Бақылау сұрақтары

1.Мемлекет дегенiмiз не?

2.Мемлекеттiк басқарудың қандай нысандары белгiлi?

3.Билiктi жiктеу қағидаттарының мәнi неде?

7 Дәріс.Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам .

Құқықтық мемлекет – құқықтың үстемдігімен, заңның жоғары құдіретімен, барлық азаматтардың құқығы мен бостандығын мойындап құрметтеумен, оған мемлекет тарапынан кепілдік берумен сипатталады.

Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптері:

· Қоғамда құқықтың үстемдігі, оның мемлекеттен де биіктігі. Құқық-қоғам өмірінің түп негізі, анықтаушысы. Ол мемлекет конституциясында бекітіледі де, басқа барлық заңдар мен ережелердің, жарлықтардың өзегіне айналады.

· Мемлекет, оның органдары, лауазымды қызметтегі адамдар, түрлі ұйымдар және барлық азаматтар заңға бас иеді. Заң алдында барлығы жауапты, барлығы бірдей. Заңды сыйламайтын ел берекесіз ел. Сүлеймен пайғамбар айтыпты деген мынандай сөз бар: “Заңға бағынбайтын елде бастық көп болады”. әрине, құқықтық мемлекеттегі кез келген заң - өмір шындығымен қабысып жатқан, іске асыру, орындау тетіктері анық, нақтыланған, әділ де ізгілікті, көпшілік қауымның көңілінен шығып, қолдау табатындай, оның өмір – тіршілігін, түпкілікті мүддесін бейнелейтіндей сапалы болуға тиіс. әйтпесе, заңнан әрі бедел кетеді, әрі орындалмай қағаз бетінде қалады, содан келіп берекесіздікке жол ашылады.

· Құқықтық мемлекет жағдайында адамның құқығы мен ар-ожданы құрметтеледі, мемлекет тарапынан қорғалып, кепілдік беріледі. 1948 жылы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған бүкіл дүниежүзілік мәні бар “адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы” деп аталатын құжатта былай жазылған. “Барлық адамдар жаратылысында азат, бойындағы қасиеттері мен құқықтары тең болып туады. Олардың басында – ақыл, бойында – ар болғандықтан бір – біріне туысқандық ықыласта болуға тиіс” (1 бап). Онан әрі : “Әрбір адам өмір сүруге, еркін болуға және жеке басына ешкімнің қол сұқпауына құқылы”, - деп (3 бап) атап көрсетілген. Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет орнықтыруды басты мақсат ретінде алдына қоя отырып, өзінің Ата заңының “Адам және азамат” деп аталатын екінші бөлімін адам құқығы мен бостандығын құрметтеу және қорғау мәселелеріне, оның азамат есебіндегі міндеттерін саралауға арнаған. Онда былай деп көрсетілген: “Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады” (12 – бап, 2 - тармақ).

· Мемлекет пен жеке адамның өзара жауапкершілігі танылады. Мемлекет әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын конституцияға сәйкес қорғауды мойнына алып, кепілдік береді. Сонымен бірге әрбір адам азамат есебінде мемлекет алдында жауапты.

· Біртұтас мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді де, олардың іс-қимылдарының ұйымдасуы, қызмет атқаруы өзара тежемелік және тепе-теңдік жүйесіне негізделеді.

Азаматтық қоғам – жеке адамдардың сұранымдары мен мүдделерінің жарыққа шығып, қалыптасуына және олардың жүзеге асуына жағдай туғызатын мемлекеттен тәуелсіз, дербес қоғамдық институттар жүйесі.

Азаматтық қоғамның басты қозғаушы күші, субъектісі өзіне тән сұранымдары мен мүдделері бар адам болып табылады. Демек, адам мұнда шешуші басты тұлға. Оның мақсат – мүддесі мен талап – сұранымдарының қанағаттандырылу деңгейі азаматтық қоғамның өлшемі (критерийі) болып табылады. Адам арқылы ғана түрлі қоғамдық қатынастар азаматтық қоғамға келіп тоғысады.

Тарихи тұрғыдан алғанда азаматтық қоғам – мемлекеттен әлде қайда бұрын пайда болады. Ол алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамдардың түрлі қарапайым бірлестіктері ретінде қалыптасады. Белгілі кезеңде азаматтық қоғам өз мүдделерін қорғау қажетіне байланысты мемлекетті дүниеге әкеледі, оған әл – қуат беріп қанаттандырады, билік тұтқасын ұстатады, оның құқықтық нормалар орнықтырып, заңдар қабылдап, өзіне қызмет істеуіне мүмкіндіктер туғызады. Алайда уақыт озған сайын мемлекет күшейе түседі, оның ықпалы мен пәрмені артады, бірте – бірте азаматтық қоғамның аумағын бүріп, тынысын тарылта түседі. Сөйтіп, өзі тудырған, өзі дүниеге әкелген мемлекет енді азаматтық қоғамды қысымға алады, ығыстыра бастайды. әрине, азаматтық қоғам да мемлекетке қарсы айбын көрсетеді, түрлі қоғамдық қозғалыстар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қысым жасайды. Қысқасы азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы қатынас қайшылыққа толы диалектикалық байланыспен сипатталады.

Демократиялық қоғамда азаматтық қоғам мен мемлекет бірін – бірі қуаттайды, бірін – бірі қажет етеді, үнемі келісімде болады. Ал тоталитарлық қоғамда мемлекет азаматтық қоғамды жұтып қояды, өмірдің барлық саласы қатаң мемлекет бақылауында болып, азаматтық қоғам нышандары жанышталып қалады.

Азаматтық қоғамның өмір сүруінің негізгі шарттары:

· Оның мүшелері нақты меншік иесі болуы керек. Басқаша айтқанда, меншік азаматтық қоғамдағы әрбір адамның бостандығының түп негізі болып табылады.

· Қоғамда көп түрлі әлеуметтік құрылымның және соған сәйкес сан түрлі мүдделердің бой көрсетуі.

· Адамдардың әлеуметтік зерделік даму дәрежесінің жоғарылығы. Мысалы, біз кешегі бодандық дәуір діңкелеп кеткен құлдық психологиядан арылмай толыққанды азаматтық қоғам құрамыз деуіміз бекершілік екенін жақсы түсінуіміз қажет.

Енді азаматтық қоғамның құрылымы қандай деген мәселеге келейік.

· Экономика саласында оған мемлекеттік емес кәсіпорындар мен шаруашылық бірлестіктері жатады (кооперативтер, акционерлік қоғамдар, корпорациялар, ассоциациялар, жеке меншік кәсіпорындар, ұжымдық шаруашылықтар, т.б.).

· әлеуметтік салада отбасы, мешіт (шіркеу), қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар, қорлар, тәуелсіз басылымдар, өзін - өзі басқару органдары, шығармашылық, кәсіптік, т.б. одақтар кіреді. Аталдған құрылымдарға ықпал жасау азаматық қоғам мен мемлекет арасындағы қайшылықтың мәні болып табылады.

Азаматтық қоғамның негізгі функциялары:

· Азаматтардың мүдделері мен игілік-қазыналарының қорғалуын қамтамасыз ету, олардың жеке және қоғамдық өміріне мемлекеттің орынсыз араласып, өз өктемдігін тықпалай беруін шектеу.

· Қоғамдағы мүсәпірлер мен кембағалдардың күнкөрісіне азды-көпті қамқорлық жасау.

· Түрлі партиялар мен қозғалыстар, ұйымдар арқылы мемлекет саясатына араласып, ықпал жасау, өз өкілдерін мемлекеттік органдарға сайлау.

Азаматтық қоғамның қалыптасу арналары:

· Саяси биліктің демократиялық механизмдерін қалыптастыру, мемлекеттік құрылымдар мен одан тысқары қоғамдық – саяси ұйымдар арасында тепе – теңдік пен үйлесімдік табу;

· Нарықтық қатынастардың орнығуына, меншіктің көптүрлігінің қалыптасуына, нарық механизмінің еркін қызмет атқаруына жағдай туғызу;

· Мемлекеттік және шаруашылық органдарының жаппай заңға бой ұсынуын қамтамасыз ету;

· Қоғамда дамыған әлеуметтік құрылымды қалыптастыру;

· Жеке кісілердің жоғары білім және мәдени деңгейінің, олардың жан – дүние бостандығының болуына қол жеткізу.

Әрине көріп отырғанымыздай, азаматтық қоғамның қалыптасуы - өте күрделі әрі ұзақ мерзімді, бағытталған іс – жігерді талап ететін процесс.

Азаматтық қоғамның және құқықтық мемлекеттің мәндерін ашу барысында олардың өзара өте тығыз байланыста екеніне көз жеткіземіз. Шынында да, азаматтық қоғам тек құқықтық мемлекет жағдайында толық мағынасына ие болып, өмір сүріп, қызмет атқара алады. Сондай-ақ, азаматтық қоғам жағдайында ғана мемлекет құқықтық мәнге ие болады, құқықтың үстемдігін тұтас қоғам мойындап, заңның билік мәртебесін орнықтыруға болады.

Негізгі әдебиеттер:17 [4-25], 20 [12-14]

Қосымша әдебиеттер:1 [48-76],10 ч.1 [203-223], 4 [136-167], 5 [104-119], 25 [50-80]