Мемлекет және құқықтың пайда болу нысандары (жолдары)

Мемлекеттің пайда болуы және даму заңдылығы әртүрлі өңірлерде, әртүрлі діни және мәдени орталарда, нақты халықтарда өзіндік ерекшелігімен айрықшаланады. Елдің табиғи-климаттық жағдайы, географиялық орналасуы, діни наным-сенімі және салт-дәстүрі мемлекеттің тұғырын қалайтын әлеуметтік жіктелу үрдісіне белгілі ықпалын тигізгені сөзсіз. Осы фактолар әртүрлі халықтардағы мемлекеттің пайда болу жолдары мен нысандарын негіздейді. Әлбетте, әртүрлі халықтарда, этностарда мемлекеттің пайда болу үрдісі өз ерекшелігімен ғажайып, айрықша, бірақ та оларды мемлекеттің пайда болуына жататын жалпы заңдылықтарға негізделе отырып, бірнеше топқа бөлуге болады. Осыған орай, мемлекеттанушы ғалымдар мемлекеттің пайда болуының екі жолын қарастырады: шығыс және батыс.

Мемлекеттің пайда болуының шығыс (азиаттық) жолы. Мемлекеттің пайда болуының ерекше жолы Шығыста туындады, онда «өндірістің азиаттық тәсілі» (Египет, Вавилон, Қытай, Үндістан және т.б.) нысаны көбірек таралды. Ежелгі Шығыс елдерінде мемлекет алғаш ұлы өзендер аймағында пайда болды: Ніл, Тигр және Евфрат, Үнді, Ганга, Янцзы және т.б. Себебі тұщы су, өзен жағасындағы аңдар, жабайы астық тұқымдас әр түрлі шөптердің мол болуы өзеннің теңізге құяр сағасында (атырау) адамдардың көптен шоғырлануына әсер етті. Адам саны көбейген сайын теріп жейтін және аулайтын аңдар белгілі бір территорияда азая бастағандықтан адамдардың бір тобы біртіндеп егіншілікке көшуге мәжбүр болды. Әдетте өзен арнасы кей жерлерде (әсіресе атырауда) бірнеше арнаға бөлініп, баяулай бастайды. Осындай табиғи каналдардың негізінде адамдар өзен суын бұруды, тоған салуды үйрене бастады. Тың жерге егін салған адамдар тобы тез байып, басқалардан ерекшелене бастағандықтан өз жерін қорғауға көбірек көніл бөліп, қамалдар мен шіркеудер салуға кіріседі. Міне осылай шіркеудер мен қамалдар негізінде кала-мемлекеттер пайда болды. Суару жүйесінің ролі басым болгандықтан Ежелгі Шығыс елдерінде осы жүйені ұйымдастырушы мемлекеттің меншігі басым еді. Шығыс елдерінде ұжымдық еңбектің басым блуына еңбек-құрал жабдықтарының мыстан және тастан жасалуы да әсер етті.

Ежелгі Шығыстағы қала-мемлекеттерде бастапқыда діни билік басым болды. Себебі егіншілікпен айналысушы халықтың табиғи ортаға тәуелділігі ерте заманда тіпті күшті болатын. Сондықтан табиғи күштерге табыну кең етек алды. Сонымен бірге жердің тез тұздану,балшықтану процесі жаңа жерлерде каналдар салу арқылы игеруді қажет еткендіктен ұжымдық еңбекті керек етті. Ал ұжымдық еңбекті ұйымдастыруда шіркеуның ролі ерекше болды. Шіркеу сонымен бірге қамал және қойма функциясын да атқарды. Сондықтан бастапқы кезде шіркеу басшысының беделі жоғары және шіркеу жері көп болса, бірте-бірте территорияларға талас күшейіп, соғыстардың жиіленуінің әсерінен әскери басшы-патша діни билікті өз қолына шоғырландырды. Патша негізгі ұйымдастырутырушыға айнала бастады. Ежелгі Шығыстағы мемлекеттің ішкі бөліктерінің өзара байланысының да діни сипаты басым болды. Каналдар салу,су бөлу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру-қоғамдық істер мекемесінің пайда болуына әсер етті. Бұл мекеме патша бұйырығымен жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу үшін халықтарды қоғамдық еңбекке мәжүбірлеп отырған. Мысалы, Египеттегі пирамидалар, Қытайдағы Ұлы қорған осындай жолмен салынған. Қоғамдық істер мекемесі және жерге мемлекет меншігінің болуы-ежелгі Шығыстағы мемлекеттің басты ерекшеліктерінің бірі.

Ежелгі Шығыстағы мемлекетке тән тағы да бір ерекшелік-барлық жерге мемлекет меншігінің болуы. Жерге мемлекет меншігінің болуы өте күрделі жолмен бекітілді және бұл процесс биліктің қалыптасуымен тығыз байланысты.

Мемлекеттің пайда болуының шығыс жолы бойынша алғашқы қауымдық, рулық қоғам баяу ғана мемлекеттілікке көшуімен түсіндіріледі.

Мемлекеттің пайда болуының негізгі себептері:

суармалы жерлердің өсуіне байланысты су каналдар салу көлемді еңбекті жүзеге асыру қажеттілігі;

осы мақсатта кең территорияны қамту мен көп адамдарды біріктіру қажеттілігі;

осы топтарды бір ортадан, біртұтас басқару қажеттілігі.

Мемлекеттің пайда болуының батыс жолы. Еуропа аумағында мемлекет құрушы факторы болып қоғамның таптарға бөлінуі жатады. Өз кезегінде, мемлекеттіліке толық көшпей тұра «әскери демократия» нысанындағы қоғамда жерге деген жеке меншік, және басқа да өндіріс құралдарына (малға, құлға) деген жеке меншік өте мөте жылдам дами бастады. Мысалы ретінде Грецияны алып қарастыруға болады.

Афиндер – бұл мемлекеттің пайда болуының ең «таза», классикалық нысаны, ол тікелей рулық құрылыстың ішінде дамитын таптық қарама-қайшылықтардан туындайды. Қауымдық құрылыстың ыдыраудың бастапқы кезеңінде экономикалық теңсіздік байқалды: ақсүйектерде жер, құл, еңбек құралдары қарапайым қауым мүшелеріне қарағанда көп болды. Бұл жерде басым патриархальдық сипатқа ие құлдықпен қатар үй шаруашылығына және жалдау арқылы жер үлесі жоқ қауым мүшелерін пайдаланған. Жеке меншіктің дамуымен қатар экономикалық күшті топтың ықпалы күшейіп отырды және халық құрылтайы, базилевс сияқты органдардың күшін әлсіретуге септігін тигізді. Осының нәтижесінде билік өкілдері пайда бола бастады. Бұрыннан келе жатқан, мұралық ақсүйектермен жергілікті халықтардың арасындаға жеке меншікке деген күрес билікке деген күреске ауысты. Демек билік басына, мемлекеттік лауазымға ірі жеке меншікке ие адамдар келе бастады. Бұл үрдісте этаптық маңызға Тезейдің, Солонның, Клисфеннің реформалары ие болды.

Римдік мемлекеттің құрылыуының ерекшелігі бұл үрдістің плебейлердің римнің атақты тайпасымен – патрициялармен күресімен жеделдетілгендігі болды. Бірақ Римде мемлекетке көшу үрдісі бірнеше жүз жылға созылған. 200 жылға дейін созылған патрициилар мен плебейлер күресінің нәтижесі Рим қоғамын демократиялық сипатқа әкеп соқтырды. Плебейлер жаулап алынған аумақтардың халқының бостандыққа ие адамдары болды, алайда рим тайпаларынан шетте болып, рим халқының бөлігі болмады. Жерге ие бола отырып, плебейлер салық төлеуге және әскери қызмет атқаруға тиісті болды, бірақ та қандай да бір лауазымға ие болуға құқықтары болмады, рим жерлерін қолдана алмады және оларға билік ете алмады. Негізгі революциялық күш ретіндегі плебейлердің патрицияларға қарсы күресі туысқандық қатынастардан тұратын, ежелгі қоғамдық құрылысқа қарсы күрес болды. Бұл күрестегі плебейлердің жеңісі ескі, топтық ұйымды «құртып», аумақтық бөліске және мүліктік өзгешеліктерге негізделген мемлекеттік құрылысты туындатты. Сонымен қатар, Римдегі барлық еркін азаматтардың құқығы теңестірілді, демек, барлық рим азаматтары жерге иелік ете отырып, әскери қызметпен айналыса алатын күйге жетді, ауылдық тұрғындардың әлеуметтік-саяси маңызы көтерілді. Осы үрдістер еркін азаматтардың арасындағы мүліктік және әлеуметтік теңсіздіктің етек алуын және еркін азаматтардың арасында жеке меншіктің қалыптасуын, яғни таптың қалыптасу үрдісін баяулатты.

Ежелгі германдық мемлекеттің пайда болуы, қандай да бір дәрежеде, герман тайпаларының Рим империясының батыс бөлігін жаулап алуымен байланысты. Сол уақытта рулық құрылысқа ие бұл тайпалар өздерінің ұйымдарының көмегімен римдік провинцияларды басқара алмады, себебі топтық ұйым билік етуге қалыптастырылмаған еді. Мәжбүрлеу мен күштеудің арнаулы аппараты қажет болды. Қарапайым әскери бастық нағыз монархқа, ал халықтың игілігі корольдің меншігіне айналды; рулық құрылыс органдары мемлекеттік органдар болып қайта құрылды.

Еуропа аумағының көптеген елдерінде Ежелгі Русьте, Ирланлдияда және т.б. елдерде мемлекеттің пайда болуы батыстық жолмен жүзеге асырылған.

Мемлекеттің пайда болуының синтездік (сомдау) жолы. Мемлекеттің пайда болуының синтездік жолы ежелгі феодалдық мемлекеттерге, яғни бір жолда саяси және мүліктік теңсіздікке ие болған халқы бар елдерге тән болады. Бірінші кезекте олардың әртүрлі топтарға бөлінуі белгілі басқару қызметін атқаратын, биліктік-мемлекеттік иерархиялық жүйеде орналасқан жағдайына қарай болған. Көп адамдардың бір территорияға бірігуі қажеттілігі сырттан төніп тұрған қауіптерден сақтануы ниетінен туындаған.

Құқық мемлекет сияқты қоғамдағы болған әлеуметтік-экономикалық үрдістердің нәтижесінде пайда болған.

Құқық юридикалық нормалардың ерекше жүйесі екендігін, онымен байланысты құқықтық қатынастардың пайда болуына қатысты себептер мен шарттардың өзара байланысын, мемлекеттің пайда болуындағы себептер мен шарттардың өзара байланысын ескере отырып, мемлекет пен құқық қосалқы бірге жүретінін ескерген жөн. Әрине, әр халықтың, әр ұлттың «ұлттық» ерекшелігіне байланысты құқық әр кезеңде, әртүрлі заңдылықтармен пайда болған шығар. Бірақ әр халықтың ерекшелігін қарастыра келіп, әлем халқының көпшілігінің тарихында құқықтың пайда болу заңдылығының өзара сәйкес тұстары бар екендігін ескеріп, жалпы ортақ заңдылығын қарастырған дұрыс болады.

Кез келген қоғамның экономикалық және әлеуметтік өмірін, яғни өндірісті, материалдық игіліктерді тұтынуды және алмастыруды, некелік-отбасылық, еңбек қатынасына қатысушы адамдардың іс-әрекетінің ұйымдастырылуын және қоғамның басқарылуын белгілі көлемде реттеу қажеттілігі туындайды. Барлық адамдарды қоғамдық тәртіпке бағындыратын реттеушілік қажет, яғни әлеуметтік норма арқылы реттеу керек.

Алғашқы қауымдық құрылыста бұл нормалар қоғамда қалыптасқан діни және адамгершілік әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер ретінде көрініс тапқан еді. Рулық қауым сатысында ішкі мәселелер көсем беделімен ғана шешіліп отырған жоқ, сонымен бірге ғасырлар бойы қалптасқан әдет-ғұрыптар бойынша да басқарылды. Әдет-ғұрыптардың пайда болуы адамдар өмір сүрген табиғи ортаға, шаруашылық жүргізу тәсіліне және басқару мәселелеріне байланысты.

Қоғамның кастаға және тапқа бөлінуімен байланысты рулық қоғамның адамгершілік және діни нормалары өндіруде, тауарды бөлудегі және айырбастауда барлығына міндетті шарт ретінде реттеу мүмкіндігінен айырылды, себебі бұл жағдайда қоғамның барлық мүшелерінің мүддесі тұтас ортақ емес, өзіндік ерекшелігі бар әр түрлі мүдделерден құрылды. Сондықтан әдет-ғұрыптар оларды ортақ ымыраға келтіре алмайтын күйге жетті. Сонымен қоса, ерте жер иеленуші таптық қоғамның экономикалық қондырғысы мемлекетпен санкцияланатын, қорғалатын немесе бекітілетін, басқару және бағындыру аппараты бар, міндетті нормалар түрінде қалыптасқан реттеу нысанын талап етді. Ондай нормаларды юридикалық нормалар дейміз. Олардың көмегімен басқару, еңбектік, отбасылық, саяси, өндірістік және басқа да қатынастар қоғамның өмірінің өндірістегі, саясаттағы және басқа да саласындағы үстем топтың немесе кастаның, белгілі әлеуметтік топтың мүддесін біріктірген құқықтық қатынастар нысанына айналады.

Әлеуметтік нормалар дегеніміз адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, әлеуметтік-экономикалық негізде айқындалған, сана-сезім еркімен қалыптастырылған адамдардың жүріс-тұрыс ережесі. Мемлекет пайда болғанға дейінгі кезеңде өмір сүрген нормалардың белгілері:

алғашқы қауымдық қоғамдағы қатынастар - әдет -ғұрыптармен, яғни тарихи қалыптасқан, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп, дәстүрге айналған әрекет тәртібі нормаларымен реттеліп отырған;

жазбаша түрде бекітілмесе де, адамдар әрекеті мен санасында өмір сүрген;

негізінен дәстүрге айналу күшімен, сондай-ақ сендіру және мәжбүрлеу (рудан аластау) шараларымен қамтамасыз етіліп отырған;

барлық ру және тайпа мүшелерінің мүдделерін білдірген.

Әлеуметтік нормалар (мононормалар) алғашқы қауымдық қоғамды басқару және билеуші институт ретінде иемденуші экономикаға негізделген, олар осы кезеңдегі экономикалық жағдайға сай қоғамдық өндірісті қамтамасыз етеді.

Иемденуші экономикадан өндіруші экономикаға баяу көшу үрдісінде, қоғамның күрделенуіне байланысты, бұқаралық биліктің пайда болуының нәтижесінде нормативтік жүйе өзгеріске ұшырайды. Құқық – нормалар жүйесі пайда болады. Бұл алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдардың ара-қатынасын реттеген жүріс-тұрыс ережесінен едәуір өзгеше.

Ең біріншіден құқықты мемлекет пен байланыстыратын белгілерге тоқталған дұрыс болар. Құқық құрылуы, қорғалуы және қолданылуы белгілі реттелген тәртіппен жүргізіледі. Құқықтық нормалар бұқаралық биліктен шығады, жазбаша нысанда, яғни нормативтік-құқықтық нысанда белгіленеді. Мемлекетпен бекітілген ұйғарым орындалуға міндетті, оның орындалуын мемлекет мәжбүрлеу күшімен қамтамасыз етеді. Құқықтық норма әлеуметтік нормаға қарағанда, өндіруші экономикаға негізделген күрделі жіктелген қоғамды реттейтін болғандықтан сапалық және сандық жағынан да өте күрделі, сан қырлы болады. Сонымен құқықтың пайда болуы мемлекет сияқты объективті сипатта құбылыс.