Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!

Ресей Комиунистік (Большевиктер) Партиясы Орталық Комитеті

Баспасөз бөлімі (Ұлтбаспасөз[73] бөлімшесі)

С РК/б/П Қырөлкекомының[74] баспасөз бөлімі

7 сәуір 1925 ж. Көшірмесі: Сырдария Обкомына[75]

Пия[76] Шымкент қ.

 

РК/б/П ОК5 Баспасөз бөлімі өзінің қаулыларында және арнайы пікірлерінде «Ақжол» газетінің – Түркістан облысындағы РК/б/П Өлкекомының Ұйымбюросы[77] органының жетекшілерінің саяси ұстамсыздықтарын және соңғыларға партияға қарсы ұлттық интеллегенциясының ықпал етіп отырғанын әлденеше атап көрсеткен еді. Бірақ осыған қарамастан, «Ақжол» қазіргі кезеңге дейінгі бүкіл Киргизиядағы[78] ең ұстамсыз газет болып қалуда. Оның саяси бағыты, әсіресе соңғы айларда, мүлде төзуге болмайтындай болып кетті. Газеттің бас мақаласында «коммунистік партияның мүшелері болуға лайықты барлық кедейлер партиядан тыс қалуда, ал көптеген адал емес және өзінің жағдайын теріс пайдаланатын жалақорлар партияда. 4-5 жылдар бойы қырғыз (қазақ – С. Қ.) кедейлеріне пайдалы ешнәрсе де жасамаған осындай элементтер тағы да үкіметте... қырғыз халқы кездеспейтін жерлерде мансап үшін орыстармен саудаласу өте оңай. Сондықтан да үкімет билігіндегілердің көпшілігі және барлық қырғыз басшылары қырғыздардан аулағырақ отырғанды қалайды...» (№529) – дегендей нәрселерді редакция пайымдап жазады. Мұндай партияның беделін түсіретін, жол беруге болмайтын және партияға қарсы пікірлер бас мақалаларда, фельетондарда және белдеу мақалаларда аз кездеспейді. (қараңыз: № 535, 542 және т. б.). Мұндай нәрселерге сөз жоқ жол беруге болмайды.

РК/б/П ОК-нің Баспасөз бөлімі Қырөлкекомынын[79] Баспасөз бөлімшесіне мына шараларды ұсынады:

1). Қырөлкекомының және сондай-ақ РК/б/П Қырөлкекомының[80] жергілікті үйымдық бюросы тарапынан «Ақжол» газетіне партиялық басшылық күшейтілсін:

2). «Ақжол» газетінің редакторы орнынан алынып, ұстамды, даярлығы бар партияшылмен ауыстырылсын[81].

3). Редакция құрамы жаңартылсын және бірінші кезекте партияшыл әдеби қызметкерлермен толықтырылсын.

4). Партияда жоқ ингеллигенция «Ақжол» газеті редакциясында оларға партия тарапынан жетекшілік қамтамасыз етілген жағдайда ғана пайдаланылсын.

Қолданылған шаралар туралы РК/б/П ОК Баспасөз Бөліміне мәлімделсін10

РК/б/П ОК Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Н. Варейкис

Хатшысы: А. Грачев.

Мәскеу қ., 29 мамыр 1925 ж.[82]

*** *** ***

 

() ҚЫРӨЛКЕКОМ БЮРОСЫНЫҢ БАРЛЫҚ МҮШЕЛЕРІНЕ КӨШІРМЕСІ Ж. ВАРЕЙКИСКЕ[83]

 

Құрметті жолдастар!

 

1. Жуырда менің «Ақжол» журналымен[84] танысуға мүмкіндігім болды. Мен осыған байланысты белгісіз емес Шоқаевтың[85] ақгвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларын еске түсірдім және өзімді шошытқан осы мақалалармен «Ақжол» журналының рухани «ынтымағы» деуге болатын кейбір жаңалықты аштым. Ақылға сыймаса да бұл факт. «Ақжол», әрине, өзі де аңғармастан Шоқаевқа көлемді материал берді. Тіптен де аңғармай қалмайтын Шоқаев болса бұл материалдарды қорытады және жұртқа ұсынады. Мен сынды түсінемін, мен коммунистердің қызметін сынау мүмкіндігін және қажеттігін толық ұғамын. Бірақ табалаушы және кекшіл сын, бұл біздің сынымыз емес. Мұндай сынға кеңестер елінде орын болуға тиіс емес. Мұндай сын буржуазияның қолына коммунизмге қарсы, Кеңестерге қарсы, Кеңестер Одағында өмір сүріп және тіршілік етіп жатқандардың бәріне қарсы құрал ғана ұсына алады. Осыған байланысты «Ақжол» журналын түбірінен жедел түрде қайта ұйымдастыруды, одан партияда жоқ интеллигенттерді қуып және оны коммунистік насихаттың органы етуге байланысты шаралар қолдануды сіздерден сұрауды мен өзімнің міндетім деп санаймын.

2. Мен партияда жоқ интеллигенттерді кеңес жұмысына тартуды барынша жақтаймын. Егінхалкомы, ХШК[86] – кооперация және басқа да шаруашылықтық органдар бұл адамдарды, оларды біртіндеп кеңестендіре отырып, мейлінше пайдалануы тиіс. Мен сондай-ақ, партияда жоқ интеллигенттерді қырғыз (қазақ – С. Қ.) мәдениетін орнықтыру ісіне тартуды да жақтаймын. Қырғыз тілінде оқулықтар құрастыру – мәдениет саласы бұл адамдардың пайдаланылуы тиіс басты майдан. Бірақ та мен партияда жоқ интеллигенттердің саяси және идеологиялық майдандағы күрес ісіне жіберілуіне мүлде қарсымын. Мен партияда жоқ интеллигенттердің қырғыз жастарына саяси және идеологиялық тәрбие берумен айналысуларына қарсымын. Біз өкіметті жастар тәрбиесін партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге тапсыру үшін алғанымыз жоқ. Бұл майдан толығымен және түгелдей коммунистерге қалдырылуы керек. Онсыз Киргизияда (Қазақстанда – С. Қ.) Шоқаевтардың жеңісі сөзсіз жүзеге асады. Ал бұл Киргизиядағы коммунизмнің идеологиялық және саяси күйреуіне сәйкес келеді.

Осы мәселе бойынша өздеріңіздің пікірлеріңізді, сіздердің мәлімдеулеріңізді аса өтініп сұрар едім[87].

Коммунистік сәлеммен: И. Сталин.

*** *** ***

() РК/Б/П ҚЫРӨЛКЕКОМНЫҢ 1925 Ж. 10 МАУСЫМДҒЫ БЮРО МӘЖІЛІСІНІҢ № 69 ХАТТАМАСЫ

 

 

Тыңдалды:

5. Жол. Сталиннің «Ақжол» газеті туралы хаты (жол. Нанейшвили)[88]

Қаулы етілді: 5. а)Жол. Сталиннің нұсқаулары еске және басшылыққа алынсын.

б) Ұлттық баспасөзге басшылық жасау туралы және онда ұлттық партияда жоқ интеллигенцияны пайдалану тәртібі жөнінде жарлық хат даярлансын және РК/б/П Губкомдарына жіберілсін.

Бұл жарлық РК/б/П ОК-нің Баспасөз Бөлімінің 1925 жылғы 7 сәуірдегі ұсыныстары, РК/б/П ОК Секретариатының Қазбаспасөзін жақсарту шаралары туралы 1925 ж. 2 наурыздағы және Баспасөз Бөлімі жанындағы Кеңестің 1924 жылғы қазандағы қаулысы негізінде және соларға сәйкес жасалынсын.

в) Жетекшілік сипаттағы материалдарды жергілікті газеттерге беру саласындағы ҮНБ (үгіт-насихат бөлімінің – құрастырушы) қызметі күшейтілсін.

г) «Ақжол» газеті қайта ұйымдастырылсын, ол губерниялық органға айналдырылсын, бірақ бұқаралық шаруалар газеті сипатын алсын.

«Ақжол» редакциясының Шымкент қал. көшіп келуі жөн саналсын.

д) РК/б/П ОК-не «Ақжол» газетінде партиялық-ұстамсыздық сипаттағы мақалалардың пайда болуы соңғы жарты жылдықта күшейе түскені мәлімделсін. Мұны Орта Азияны ұлттық межелеп бөлуге байланысты РК/б/П Сырдария Губкомының және Қырөлкекомының Ұйымдық бюросының Ташкенттен Шымкентке көшуінен, «Ақжол» газетінің соңғы кезге дейін Ташкентте қалып қоюынан партиялық басшылықтың сол тұста әлсіреп кетуімен түсіндіруге болады.

Сондай-ақ, 1925 жылдың 7 сәуіріндегі Баспасөз Бөлімінің «Ақжол» газетінің жағдайын жақсарту туралы ұсыныстары орындалғаны да мәлімделсін.

е) Қазақтың жауапты партия қызметкерлерінің және әсіресе Парткомдар мүшелерінің баспасөз жұмысына үздіксіз қатысуларының әлсіздігі атап көрсетілсін.

Осы кемшіліктерді жоюға шаралар қолданылсын.

 

Ақиқат, - 1993 №1 (89-92 беттер.)

 

 

*** *** ***

 

() «АЛҚА»

ТАБАЛДЫРЫҚ

Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Атында бір жол, алдында мың жол. Мың жолдың ішінде өзен өрлегені де, шөліркегені де, барса келері де, барса келмесі де бар. Қазақ әдебиетін мынау мың жолдың тарауына алып келіп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Қазақ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Еуропа тұрмысымен соқтығуы – қазақ әдебиетінің орыс әдебиетінің екпініне, орыс әдебиеті арқылы Еуропа әдебиеті екпініне кез келуі: «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өлмектің» кепі.

Әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиеті өлмек. Бірақ бізге молда болатын Еуропа әдебиетінің өзі – бір молда емес, мың молда. Алыстағы анау Еуропаны қоя-ақ қоялық, көршіміз орыс әдебиетін алалық. Оның да өткен дәуірлерін бүркеп, осы күн дәуірін алалық.

Осы күнде пролетариат төңкөрісі дәуірінде, кеңес өкіметінің өзінде орыс әдебиетінің мың бағыты бар. Бәрінің жалауы – қызыл, ұраны – төңкеріс, алды – ортақшылдық... Алайда, искусство <…> (бір сөз танылмады – Т.Ж) һәм оның бір саласы болған әдебиет туралы түрлі жақтың түрлі ұғымы бар. “Искусство бар әм болмақ” – деген бағыттан бастап: «Искусство жоқ әм болмақ емес. Бұрын болса да – бұдан былай болмақ емес. Болуға тиісті емес», – деген бағытқа шейін бар.

Оның үстіне, біз дүние астан-кестең болған заманның адамымыз. Жұмыр жердің бетіндегі шірік қауды өртеп, өртең шығару үшін қылыш, найзаны қолдан түсірмей майданда жүрген әскердейміз. Әйеліміз де, еріміз де – саясатшылымыз (да), шаруашылымыз (да), әдебиетшіліміз (де) тегіс әскерміз. Әскер болуға міндеттіміз. Төңкеріс ісі де осыны тілейді. <...> (бір сөз танылмады – Т.Ж) тұрмысы да осыны тілейді. Бірақ, майдандағы әскердің әрбір тобының да, әрбір таптың да бес міндеті болмақ. Әрбір топ өзінің ісін дұрыс атқарса ғана жалпы әскер соғыста ұтып шықпақ. Бұл топ өз міндетін атқара алмаса, өз міндетін ұмытып, көптің дүрмегімем, айғай-аттанның желімен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ.

Қазақтың жазушылары да аз әскердің кішкене бір қанаты. Үркердей біртобы.

Олардың мойнында жалпы әскерлік міндеттен басқа бес міндет бар. Жазушылықтың, ақындықтың өз міндеті бар. Жазушыларымыз әскерлік міндетін біліп, ақындық міндетін білмесе, атқара алмаса – ақын емес. Ақындықты біліп, әскерлікті білмесе – әскер емес.

Қазақ елі – Еуропа мәдениетінің көзімен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, біздің жазушыларымыз әскерлік, азаматтық міндетін ұмытып, құр ақындыққа қадалып қалуы мүмкін. Әсіресе, ақындық міндетін біле алмай, жалпы айғайдың екпінімен кетуі де мүмкін. Әдебиетті айғай ғана деп, ақындықты үгіт-насихат қана деп ұғуға. Мысалы: әдебиет не діншілдіктің бәдуәмі (бір сөз танылмады, “бәдуәм” – әліппе, яғни құралы – Т.Ж), не дінсіздіктің бәдуәмі (деп). Әйтеуір «бәдуәм» деп ұғуға мүмкін... Үлгі боларлық орыс әдебиетінің түрлі тарауының тұрақсыз бір тарауына, не «Барса келмесіне», не ұзамай құрып кететін сиырдың шұбырындысына түсіп кетуге мүмкін.

Осы мүмкіндіктердің шет-пұшпағьн көріп, әдебиет қазанының бір құлағына жармасып жүрген – біз, тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегі пікірлерді ортаға салуымызды борышымыз деп білдік.

Бұл құрғанымыз – сегіз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес – абылайша (Жорық кезіндегі әскери қос – Т.Ж.). Майдан, ойран, жорық дәуірінде дағарадай орда да, айдай ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуіріне «абылайша» керек. Жорық «абылайша» болады. Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, «абылайша» қалып, бәріміз сиятын боз орда тігілер. Бұл келешектікі. Әзірге баспана – «абылайша».

Оқушы! Жақсы келдің. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кір.