Нұсқауыштарға қолданылатын операциялар

Си тілінде нұсқауыш типті айнымалыларға 5 негізгі оператор қолдануға болады:

1. Меншіктеу операциясы. Нұсқауышқа адресті меншіктеуге болады. Жиымның атын қолданып немесе адресті анықтайтын & операторын пайдаланып, әдетте адресті меншіктеуге болады;

2. Мәнді анықтау. Берілген адрес бойынша кейбір ұяшықта сақталатын мәнді анықтау үшін * операциясы қолданылады;

3. Нұсқауыштың адресін анықтау. Кез келген айнымалылар сияқты нұсқауыш типті айнымалылар мәні немесе адресі болуы мүмкін. & операциясы арқылы нұсқауыштың адресін анықтауға болады;

4. Нұсқауыштарды арттыру. Бұл амал әдеттегі + операциясы көмегімен немесе арттыру операциясы арқылы орындалуы мүмкін. Нұсқауышты арттырып, жиымның келесі элементіне өтуге болады (қажет болса, нұсқауыш мәнін кемітуге де болады);

5. Нұсқауыштардың айырмасы. Бір жиымның элементіне сілтейтін нұсқауыштың айырмасын табуға болады. Жиым элементінің арасындағы ара қашықтығын анықтау үшін нұсқауыштың айырмасын есептеуге болады.

 

 


С программалау тіліндегі тұтынушы функцияларын (ішкі программаларды) сипаттау және анықтау жолдары.

Cи тілінде стандартты функциялармен қатар тұтынушы өзі құрастырған функциялармен де жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Ол функцияны алдын ала main функциясына дейін толық анықтау керек немесе оны алдын ала қысқаша сипаттап алып, main функциясынан кейін толық анықтауға болады. Функция дегеніміз – белгілі бір операциялар тобын атқаратын программа блогы.

Функция мынадай жалпы түрде сипатталады:

[<функция типі>] <функция аты>

([<формальды параметрлер спецификациясы>])

<функция тұлғасы>;

мұндағы [<функция типі>] – функция есептейтін нәтиже типі;

<функцияның аты> – функция идентификаторы, яғни аты;

<формальды параметрлер спецификациясы> – бұл болмауы да мүмкін немесе әрбір параметр спецификациясы: <типі> <параметр аты> – формальды параметр-лердің типтерін және идентификаторларын анықтайды;

<функция тұлғасы> – орындалатын операторлар тізбегі және оның ішінде локальді айнымалының сипатталуы болуы мүмкін.

Функцияны шақыру үшін функцияның аты және жақшада нақты аргументтері көрсетіледі. Функция өз жұмысын аяқтағаннан кейін есептелген нәтижені return операторы арқылы қайтарады. Бұл оператордың жалпы түрі мынадай:

return(өрнек);

return;

return операторы функцияның орындалуын аяқтайды да, функцияны шақырған оператордан кейінгі жолға басқаруды береді.

Оң бүтін санның факториалын анықтау функциясын былай жазуға болады:

long fakt(int k)

{ if (k<0) return 0;

if (k==0) return 1;

long p=1;

for (int j=1; j<=k;j++)

p*=j;

return (p); }