АЙЫПТАЛУШЫ ТЫНЫШБАЕВ ПЕН ДОСМҰХАМЕДОВТІҢ БЕТТЕСУІНІҢ ХАТТАМАСЫ

 

Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?

Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: «Бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі»,– деді, ал Ермеков: «Бұған Ташкент тобы кінәлі»,– деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.

Досұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?

Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым: «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?»,– дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын айтты, содан кейін өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен оған: «Ташкенттік топ туралы саған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек»,– дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: «Маған сенімсіздік көрсеттің»,– деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмау үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сөйлеп, бұл тақырыпты енді қозғамайық – деп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды»,– дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевқа сұрақ: Бұл араздықтың негізгі себебін сіз қалай түсіндіресіз?

Жауап: Екеуінің қасында тұрмағандықтан да, Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы айтыстың неден туындағанын мен нақты білмеймін. Соған дейін де және одан кейін де Байтұрсыновтардың тұтқындалғанына Досмұхамедов – орынборлықтарды, ал Ермеков пен семейліктер – ташкенттіктерді кінәлі санады. Мен екеуін де сабырға шақырдым. Бұдан кейінгі Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын мен білмеймін. Досмұхамедовті ГПУ-дің тыңшысы десіп жүрді жұрт. Бірақ екеуінің ауызынан мұндай сөзді естігемін жоқ (Тынышбаевтің қолы).

Досмұхамедовтің Тынышбаевқа сұрағы: Мені мен Ермековтің арасындағы кикілжің қай уақытта болды деп есептейсің?

Жауап: Оны Ермеков қана нақты көрсете алады. Менің ойымша 1929 жылдың басында, қаңтар не ақпан айында өткен шығар деп ойлаймын.

Досмұхамедовтің түсініктемесі: Тынышбаев айтыстың өткен уақытын және мен туралы өсектің тараған кезін дәл айта алмай отыр. Екі арадағы сөз қағыстыру 29-жылдың желтоқсан айында өтті, өйткені осыдан кейін Ермеков операция жасатуға кетті де, 1930-жылдың қаңтар айында, мен Москваға емделуге жүрердің алдында қайтып келді. Мен Москвадан 30-жылдың сәуір айының басында қайттым. Тынышбаевті мен қаңтар, ақпан айларында емес, маусымның соңында бір-ақ рет көргенім есімде. Содан кейін көріп отырғаным осы. Мәскеуден оралғаннан кейін тұтқындалғандар туралы әңгімелескен емеспін. Өйткені Байтұрсынов 29-жылдың мамыр айында тұтқындалды. Демек одан ерте бұл тақырыпта сөз болуы мүмкін емес. Тынышбаев уақытын шатастырып отыр. Ермековпен 29-жылдың тамыз, қыркүйек айында кездестік. Байтұрсыновтың тұтқындалуының себептері жөніндегі болжамдарымызды айттық. Мен: «Дулатов, Байтұрсынов және басқа да адамдар ұйымдастырған орынборлық топты ГПУ әшкерелепті»,– дедім. Ермеков: Ташкентте болған кезінде тұтқындалғандардың тізімін көргендігін айтты. Ал Байтұрсынов 24-жылы ғана Ташкентте болған еді. Орынборда да ешқандай құпия ұйым болған емес. Айналып келгенде, Байтұрсыновты университеттің ашылған кезінде сөйлеген сөзі үшін жауапқа тартқан шығар дестік. Тынышбаев осыны жаңылыстырып отыр (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің сөзі: Досмұхамедов пен Ермековтің арасында болған жайдың мерзімі жөнінде жаңылысып айтқанымды, оның Байтұрсыновты тұтқындаудан бұрын өткенін ескерте кетемін. Оқиға жыл аяғында өткен. Әйтеуір қыс кезінде өткені есімде қалыпты (Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолы қойылған).

Досмұхамедов пен Тынышбаевқа сұрақ: Орынбор мен Ташкентте астыртын ұйымның болғандығын Ермеков білді ме?

Досмұхамедовтің жауабы: Ташкенттегі ұйым туралы Ермеков соңғы уақытта, Қызылордадан Ташкентке ауысқан кезінде ғана, шамамен 25-26 жылдары ғана білген сияқты. Ұзынқұлақтан естіп, білді ме, одан хабарсызбын, менен ол туралы айтып беруді сұрағанда, қашан естігені туралы айтқан жоқ. Орынбордағы ұйым туралы білді ме, жоқ па, ол жөнінде ештеңе дей алмаймын. Менімен сөйлескен кезде ол: «Орынборда ешқандай ұйым жоқ»,– деп сендіріп отыратын (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің жауабы: 29-жылы мен Ташкентте Ермековпен әңгімелескен емеспін (Қолы). 14 қыркүйек 31 жыл[53].

 

*** *** ***