Бақылау сұрақтары

1. Қоғамның саяси жүйесi дегенiмiз не, және оның құрамдас бөлiктерiне не жатады?

2. Қоғамның саяси жүйесi қандай қызмет атқарады?

3. Осы заманғы мемлекеттерде қоғамның саяси жүйесiнiң қандай типтерi белгiлi?

6 Дәріс.Мемлекет қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты .

Мемлекет - қоғамның саяси жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі есебінде билік жүргізу құралы, қоғамды басқарудың механизмі болып табылады. Ол қоғамдағы әлеуметтік – экономикалық және мәдени-рухани қарым-қатынастардың әрі туындысы, әрі олардың реттеушісі, қоғамдағы құқықтың, заңдардың іске асуын, бір сөзбен айтқанда бүкіл саяси жүйенің қызмет етуін қамтамасыз етуші. Мемлекет ұғымы кең мағынада алғанда жоғары билік органдардың құзырындағы белгілі территориялық аумақта орналасқан бүкіл елді, халықты, қоғамды қамтиды. Мәселен, Қазақстан мемлекеті, Ресей мемлекеті, т.б. түсініктерді осы тұрғыда пайдаланамыз. Өзіндік нақты мағынасында алғанымызда мемлекет ұғымы белгілі территорияда жоғары билік тұтқасына ие болып отырған ұйымды білдіреді.

Мемлекеттің шығуы туралы бірқатар теориялар бар:

· Теократиялық теория бойынша мемлекет бір жаратушының еркімен, халықты, елді басқару үшін пайда болған құдіретті күш. Оған қарсы тұру, күресу – бос әуре. Ең керегі – оған мүлтіксіз бағынышта болу.

· Патриархалдық теория адамдар алғашқы кезеңде руларға топтасып өмір сүрді, одан кейін рулар тайпаға бірікті, бертін келе тайпаларды біріктірген мемлекеттер пайда болды дейді;

· Антропологиялық ағым өз мазмұны жөнінен патриархалдық теорияға жақын. Оның пайымдауынша, мемлекеттің пайда болуының түп тамыры адамның қоғамдық табиғаиынан нәр алып, өркен жаяды, адамдарға ұжымдасып, ұйымдасып өмір сүріп, тіршілік жасау қасиеті тән, осы қасиетті құқық арқылы дамытып, жүйелейтін құбылыс – мемлекет. Бұл ағым Аристотель идеяларынан бастау алады;

· ХҮІІ-ХҮШ ғасырларда буржуазиялық қоғамдық жүйе қанат жая бастаған кезеңде қоғамдық келісім теориясы пайда болды. Қоғамдық келісім теориясы қоғам дамуы барысында адамдар арасындағы саналы түрде келісім жасап, ортақ мәмлеге келу қажеттілігінен туындайды дейді (Гобсс, Локк);

· ХІХ ғасырда пайда болған саяси күштеу теориясы (Гумплович, Дюринг, Оппенгеймер) бойынша мемлекеттің негізінде жаулап алулар жатыр дейді;

· Маркстік теорияға сәйкес мемлекет қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде, объективті заңдылықтар негізінде қоғамның өз туындысы есебінде үстем таптың мүддесін қорғаушы күш, бір таптың екінші тапты езуінің құралы есебінде дүниеге келеді. Бұл теорияның құнды, маңызды жағы мол, бірақ таптық көзқарасты асқақтата көтеріп қарайды.

Шын мәніне келгенде, мемлекет қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде объективті қажеттілік ретінде пайда болады. Ол – қоғамның өзі тудыратын, қажет ететін құбылыс. Мемлекет пайда болды деген сөз – саясат және саяси билік пайда болды дегенді білдіреді. Олардың пайда болу себептері бірдей: яғни қоғамның даму барысында қоғамдық қатынастардың күрделенуіне байланысты адамдардың топтасуы және жіктелуі: олардың қоғамдағы орындары мен мүдделерінің әртүрлілігі, бұл топтар арасындағы қарым-қатынастарды реттей отырып, қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын және дамуын қамтамасыз ету қажеттігі.

Мемлекетке мынандай белгілер тән:

· Дербестік (суверенность) – мемлекет өзінің шекаралық аумағындағы әрекет жасайтын субъектілердің үстінен ең жоғары билік жүргізеді, ал басқа мемлекеттер оның дербестігін, тәуелсіздігін сыйлауға тиісті;

· Мәжбүрлік - әрбір адам белгілі бір мемлекетке тәуелді, оның азаматы, оның еркіне, заңдарына, күш-қуатына бағынады;

· Жалпыға бірдейлік – мемлекет өзінің территориялық аумағындағы барлық адамдарға, оның ішінде шет ел азаматтарына да өз ықпалы мен ырқын жүргізеді.

Сонымен бірге мемлекетке өз мәнінен ажырамас мынандай атрибуттық қасиеттер тән:

· Мемлекет механизмін құрайтын органдар мен мекемелер, күштеу құралдарының болуы: мемлекеттік аппарат (іс жүргізушілер), сақшы, әскер, сот, прокуратура, түрме.

· Мемлекет аумағында орындалуы бүкіл халық тарапынан міндетті болып табылатын заңдар мен нормаларды қабылдау, олардың орындалуын бақылауға алу және ашық түрде күш қолдану құқығының барлығы.

· Мемлекет билігі жүргізілетін территорияның және ел-жұрттың болуы, мемлекеттік аппаратты және билікті қорғаушы органдарды ұстауға қажетті халық тарапынан міндетті түрде төленетін салықтардың болуы.

Мемлекеттің атқаратын қызметтері (функциялары) жөнінде әртүрлі түсініктер бар. Мәселен, ішкі және сыртқы міндеттерді ажыратады. Сондай-ақ қоағмның түрлі салаларына сәйкес экономикалық, әлеуметтік, мәдени-ағарту, тәлім-тәрбиелік, тәртіп сақтау, сыртқы қауіптен қорғану сияқты функцияларды бөліп қарастыруға болады. Дегенмен, мемлекеттің мәнінен туындайтын мына функцияларды ажыратқан орынды сияқты:

· Билік тұтқасына ие болып, үстемдік жасап отырағн әлеуметтік топтың (таптың) саяси мәнді түпкілікті мүддесін қорғау және іске асыру;

· Қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекет аумағындағы сан түрлі әлеуметтік топтар мен таптардың мүдделерін ескеріп, үйлестіріп, мүмкіндігінше ол мүдделердің іс жүзіне асу үрдісін ретттеп отыру;

· Халықаралық қарым-қатынастарды жүргізу және мемлекеттік дербестікті, тәуелсіздікті қорғау.

Мемлекеттік құрылым нысандары - бірнеше түрге жіктеледі: мемлекеттің

· Мемлекеттік басқару нысандары;

· Мемлекеттік құрылыс нысандары;

· Саяси режимдер.

Мемлекеттік басқару нысандары – жоғары мемлекеттік билікті ұйымдастыруды, оның құрылымын, құқықтық мәртебесін, және жоғары органдардың қызметінің ретін білдіретін ұғым. Мемлекеттік басқару нысандарын жіктеудің бастауларын антикалық қоғамдық – саяси ойшылдардың еңбектерінен кездестіреміз.

Платон ежелгі грек қала – мемлекеттерін төмендегідей типтерге жіктейді:

· Монархия - бір жақсы адамның билік жүргізуі, оның кертарпа, бұрмаланған түрі – тирания;

· Аристократия – бірнеше жақсы адамдардың бірлесіп билік жүргізуі, оның кертартпа, бұрмаланған түрі - олигархия;

· Демократия – көпшіліктің яки бүкіл халықтың билік жүргізуі.

Бір қызығы Платон демократияның кертарпа, бұрмаланған түрін бермейді, себебі ол демократияны тұтастай кертартпа, басқарудың ең нашар түрі деп есептеген.

Платонның дәстүрін онан әрі жалғастырған Аристотель мемлекетті яки конституцияны жіктеудің негізгі екі түрін ұсынады: “мемлекетті өмірге әкелген мақсаттың табиғаты”, мен “адамдар мен олардың ассоцияциясы бағынатын билік формаларының түрі”.

Аристотель мемлекеттерді басқару түріне қарай былайша жіктейді:

Қанша адам билік жүргізеді Кімнің мүддесін қорғайды
баршаның өздерінің
Бір адам Бірнеше Көпшілік Монархия Аристократия Полития Тирания Олигархия Демократия

Жаңа заман ойшылдарынан басқару жүйелерін жіктеудің кеңінен белгілі болған түрлерін Т.Гоббс пен Ш.Л.Монтескье ұсынды. Гоббс адамдардың тәуелділігінің формасына қарап мемлекеттің үш формасын ұсынады:

· Монархия - жеке адамның билігі;

· Аристократия – азаматтардың бір бөлігінің билігі;

· Демократия – халықтың көпшілігінің билігі.

Ш.Л.Монтескье өзінің “Заңдар рухы туралы” басты еңбегінің алғашқы 13 кітабында мемлекеттік басқарудың үш нысанын ұсынады:

· Республика;

· Монархия;

· Деспотизм.

Мемлекеттік құрылыс нысандары – мемлекеттің өз құрамындағы бөліністерді басқаруды ұйымдастыруын, орталықтың жергілікті басқару органдармен қарым-қатынасын реттейді. Қоғамның дамуы барысында оның үш түрі қалыптасқан: Унитарлық, федеративтік және конфедеративтік.

Саяси режим – мемлекеттің, қоғамның және жеке адамның арасындағы қарым-қатынастардың сипатын анықтайтын мемлекеттік билік органдарының қызмет-әдістерінің жиынтығы.

Саяси режимдер түрлі тарихи жағдайларға байланысты мынандай типтерге жіктеледі:

· Демократиялық саяси режим;

· Тоталитарлық саяси режим;

· Авторитарлық саяси режим.

Құқықтық мемлекет – құқықтың үстемдігімен, заңның жоғары құдіретімен, барлық азаматтардың құқығы мен бостандығын мойындап құрметтеумен, оған мемлекет тарапынан кепілдік берумен сипатталады.

Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптері:

· Қоғамда құқықтың үстемдігі, оның мемлекеттен де биіктігі. Құқық-қоғам өмірінің түп негізі, анықтаушысы. Ол мемлекет конституциясында бекітіледі де, басқа барлық заңдар мен ережелердің, жарлықтардың өзегіне айналады.

· Мемлекет, оның органдары, лауазымды қызметтегі адамдар, түрлі ұйымдар және барлық азаматтар заңға бас иеді. Заң алдында барлығы жауапты, барлығы бірдей.

· Құқықтық мемлекет жағдайында адамның құқығы мен ар-ожданы құрметтеледі, мемлекет тарапынан қорғалып, кепілдік беріледі.

· Мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкершілігі танылады.

· Біртұтас мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді де, олардың іс-қимылдарының ұйымдасуы, қызмет атқаруы өзара тежемелік және тепе-теңдік жүйесіне негізделеді.

Азаматтық қоғам – жеке адамдардың сұранымдары мен мүдделерінің жарыққа шығып, қалыптасуына және олардың жүзеге асуына жағдай туғызатын мемлекеттен тәуелсіз, дербес қоғамдық институттар жүйесі.

Азаматтық қоғамның өмір сүруінің негізгі шарттары:

· Оның мүшелері нақты меншік иесі болуы керек;

· Қоғамда көп түрлі әлеуметтік құрылымның және соған сәйкес сан түрлі мүдделердің бой көрсетуі;

· Адамдардың әлеуметтік зерделік даму дәрежесінің жоғарылығы.

Азаматтық қоғамның негізгі функциялары:

· Азаматтардың мүдделері мен игілік-қазыналарының қорғалуын қамтамасыз ету, олардың жеке және қоғамдық өміріне мемлекеттің орынсыз араласып, өз өктемдігін тықпалай беруін шектеу.

· Қоғамдағы мүсәпірлер мен кембағалдардың күнкөрісіне азды-көпті қамқорлық жасау.

· Түрлі партиялар мен қозғалыстар, ұйымдар арқылы мемлекет саясатына араласып, ықпал жасау, өз өкілдерін мемлекеттік органдарға сайлау.

 

Негізгі әдебиеттер:17 [4-25], 20 [12-14]

Қосымша әдебиеттер:1 [48-76],10 ч.1 [203-223], 4 [136-167], 5 [104-119], 25 [50-80]