегіс еместіктер жергілікті жер бедері, ал адам еңбегімен немесе табиғатпен жасалған, сол жерде орналасқан заттардың барлығы – жергілікті заттар деп аталады.

Бедер жергілікті жер ерекшелігінің ең маңызды көрсеткішіне жатады. Ол бақылау пункттері, орын таңдауға, атыс позицияларын, траншеялар, байланыс жолдарын және әскердің орналасуына үлкен әсерін тигізеді. Шағын бөлімшелер мен жекелеген жауынгерлердің әрекеттері үшін қорғандар, үйінділер, шұңқырлар, жырмалар, ойықтар, снарядтар мен миналардың жарылысынан пайда болатын шұңқырлардың ерекше мәні бар. Олар қарсылас оғы астынан жүгіре өту мен жер бауырлай жылжу кезінде кеңінен пайдалынылады.

Ұрыста жергілікті жерді зерделеп, барлау жүргізу және оны дұрыс бағалай білу ғана емес, сонымен қатар оған ыңғайлана білу қажет. Жергілікті жерге дұрыс бейімделу дегеніміз жергілікті заттарды жасырын қозғалыс үшін толық пайдалану және қаруды, әскери техниканы ең жақсы деңгейде қолдану.

Бағдарлану туралы түсінік.

Әрбір жауынгер ұрыс даласында табысты әрекет етуі үшін, тек қаруды меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті жерде жақсы бағдарлана білуі қажет. «Бағдарлану» сөзі латынның oriens, яғни “шығыс” деген сөзінен шыққан. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені шығыс ежелгі уақыттан бері маңызды тұс болып саналған: шығыс жақтан күн шығады. Ал Күн – Жердегі жылу мен жарықтың қайнар көзі.

Жергілікті жерде бағдарлану – яғни бұл көкжиек тұстарына қарай бағыт табу – солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс, айналадағы жергілікті заттар қатынасында, бедер пішінінде өз тұрған орнын анықтау; қозғалыста керекті бағыт табу және осы бағытта жолда ұстанып жүру.

Бағдар деп жақсы айқындалатын жергілікті заттар мен бедер элементтері қатынасында өз тұрған орнын анықтап, қозғалыс бағыты және нысаналар мен объектілердің орындарының көрсетілуін айтамыз. Бағдардың жергілікті жерде көзге бірден көзге түсуі үшін, бағдар маңында орналасқан басқа элементтердің пішіні, мөлшері немесе бояуы жағынан ерекше айқындалып тұруы тиіс.

Жергілікті жерді зерделеу және есте сақтау өз маңайынан үш-төрт ерекше көзге түсерлік бағдарларды іріктеп алудан басталады. Олардың сыртқы түрі мен өзара орналасуын жақсылап есте сақтап және ол қажет болған жағдайда оны маяк ретінде өз тұрған орнын анықтап тексеру немесе қажетті бағытта қозғалыс жолын табу үшін қолдану керек.

Көкжиек тұстарын анықтау тәсілдері.

Көкжиек тұсы жергілікті жерде құлабыз (компас), аспан шырақтары және жергілікті белгілер бойынша анықталады. Көкжиек тұсын анықтаудың көп тараған тәсілі – құлабыз көмегімен анықтау. ҚР ҚК-нде Адрианов құлабызы кеңінен қолданылады. Құлабыз корпусында 120 бөлік белгілермен сақина орналастырылған, оған екі қатар сандар салынған.

Бөлік белгілерінің үстінде тікелей орналасқан сандардың бір қатары сағат меңзерінің жүрісі бойынша градустық шамада берілген; сағат меңзері жүрісіне қарсы орналасқан сандардың келесі қатары бұрыш өлшегіштің бөлік белгілерін білдіреді. Корпустың үстіңгі жағына лимб айналасында айналмалы ойықты және қарауылды қақпақ бар. Ол кез келген бағытты нысанаға алады, ол кезде қарауыл үнемі бақыланатын заттың бағытына бағытталады.

Көкжиек тұсын анықтауда тежеуішті босатып, құлабызды көлденең орнатып, оның магнит меңзерінің солтүстік ұшы шкаланың нөлдік бөлік белгісіне қарсы тұруы тиіс. Құлабыздың бұл орналасуында В-Ю-З-әріптері – шығыс, оңтүстік, батысты , ал нөлдік бөлік белгісі – солтүстік бағытын көрсетеді.

Көкжиек тұстары Күн бойынша мейлінше тез анықталады, бірақ жуық нәтижелі болады.

Көкжиек тұстары Күн бойынша сағат көмегімен күндіз, кез келген уақытта келесі әдістермен анықталады. Сағат көлденең орналастырылып және сағат тілінің ұшы Күнге қарай бағытталып бұрылады. Сағат меңзері мен күнге бағытталған циферблаттағы 1 санының бағыты арасын ортасынан бөлетін түзу оңтүстік бағытын көрсетеді. Түске дейін 13 сағатқа дейінгі, ал түстен кейін 13 сағаттан өткен доғаны ортасынан бөлеміз. Оңтүстік бағытын біліп алған соң, көкжиктің басқа да тұстарын оңай анықтауға болады.

Көкжиек тұсы түнгі ашық аспанда әрқашан солтүстік бағытта орналасқан Темірқазық жұлдызы бойынша анықталады. Оны жетіқарақшы шоқжұлдызымен оңай табуға болады.

Ол үшін көрсетілген шоқжұлдыздың шеткі екі жұлдызы а және в арқылы өтетін түзуді ойша жалғастырамыз; осы екі жұлдыздың арасындағы қашықтықтай қашықтықты бес рет көзге көрінетіндей түзу бойына саламыз, соңғы қашықтықта Темірқазық жұлдызы көрінеді.

Көкжиек тұстары мейлінше жиі кездесетін келесі жергілікті белгілер арқылы шамалап анықталады.

Ағаш қабығының солтүстік жағы бұжырлау және күңгірттеу болып келеді. Бұл әсіресе қайыңның қабығынан байқалады.

Мүк пен қына ағаш діңі мен тастың солтүстік жағына шоғырланады. Ауа райының ыстық кездерінде қылқан жапырақты ағаштардың оңтүстік беткей жағына шайыр көбірек жинақталады.

Құмырсқалар өз илеуін ағаштың, түбірдің немесе бұтаның оңтүстік жағына салады. Илеудің оңтүстік жағы түйетайлы, солтүстік беткейі одан гөрі қиялау келеді.

Жемістер мен жидектер оңтүстікте ерте өң беріп, пісіп жетіле алады.Қар оңтүстік беткейде тезірек ериді (еру кезінде , қарда оңтүстікке қарай созылған, сопақша келген шұңқыр пайда болады).

2. Қазіргі жағдайда жергілікті жерде бағдарланудың негізгі түрі топографиялық карта бойынша бағдарлану болып табылады. Карта бойынша бағдарлану – картада бағдарланудан, ондағы тұру нүктесіне берілетін анықтамадан және картаны жергілікті жермен салыстырудан тұрады.

Картаны бағдарлау – горизонтоль тегістік жағдайын ондағы бағыттар жергілікті жердегі тиісті бағыттарға параллель болатындай ету. Мұндай жағдайда карта жақтауының жоғарғы (солтүстік) жағы – солтүстікке, ал төменгі жағы – оңтүстікке, оң жағы – шығысқа, сол жағы – батысқа бағытталады. Картаның бағдарлануы жуықтап, көзбен не сызғыш не компастың көмегімен дәл орындалуы мүмкін.

Жуықтап бағдарлану үшін белгілі тұру нүктесінен картада бейнеленген қоршаған жақын бағдарларға ойша жүргізілген бағыттар жергілікті жердегі осы заттардағы бағыттармен шамамен сәйкес келетіндей етіп картаны бұрса жеткілікті.

Картаны шамамен горизонт жағына қараған бағытпен бағдарлайды. Алдына ала горизонт жағын анықтайды, сосын картаның жоғарғы жақтауы – солтүстікке, ал оң жағын, төменгі және солтүстігі- шығысқа, онтүстікке және батысқа қарайтындай етіп етіп бұрады.

Картаны жергілікті жер сызығы, бағдар мен компас бағыты бойынша неғұрлым толық бағдарлауға болады.

2. Картаны жергілікті жер сызығы бойынша бағдарлау картада бейнеленген түзу сызықты жергілікті заттар болған жағдайда қолданылады. Жергілікті жердің қандай да бір сызығында тұрып, картадағы сызықты зат бейнесінің бағыты оның жергілікті жердегі бағытымен сәйкес келетіндей, ал оның сол не оң жағындағы басқа объектілердің бейнесі картаның да сондай жағында болатындай етіп картаны бұру керек .

Егер тұру нүктесі белгілі және картада бейнеленген бағдарлар болса және тұру нүктесінен көрініп тұрса, онда картаны сол бағытты бойынша бағдарлайды. Сызғышты картадағы жүру нүктесіне қойып, қандай да бір көрінетін бағдармен сызғыш бойын нысаналап, таңдалған бағдар нысаналанған сызықтың бойында болатындай етіп картамен бірге бұрады. Нысаналау кезінде сызғыштың соңын өзіне қаратып, картада бағдарға қарап тұратындай етіп ұстайды.

3. Компас бойынша картада бағдарлануда алдымен оны шамамен бағдарлайды. Сосын компасты картаға оның лимбасының нөлдік диаметрі карта жақтауының сол жақ бүйірімен сәйкес етіп қояды. Үстіне компас қойылған картаны нұсқардың солтүстік ұшы бөлініске жеткенше бұрады, ол магнитті нұсқардың ауысуына сәйкес келеді, оның көлемі жақтаудың оң жағының астында көрсетіледі. Егер ауысу компас бөлінісі бағасынан (30) кіші болса, оны есептемейді.

Өзінің тұру нүктесі картада бейнеленген бедерге тән формалар мен бөліктер бойынша төмендегі тәсілдердің бірімен : көзбен жуықтап бағдарлау, жүрілген қашықтықты өлшеу, бағдар бойынша белгіленген таңбалар анықталады.

Жақын бағдар бой ынша тұру нүктесін анықтау үшін картаға қарап, ондағы және жергілікті жердегі екі-үш жақын жергілікті заттар мен бедер элементтерін тану керек. Сосын таңылған бағдарға, оған дейінгі бағытқа сондай-ақ олардың өзара орналасуына дейінгі “көзбен” өлшеп анықталған қашықтықты картадағы тұру нүктесінің масштабын ескере отырып белгілеу керек.

Тұру нүктесін жүріп өткен қашықтықты өлшеу арқылы анықтауда бұл қашықтықты картадағы дәл танылған жергілікті жер нүктесінен бастап өлшеу керек және оны карта масштабындағы қозғалыс бағытына қою керек.

Бағдар бойынша белгіленген таңбалар әдісінің мәні мынада: бағдарланған картада сызғышпен екі-үш жергілікті затқа белгі қойылып, одан бағыттар жүргізіледі; бұл сызықтардың қиылысы тұру орны болып шығады. Мұнда бағдарлардың дәл танылуы, ал сызғыш шеті оның картадағы бейнесінің дәл ортасынан өтуі маңызды.

Картаны жергілікті жермен салыстыру. Жергілікті заттар мен бедер элементтерінің тұру нүктесінің айналасында орналасқандардың бәрін тауып, сондай-ақ картада көрсетілген жергілікті жер объектілерін тану болып есептеледі.

Картада бейнеленген затты табу үшін картаға қарап, ондағы өзнің тұру орнын анықтау керек. Карта бағдарына ығыстырмай бетін затқа қаратып тұрады да, жергілікті жерден оған дейінгі қашықтықты көзбен бағалап, ойша карта масштабындағы бұл қашықтықты өзінің тұру нүктесінен зат бағытына қарай қояды. Қойылған қашықтықтан көрінетін жергілікті заттың картадағы бейнесін табу керек.

Картада бейнеленген жергілікті жердегі затты табу картаға қарап, ондағы өзінің тұру орнын анықтағаннан кейін орындалады. Картада бағдарланған жағдайда тұру нүктесінің жергілікті затқа бағытын табады (сызғышты картадағы тұру нүктесіне және заттың шарты белгісіне қою арқылы табуға да болады), бұл бағытқа картада өлшенген бұл нүктелер арасындағы қашықтықты апарып, жергілікті жердегі затты іздестіреді.

4. Жергілікті жерде карта көмегімен жасалатын қозғалыс.

Ұрыс жағдайында да, бейбіт уақытта да карта көмегімен түрлі жағдайларда: жолмен және жолдан тыс, жабық жерлерде, түнде және көруге қиыншылық туатын басқа да жағдайларда қозғалыс жасауға тура келеді. Берілген маршрут бойынша бағытты қателеспей ұстап жүру үшін қозғалысқа мұқият дайындалу және жолда үнемі өзі тұрған жерін анықтап отыру қажет.

Жол бойымен қозғалыс кезінде алдын ала картамен жақсылап зерделеп алып, қозғалыс маршрутын : жол сипатын , жол бойындағы құрылыстарды , көкжиек тұсына қатысты жалпы бағыт жолын , өтеуге қиын учаскелердің орналасуын және оларды айналып өтуге болатын жолдары , жол айрығы мен жол қилыстарын есте сақтау керек. Сонан соң картада қозғалыс дұрыстығын бақылау үшін қажетті маршрут бойынша негізгі бағдарлар таңдалынып , іріктеледі. Бүкіл маршруттардың ұзындығы мен таңдалынып алынған бағдарлар арасындағы қашықтықтар өлшенеді және жазылынып алынады.

Қозғалыс уақыты картада бағдарналған болуы тиіс. Бұл бағдардан келесі бағдарғы жылжи отырып, картаны жергілікті жермен жүйелі түрде салыстырып отыру, жүріп өткен қашықтықпен бағдарлар бойынша қозғалыс дұрыстығын бақылау кез келген нүктеде таңдалып алынған бағдар қатынасындағы маршрутта өз тұрған жерінде және қозғалыстың соңғы пунктін айқын біле алу үшін қажет. Әсіресе бағдарлану дұрыстығына күмән туғызатын жерлерде қорғану кезінде мұқият болу керек.

Жолдан тыс қозғалыс жасау үшін маршрут картада жолдың әрбір бұрылысы жақсы танылатын жергілікті жер бағдарларымен көрсетілетіндей болып белгіленеді. Маршрут бағыты мүмкіндігінше жергілікті заттардың (орлар, байланыс желілері т.б.) түзу сызықты бағыттарымен сәйкес келуі керек. Бір бағдардан келесі бағдарға қозғалу кезінде, жолдағы қозғалысқа қарағанда, карта бойынша жиі бағдарланып, оны жергілікті жермен сәйкестендіріп отыру қажет.

Жабық жерлерде қозғалыс бағыты компас бойынша бағдарланып, ұсталынады. Сондықтан да қозғалыс маршрутын зерделеп, таңдағанда азимут бойынша қозғалыс үшін мәліметтер міндетті түрде дайындалады. Ормандағы қозғалыс кезінде бағдар ретінде тоғай жолдарын, өзендерді, т.б. пайдалануға болады.

Түнгі қозғалыста бағдарлар жол бойындағы бір-біріне жақын қашықтықтағы нысандардан таңдап алынады. Бағдар ретінде мүмкіндігінше көрнекті және қараңғыда тану оңай болатындай заттарды, мысалы, биіктікте орналасқан заттар, көпірлер, ұшы көрінетін биіктіктер пайдалану қажет.

Бақылау сұрақтары :

1. Әскери топография нені зерделейді?

2. Топографиялық жергілікті жер элементтерін атаңыздар.

3. Жергілікті жерде бағдарлану нені білдіреді?

4. Таңдалып алынған бағдарлар қандай талаптарды қанағаттандыра алуы қажет?

5. Көкжиек тұсын күндіз және түнде анықтаудың қандай тәсілдері бар?

6. Картамен бағдарлану дегенді қалай түсінесіз?

7. Картамен бағдарланудың қандай тәсілдерін білесіз?

8. Карта жергілікті жермен қандай мақсатта салыстырылады?

9. Картадағы зат бейнесін табу үшін не істеу керек?

10. Жергілікті жердегі затты карта бойынша қалай іздестіреді?