АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР 28 страница

Мен бірінші рет көрген сол жеті машина содан бері пулеметін мүйізіндей шошайтып үш рет өткенін көріп едім. Ұзын жолға ұшқан кесек алтындай күн шары да биіктеп жарқырай түскендей, 1943 жылдың көктемі бізді үкімет сарайы алдындағы алаңға шақырды. Білікті мұғалімдеріміз бір-бірден ұрланып біткен кез болатын. Бұл жолы мектеп бойынша бар оқушыны бір-ақ шақырыпты, жиын барын бұрынғыдай алдын-ала хабарламай таңертеңгі сағат 9-да тосыннан тізіп ала жөнелді. Мен тосын шақырудан үрейлендім. Сабақтастар сапқа тізіліп жатқанда «дәретке» жөнелдім де, дәретхананың артындағы бір кетіктен аттай зыттым. Жүгіре басып жоңышқалықтан өтіп, мектеп сыртындағы сайда өскен бір топ қара ағашқа сүңгіп едім. Әлмен сонда отыр екен. Жайбарақат қана күлімсірей қарап сұрады:

– Сен неге қаштың?

– Сіз неге қаштыңыз?

– Жете бергенде желкеден қиятын әдетінен қорқып қаштым мен. Мектеп бітіруіме бір ай қалып еді, кезегім бүгін келген-ақ шығар, ал сен бірінші жылдағы жаңа оқушысың ғой, әлден қашсаң кейін не оңар екенсің!

– Қашып жүріп ағасы оңса, сол ізбен інісі де бірдеме болар... Ал, Әлеке, бүгінгі жиыннан қалған-ақ шығармыз, бірақ ертең мектептен тауып әкетпей ме?

– Менікі далбаса, сенікі қыз алып қашқанмен бірге қашу шығар деймін! – деп күлімсіреді Әлмен қоңырқай ернінің ар жағынан көрінген аппақ тісі жарқырап, менің көкейіме біраз сәуле түсіргендей болды. – Ал мұндай жиында жиып алу көбінесе балық сүзген аудай ғана өте шығушы еді. Аудан қалған шабақ асыр салып, сол өз суында – өз мекенінде қала беретін. Ауды екінші рет салғанша тағы бір жөнім табылар ма екен деген дүмбілез бар.

– Қолға алынатындардың тізімі бойынша қузап-қуалап ұстамай ма?

– Ондайы ғой болатын. Болса ірірек шабақ деп мені іздер, бірақ, бұл қаңқұйлының кететін уақыты болды ғой. Өйткені Шынжаңның алатын алтынын тасып болып, кетуге қопақтап отыр, оның үстіне қолға алынатындардың тізімі өте жасырын, мектептегі көп адам ұқпайды оны... Жүр енді, жатақтан киімді ауыстырып барып, жиынның сыртынан көрейік, не болар екен. Аудың сыртында қалған балыққа қазірше қатер жоқ. Жиыннан неге қалғаныңды сұраушыға, «дәрігерге кеткенмін» дей сал.

Екеуміз киім ауыстырып жиын алаңына жеттік. Алаңның көше жақ шетінде халық иінтіресіп тұр екен. Ыңғай ақ киім киген сақшылар ығыстырып, кетуді бұйырса да халық міз бағар емес.

Барлық орта, жоғары мектеп оқушылары алаңнан қозғалмастай болып шектелген көрінеді, ақ-қара киімді сақшылар мен бұқараша киінген әскерлер мықтап қоршап алыпты. Ақ-қара киімділер тіпті оқушылар тізбегінің ара-арасынан да сыналап кіріп алған екен. Бір ғажабы, қоршаушылардан да, сұғынып тұрған ақ-қаралардан да шошайған бірер мылтық көрінбеді. Жанқалта мен жеңдерден жанқұралдары ғана байқалады.

Сахнада бірдей киіммен тұрған көк-ақ кительділердің арасында біреуін Әлмен маған иегімен нұсқап көрсетті. Шың Сысайдың өзі басқаша киіммен елеусіз ғана келіп қарап тұрыпты. Қоршап тұрған сақшылардың шақылдауынан басқа қоршалғандар да, сырттан қарап тұрған халық та үнсіз. Сахна алдында қыбыр–қимыл көбейе түсті, соған үңілдік.

Әлмен «әне!» деп қалды: оқушылар арасынан бір-бірден жетектелгендер сахнаға қарап тізіліп жатыр екен – ала сауысқан сақылдай қаптап, сарқынына төніпті...

– Сахна алдына апарып тізген үш жүз шақты оқушыны сол теріс қаратқан бойы мойнын бұрғызбай айдай жөнелді. Айдалғандар әр түрлі қияпатта. Кейбірінің сабақтастары жаққа жалт қарап жіберіп, жылай жөнелгенін де, кейбірінің аузын баса, нық адымдап кеткенін де, «қош!» дегендей қолын сермеп кеткендерін де мүлт жібермей көріп тұрдым. Жиылған халық жұтынып, тұншығып бара жатқандай, демігу, ышқыну, жөтелу, тістің шықырлауы көбейе түсті.

Бет-аузы жыбырлап, сұрланып алған Әлмен білегімді қатты қысып тұр еді. Қолға алынғандар сахна артына айналып кетісімен мені сыртқа тарта жөнелді. Қарсысындағы тар көшенің аузына тақай бере қос-қолымен бір қолымды қатты қысып сілкуінен қоштасу екенін түсіндім.

– Қош, аман тұр, бауыр, мен кеттім, – деді бір сәтте, – маған енді бұл мектептің куәлік қағазы да, қызметі де керек емес! Сауанда бір аға, бір іні, әрі шешем бар, жандарын бағар!

– Қайда барасыз?

– Алтайға! Олпы-солпысы болса да, батыр Оспанға! Халық кегі үшін! Алданудан арманда өткен ағалар үшін! Туа сала тұтқындалып жатқан інілер үшін! Қызыл қанымды арнадым!

– Мен қайтсем екен?!

– Сен... Гомендаң болмаса... бұдан енді аман қаларсың, оқи бер! Жас шамаң да, жаңа келген жайың да бар. Тек осы сергектігіңді сақта! Қош!.. Көрісерміз!

Мен булығып тұрып қалдым да, ол зытып барып тар көшеге кіре жөнелді.

Жұрт көзіне ширап ала қоймаса да, қалай жүрерімді білмедім. Қалыңдық есіме түсе кетті. Оған жексенбі демалысында бір-екі рет жатақханасынан жолығып, ақ жарқын күлкісімен көңілденіп қайтқанымның да, кейінгі бір демалыста таба алмай қайтқанмын. Қалған оқушылар тарап бара жатыр. Алаңның шығыс терістігіндегі соның мектебіне қарай тарттым.

Қақпаның артына барып, артыма қайырыла қарап едім, жарқ ете түсті тағы бір сұмдық. Деңгейлес сұмдық. Қалыңдықты сол әдемі офицер қолтықтап келеді екен. Қалыңдық бұрыла келіп, еркелей сөйлеп келе жатыр еді, мені көрді білем, томсара қойып, төмен қарағанда аузы жыбыр ете түсті. Екеуі кілт бұрылып, қиыр көшемен кете барды. Көрмеске салып кеткеніне қарай қуа жетіп көрінгім келгендей сезім бар, олар өткен көшенің мүйісіне жебей басып жеттім де, арттарынан қарап тұрып қалдым. Мені адам деп елер де, ескерер де құлқы жоқ. «Ғашық жарының» қолтығында тағы күліп, тағы бұрылып барады қалыңдығым.

«Осы кәрі қыздың менің қасымдағы бұралуы мен күлуі де дәл осылай еді ғой, баяғы сол кәрі қылық!... 1933 жылдың соңғы маусымында Шың Сысай да Шынжаңға келе өздігінен жабысып, өздігінен «жарылқап», халық сұрамай-ақ өз аузынан серт беріп еді, мынау соның қызы ма, өзі ме!» деген қызу ой ызамен қатар шарпыды. «Бірақ, бұл қыз менің аға-бауырларымды қырмады ғой, мені қорқытпады да, қанқұйлыдан мұның парқы осы. Ал келісі де, кетісі де аумаған сол опасыз сатқын тәрізді, Шың Сысай Шынжаңды алтынға айырбастады да, қалима мені алтындай сары погонға айырбастады... Несі бар, әркім өз әлінше істейді, опасыз жар кетсе, опығы да бірге кетпек. Кетсін-ақ!»

Осы ой мені тез айықтырды да, тез бекітті. Мектепке тура тарттым. Қарсы бетімнен саяпыл желі үдей соқты. Аспанды сары тозаңмен бояп, көше топырағын аузы-мұрныма бұра соқты. Боран үдеген сайын егесіп, егескен сайын бекіп, бекіген сайын күшейе адымдадым.

Құрметті «тергеушім», осымен қылмысымның алғашқы томы аяқталды. Шың Сысай торынан яғни алғашқы тордан қағыс қалған элемент екендігім нақ фактімен толық дәлелденген шығар. «Тордан қағыс қалған» деген сөз қазіргі кезде қылмыстының арты қылпылдап кететін, бұлтартпас ажалды қылмыс қой. Сол ажалдан да қиын айыбым – қаршадайымнан қатынталақ болып қалуым. Әлден осы дертке душар болған қылмыскер сақа жігіт болғанда сау қалар ма! Бұдан да зор-зорларын әлі-ақ әшкерелермін. Тапсырамын да дерттен тап басып құтқаратын қанды дағарыңызға өзім-ақ түсіп, барлық қылмыстан, қылмысты қоғамдардан, өзімнің қылмысты тіршілігімнен біржола құтылармын.