Бақылау сұрақтары

1. Ежелгі Қытайдағы саяси ойдың даму бағыттарын атаңыз

2 Ежелгі Үндістандағы саяси ойдың даму ерекшеліктерін атаңыз.

3. Антикалық Грекиядағы саяси ойдың ерекшеліктері қандай болды?

4. Ежелгі Римнің саяси ойы туралы баяндаңыз?

5. Орта ғасырлардағы Европадағы саяси ой?

6. Орта ғасырлардағы мұсылмандық шығыстың саяси ойының дамуы?

7. Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ой?

8. Жаңа замандағы саяси ойдың өркендеуі?

3 дәріс.Саясат қоғамдық құбылыс ретінде.

Қоғамтану ғылымында ертеден, сонау Макиавелли заманынан келе жатқан қағида бойынша, саясат – өзіне тән заңдылықтары мен қағидаттары бар, адамзат өмірінің бір саласы болып табылады.

Қазіргі заманғы қоғамда саясаттан тәуелсіз үрдісті немесе құбылысты табу өте қиын. Саясат біздің өмірімізді шар тараптан баурап алып, оның ажырағысыз құрамдас бір бөлігіне айналып отыр. Қоғам тұтасымен , сондай-ақ оның құрамдас бөлігі ретінде жеке адам да саясаттың арыны күшті ағынында, оның ықпалымен немесе оған ықпал ете отырып, бірге ағып келе жатыр.

Ғылыми айналымға “политика - саясат” терминін көне заманғы грек философы Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) енгізген болатын. Оның түсіндіруі бойынша саясат дегеніміз – бұл “ортақ игілік” пен “бақытты өмірге” жетудің өркениетті формасы. Мұндай форма ретінде ол антикалық полисті (қала-мемлекетті) қарастырады.

Жалпы “саясат” сөзінің түп төркіні ретінде көне гректің жоғарыда аталған “polis” яғни “қала-мемлекет” сөзімен бір қатарда, “polites” (азамат), “politea” (конституция), “politicos” (мемлекеттік қайраткер) деген сөздері аталады. “Саясат” сөзінің мәні мен мазмұны, бұлардың барлығында да мемлекет пен оны құрайтын азаматтардың қауымдастығына, мемлекетті басқару өнеріне байланысты ашылады.

Дәстүрлі түсінік бойынша саясат дегенде, ең әуелі көз алдымызға мемлекеттік және қоғамдық істер, адамдардың, әлеуметтік топтар және таптардың, халықтар мен мемлекеттердің билікке қатысты өзара қарым-қатынастары келеді.

Бүгінгі таңда саясат туралы негізінен төрт түрлі тұжырым кең тараған:

1) Саясат - бұл үстемдік және бағыныштылық, дау-жанжал және таптар күресі, топтар мен адамдар (ішкі саясат) және мемлекеттер (сыртқы саясат) арасындағы қатынастар;

2) Саясат – бұл үстемдік, билік, сондықтан да, ол мемлекет (К.Шмитт, Ж.Френд); саясат – билік, зорлық (Платон); саясат – бұл қызмет (Аристотель);

3) Саясатты оның атқаратын қызметі арқылы түсіндіру: басқару, тәртіпті қамтамасыз ету, соғыс жүргізу және т.б.;

4) Саясатты оның көздеген мақсаттары арқылы түсіндіру. Бұл тұжырым саясатты күрделі, көп қырлы құбылыс ретінде қарастырады.

Саясат дегеніміз ең әуелі үлкен әлеуметтік топтар – таптар, ұлттар, әлеуметтік қабаттар және топтардың арасындағы қатынастарды реттеуге қатысты қызмет саласы болып табылады. Саясаттың бұл ерекшелігі оның жеке тұлғалардың іс-әрекетіне тәуелді болатындығын тіптен де жоқ шығармайды.

Саясаттың мәні, адамдар қауымының іс-әрекетіне ерік-жігер және т.б. тәсілдер арқылы әсер етіп, ортақ мүдделер мен мұқтаждықтарды қанағаттандыру үшін, олардың еркі мен жігерін саналы бағыттауға мүмкіндік беретін биліктік сипатынан көрінеді.

Саясат – дамудың белгілі бір кезеңінде жеке адамдардың арасындағы қатынастарды қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың көмегімен реттеудің мүмкіншілігі шектелген кезде, қоғамның тұтастығын сақтау үшін, жекелеген басбұзарларды әлеуметтің айыптаулары, көпшіліктің қарғаулары арқылы жөнге салудың мүмкін еместігі анықталғанда, оларды қатаң жазалар қолдану арқылы тәрбиелейтін айрықша құрылымдарға қажеттік туындағанда, пайда болатын әлеуметтік өмірді реттеудің ерекше бір түрі болып табылады.

Саясаттың табиғатын сан қырлы, сонымен бірге жүйелі қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру барысында алуан түрлі, кейде тіпті бір – біріне мүлде кереғар: теологиялық, натуралистік, сыншыл - рационалдық және әлеуметтік және т.б. түсініктер қалыптасқан.

Теологиялық танымның түп-төркінінде саясатты түсіндіруге бастау етіп алынатын абсолюттік ақиқат немесе ұстаным ретінде жаратушының жасампаздығы, ұлы құдіретті күштің кез келген саяси құбылысқа қатыстылығы деген қағидаттың (принциптің) алынатындығы жатыр.

Ал натуралистік бағыттың өкілдері саясаттың табиғатын әлеуметтік фактордан бөлек қарастырып, оның негізінде қоршаған табиғи ортаның ықпалы мен адамның физиологиялық ерекшелігі жатыр деп түсіндіреді. Сол себепті де саясаттың табиғатын түсіндіруде натуралистік бағыттың өкілдері теориялық тұрғыда геосаясат, биосаясат және психотанымдық саясат бағыттарына жіктеледі.

Саясаттың табиғатын түсіндіруде саясатқа географиялық ортаның ықпалын басты фактор ретінде қарастыратын бағыттың негізін қалаушы ретінде француз ғалымы Ж.Боден айтылады. Алайда, қоршаған ортаның саясатқа ықпалы туралы антикалық дәуірдің ойшылдары Платон, Аристотель және т.б. өз ойларын білдіргендігі белгілі. Ж. Боденнің идеяларын онан әрі дамытқан зерттеушілер ретінде Ш.Монтескье, Г.Маккиндерлерді айтамыз. Қазіргі заманда географиялық, кеңістіктік-территориялық факторлар (өзен коммуникациялары, теңізге шығу мүмкіндігі, климат, халық билігінің ахуалы, пайдалы қазбалары және т.б,) кез – келген мемлекеттің саяси бағытын айқындаудағы стратегиясының ажырағысыз құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Биологиялық бағыттың өкілдері саяси өмірді, адамдардың табиғи генетикалық тума қасиеттерінен туындайтын ерекшеліктері мен сапасына байланыстырып түсіндіреді. Биосаясаткерлердің түсіндіруі бойынша саясат пен биология өмірдің құрамдас бөліктері ретінде бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Саяси салада биологиялық факторлардың маңызды екенділігі ерте замандардың өзінде мойындаған болса да, ол ғылымның зерттеу объектісі ретінде орта ғасырларда қарастырыла басталды. Оны мұқият қарастырған ғалымдар қатарында Ч. Ламброзо, Н.Макиавелли, Т.Гоббс, Дж. Локкты және де осы заманғы көптеген ғалымдарды айтуға болады.

Биосаясаткерлер маңызды фактор ретінде: адамдардың жынысын, ден-саулығын және табиғи қабілеттілігін, оның ширақтылығы мен күйзелістік ахуалдағы физиологиялық индикаторларын қарастырады.

Жалпы адами заңдылықтарға арқа сүйейтін, өмірді әлеуметтік-саяси реттеуші және қалыптастырушы механизм ретінде, биосаясат ғылыми қалыптасудың бастапқы кезеңін бастан кешіруде. Психотанымдық бағыттың саясаттану ғылымындағы жай-күйі де осындай қалде деген болар едік.

Натуралистік теорияларға балама ретінде сан-алуан теориялардың шоғырын бірлестіріп, қамтыған әлеуметтік тұғырнаманың да (концепцияның) саясаттың табиғатын түсіндіруде өзіндік ерекшеліктері мен құнды ұстанымдары бар. Мысалы осы салаға енетін марксизм теориясы өкілдері саясаттың негізінде экономикалық мүдделер жатады десе, дәстүрлік, батыстық консерватизм өкілдері құқықтық қатынастар жатады дейді. Ал, М. Вебер саясаттың негізіне дін мен мәдениетті қояды.

Алайда көптеген зерттеушілер саясаттың табиғатын ашуға сыншыл - рационалдық бағыт қана нақты жауап бере алады деп санайды. Бұл бағыттың мәні саясаттың табиғатын ашуда оған әсер ететін сыртқы факторларға емес, оның ішкі себептері мен ерекшеліктеріне назар аударуды талап ету болып табылады. Бұл бағыт шеңберінде де саясаттың табиғатын ашатын сан-алуан теориялар өмірге келген, олар қатарында: саясаттың пайда болуы мен дамуының конфликт және консенсус секілді ішкі бастауларына арқа сүйейтін элитарлық, жүйелік, құндылықтар теорияларын атауға болады. Дау-жанжалдар (Конфликтологиялық) теориясының жақтаушылары (К.Маркс, Р.Дарендрофф және т.б.) қоғам өмірінің түпкі мәні мен маңызы дау-жанжалдардан (конфликттерден) көрінеді дейді. Осыдан келіп олар саясаттың табиғатын түсіндіруде дау-жанжалдарға басымдық береді.

Сонымен бірге саясатты тек қана белгілі бір идеялар мен доктриналарға байланысты қарастыратын болсақ, қателескен болар едік. Үйткені саясат әлеуметтік-тарихи практиканың ерекше бір түрі болып, өзіндік объективтік логикадан тұрады. Сондықтан да саясат саласындағы байланыстар мен қарым-қатынастардың объективтік жағын тануды, оның субъективтік жағынан бөліп алып қарастыру дұрыс болмаған болар еді.

Саясат алуан қырлы құбылыс. Ол субъективті, сонымен бірге объективті де, ол жігер және ақыл түрінде де, іс-әрекеттің жобасы және іс-әрекеттің нақты түрі ретінде де, адамдар арасындағы қатынастардың көріністері мен оларды саяси билік пен басқарудың құрылымы түрінде объективтендіру арқылы да көрінуі мүмкін.

Саясат түсінігі өзара тығыз байланысты құбылыстар мен үрдістердің күрделі жүйесін қамтиды. Бұлар:

А) әлеуметтік топтар мен олардың мүддесін жүзеге асыратын мекемелердің, өздерінің немесе бүкіл қоғамның мүддесін қорғау үшін қоғамдық өмірді басқарудағы ұйымдасқан қызметі;

Б) мемлекеттік билікті жеңіп алу, ұстап тұру және оны өз мақсаттарына пайдалануға байланысты әлеуметтік топтар мен адамдар қауымдастықтары арасындағы қоғамдық қатынастар;

В) саяси қызмет пен қатынастардың ажырамастай құрамдас бөлігі болып табылатын саяси сана және саяси мәдениет;

Г) саяси көзқарастардың, мақсаттар мен мүдделердің жарыққа шығып, саяси биліктің жүзеге асуын қамтамасыз ететін саяси ұйымдар мен саяси ережелердің жиынтығы.

Саясатты ғылыми талдау, осы мәселенінің мазмұнын ашу үшін кемінде үш түрлі өлшемді өз ішіне алуы шарт:

1. Институциональдық өлшем – институттар жиынтығы, билік жүргізу және басқарудың әрекет ететін, биліктік қатынастардың рәсімделетін және қызмет ететін кеңістігі ретінде;

2. Нормативтік өлшем – әлеуметтік топтардың ортақ мүдделеріне тәуелді, саяси іс-әрекеттің құндылықтары мен ережелерінің, мақсаттары мен міндеттерінің жиынтығы ретінде;

3. Процессуальдық өлшем – мемлекетті басқару және билікті жүзеге асыру барысында, баршаға ортақ мүдделер мен мақсаттарды қорғауды қамтамасыз етуде, іске асырылатын іс-әрекеттердің жүйесі ретінде.

Жоғарыда аталған элементтердің бір де бірі, аталған өлшемдер де саясаттың алуан қырлы құбылыстарын толық өз мәнінде ашып бере алмайды. Осынау өзіндік ерекшелігімен, өзіндік болмыс – бітімімен, саясат әлеуметтік өмірді – нақты саяси болмыс ретінде бейнелейді.

Саясат әлеуметтік топтардың (таптар, этностар, әлеуметтік қабаттар) түпкілікті мүдделерін бейнелейді. Олардың мүдделері олардың өмір сүруінің материалдық ахуалына байланысты қоғамда алатын әлеуметтік орынынан туындайды. Түпкілікті мүдделер әлеуметтік топтың мүддесін тұтастай қамтитын және де саналы түрде қалыптасып, осы әлеуметтік қабаттың мұқтаждығын қорғайтын болса, онда ол саяси мүддеге айналуы мүмкін. Әлеуметтік топтың ахуалының көрінісі ретінде және олардың түпкілікті мүдделерін қорғау арқылы саясат қоғамдық сананың формасы болып табылады.

Саясаттың объективті негізі болып түпкілікті мүдделер табылса, ал оның субъективті негізі ретінде билік тұтқасына деген ұмтылыс көрінеді.

Саясатта адамдардың мазмұны жөнінен алуан түрлі экономикалық, әлеуметтік, мәдени, идеологиялық және т.б. мүдделері көрініс табады. Алайда кез – келген мүдде, саяси мүддеге айнала алмайды. Саяси мүддеге төмендегідей ерекшеліктерді өз бойында қамтыған мүдделер ғана айналуы мүмкін:

1) әлеуметтік субъектілердің, яғни үлкен әлеуметтік топтардың (таптар, үлкен әлеуметтік қауымдастықтар), тарансұлттық корпорациялардың және т.б. мүддесін бейнелеу арқылы ұжымдық сипатта болу;

2) ұйымдасқан сипатта болу, себебі аталған топтар өз мүдделерін қорғау мақсатында ұйымдасып, арнайы ұйымдасқан ұйымдар құрады: саяси партиялар, лоббистер тобын, қоғамдық-саяси қозғалыстар және т.б. , бұлар шын мәнінде саясаттың субъектісі ретінде оның қозғаушы күші де болып табылады;

3) инстуционалдық деңгейде (қалыптасқан процедуралық қағидалармен, механизмдермен, жекелеген заңдық актілермен және т.б) немесе қоғамдық өмірдің бір саласында өзге ұжымдық мүдделермен (көлбеу де тігінен де) дау-жанжалдық сипатта болу. Мұның өзінде аталған қарама-қайшылықтардың өздігінен реттелуінің мүмкіндігінің болмауы және сыртқы ықпалды қажет етуі.

Міне осындай мүдделер саяси сипат алады және тек қана биліктің араласуымен реттеледі. Билік бұл арада жоғарыда аталған қажетті сыртқы ықпал болып табылады.

Билік субъектінің (жеке адамның, адамдар тобының, ұйымның, партияның, мемлекеттің) өзінің еркін өзге адамдарға жүргізу, олардың іс-әрекеттерін, қимылын мәжбүрлеуші немесе мәжбүрлемейтін әдістер мен механизмдерді қолдану арқылы басқару, ықпал ету болып табылады.

Осылайша саясат сан-алуан (экономикалық, мәдени және т.б.) қоғамдық құбылыстарға араласуы мүмкін, бұлар қатарында биліктің ұдайы қатысып отыруын қажет ететіндер (мысалы, азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қорғау, халықаралық қатынастарды дамыту және т.б.), сондай-ақ уақытша саяси мәнге ие болатын (табиғи апат болған жағдайда мемлекеттік көмектің берілуі) құбылыстар да бар. Кез келген қоғамдық мәселе қоғамның тұтастай мүддесіне қатысты болса және биліктің араласуын қажет ететін болса, онда, ол саяси мәселеге айналуы мүмкін. Саясат экономикалық, мәдени, діни және де сан – алуан осы секілді құбылыстарды қамту арқылы белгілі бір деңгейде динамикалық, жылжымалы шекара шеңберінде өрбиді.

Сонау біздің заманымызға дейнгі 430 жылы антикалық кемеңгер Перикл: “саясатты тек таңдаулылар ғана жүзеге асыра алады, ал оны көпшілік қауым әңгіме етуі мүмкін” – деген екен. Шындығында да солай, саясилық әлемі өзінің сан алуан формалары мен қырлары арқылы қоғамның барша мүшелерінің мүдеделіріне әр түрлі деңгейде әсер етіп, өзіне баурап отырады. Сондықтан да адамдар саясилық әлемінің мәні мен мазмұны туралы, оның құрылымы мен қызметі, іске асу тетігі мен тәсілдері, елдегі, аймақтағы, қаладағы, елді мекендегі билік тізгіні кімнің қолында, кімдер шешім қабылдайды, кімдер орындайды, қабылданып жүзеге асырылған шешімдердің салдарына кімдер жауапты деген мәселелер туралы жалпылама түрде болса да хабардар болуы қажет.

Саясат – қоғамдық өмір сүрудің, қажетті бір қыры, аспектісі болып табылады. Саясатты анықтау, оған анықтама беру саясаттанушылар арасында ұзақ жылдарға созылған пікір-талас тудырған.

Олардың барлығын қамтып шығу тіптен мүмкін емес, солай болса да біз олардың бірқатарын келтіре кеткенді жөн көрдік:

“Саясат – мемлекетаралық деңгейде, мейлі ол бір мемлекет ішіндегі адамдар арасында болсын, шындап келгенде, билікке қатысу мен билікті үлестіруге ықпал етуге ұмтылу болып табылады” (Макс Вебер);

“Саясат – ол басқару үрдісі” (О. Ренни);

“Саясат – қоғам ішіндегі құндылықтарды үлестіру билігі” (Д. Истон);

“Саясатты зерттеу қоғамдық маңызы бар шешімдерді зерттеу болып табылады” (Р. Шнайдер).

Қалай болғанда да, бұл анықтамаларда алуан-түрлі болғандықтарына қарамастан, саяси әлемнің нақты бір қырын ашатын рациональдық жауаптың барлығы рас, өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, саясат алуан қырлы құбылыс. Оны тану да алуан қырлы болмақ. (1 кескінді қараңыз).

Мұның жарқын мысалы ретінде бүгінде АҚШ – та саяси ғылымдар өз алдына тәуелсіз 26 мамандық негізінде дамып келе жатқандығын айтуға болады.

 

№1 кескін.

 
 
С А Я С А Т

    Үлкен әлеуметтік топтар (таптар, ұлттар, мемлекеттер) арасындағы қатынастар саласында, олардың қоғамдық-маңызды талаптары мен қажеттіліктерін жүзеге асыру үшін, саяси билікті орнықтыру мен оның қызмет етуін қамтамасыз ету барысындағы іс-әрекеттер  

 

Н е г і з г і ж і к т е л у і

                   
   
Саясаттың субъектісі
 
   
 
     
 
 

 

 


       
   
 

 

 


Саясат түрлі деңгейлерде жүзеге асырылуы мүмкін:

- төменгі деңгей, жергілікті мәселелерді шешу мәселелерін қамтиды (тұрғын үй жағдайы, мектеп, университет, қоғамдық көлік және т.б.); бұл деңгейдегі саяси қызметті негізінен жеке индивидумдар атқарады, алайда кейбір мәселелерді жергілікті ассоциациялар шешуі де мүмкін;

- жергілікті деңгей (локальдық), мелекеттің араласуын қажет етеді; саясатты көбіне өздерінің өлкелерінің, аймақтарының экономикалық дамуына мүдделі топтар және ассоциациялар жүргізеді;

- ұлттық деңгей,мемлекеттің ресурстарды үлестірудегі шешуші рөлімен байланысты, саясат теориясында негізгі орынды иемденеді;

- халықаралық деңгей , саясаттың негізгі субъектілері ретінде тәуелсіз мемлекеттер әрекет етеді.

Саясат пен билік бір-бірімен тығыз байланысты. Билік саясаттың негізі, оны жүзеге асырудың басты құралы ретінде әрекет етеді. Алайда билік қоғамдық құбылыс ретінде тек саясатқа ғана тән емес. Билік құбылысы адами қатынастардың барлық салаларында: отбасында, өндірістік ұжымда, түрлі деңгейлердегі ұйымдар және мекемелерде, мемлекетте және т.б. көрінеді. Бұл биліктің адамзат қоғамының басқаруды қажет ететін фундаментальдық мұқтаждығынан туындайтын құбылыс екенділігімен түсіндіріледі.

 

№2 кескін

Саясаттың функциялары

 
 

 


Басқарудың қажеттілігі, адамдардың бірлесіп еңбек етуінің нәтижесінде пайда болатын қоғамның өзіндік табиғатынан туындап жатады.

Бірлесіп еңбек ету, белгілі бір дәрежедегі тәртіптің орнығуын және осыған сай қоғамның әлеуметтік ұйымдасуын тудырады. Осы тәртіп пен ұйымның шеңберінде қоғам мүшелері өздерінің мақсат-мұраттарына жету үшін, мүдделерін сәйкестендіріп отырады. Қоғамдық қатынастарды қарапайымдандыратын басқарушылық ықпалды қажет етушлік, адамдар арасында ортақ мақсатқа жету барысында өзара ықпалдастыққа қол жеткізумен, қанағаттандырылып отырады. Түптеп келгенде, басқару қоғамның ортақ мүддесіне қызмет етеді.

Саясаттың қоғамда атқаратын функциялары да алуан-түрлі (№ 2 кескінді қараңыз).

Саясаттың қоғамдық маңызы, атқаратын негізгі функциялары оның мәнінен, құрылымынан туындайды. Саясаттанушы ғалымдар бұл мәселеге әртүрлі қырынан келіп, саясаттың әртүрлі функцияларын алдыға тартады. Дегенмен , көптеген оқымыстылар мына төмендегі функцияларды негізгілер деп бағалайды:

- күрделі дифференцияландырылған әлеуметтік жүйе ретіндегі қоғамның тұтастығын қолдау және нығайту, қоғамдық тәртіп пен ұйымдасушылықты қамтамасыз ету;

- қоғам және оны құрайтын субъектілердің ортақ мақсаттарын қалыптастыру, оларды жарыққа шығару үшін халықты ұйымдастыру және ресурстарды жұмылдыру;

- авторитарлық, құндылықтар мен игліктердің тапшылығын баршаға міндетті үлестіру;

- топтық дау-жанжалдардың алдын алу және реттеу;

- күрделі әлеуметтік субъектілерді құрастыру (коммуникациялық функциясы).

Бұл функциялардың мәні, саясаттың барлық субъектілерінің мүдделерін анықтау, барша субъектілердің өзара рөлдер мен саяси функцияларды үлесіп, бөліп алуына тиімді болатын ереже-тәртіпті түзуді, сондай-ақ осы қауымдастықтың мүшелерінің өзара бірге әркет етуі мен өзара түсіністігін қамтамасыз ететін барша субъектілерге түсінікті болатын тілдік қатынасты (вербальдық және рәміздік) қалыптастыру болып табылады.

Мұнан басқа, кез келген қоғамға тән ірілі-ұсақты функциялардан басқа, саясат және бірқатар белгілі бір социумның өзіне тән ерекшеліктерін бейнелейтін тар мағыналы функцияларды да атқарады. Бұлар:

- таптық және әлеуметтік үстемдікті қамтамасыз ету;

- азаматтарды мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға тарту;

- әлеуметтік әділеттілік пен ортақ игіліктерді қамтамасыз ету және т.б.

Саясаттың функцияларының алуан – түрлі болуы оның қоғам өміріне қаншалықты етене жақын екендігін, сан-алуан әлеуметтік құбылыстарды қаншалықты қамтығандығын көрсетеді. Бұл оның фундаментальдық табиғаты - әмбебаптылығымен сипатталып, өмірдің тіпті барша салаларын, мемлекеттік мәселелерден бастап, адамның мінез-құлқына дейін қамтитындығын көрсетеді. Бұл сипат саясаттың қоғамдағы рөлін, оның қоғамдық өмірдің басқа салаларымен байланысының спецификасын айқындайды.

Сонымен саясат –билікті жеңіп алу, оны іске асыру мен ұстап тұруға және әлеуметтік процестерді басқаруға қатысты әлеуметтік қауымдастықтар арасындағы қатынастарды қамтитын қоғамдық өмірдің бір саласы болып табылады.

В.И.Лениннің “Солшылдықтың” коммунизмді танудағы балалық ауруы” атты еңбегіндегі саясатқа берген анықтамасы әлемдік саяси әдебиетте кең таралған, ол өз еңбегінде “саясат ғылым, сонымен бірге ол өнер. Ол дайын күйінде аспаннан салбырап түспейді, сыйға тартылып, қолға ұстатыла салмайды. Саясат арифметикадан гөрі алгебраға ұқсайды, тіпті төменгі емес, жоғары математикаға көбірек жақын – деп жазған болатын.

Кешегі КСРО мемлекетінің, түбіне жеткен авторитарлық социализмнің басты қасіреті, саясаттың ғылым да, өнер де бола алмағандығында жатыр. Ондағы саясат “өлместің күнін көрді”. Бұқара халықты салмақты да салиқалы, ғылыми сарапталған, өмірмен етене байланысып, сөз бен істің бірлігіне негізделген саясат төңірегіне топтастырудың орнына, әкімшілдік-бюрократиялық жүйенің зорлық-замбылығының ұзын арқан – кең тұсауында үрейлендіріп ұстады.

Қоғамдық ойдың дамуы нәтижесінде қалыптасқан саясаттың ғылыми негіздеріне не жатады ? - деген сұрақтың осындайда туындайтыны белгілі.

Ғылыми саясаттың фундаменталдық негіздері болып төмендегілер табылады:

· адамзаттық және таптық мүдделердің үйлесімді сәйкестендірілуі;

· демократияның үстемдігі;

· технократизмді әлсірету және зорлық-зомбылық пен қылмыстың жойылуына бағытталған гуманистік бағытта болу;

· адамгершілік қасиеттердің өркендеуі;

· өз Отаныңа деген азаматтық махаббаттың болуы;

· саясат нақты-тарихи жағдайлардан туындап, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының деректеріне негізделген терең ғылыми сараптаудан өткен болуы;

· саясатты түрлі әлеуметтік таптар, топтар, ұлттар мен мемлекеттер арасындағы, өздерінің мүдделерін және қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалатын қарым-қатынастар және іс-әрекеттер деп ұғыну;

· саясат экономиканың шоғырланған көрінісі болып табылады. Саяси реформалаудың басты бағыты – адамдарды өз өмірлеріне қожа, жауапты ету ғана емес, сондай-ақ өз туған туыстарына, өзінің Отанының өсіп-өркендеуіне жауапты екендігін сезіндіру;

· саясат дегеніміз мемлекеттік істерге, оның қай бағытта, қандай формада, қандай міндеттерді шешу арқылы дамуын айқындауына қатысу;

· саясат бұл шын мәнінде миллиондаған адамдардың тағдыры, сондықтан да ол ең алдымен адамның, үлкен әлеуметтік топтардың әлеуметтік мүдделерін қанағаттандыруға негізделуі тиіс;

· саясат адамгершілікті болуы шарт, яғни оның идеялық құндылықтар жүйесі, адамның табиғи және әлеуметтік мәніне негізделіп, гуманистік принциптер мен әлеуметік-әділеттілік аясында жасалуы тиіс;

· теория саясаттың өзара тығыз байланысты ірі екі – ішкі және сырты саласы болатындығын көрсетеді. Алайда нақты өмірдің алуан қырлы, сан салалы ерекшеліктері саясатты да соған тән болуға итермелейді.

Қазіргі кезде сондай-ақ, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, демографиялық, жастар, экологиялық, мәдениет, кадр және т.б. саясаттар туралы айтылады.

Саясат – өнер, яғни қолда бар мүмкіндіктерді шебер пайдалана отырып, теориялық білімді шабытпен, шығармашылық батылдықпен, интуициямен және фантазиямен ұштастыра отырып шешім қабылдау. Бұл тұрғыдан алғанда, саясат – ойланып басқан қадам, қажет кезінде ымырашылдық, келісім, ырыққа көну, ретін тауып қиын мәселені айналып өту, қысым жасау, сес көрсету, әрбір іс-қимылды жіті есепке алу, т.б.

Бүгінгі таңда саясатта адалдық пен әділдік, жоғары адамгершілік пен имандылық өзінің орнын аса қиындықпен дәлелдеуге мәжбүр болып отыр. Мансапқорлар мен авантюристер, жанкешті-экстремистер, алаяқ-іскерлер мен жылпос-жағымпаздар саясатқа етене енуге еркін жол тауып келуде. Мұның басты алғы шарттарының бірі ғана емес, бірегейі де ол - азаматтардың саяси білімінің аздығы, саяси белсенділігінің төмендігі, соның нәтижесінде ақты - қарадан ажырата алмауы, жеке басының жайын күйттегендерді, ұлттың ұранын көтергендерге балауы дер едік.

Адал саясатқа өту, саясатты өнер деңгейіне жеткізген, өркениетті елдер дәрежесіне жету ұзаққа созылатын және қиыншылығы мен ауырпалықтары мол жол. Ол саясатты ту етіп ұстаған ұлылары мен ұлттың саясатқа деген көзқарастарының өзгеріп, бір арнаға тоғысқан күнде ғана орнығуы мүмкін.

Адалдық саясаттың сенімділігінің, оның толқынға төтеп берер тегреуінділігінің, қайнаған күш-қуатының, ерік-жігірінің көрінісі болмақ.

Ал, саясаттағы екіжүзділік – сырын ішке бүккен жылпос – жалғандық, оның зымыстан – зымияндығын, күні өткен қауқарсыздығын, әлсіз - әлжуаздығын бейнелемек.

Саясат өнер ретінде бұқара халықты ұлағаттылықпен ұлы істерге жұмылдыра білетін басшылар арқылы, нақты тарихи жағдайда жарыққа шығады. Шеберлігі шыңдалған саясаткер бұқара халықты күрделі міндеттерді шешуге бастайтын уақытты дәл анықтап, дер кезінде шешуші шешім қабылдап, ұран тастамақ болар. Оның жемісті жеңіске жетуі бұқара-халықтың белсенділігін әкімшілік әдістерге ғана сүйеніп көтеруде емес, ел өмірінің шынайы дамуының алғы шарттарында, халықтың әлеуметтік өмірінің ұдайы және тұрақты жақсаруына негізделген талап пен жауапкершілікте жатады.

Басшының өнері – адамның мінездері мен іс-қимылдарының сан-алуан түрлерін жеңіл ажырата білуінде жатса керек. Саясаткердің өнері ретінде оның саяси іс-қимыл жасау стилі көрінеді. Стиль- дегеніміз саяси іс-әрекет теориясын іске асыру өнері болып табылады.

Шеберлікпен шыңдалған саясат, қашанда толғамы жеткен шешім, сарабдал сараптаудың нәтижесі болмақ. Ол адамнан ойдың ұшқырлығын, ерік-жігердің алмастай мұқалмастығын, мінездің өрлігін, эмоцияны еркіне жібермей тізгіндей алатын сабырлылық пен салихалықты талап етпек. Ол сонысымен саясаткерге, өнердің адамға берер көңіл шаттығындай, интеллектуальдық қанағаттану секілді сезім ләззатын сыйлайды.

Алайда жеке бастың немесе белгілі бір әлеуметтік шағын топтың мүддесін қорғайтын, өзінің табиғатында жасампаз емес, қайта керісінше кер тартпа саясаттың да аса ыждағаттылықпен жүзеге асырылып, жалпыадамзаттық құндылықтарды аяққа таптап, имандылық пен моральдық талаптарды талқандап, жеңіп шығар “шеберлігі” болуы да мүмкін ғой.

Саясат пен моральдың ара қатынасына қалыптасқан тарихи қоғамдық-саяси құрылыс, өмір сүріп жатқан дәуір, үстемдік етуші социомәдени орта елеулі ықпал етуі мүмкін.

Көне заманның кеменгері Плутарх “арсызға билікті сеніп тапсыру, есі ауысқан жындыға қылыш бергенмен бірдей” – деген екен. Осы ойды ХІХ ғасырда Т.Джефферсон қайталайды: “Басқару өнері дегеніміз – адал бола білу өнері”.

Ал, теорияда “саясат пен моральдың ара жігін ажыратудың” атасы Н. Макиавелли болды. Оның қалыптастырған дәстүрін иезуиттердің мына бір қанатты сөзімен түсіндіруге болады: “Мақсат әрекетті ақтап алады”. Оның пікірі бойынша саясаткер тек қана абсолюттік ізгілікті принциптерді басшылыққа алса, онда ол сөзсіз су түбіне кетеді, сондықтан ол реті келгенде қатыгездікке де сүйенгені жөн болмақ.

Мораль және саясат адамдардың іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын реттеуші құбылыстар ретінде өзара ұқсастықтар мен қарама-қайшылықтардан тұрады.

Олардық ортақ ұқсастықтарын былайша жіктеуге болады:

  • олардың екеуі де жеке адамның өзіндік ұстанымы мен қоғамдық рөлінен туындайды;
  • олардың екеуі де, ортақ игіліктер мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Олардың өзара қарама-қайшылықтары мыналардан көрінеді:

  • саясат тек қана сендіруге ғана емес, мәжбүрлеуге де сүйенеді, ал мораль тек қана сендіруге сенім артады;
  • саясат қарсыластары мен жазықтыларды ғана жазалап қоймайды, кейде өзгелерге сабақ болсын деп, өзінің жақтастарын да, жазықсыздарды да құрбандыққа шалып жібере алады. Ал, мораль мұндай қадамға бара алмайды;
  • саясаттың негізінде экономикалық, рухани және т.б. мүдделер жатса, моральдың негізінде жалпыдамзаттық құндылықтар жатады;
  • саясат нақты ахуалдан туындайды, жеңіске жету үшін нақты жағдайға қарап іс тұтады. Ал, мораль мәңгілік, өзінің талаптарында әмбебаптылыққа негізделіп, нақты қалыптасқан ахуалға тәуелсіз.;
  • моральдың талаптары идеалдық ұстаным болып, өзіңнің іс-әрекеттеріңді онымен сәйкестендіріп ұстауды талап етеді, нақты өмірде ондай дәрежеге көтерілу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Ал, саясаттың талабы нақты, белгілі бір қисынға, ереже-қағидаларға және т.б. келтірілген, оны бұзу немесе орындамау жазалануға жеткізуі мүмкін.

Қорыта айтқанда өркениетті қоғамның саясат пен моральдың “үйлесімді” үндестік тауып отыруына нақты жағдайлар жасалып отыруы қажеттілік болып табылады.

Саясаттың адамгершілік құндылықтарды көзге ілмеуі, оны аморальдыққа яғни имансыздыққа жетелейді. Күнделікті тіршілікте саясаттың адамгершілік қағидаларынан аттап өтіп кетіп жатуы, кең тараған өкінішті өмір шындығы. Осыдан келіп саясат туралы “лас іс-қимыл” –деген, қоғамдық пікір қалыптасады. Мұның өзіндік себептері бар:

Біріншіден билік, материалдық және рухани игіліктерді үлестіру, адамдардың тағдырына ықпал ету секілді сипатқа ие. Бұл мемлекеттік “қазына кілтіне” жеке бас пайдасын ойлайтын, атаu Биліктің азғындауы оның шамадан тыс орталықтандырылуы мен бақылануының әлсіздігінен келіп туындайды.

Екіншіден саясаттың дау-жанжалдық (конфликттік) сипаты, яғни оның билік құрылымдары мен оппозициялық құрылымдарда да, “достар” және “жаулар” формасында көрініс беруі. Жақсылықты жау түгілі, жақтасына қимау екінің біріне тән қасиет. Ал, моральдық талаптың басты шарты – дұшпаныңды да, досыңдай сыйлау болып табылады.

Үшіншіден саясаттың бұқаралық сипаты, саясаткердің саяси іс-әрекеті ғана емес, сонымен бірге оның жеке өмірі де бұқара халықтың көз алдында өтеді. Саясаткерлер әдетте көпшіліктің көңілінен шыға бермейді, өйткені оларға қойылатын моральдық талаптың деңгейі қашанда жоғары болмақ. Мәселен, АҚШ – та, бірқатар саясаткерлер кезінде көңілдес әйелдері болғандығы және оның көпшілікке мәлім болып қалғандығы үшін саяси мансаптарымен қоштасуға мәжбүр болды. Ал, қарапайым жандарға қатысты мұндай мәселелер, оның жеке шаруасы ретінде ешкімді де қызықтыра қоймасы анық.

Дегенмен саясаттың бұқаралық сипаты, оның жариялылығы әрқашан да мұндай қасіретті бола бермейді – көп жағдай қоғамда қалыптасқан дәстүрге, оның менталитетіне тығыз байланысты болмақ.

Саяси ғылымдар қандай іс-қимылдардың және шаралардың өмірдің қайсы саласында қолдансаңыз да адамгершілікті құндылықтарды қамтамасыз етеді және де тиімді болады деп, нақты көрсетіп бере алмайды. Бірақ, белгілі бір саяси мақсатқа жетуде қолданылатын құралдар мен әдіс-тәсілдердің гуманитарлық шегін, толық құқылы түрде белгілей алады:

· террордың саяси, ақпараттық және т.б. түрлерін қолданудың мүмкін еместігі;

· халыққа қарсы саяси режимдерді биліктен тайдыруда бейбіт тәсілдердің үстемдігі, бейбіт тәсілдердің барлық түрлерінің ешбір нәтиже бермеуі және азамат соғысына себеп болмайтындығы анықталғанда ғана қарулы әрекетке көшу;

· халықаралық деңгейде талас тудыратын мәселелерді шешуде ядролық және жаппай қырып жоятын қаруларды қолдануға тиым салу.

Негізгі әдебиеттер:17[стр. 433,494,519], 32[стр. 50,72]

Қосымша әдебиеттер:1 [15-26], 13ч.1[16-36], [79-101], 4 [5-20], 7 [ 5-19], 8 [ 11-23]



p">Далее ⇒