Ерте жастан шылым шегу мен ішімдікке салыну мәселелерімен кеңес беру жұмысының мазмұнын құрыңыз

Кейінгі жылдары Қазақстанда, басқа да ТМД елдерінде психобелсенді заттарды қолдануға, соның ішінде алкоголь, наша мен токсикомания заттарын пайдалануға, темекі шегуге қарсы насихат күшейіп келеді. Есірткі заттарын қабылдау темекі тартудан басталатынын ғылыми зерттеулер мен тәжірибе көрсетті. Осы айтылған жәйттер балалар мен жасөспірімдердің арасында темекі шегу мен басқа да психобелсенді заттардың қарқынды тарауына байланысты болып отыр. Темекі шегумен қатар алкогольды, онан соң гашиш пен апиын секілді есірткілерді қолдану, сондай-ақ желім, лак, сырлар, сырларды ерітетін заттар, хлорофос, дихлофос, аяқкиім кремдері, бензин, толуол, дәрілер сияқты токсикоманиялық заттар қолдану кең тарап барады.

 

Тәжірибесі жоқ балалар мен жасөспірімдер көбінесе осылардың бірнешеуін қолданады. Оларды қол жетерлік заттардың бәрі де қызықтырып, тіпті өздеріне тәжірибе жасауға дейін барады. Соңғы кезде маскүнемдік, нашакорлық , токсикомания мен темекі шегу «жасарды». Отбасы жағдайында тәрбие алмаған және тәртібі нашар балалар осы жағымсыз әдеттерге жиі үйір болады. Отбасындағы психологиялық жағдайдың шиеленісуі, ата-ананың ұрыс-керісі, маскүнемдігі сияқты жайсыздықтар да балалардың үйінен қашып, түрлі топтарға үйір болуына ықпал етеді.

 

Кейде балаларды алкогольге үйрету отбасынан басталады. Ата-аналары, әсіресе әкелері, өгей әкелері, ағалары, аталарының өздері балаға ішімдікті береді. Мамандардың зерттеулеріне сүйінсек тіпті 4-8-10 жастағы балалардың да ішімдік ішіп көргенін анықтады. Мектепке дейінгі балалар алғашында алкогольді ішімдікті жәй ойын, ермек ретінде қабылдайды, алайда кейін біртіндеп оған деген тәуелділік туындайды. Ересек балалар туған күн, мектепті бітіру кештерінде, мейрамдар мен салтанаттарда ішімдікке жақын бола түседі.

 

Сегізінші сыныптағы ер балалардың 75 пайызы және қыздардың 40 пайызы алкогольдың дәмін татып көргендігін әлеуметтік зерттеулердің қорытындысынан байқауға болады. Оныншы сыныпты бітіргендердің 90-95% алкогольдың дәмін біледі. Маскүнемдікпен ауыратындардың 75% алкогольдың дәмін 20 жасқа дейін татып көргендер екенін ғылыми зерттеулер нақтылап отыр. Қозғыш, иланғыш, мінезі тұрақсыз жасөспірімдер маскүнемдік, нашақорлық және токсомания ауруларына тез бейімделеді. Мұндай аурулар бас сүйек-ми зақымданғанда оңай дамиды.

 

Маскүнемдік кезінде болатын биохимиялық өзгерістер, ферментативтік кемістік ұрпақтан ұрпаққа беріледі деген болжам бар. Осындай өзгерістер нашақорлық кезінде де болады. Кез келген психобелсенді заттарды пайдалану ауруға әкеліп соғады. Оларды мезгіл-мезгіл пайдалану артынан аддективті мінез-құлық туғызады (психикалық жағдайды өзгерту үшін шынайы психобелсенді заттарды қолдану, психологиялық жаттығулар жасау, құмар ойындарға қатысу). Аддиктивті мінез-құлық маскүнемдік, нашақорлық, токсикоманиялық заттардың химиялық табиғаты әртүрлі болатынына қарамастан, олар мида біртекті биологиялық өзгерістер тудырады. Осыған байланысты біркелкі патогенетикалық механизмі бар наркологиялық тәуелділік қалыптасады. Маскүнемдік, нашақорлық пен токсикоманияның клиникасында ұқсастықтар бар. Бұлардың үш кезеңі болады.

 

Бірінші кезеңде негізгі белгі ретінде әр адамның психикалық тәуелділігі қалыптасады. Осыған байланысты ішімдікке деген жеңе алмайтын құмарлық пайда болады. Алкогольды, апиынды қабылдағаннан кейін қажетсіну мөлшері жоғарылайды. Мөлшердің өсуімен байланысты біртіндеп қорғаныс рефлексі жойылады.

 

Екінші кезеңде физикалық тәуелділік дамып, абстинентті синдром қалыптасады. Маскүнемдікте бұл «бас жазу» деп аталады. Организмнің физикалық тәуелділігі дегеніміз – қалыпты жағдайда қызмет атқару үшін үнемі ішімдікті тілеп тұру. Егер ішімдік болмаса, адам ауырып, психикалық және соматикалық-жүйе бұзылыстары орын алады. Осы кезеңде жасөспірімдерде ашуланшақтық пайда болып, мінез-құлқы өзгереді, ішуге және нашаға қажет ақша табу үшін қылмыстық әрекет жасауға дейін барады.

 

Үшінші кезеңде ішкі мүшелер өзгеріп, ішімдік заттарға қарсы тұру қабілеті төмендейді. Адам өзгеріп, әлеуметтік тәуелділікке тап болады.

Жасөспірімдерде барлық кезеңдер жылдам және ауыр түрде өтеді. Ересек адамдарда екінші кезең бірнеше жылдан кейін дамыса, балалар мен жасөспірімдерде 1-2 жылда не бірнеше айда дамиды.

 

Бірінші және екінші кезеңдердегі маскүнемдердің 10-15%–да өткір алкологьды психоздар дамып, естің нашарлауы, ақыл кемістігі пайда болады. Соңғы жылдарда психиатриялық ауруханаларға алкогольды психозбен түсетін адамдардың саны айтарлықтай артты. Қазір алкогольды психоздардың классикалық түрі көбейді. Ми кемістігі пайда болатын Корсаков (С.С. Корсаков – Ресей психиатры) психозымен ауыратын адамдар саны көбейді. Егер алкогольды психоз ішімдікті ішкеннен бірнеше жылдан соң дамыса, бензин, гашиш, тұрмыстық химия заттарын, дәрілерді қолданғаннан кейінгі психоз бірден дамиды. Гашиш (анаша) – қауіпті есірткі. Оны алғашқы рет тартқанның өзінде психоз пайда болады. Гашишқа мас болған адам қоршаған ортаны басқаша қабылдайды. Оған айналадағының бәрі күдікті, қорқынышты боп елестейді. Қауіптіғі заңға қарсы әрекеттер де осындай күйде жасалады. Басқа интоксикациялық психоздар да қауіпті. Бензинді иіскеген соң бірнеше минут ішінде балалар қабырғада «мультфильмдердің кейіпкерлерін» көреді. Бір бала сырларды ерітетін желімді иіскеген соң тарақан болып кеткенін сезеді де «қабырғадағы тесік арқылы жорғалайды» (көру елестері мен сандырақ).

 

Маскүнемдікті, нашақорлықты және токсикоманияны медециналық-әлеуметтік орталықтарда, наркодиспансерлерде, психиатриялық мекемелерде емдейді. Абстинентті синдром (бас жазу) емдеудің әсерінен жылдам жойылады. Ал психикалық құштарлық бірнеше жылдар бойына сақталады. Сондықтан емдеуді тек аурудың өткір кезінде ғана емес, одан кейін де ұзақ уақыт жүргізу керек (психотерапия). Бұл екінші алдын алу шарасы абстинентті синдромды жойғаннан кейін де қажет болады.

 

Психобелсенді заттарды қабылдайтын жасөспірімдерді емдеу және оның алдын алу Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан арнайы кабинеттерде жүргізіледі. Еліміздегі барлық облыстарында психобелсенді заттарды қабылдайтын жасөспірімдерге кеңес беретін, емдейтін орталықтар бар. Темекі шегетін жастардың да бұл орталықтан кеңес алуына болады.

 

Жоғарыда айтылғандардың алдын алу үшін қоғамда алкоголь мен темекіні насихаттауды мүлдем доғару керек.